Астаналық суретші мемлекеттік қызметкерлерді «кәпір» деп атағаны үшін қамауға алынды

3212
Adyrna.kz Telegram
Фото: әлеуметтік желіден алынды
Фото: әлеуметтік желіден алынды

Астаналық суретші мемлекеттік қызметкерлерді «кәпір» деп атағаны үшін қамауға алынды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті суретші Дәурен Макиннің үстінен тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Азаттық радиосы жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Д. Макиннің қамалғанына бес күн болған. Әкесінің айтуынша, Дәурен Макинге желтоқсан айында «Арыстан» деген бүркеншік аты бар адаммен кездесіп, мемлекеттік қызметкерлерді «кәпір» деп атап, билікке, оның тұтастығына қарсылыққа шақырған» деген айып тағылған.

"Ол саясатпен ісі жоқ, жай суретші. Намаз оқитыны рас, ол қылмыс па?" – дейді Асқарбек Макин.

Оның сөзін Дәурен Макиннің адвокаты Жасұлан Көмеков растайды. Адвокаттың айтуынша, Макинге сурет салуды үйренеміз деген сылтаумен екі адам келіп, ортадағы әңгімені диктофонға жазып алған.

– Басқа ешқандай дәлел жоқ. Барлық айыптау әлдебір диктофондағы жазбаға құрылған. Оны да қолымызға берген жоқ. Бірақ сол жазбаға сараптама жасап, Макиннің сөзінде террористік сарын бар екені, әлгі екі адаммен әңгімеде билікті ауыстырып, оны шариғат жүйесіне негіздеп қайта құру керек деген ой айтылған деп қорытынды жасаған, – дейді ол.

Кей дереккөздер Макин мессенджерде "әлдебір хабарламаны жібергені үшін" істі болды деген болжам айтты. Ұлттық қауіпсіздік комитеті суретші Макиннің тұтқындалуына қатысты жауап беруден бас тартып, ресми сауал жолдауды сұрады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер