Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің қатысуымен қазақ халқының ұлттық ән-күйі мен фольклорлық мұрасы жинақталған «Асыл мұра» аудиожинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Жоба «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы мен Ozen музыкалық лейблының бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылды.
«Асыл мұра» – Қазақстан музыка өнері тарихындағы ең ірі жинақтардың бірі. Оған «Алтын қорда» сақталған 400 күй, 300 жыр-терме, 400 халық әні мен халық композиторларының әндері, 100 ертегі, 50 бесік жыры және 250 ретро хит енгізілді. Жинақтың басты ерекшелігі – көптеген шығарманың түпнұсқалық, яғни алғашқы орындаушылары жеткізген күйінде ұсынылуы.
1 500 таңдаулы аудиожазба Apple Music, Spotify, Yandex Music, YouTube Music сияқты 100-ден астам халықаралық музыкалық платформаға жүктелді. Сондай-ақ барлық материалдар «Қазақстан» телерадиокорпорациясының altynqor.com сайтына орналастырылды.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Асыл мұра» жинағының жарыққа шығуы ұлттық мәдениетті цифрландыру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен Ұлттық цифрлық мұрағат құру жұмысына үлес қосады. Сонымен қатар, ұлттық өнер туындыларын жүйелеуге, жас ұрпақ үшін сенімді дереккөз қалыптастыруға және жасанды интеллектіні мәдени мұрамен толықтыруға мүмкіндік береді.
“Мемлекеттік телерадиокорпорацияның қорында ғана сақталған 1500 түпнұсқа туынды әлемдік музыкалық платформаларда жарияланып отыр. Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерген Ұлттық цифрлық мұрағат құру жөніндегі бастамасын жүзеге асыруға септігін тигізеді. Мұндай жобалар ұлттық мәдени контентті жүйелеуге жол ашып қана қоймай, өнерпаздардың жаңа буынына, өскелең ұрпаққа сенімді әрі бай дерек көзі болады. Сондай-ақ жасанды интеллектінің жадын едәуір толықтырады”, — деді Ерлан Қарин.
«Асыл мұра» жинағы еліміздің ұлттық және өнер университеттерінің кітапханаларына беріледі, сондай-ақ еркін саудаға шығарылады.