Қазақстан мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс

809
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Апта ішінде Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен Қазақстанға келгенін әркім әр түрлі қабылдады. Түрлі долбар айтып, сан-саққа жүгірткендер де бар. Саясаттың сан қатпар иірімін түсінбей, әлеуметтік желіде байбалам салғандарды да көрдік. 

Халқымыз «көрші ақысы – Тәңір хақысы» дейді. Ата-бабамыздан асырып айта алмаспыз, қазақ елі қай заманда да осы нақылды ұстанған. Алтайдан Атырауға дейін, Алатаудан Арқаға дейінгі ұлан-ғайыр территорияны осындай бейбітсүйгіш ұстаныммен-ақ сақтап қалған.

Бұдан да батырып айтсақ, Қазақстан мен Ресеймен арасындағы шекара әлем бойынша құрлықтағы ең ұзыны саналады. Келесі жылы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толады. Бұл – маңызды һәм ерекше дата. Шекарамызды шегендеген құжат сонау 2005 жылы 18 қаңтарда қабылданды. Демаркация, делимитация жұмыстары толыққанды аяқталды. Тіпті, біраз уақыт шешілмей келген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі де анықталды. Қысқасы, шекара мәселесінде шу шықпауы қажет.

Қ.Тоқаевтың сөзімен айтқанда, екі елдің арасындағы мемлекеттік шекара сызығы «мәңгі достық пен шынайы тату көршілік шекарасы» болып қала беруіне ең әуелі өзіміз мүдделі екеніміз айтпаса да түсінікті. Осы сапар барысында Путиннің екі ел арасындағы қарым-қатынас мызғымас теңдікке ерекше мән беріп, «өзара мүддемізге құрметпен қарау» туралы айтқан сөзі өте маңызды. Астарлап айтса да, Қазақстанның өз мүддесін биік қоятынын түсінетінін білдірді. Себебі мәңгі достық, тату көршілік ең әуелі тепе-теңдікті сақтау, көршінің мүддесіне құрметпен қарауға негізделетіні даусыз. 

Шекара мәселесінің өзектілігін мынадан да байқауға болады. Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарында 32 миллион адам мекендейді. Демек, осыншама халық өзара тығыз байланыс орнатқан. Шекараның арғы бетінен қыз алып, қыз берген, құдандалас болған отандастарымыз туралы талай мәрте естідік. Солардың достығын одан әрі арттыра беру өте маңызды.  Сондықтан шекаралас өңірлердің бір-бірімен алыс-берісін реттеп, екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды күшейту екі тарапқа да тиімді. 

Иә, Қазақстан мен Ресейді тығыз байланыстыратын бір сала болса, ол – сауда-экономикалық ынтымақтастық. Өзара тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 28 миллиард доллардан асыпты. Қазақстанның сыртқы саудасы 139,8 миллиард долларды құрағанын ескерсек, Ресейдің ел экономикасында алатын орнын аңғару қиын емес.

Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы биыл рекордтық көрсеткішке жеткенін Путин де мойындады. Биыл алғаш рет Қазақстан Ресейдің ең ірі бес сауда серіктесінің қатарына енді. Бұл – түсінікті. Санкцияға байланысты көптеген мемлекет Ресеймен алыс-беріс жасаудан бас тартты. Соған байланысты талай компания Ресей нарығынан шығып кетті. Кейбірі біздің елге көшіп келді. Енді бірі филиалдарын мүлдем жапты. Тіпті, ресейлік компаниялар да Қазақстанға қоныс аудара бастады. Мұның бәрі еліміздің экономикасына оң серпін береді. 

Ресей тарапының қазақ елі нарығына көзқарасы да өзгерді. Бұрын емін-еркін сатып алып жүрген тауарларын енді Қазақстаннан әкететін күн туып отыр. Жекелеген азаматтар АҚШ-тың айфоны дейсіз бе, Жапонияның «тайотасы» дейсіз бе «тоғызыншы территория» арқылы сатып алады. Осыдан-ақ таразының басы қайда ауа бастағанын сезіп отырған боларсыз. 

Қазақстан экономикасына құйылған ресейлік тікелей инвестициялардың көлемі 24 млрд доллардан асты. Соның 4,5 миллиарды кейінгі екі жылда тартылыпты. Барвиханы мекендеген бизнесмендер үшін ендігі жерде Ұлы далаға келіп кәсібін дөңгелеткен тиімді. Қазақстан да құралақан отырған жоқ. Ресей экономикасына салған инвестиция көлемі 8,5 млрд долларға жетті. Мұның бәрі экономикалық ынтымақтастықтың ілгерілеп келе жатқанының көрінісі.

Келіссөздер кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ экономикасы мен мәдениетінің ықпалына тоқталды. Ресей президентімен кездесу барысында ол екіжақты мәдени іс-шаралар аясында биыл Мәскеуде өткен Астана мәдениет күндерінің өтуі мен Қазан қаласында Хакім Абайға қойылған бюстің ашылуын ерекше назар аударды. Бұған қоса, Мәскеудегі Үлкен театрда қазақ ұлттық классика өнерінің шоқжұлдығы «Абай» операсының қойылғанын да жоғары бағалады. Қ.Тоқаев алдағы уақытта өтетін мәдени шараларға да тоқталды. Атап айтқанда, атақты Третьяков галереясы мен Эрмитаж музейінде Қазақстанның ауқымды өнер көрмелері өтеді деп жоспарланып отыр. Мұның бәрі қазақ өнерінің мерейін асырып, ұлттық мәдениетімізді мойындатуға бағытталған қадам екені түсінікті. Ең бастысы, екіжақты достық пен тату көршілік қарым-қатынас аясында қазақ мәдениетінің экспансиясы жалғаса бермек.

Бұл тұрғыдан алғанда, Астанада келесі жылдың көктемінде ашылатын «Қазақстан-Ресей мәңгі достығының аллеясы» символдық мәннен гөрі саяси маңызға ие жоба тәрізді. Себебі қазігідей геосаяси ахуал күрделеніп, аймақтық қақтығыстар оты өршіп тұрған заманда «алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» деген қағиданың өзекті екені анық. Ал дипломатия тілінде Президент Тоқаевтың Сингапурдағы орта державалар туралы дәрісінде айтқандай, «соғысты тоқтатуға тырысқаннан гөрі оның алдын алуға» тырысқан жөн.

Рас, қазіргі бүкіл әлем Ресейге теріс қарайды десек қателеспейміз. Қазақстан бұл жағдайда бейбітсүйгіш ұстанымына беріктік танытып, қажет болса, арағайындық жасауға дайын. Әрине, кез келген ел сияқты ол өз мүддесін ұмытпауға тиіс. Сондықтан кей жағдайда саясат сахнасында көпшілікке түсініксіз әрекет жасауға тура келеді.

Асқар Бақытбек

Пікірлер