ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қолдауымен «Адырна» қоры «Жастарды әлеуметтендіру және оңалту» жобасы аясында ТЕD-x форматындағы конференция мен талқылау алаңын өткізді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Іс-шара мақсаты — NEET жастарының қордаланған мәселелерінің шешу жолдарын қарастырып, жобалық кеңсе тарапынан жастарға көмек беру. Сондай-ақ, жастарды болашақ өміріне бағыт беріп, ынталандыру және шығармашылық әлеуетін дамыту дейді жоба ұйымдастырушысы.
«Жалпы, техникалық салалар бойынша біздің елімізге көбірек жастардың келгені жақсы. Жаратылыстану бағыты бойынша көптеген мамандар жетіспейді. Соның орнын шетелдік мамандар толтырып жатыр. Сол үшін жастарға көбірек насихат керек», — деді «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі қоғамдық қорының жетекшісі Арман Әубәкір.
Іс-шара спикері «Qazaqstan» ұлттық арнасы «Ashyq alań» бағдарламасының жүргізушісі Мақсат Толықбай және блогер, журналист Дәулет Мұқаев жастарға мансап және жеке өсу үшін өмірлік дағдыларды дамытудағы тәжірибелерімен бөлісті.
«Менің бұл жобадағы мақсатым “Әрекетке берекет, адам бос жатпай еңбектену керек” деген ұстаныммен өмірі жарқын жаққа өзгеріп жатқан оқырмандарымды мысалға ала отырып жастарға жігер беру, бағыт-бағдар беру»,-дейді блогер, журналист Дәулет Мұқаев.
Кездесу барысында бүгінгі күні еңбек нарығындағы қажетті мамандықтар және қай саланы белсенді дамыту керек, жастарды кәсіпкерлік қызметке оқыту, кәсіпкердің қажетті дағдылары, жастарға берілген мүмкіндік пен соны қалай дұрыс пайдалану керектігі жайында сөз болды.
«Жетістікке жетудің ешқандай төте жолы жоқ. Бәрі еңбекпен келеді. Біз кейде ұйықтағанды жақсы көреміз. Бірақ, жетістікке жеткің келсе ұйқы мәселесін бірінші орынға қойып, ерте тұруды үйрену керек. Екінші мәселе білім. Қандай да бір бизнес ашқың келсе, білім ал, курстарға қатыс. Қазір жастарға мүмкіндік көп.»,- дейді журналист Мақсат Толықбай.