Ұлттық рухқа балта шабуға болмайды!

2636
Adyrna.kz Telegram

Соңғы уақыттарда қазақ зиялыларының назарына іліккен тақырыптардың бірі - атақты ақынымыз әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларына қатысты айтқан тосын ой-пікірлері. Теріс эмоцияның жетегіне телінген ақын ұстанымы қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары Мұқағали Мақатаевты, Жамбыл Жабаевты, Қадыр Мырзалиевты жоққа шығаруға бағытталыпты.  Бұдан бұрын қазақтар ұлы ақынымыз деп жүрген Абайдың әдебиеттегі орнын төмендетуге тырысқан сыңаржақ тұжырымы да есімізде. Сонымен бірге Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бұрынғы төрағасы Нұрлан Оразалинды кемсіту үшін «Қоразалин» деген ұйқасты қолданып, жеке басқа тиіскені тағы бар.

Қаламгер қауымын киелі сөздің иесі, ұлттың ұйытқысы деп танитын қабырғалы қалың оқырманды былай қойғанда, қазіргі қазақ әдебиетінің өркендеуіне хал-қадерінше үлес қосып жүрген ақын-жазушылардың талайы «Бұл Мұхаңа не болған?» деп таңдай қағуда. Қазақ көркемсөзінің бетке ұстар марқасқаларын жоққа шығарып, алды-артына бір уыс топырақ шашқанда, Шаханов не ұтты, кімді тұқыртып, кімді ұшпаққа шығарды? Әлде басқа мықтыларды сызып, қазақ әдебиетінің тарихында тек өзін ғана қалдыруды көздеп отырған жоқ па екен деген де күмән туындайды.

Ақыннның осындай жоққа шығару ұстанымы бүгінгі таңда қоғамдық пікірсайысқа ұйытқы болып, қызу талқыға түсуде. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары да, бұл мәселеден тыс қала алмай, арнайы дөңгелек стол өткізіп, ойларын ортаға салған еді.

Нұрдәулет Ақыш, Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет және көркем публицистика бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы:

Бұл арада бір нәрсенің басы ашық: Мұхтар Шаханов өзгелерді қаралап, аруақтардың бетін тырнамаса да, қазақ әдебиетінің тарихында сол Мұхтар Шаханов күйінде тасқа басылып қалар еді. Аңызға айналған атақ-даңқын ешкім тартып ала алмас еді. Өз атағыңды зорайту үшін бәсекелестеріңе күйе жағып, әдебиетті сүйетін, сөз танитын оқырман қауымды күйзеліске ұшырату тіпті де шарт емес. Қазақ көркем сөз тарихында қалған жеке тұлғаларға тиісу қазақ руханиятына күйе жағу болып табылатынын неге ескермейміз.

Жуырда ғана болып өткен Қазақстан жазушыларының кезекті сьезінде кейбір шешендердің өздерінің ой-пікірін жеткізудегі дөрекі тәсілдерді қолдануы қалың жұртшылыққа жағымды әсер қалдырмағаны анық.

Елбасы Н:Ә.Назарбаевтың «Болшаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «…Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген тұжырымды ойлар жалаң ұраншылдықтан емес, халқымыздың ғасырлар бойғы имандылық тәжірибесінен туындайтын сөздер.

Көркемсөздің киесіне, қасиеті мен қадіріне сеніп жүрген қалың оқырман бұндай күйелі сөздерден кейін, «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын» деп, түңілушілікке бой алдырғанын байқау қиын емес. Өз орнынан кетіп бара жатқан лауазым иесінің артынан топырақ шашудың өзі қазақи ата салтымызды әспеттеп тұрмағаны анық. Әсіресе әдебиетіміздің бүгінгі таңдағы авангарды болып саналатын ересек қаламгерлердің ұстамдылық, байсалдылық, сабырлылық көрсете алмауы қазақ қоғамындағы ақсақалдық дәстүріне балта шапқандай болды. Базбіреулер «ақсақализм» деп, жақтыртпай сөйлесе де, кейінгі буынның алдыңғы жақтағы қарияларға ізетпен, құрметпен қарауы, олардың парасатты пайымына, байсалды байлауына тоқтауы – ежелден келе жатқан ұнасымды дәстүр. Тек Шаханов қана емес, басқа да қарт қаламгерлердің эмоцияға бой алдырып, тамам халықтың көзінше дөрекілікке баруы қалың жұртшылықтың, әсіресе жас буынның алдында жақсы әсер қалдырмағаны анық. Осыдан кейін «Жұртшылық қаламгерлерді сыйламайды» деп кімге өкпелейсің?

Сонда қазағымыздың «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дейтін мақалының құны көк тиын болғаны ма?

Айналып келгенде, ел ағасы саналатын Шахановтың қашанда ұшқары сөйлеудің ұнамсыз құбылыстарға апарып ұрындыратынын ұмытып кеткені, қарапайым қалың оқырманды былай қойғанда, көзіқарақты зиялы қауым өкілдерін де жақсы мен жаманды ажырата алмайтын ақымаққа балағаны өкінішті.

Тоқтар Әлбеков, Қолжазба және мәтінтану бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты:

Кейінгі уақыттарда ақпарат көздерінде, әлеуметтік желілерде жиі-жиі елімізге танымал адамдарға қатысты дау-дамай туындап отыратыны ешкімге де жасырын емес. Бұл сөзжарыстарға оң-солын әлі тани қоймаған жасөспірімнен еңкейген кәріге дейін араласып, жүз көріспей-ақ (виртуалды) қызылкеңірдек болып жататыны таңдандырады. Әшейінде селқос, еріншек, томаға-тұйық жастарымыз осындайда жанып кетеді. Олардың көбі өздерінің білім деңгейіне де, аталған тақырыптың қажет, қажет еместігіне де қарамай, әлгі сөз-көкпардың бел ортасында жүреді. Екіншілері солардың атын жетектеп, артынан қамшылап, ұрандап өздерінің діттеген мақсаттарына пайдаланбақ болса, енді біреулері жалған жанашырлық, рулық мүдде үшін жанталасуда. Әлеуметтік желілердегі осындай ірі майдандардың бірі  бүгінде ақын Мұхтар Шахановтың маңайында жүріп жатыр.

Сол сөзтартыстың бір нысанасы – халық ақыны Жамбыл Жабаев туралы. Нақтылап айтқанда, «Сталинның туфлиін махаббатпен жалаған...», «Шынымды айтсам, жырларынан қос жол өлең таппадым...» деп қарт ақынның жағымпаздығын сынап, шығармашылығына шүбә келтірген – М.Шахановтың «Жамбылдың «дара ерекшелігі» және оның туған ауылындағы кездесу» атты өлеңі. Менің өз басым Ұлы Отан соғысынан кейін өмірге келген Мұхаң Жамбылдың қашан, қай жерде Сталинның туфлиін махаббатпен жалағанын  білмеймін, ал оның шығармаларын, тіпті болмағанда Қазан төңкерісіне дейінгі өлең-толғаулары мен айтыстарын толық оқымағанына сенімдімін. Таныс болғанның өзінде ХІХ ғасырдың ортасында туған шала сауатты халық әдебиеті өкілінің бойынан ХХІ ғасырдың кәсіби ақынының деңгейін іздеу де қисынсыз.  Халқымыздың тілін, ділін, дінін насихаттап жүрген, сол жолда шыңдалып, үлкен қоғам қайраткері болып қалыптасып, ұлтымыздың ірі тұлғаларының біріне айналған, көрнекті ақын Мұхтар Шахановтың көкейінен мұндай дәлелсіз, сүреңсіз ойлар шыққанына таңданбаса, болмайды. Күннен-күнге ұшығып бара жатқан бұл пікірталастардан көп оқырмандардың Мұқаңа деген наразылығын аңғаруға болады. Сондықтан оның өзі халықтың алдына шығып, ұлтынан кешірім сұрауы керек.

Гүлжаһан Орда, Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет және көркем публицистика бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы:

Тәуелсіздік бізге сөз бостандығын алып келді. Қазақ қаламгерлері кеңестік дәуірде айта алмаған, жаза алмаған тақырыптарын еркін қаузап, өткен тарихымызды сан қырынан бейнелеуде. Тарих қойнауынан сыр тартқан көркем туындылар қазақтың тарихы тереңде жатқан Ұлы дала елі екенін, олардың өркениетті мәдениетті болғанын дәлелдеуде. Соның арқасында тарихымыз бірнеше ғасырға тереңдеп, бүгінде қазақ әдебиеті ұлттық қаһармандармен толығуда. Осындай жетістіктерге жетіп отырған қаламгерлердің пендешілігін көргенде жаның құлазиды.

Қазақ әдебиетінің тарихында ұлттық әдебиеттің қалыптасуына қомақты үлес қосқан қаламгерлердің жанкешті ерлігін жоққа шығаруға болмайды. Қазақ – сөз қадірін түсінген, сөзді кие тұтқан халық. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қағида сөз құдіретін жоғары бағалаудан туғаны анық. ХХ ғасырдағы қоғам өміріндегі аласапыран қазақ қаламгерлерінің жеке өміріне де тікелей әсер еткені белгілі. Әр дәуірдің өз қиыншылығы, өз заңдылығы болады. Ол үшін сол дәуірде өмір сүру керек. Өткеннің бәріне топырақ шашып, тырнақ астынан кір іздеуді қойғанымыз абзал. «Болар елдің баласы – бірін-бірі батырым дейді» дегендей, бүгінгі тәуелсіздігіміз үшін жанын пида еткен арыстарымыздың рухын асқақтатуға ден қойғанымыз жөн.

Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай», «Нарком Жүргенов», Е.Төлеубайдың «Міржақып», «Әли-Хан», «Жүсіпбек Аймауытов», «Мағжан», «Мәриям – Ілияс», «Ташенов», «Ыбырай», Д.Исабекұлының «Әлдиле өмір, әлдиле», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша», Ж.Бөдешұлының «Шерата және шынбала» (Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармасы бойынша жазылған), Д.Нұрмұхамедовтың «Сен ертең атыласың!», И.Оразбаевтың «Киелі күнә», Ө.Ахметтің «Азаппен өткен өмір-ай!», Л.Фефелова мен Қ.Сейдахметтің «Ақ келін», А.Тасымбековтің шығармасының негізінде жазылған Б.Атабаевтың «Кебенек киген арулар», М.Ибраевтың «Шәкәрім» («Қастандық»), Ә.Рахимовтың «Шәкәрім», М.Қожахметованың «Азат алаш – даңқты алаш», М.Омарованың «Ақтастағы Ахико» сынды драмалық туындыларын оқығанда, сахнадан көргенде кәдімгідей ұлттық намысымыз оянып, өткенге құрметпен қарай бастағанымыз анық.

Ал, енді қаламгерлердің жеке басына тиіскенде ұтатынымыз не? С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиндердің алыптар тобынан орын алғаны дәлелденген ақиқат. И.Оразбаевтың «Киелі күнә» пьесасын оқыған жанның М.Шахановтың М.Әуезов туралы әңгімесін естігенде жаны күйзелетіні анық. Қазақ халқын әлемге танытқан классиктеріміздің әруағына тыныштық бергеніміз абзал. Себебі, олардың әрқайсысы – ұлт әдебиетінде өзіндік орны бар тау тұлғалар.

Бұқара халық қолына қалам ұстаған ақын-жазушыларының аузына қарап, солар не айтады екен деп отыратыны жасырын емес. Өткендегі Құрылтайда басталған даудың бәсеңдемей, керісінше рушылдықпен өрши түсуі өкінішті. Бұл жерде пендешіліктен гөрі елшілдік алдыңғы кезекке шығуы керек еді.

Серікқазы Қорабай, Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты:

Мұхтар Шаханов – ұлттық поэзияда өзіндік орны бар ақын. Алайда соңғы кезде оның ұлы Абай туралы айтып жүрген кереғар пікірлері көңілге мүлдем қонбайды. «Махамбеттен жоғары қоям Абайды» деп ой түйеді ақын. Сонда ол бұл тұжырымымен нені мегзеп отыр? Осыған дейін бүкіл қазақ поэзиясының алыбы болған Абайдың талант деңгейін төмендету тұрғысынан қарастырылған әрекет пе, әлде бір топтың ықпалынан туындаған жеке мақсат па? Біз алаш жұрты құрметтеген ақынның бұл әрекетін еш түсінбей дал болдық. Тіпті өзінің осы ойын терең ашып көрсетіп, жан-жақты талдап берсін. Мұхтар ағамыздың Абай туралы бұл пікірі қалың жұртшылыққа кеңінен тараса, қандай күй кешер едік?  Жас ұрпаққа не деп жауап берер едік? Қалай да Абай қазақтың бас ақыны, ұлтының ұлы перзенті болып қалады.

Екі ұлы тұлға – Махамбет пен Абай әдебиеттегі ерекше екі кезеңнің бітімі бөлек ақындары. Толғау, жыр, терме үлгісінде жазылған Махамбет жырлары дәуір шындығын айқын бейнелеп, халық өмірінің рухани-поэтикалық шежіресі,  ұлт-азаттық көтерілістің айнасы болуымен есте қалды, жауынгерлік рухтағы азаматтық поэзияның ірі өкілі болды. Ал Абай өзінің алдындағы Бұқар жырау, Дулат, Махамбет жырларынан сабақ алу арқылы қазақ поэзиясын, бүкіл қазақ әдебиетін мүлдем жаңа сатыға көтеріп, түр, мазмұн жағынан байыған жаңа жазба әдебиеттің негізін қалағанын айтып жатудың қажеті шамалы. Мұны қазір бүкіл әлем біледі. Енді келіп сол данышпан Абайды төмендеткіміз келеді. Бұл – кешірілмес ұят қылық. Біздің әдебиетіміз өте бай, атақты ақындарымыз да көп. Әрқайсысының ұлт әдебиетінде өз орны бар. Бірақ Абайдың аты – Абай. Орыс халқы Пушкинді «орыс поэзиясының күні» деп ерекше дәріптейді ғой. Сол сияқты Абай – белгілі бір рудың немесе облыстың Абайы емес, бүкіл қазақтың Абайы, тіпті бүкіл түркі жұртының Абайы, ұлт поэзиясының жарқыраған биік жұлдызы. Кеше ғана, 13 наурызда бауырлас ел – Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің «Қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеп насихаттау туралы» атты арнайы қаулы қабылдауы ұлы ақынға ғана емес, Абай арқылы бүкіл халқымызға көрсетілген үлкен құрмет белгісі деп білу керек. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деп  Абайдың өзі айтқандай, ақиқатқа жүгініп, дос ниетте болайық! Әділдікке жүгінейік! Абайдың ұлттың ұлы ұстазы, қазақтың бас  ақыны екенін әстен естен шығармайық!

Келіс Рахымжан, «М.О.Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты:

Өз бойындағы осалдықпен күреспеген адам ерте ме, кеш пе сол кемшілігінен опық жейді. Біз осыны ойлап жүрміз бе?!! Өзін-өзі бақпай айналасын аңдитын, табысына, атағына сүйенген жазғыштар енді әдебиетке тұлға болған адамдарға ауыз сала бастапты. Бұған не айтамыз.

Түрлі басылымдарда М.Шахановқа қарсы айтылып жатқан сөздер осыны еске салады. Мына Шаханов өстіп жатыр деген сөздер көбейген соң Мұқаңның жазғандарын «Қазақ үні» газетінен оқып шықтық. Әр жылдары айтқан ойлары, саясатпен айналысып жүргенде эмоциялық сезімдерге беріле жүріп айтқан пікірлері екен. Соның ішінде Жамбыл Жабаев, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев туралы әр кездері айтылған өзіндік ойлары берілген. Әлгіні оқыған қарапайым оқырмандар жанашырлық танытып, айтса әр кезде түрлі көңіл күйдің жетегінде өз замандастары туралы айтқан шығар деп бұдан өрескел ештеңе көріп тұрмағандықтарын да білдірген. Рас адам мұндайда ойға қалады. Осының бәрі кімге керек. Не үшін, кім осылай істеп отыр. Мұның арғы жағында кімдер тұр деген ойлар оқыған адамның басына келмей қалмайды.

Ал, Мұқаң Жәкеңді Сталинді көп мақтады деп сынапты, Мұқағали ағамыздың әлдебір осалдығын көргенде қынжылып өлең жазыпты, Қадыр ақынның желтоқсан кезіндегі өзіне ұнай қоймаған қылығын айтыпты. Сонда дүрлігетіндей не болды?!! Адамды өз айтқан пікірімен өзін қалдыруға болмай ма екен. Бұл Сталиннің заманы емес қой! Кім жайлы қай жерде не айту керек екенін Шаханов біреуден сұрап алуы керек пе еді. Өзіне солай ұнады. Айтты. Сіз оны қабылдаңыз, ұнамаса қабылдамаңыз. Халықтың киесі ұрып жүрмей ме? Осынша дүрлігіп көтерілетіндей не болды.

Біздің бір ойымыз осылай дейді. Мұның екінші жағы бар. Әр нәрсенің сұрауы бар болатыны сияқты айтылған сөздің де жаңғырығы бар. Пікір айтылған адамның көпшілігі қазір арамызда жоқ. Тіпті, оқу-тоқуы жоқ қарапайым мұсылман баласы өмірден өткен адамдар туралы тек жақсы нәрсе айтуды мақұл көреді. Себебі бұл мұсылмандық әдеп. Осы әдептен аттамасақ қайтеді. Осы пікірлердің арасында ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің де есімі аталыпты. Атақты ақын Мағжанның істі болуына қатысы бар деген пікірді өз басым еш жерден кезіктірген емеспін. Жазушының өмірі мен қызметін бір кісідей білетін кез-келген зерттеушіден сұрасаңыз, бұл пікірді дәлелді деп айтпас еді. М.Әуезовтің, алаш қайраткерлерінің істі болу, тергелу тарихында да мұндай дерек кездескен емес. Ендеше Шаханов ағамыз мұны қай дерекке сүйеніп айтып отыр. Егер дерек шынайы болса ортаға шығарып, ғылыми тұрғыдан тексеру көру керек. «Менде осы кітап бар» дегенде ағамыз қандай ойды айтқысы келді?!!

Мен ауыл баласы ретінде әдебиеттегі жолымды Алматыда Мұхтар Шаханов басқаратын «Жалын» журналында бастаған едім. Мұхтар ағаны ақын ретінде жоғары бағалаймын. Сол 1991 жылдан бергі кезеңдегі Мұхтар ағамыздың барлық қоғамдық қызметіне зер салып отырамын. Адам болған соң артық-ауыс кетіп жататын сөз, түрлі жағдай өмірде болып тұрады. Бірақ Мұхтар ағамыз алдағы уақытта өз пікірлерінде кейде абай болса екен деп ойлаймын. Себебі айтылған сөз атылған оқ тәрізді оны ешкім кері қайтара алмайды ғой. Ал, осы пікірлерге қатысты ойын білдіріп жатқан адамдарға сабырлық танытып, ағат жерлерге кешіріммен қарауға, ер мұратын алға ұстаған ағамыздың көңіліне тиетін сөздерге бармауын сұрар едім. Мұның бәрі өтеді де кетеді. Қай кезде болмасын қырық күн талас бір күндік татулыққа жетпейді. Мұхтар ағамыздың айтқан сөздерін дұрыс түсініп қабылдайық дегім келеді.

PhD докторант Нұрбол Құдайбергенов:

Мұхтар Шахановтың қазақ лирикасындағы орны ерек. Оған дау жоқ. Бірақ Алаштың ары Абайдан бастап, жыр жампозы Жамбыл мен поэзия серкесі Мұқағалиға тіл тигізуі соңғы жылдары азаматтық лириканы ту қып жүрген ақынның өз ар-атағына да тиген дауылдай болғанын бәріміз көріп отырмыз. Задында, өзгеге күйе жаққан адамның өзі де сол күйеден аман қалмайды деген  ежелден жеткен тағылым бар...

Қоғамдық пікірге қозғау сала алатын тұлғаларымыздың әр сөзіне абай болғаны жақсы еді. Өйткені, элита құндылықтар жүйесін қалыптастырады, өзгерте де алады. Ұлтты тәрбиелейді... М.Шахановтың бұл ісі тек өз басына ғана зиян тигізсе, бір сәрі. Ең қауіптісі сол, мұндай әрекеттер халықтың өз зиялыларына деген сенімі дейтін еш нәрсемен айырбастауға келмейтін асыл құндылығының одан сайын әлсіреуіне түрткі болады. Тағы да осындай іске куә боп отырмыз. Өкінішті!

PhD докторант Ерқанат Қуатбекұлы:

Қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегі бар, көпшілік оқырманның сүйікті ақынына айналған Мұхтар Шахановтың соңғы уақыттарда тарих тақтасына атын өшпестей жазған ұлт ардақтыларына қырғидай тиіп, онысын әділет жолындағы күреске балауы зиялы адамның аузынан шыққан сөз емес, ұрынарға қара таппаған кісінің пендешілігіне саяды. Артынан ерген жастар үлгі тұтатын ел ағасының бұл әрекеті өзінің атақ-абыройына ғана дақ түсіріп қоймай, көпшілік арасына іріткі түсірмесе игі еді.

PhD докторант Айнұр Ахметова:

Ақиқат, абсолют шындық Құдай ғана тән екендігін ұдайы сөз етсек те, ара-тұра “естен шығарып” алатын кездеріміз болады. Қазіргі күні Мұқағалидың да, басқа да халық мойындаған шығармашыл өкілдердің кемшілігін атап, мінін теру абырой әкелмесі анық. Мұқағалидың мынадай өлеңі бар:

Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.

Аңыз ғып айтар мүмкін қылығымды,
Қылығымды ұнатқан жұлынуды.
Жақсы көрген дер мүмкін «жылынуды»
Әйтеуір қазбас былық-шылығымды.

Жоқ жанды қиған емес жамандауға,
(Сол үшін рақмет адамдарға!!!)
Білемін, әйтеуір бір замандарда,
Жүреді жүз жыл жасап жаман қарға...

Жазылар естеліктер нешелеген,
Көрерміз онын, бәрін пешенеден.
Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе ‒

Көшеді өлең немесе өшеді өлең!

Қулары, таудың қызыл түлкісі дер,
Момындар, біздің үйдің кірпіші дер.
Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер!?

Бұдан артық ой айтудың өзі артық деп ойлаймын.

Ал Жамбыл ақынның бір-екі ауыз пікірмен шығармашылығын жоққа санау өнердің қадірін, мәнін ұға алмау немесе ұғынғысы келмеу деп түсінемін. Сталин, Ленин тұлғасын, саяси бастамаларын, жиындарын поэзияда насихаттаған жалғыз Жамбыл ақын емес. Қос билік басшысын әдебиетте насихаттаған қазақтың да, өзге халықтың да халық, жазба ақындары жетіп-артылады. Қала кітапханаларында арнайы жинақ ретінде шығарылған кітаптар да баршылық. Осы мәселені түркиялық ғылыми кеңесшім қарастырғанда тікелей өзімнің де көмектескенім бар. Ал, Жамбыл поэзиясында Ленин мен Сталин аты аталатын жолдардың өзінен сол кезеңнің рухын сезіп, көркем картинасын көз алдымызға елестете аламыз.

Жамбылдың айтыс өлеңдерінде де, поэзиясында әдеби ажарлаулар мен айшықтаулар көркем кесте болып өрілген. Әрбір жолынан ақындық мінезін, өр тұлғасын танимыз. Бұл туралы Жамбыл шығармашылығын нысан еткен ғылыми зерттеулерден мол мағлұмат алуға болады.

Әрбір ақын, жазушы шығармашылығынан бұлай “мін” іздей берсек,  біразын əдебиет тарихынан сызып тастауға тура келеді ғой. Алдымен сол дәуірде өмір сүріп көріп, содан кейін сөз айтсақ пікіріміз басқаша шығар ма еді...

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Уәлихан Қалижанов ауруханада емделіп жатуына байланысты, дөңгелек стол жұмысына қатыса алмағанымен, телефон арқылы ғалымдар пікірімен санасатынын, жеке басқа тисе бергеннен ештеңе шықпайтынын, алдағы уақыттарда ұлтымыздың асыл қазынасы әдебиетімізді сақтай білу керектігін атап айтты.

Шаханов беткеұстар тұлғаларымыздың жеке басынан айқайлап мін іздегенімен, ешкімнің жариялы түрде сол Шахановтың өзінің жеке басына сын айтуға құқығы жоқ. Сондықтан қазақтың зиялы қауымы басалқы сөз айтып, байыпқа шақыра алатын қариялылықты жоғалтып алмаса екен. Ұлтымыздың рухани жаңғыруы, міне, осындайда да керек екен, - дейді.

Уәлихан Қалижанов кезінде Шахановшыл болғанын да жасырмады. Сол үшін қудаланған да. Қазақстан Жазушылар Одағының бір жиынында «Махамбетті Абайдан жоғары қоям» деген М.Шахановтың сөзіне орай, мінберден өз ойын да айтқан кезінде. Бірге депутат та болған.

Есенин, Маяковский, Н.Рубцов арақ ішкені үшін орыс әдебиетінен сызылып тасталған жоқ. Кезінде әуесқой композитор Қалдыбек Құрманәлі мен ақын Маралтайға Қазақстан Жастар Одағы сыйлығын әперіп едім. Оларға да сондай айып тағылған. Қазір екеуі де қазақ өнерінде ірі тұлға болып жүр.

...Президентпен Киевте Голодомор ескерткішінде болғанымызда Елбасы Н.Ә.Назарбаев мырза:

– Әй, Уәлихан, егер біз барлық ақын-жазушыларға қатысты архивтерді ашатын болсақ, онда бүгінгі жазушылардың ұрпақтары бір-бірімен жауласып кетер еді, – деп еді.

Иә, мынадай жай ғана өрт қоғамды шарпып жатқанда, егер ашылған архивтер қолға тисе, онда ол біздің рухани діңгегімізді күйретіп кетеді. Дәл қазіргі Қазақстан үшін сол керек пе? Ұлттың өсетін, толысатын кезеңі болады. Сондай тұстар келер. Мүмкін сол кезеңдерде ол архивтер жарияланар. Ресейдің өзі мұндай архивтерді ұзақ ғасырлық көмбеге қойып отыр.

Шаханов, меніңше, қазір жалғыз қалған тұлға. Ол ұлттың көсемі бола алмайды. Ол – ақын. Сол ақындығымен тарихта қалады. Шығармашылығы, азаматтық тұлғасы зерттеліп, тарихтан өз орнын алады.

Ақылы бар жігіттің, ұяты да жеткілікті болар. Халқынан артық-кем сөзі үшін кешірім сұрар.


                                                                                        "Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер