Аэрофлоттың ақыры

3284
Adyrna.kz Telegram
Фото: РИА «Новости»
Фото: РИА «Новости»

Соғыстың заңы – өте қатал заң. Мұны соғысты қолдан жасап отырған Путиннің өзі де түсінсе керек. Соғысқа дейін әлемді біз асырап отырмыз дейтін тәкаппар Ресей үкіметі экономикаға төнген дағдарысты еңсере алмай әлек. Себебі олар санкция дейтін алып ауыртпалықтың астында қалды. Бұдан не бел, не белбеу кетері һақ. Енді оларға «шегінерге жол жоқ, арттарында Мәскеу».

Бүгінгі таңда сансыз сакциялардан Ресейдің авиакомпаниялары өңі түгілі түсіне де кірмеген ауыр кезеңдерді бастан өткеруде. Өйткені Еуропа аспаны енді ресейлік ұшақтар үшін жабық. Ол жетпегендей, Еуроодақ Ресейге өз күніңді өзің көр деп, жалға берген ұшақтарын пайдалануға тыйым салып тастады. Бірақ оны Ресейдің есі кеткен билігі елер ме екен? Жалпы хәлі мүшкіл Ресейдің әуе саласы алапат дағдарысқа төтеп бере ала ма?

Бір ғана «Аэрофлоттың» мысалында талдап көрелік.

Статистикаға сүйенсек, басқыншылық басталғалы бері Путин кеудесін керіп мақтанатын «Аэрофлоттың» акциялары бірден 30%-ға құлдырапты. Бұлай жалғаса берсе, «Аэрофлот» үшін әуе қызметі арманға айналуы мүмкін.

Сондай-ақ, мұнай бағасының оң динамикасы аясында авиациялық отын бағасы өсуде, бұл өз кезегінде пайдалану шығындарының өсуіне әкеледі. Ал рубльдің құнсыздануы, рубльдің доллар мен еуроға қатысты әлсіреуі «Аэрофлотқа» қатты әсер етеді, өйткені жыл соңында шетелдік валютадағы лизингтік міндеттемелердің үлесі 94%-ды құраған. Демек, компанияның түгел дерлік ұшағы өзінікі емес. Бұл өз кезегінде қаржылық шығындардың артуына әкеледі. Бұл аз десеңіз, «Аэрофлот» мемлекеттік компания ретінде, жалақыны индекстеуге міндетті. Сәйкесінше тағы да еңбек шығындары артады.

*ЕУРОПА РЕСЕЙГЕ ӨЗ ҰШАҚТАРЫН ПАЙДАЛАНУҒА ТЫЙЫМ САЛДЫ*

Еуропалық билік лизинг берушілердің қатысуымен бұрын-соңды болмаған шешім қабылдады. ЕО Украинадағы қырғынға байланысты Ресейге еуропалық өндірістің жаңа ұшақтары мен тікұшақтарын жеткізуге толық тыйым жариялап, Airbus-терді Еуропаға 28 наурызға дейін қайтару қажеттілігін ескертті.

Айталық, бүкіл ресейлік авиациялық флоттың жартысынан көбі (55%) халықаралық компаниялардың лизингінде. Ал лизингтегі 980 жолаушылар лайнерінің 777-сі Ресейге тиесілі емес. Бұл дегенің Ресейдің әуе кеңістігі Еуропаның бақылауында болды деген сөз.

Аз уақыт ішінде қайтаруы керек болған Ресейдегі Airbus ұшақтарының барлығы 322, олар жолаушылар тасымалының 40%-ын қамтамасыз етеді. Airbus-тың барлығы дерлік он ресейлік авиакомпанияда шоғырланған. Аэрофлот паркінде 117 ұшақ, Ресейдің ең ірі жеке тасымалдаушысы – S7 авиакомпаниясының тағы 66 ұшағы бар. «Орал әуе жолдары» флоты 54 ұшақты жалға пайдаланады.

*РЕСЕЙ ҰШАҚТАРДЫ БЕРУДЕН БАС ТАРТЫП ОТЫР*

Ресейлік телеграм-арналары жариялаған толық расталмаған мәліметтерге сәйкес, «Аэрофлот» ұшақтарды еуропалық лизингтік компанияларға бермейді-мыс! Олар барлық ұшақтарды сатып алуға дайын екен.

Сатып аларына алды делік, олар бұзылса не істемек? Қосалқы бөлшектерді қайдан алмақ? Бір пайдаланып тастай салар ма екен?

Мына түрімен Ресей Иранның тағдырын қайталауы мүмкін.

*РЕСЕЙДІҢ ӨЗ ҰШАҚТАРЫ БАР МА?*

Мамандар ресейдің өз ұшақтары бар дейді. Бірақ бұл әлі де болжам. Қазіргі уақытта ресейлік әуе кемелері өз ұшақтарын өте аз мөлшерде пайдаланады. Мысалы, Аэрофлотта 9, Қызыл қанаттарда тағы 16 отандық ұшақ және Ямалда 15 ұшақ. Бірақ бұлар шетелдік ұшақтардың орнын баса алмайтын көрінеді. Себебі мәлім. Өйткені бұған дейін шетелдік ұшақтарды пайдаланып келген Ресейге қысқа уақыт ішінде авиациялық база қалыптастыру оңайға соқпайды. Яғни нарықтың көкейтесті проблемаларын шешуге перспективалы бағдарламалар енді көмектеспейді.

Жәй ғана бұл мүлдем мүмкін емес. Демек, абыройдан жұрдай болған ресейлік «Аэрофлоттың ақыры» алыс емес деген сөз.

Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ,
“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер