70 млрд жұмсалады делінген онкоорталық бюджеті 92,9 млрд теңгеден асып кетті

710

Астанада 2019 жылғы шілдеден бері Ұлттық ғылыми онкология орталығы салынып жатыр. Нысан құрылысы басталар алдында Сенатта өткен жиында сол кездегі денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов онкоорталықтың құрылысына 70 млрд теңге жұмсалатынын айтқан. Алайда мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке назар салсақ, бастапқыда жоспарланған қаржы едәуір көбейіп кеткенін байқауға болады.

Қазақстан үкіметі жаңа онкоорталықты швейцариялық «B&A CONTRACTORS SA» компаниясы салады деп шешім шығарған. Соған сәйкес, Денсаулық министрлігі 2019 жылы 15 шілдеде аталған компаниямен мемсатып алу порталы арқылы келісімшарт жасасты. Сол кезден бері келісімшарт 14 рет өзгерген. Биылғы 2 наурыздағы өзгеріске сәйкес, келісімшарт құны 92 млрд 960 млн теңге.

Порталда жоба бюджеті не себепті көбейіп кеткені түсіндірілмеген. Жалпы порталдағы келісімшартта онкоорталық құрылысы жайлы толық мәлімет жоқ. Тендердегі негізгі құжат саналатын техсипаттама порталға жүктелмеген. Сондықтан да бөлінген қаржы жұмыс көлеміне сай не сай емес екенін анықтау мүмкін емес.

Тағы бір ескеретін жайт, үкімет жоспары бойынша жаңа онкорталық 2021 жылы ашылып, 2022 жылы B&A CONTRACTORS SA компаниясы астанадағы ескі онкоорталық ғимаратын қайта жаңартуға кірісуі тиіс еді. Алайда билік «Орталық Азиядағы теңдессіз онкоорталық болады» деп мақтаған нысан құрылысы әлі аяқталған жоқ.

Мемсатып алу порталындағы дерекке сүйенсек, денсаулық сақтау министрлігі 2019 жылдан бері мердігер компания есепшотына 24,5 млрд теңге аударған. Бірақ ашық дереккөздердегі ақпаратқа қарағанда, швейцариялық B&A CONTRACTORS SA компаниясы 2014 жылдан бері қазынағы 32-ақ мың теңге салық төлеген. Бұл шетелдік фирманың елімізден жыл сайын миллиардтап пайда тауып отырған ескерсек, 32 мың теңге ғана салық төлегені ақылға қонымсыз.

Жалпы астанадағы онкоорталық швейцариялық компанияның Қазақстандағы алғашқы жұмысы емес. Интернеттегі ақпаратқа қарағанда, бұл компания Республикалық диагностикалық орталықты, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығын, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығын, Республикалық велотректі, «Астана опера» опера және балет театрын салған. Тіпті кей мәліметтерге қарағанда, швейцариялық компанияның Ақорда, Сыртқы істер министрлігінің ғимараты сынды нысандарды салуға да қатысы бар.

Демек, B&A CONTRACTORS SA Қазақстан үкіметінің ұзақ жылдан бергі серіктесі деуге негіз бар.

Мият Кәшібай,

Telegram-парақшасынан

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket