Ахмет Байтұрсынұлы мұрасындағы жұмсалымды грамматика

581

Қазіргі қазақ тіл білімі  дәстүрлі грамматикадан  ауылын алыс салып, жұмсалымды  грамматика  қағидаларын  зерттеп, осы бағытқа ойысу үстінде. Осы орайда  қазақ тілінің жұмсалымды  грамматикасын қалыптастырып, дамыту үшін  ұстанымдар мен қағидаттарды  ХХ ғасырдың басы мен орта шенінде жазылған  еңбектерден де  қарастыруға әбден болады.

Тілімізді  тілдік бірліктерді  тұлғасына қарап емес, мағынасы мен  тілдік жағдаяттарға қарап  оқыту теориясын меңгеруде  Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне жүгінуге болады. Құрылымдық грамматика қалыптаспай тұрып, жазылған  Байтұрсынұлының  еңбектерінде қандай  жұмсалымды грамматика болуы мүмкін?  Қазақ тілінің құрылымдық грамматикасы мен Байтұрсынұлының грамматикасының арасындағы алшақтық  ғалымның  грамматикасына жұмсалымдық негіз болғандығын көрсетеді. Қазақ тілі жұмсалымдық грамматикаға бет бұрған шақта  ұстанымдардың  негізгі  сүйенері  ғалымның  жасаған  грамматикасы  болмақ.

Байтұрсынұлының тіл біліміне арналған  іргелі  еңбегі,  әлбетте  «Тіл-құрал». 1912 жылы мектеп балаларын қазақша сауаттандыру үшін  «Оқу құралын» жазғаннан кейін,  көп ұзамай мектепте қазақ тілін оқыту үшін оқулық есебіндегі кітап жазуға кіріседі.  «Тіл-құралдың» фонетикаға арналған  І бөлімі  алғаш рет 1915 жылы  баспа бетін көріп, онан соң өңделіп, толықтырылған  нұсқасы  1927  жылы  Қызылордада  7-інші басылым  болып жарық көрген.

«Тіл-құрал» - қазақ  мәдениетінде бұран болмаған соны құбылыс. Оның жалғыз тіл емес, өзге де пәндерден ойып  үйренетін  қазақша жазылған кітап, құрал дегендерді  білмей көрмей келе жатқан қазақ жұртшылығы үшін  мүлде тың дүние екендігін автор өзі ескертеді. «тіл-құрал» қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Бұл оқулықтар «қазақ тіл білімі»  аталатын ғылым саласының  ана тіліміздегі бастамасы және дұрыс, жақсы бастамасы [1,32].

Тіліміздегі   тілдік бірліктердің тұлғасына емес,  қолданылуына көп көңіл бөле отырып  жасалған  ережелер  А. Байтұрсынұлы және оның ізбасарлары  Т.Шонанов,  Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омаров, Қ.Жұбанұлы  еңбектерінде байқалады.

«Тіл-құралдың»  «сөз тұлғалары» тарауынан  бастап,  Ахмет Байтұрсынұлы еңбектеріндегі  жұмсалымды грамматика   нышандарын байқаймыз. Ғалым сөзді тұлғасына қарай былайша бөледі:

  1. Түбір сөз
  2. Туынды сөз
  3. Қос сөз
  4. Қосалқы сөз
  5. Қосымшалар [2, 76]

Жұмсалымды грамматиканың зерттеу нысанына жатпаса да, сөз тұлғасы қарастырылған бұл тарауда да сөздерді топтастыруда қолданылу ерекшеліктері есепке алынғандығы көрініп тұр. Қазіргі таңда мектеп оқулықтарында сөзді құрамына қарай топтауда  дара сөз және күрделі сөз деп  жіктеп, сонан соң күрделі сөздің өзін қос сөз, қысқарған сөз, тіркесті сөз, біріккен сөз деп  бөледі.  Ахмет Байтұрсынұлы  қос сөз деген атауды қазіргі  күрделі сөз деген атаудың орнына қолданады. Оны іштен тағы жіктейді. «Қос сөз дегеніміз- қосарынан айтылатын  бір өңкей есімді  сөздер. Қос сөз екі түрлі болады, біреуі  нәрсенің көбін қамти атайды. Екіншілері нәрселерді айыра атайды»[2,76].

Нәрсенің көбін қамтитын қос сөзді жалпылағыш қос сөз деп, айыра атайтынды  жалқылағыш қос сөз деп қарастырады. Тілдегі ең басты ұғымдардың бірі заттардың көптік және жекелік сипаты. Осы тұста Байтұрсынұлының қазақша термин жасаудағы шеберлігін атамасқа  болмас. Қазіргі тілімізде қолданып жүрген «жалпы, жалқы зат есімдер» терминдік атауы да  ұлт ұстазының  терминдері.

Қазақ тілінің қазіргі оқулықтарында  оқытылып жүрген   дәстүрлі грамматика ұстанымдары негізінде қос сөздерді сыртқы  тұлғасына  қарай: қайталама қос сөздер, қосарлама қос сөздер деп жіктейді. Қайталама  қос сөздер бір сөздің қайталануынан жасалады. Мысалы: мая-мая, жиі-жиі, үй-үйді, ат-мат, жарқ-жұрқ, шай-пай, түйе-мүйе.

Екі түбірдің қосарлануы арқылы жасалған сөздерді қосарлама  қос сөз деп атайды. Мысалы, бақа-шаян, ағайын-туыс, қазан-ошақ,  қыз-келіншек. Аталмыш қос сөздер  «Тіл-құралда»  жалпылағыш қос сөздер  қатарында қаралатыны да,  жалқылағыш  қос  сөз деп саналатыны да бар. Мәселен, түйе-мүйе, бұзау-мұзау   сөздері  еліктеу арқылы жасалған қайталама қос сөз деп емес, жалпы нәрсені білдіргені үшін қолданылатын жалпылағыш қос сөз дейді. Бақа-шаян қос сөзін Ахмет  Байтұрсынұлы  жәндік атауының орнына қолданған. «Бақа-шаян деп үстінде түгі де жоқ, қанаты да жоқ, құр терісі бар мақұлықтарды айтамыз»[3, 8]. Расында да, қазақ тіліндегі   сауыт-сайман, ер-тұрман, қыз-келіншек, бала-шаға, ата-ана  адамның не заттың көп екендігін білдіріп, көптік және жалпылағыштық мағына үстейді.  Сондай-ақ аталмыш қос сөздерге көптік жалғау жалғаудың еш қажеттілігі жоқ.  Жалпылағыш қос сөздерге  жататын сөздерге қатысты емле енгізгенде де, олар әрқашан  сызықша арқылы жазылатынын  көрсетеді.

Ғалым жалқылағыш қос сөздерге  жел-бау, төсек-ағаш, жүк-аяқ,  піспек-сап, қауға- шелек, асыл-бек, төре-тай, есен-аман сөздерін жатқызады[2,76].  Қазіргі кезде тілімізде кісі аттарын, тіркесті сөздер, біріккен сөздер деп қарайтын сөздердің  бәрін ғалым қос сөз деп сызықшамен жазу керек  дейді. Бірақ,  арасына сызықша қоймай жазуға да болатын сөздер бар екенін ескертеді. Егер  қос сөзде екі сөз бірыңғай болса, мәселен, екеуі бірдей  жуан я жіңішке айтылатын болса, онда екеуі айырылмай, тұтас  жазылады (басқұр, қолқап, Балжан, желкесер, Алтынбай,  Тасболат ). Ал, қос сөзде екі сөз бірыңғай болмаса,  онда  аралары сызықшамен айырылып жазылады (жел-бау,  төсек-ағаш, жүк-аяқ,  Жан-темір,  Мұрат-бек) [2, 78].  Бұл тұста біз қазақ тіліндегі буын үндестігі  заңдылығының  ХХ ғасырда жазуға ықпалы болғандығын байқаймыз.

Қазіргі кезде желбау, жүкаяқ  сөзі біріккен сөз сабында қаралады да, бірге жазылады, төсек ағаш сөзі  ағаш  төсек түрінде, сын есімі бірінші келіп, тіркесті сөз ретінде қаралады. Ал, кісі аттарының  бәрі дерлік бірге жазылады.

ХХ ғасырдың басында  Ахмет Байтұрсынұлы өз  еңбегінде  қазақ тіліндегі сөздерді жіктегенде атқаратын қызметін ескергендегі  анық. Сөзіміздің дәлелі ретінде  ғалымның еңбегіндегі сан есім түрлері мен қазіргі қазақ грамматикасындағы сан есім түрлерін  алып қарасақ болады. Бүгінгі оқулықтарда сан есімді 6 түрге жіктесе, Ахмет Байтұрсынұлы 4 түрге ғана бөлген.

А.Байтұрсынұлы «Тіл-құрал» «Қазақ грамматикасы»
Есептік сан есім Есептік
Іреттік сан есім Реттік
Бөлшек сан есім Бөлшектік
Жадағай есептік Жинақтық
  Топтау
  Болжалдық

 

Қазіргі кезде айырмашылығы сезілмейтін, байқалмайтын қанша және неше сұрақтары жөнінде  ғалымның  өз тұжырымы бар. Бұл турасында Орынай Жұбаева: «Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінде «сан» мен «шама»  онтологиялық категориялары өзара жіктелетінін байқаймыз. Оған ғалымның мына тұжырымдары дәлел бола алады: «нәрсенің  дәл санын білуге сұрағанда  неше деп сұраймыз. Мәселен: Неше кісі келеді?-  Үш кісі келеді. Нәрсенің дәл санын білу үшін емес, шамасын ғана білуге сұрағанда қанша? деп сұраймыз. Мәселен: Қанша күн жүресің?-Үш төрт күн жүремін. Ғалымның ойлары кейін М.Балақаевтың еңбектерінде ізін тапқан [4,10].

Сан есімнің  топтау және болжалдық  түрлерінің сыртқы тұлғасы ғана болмаса, атқаратын қызметі мен қолданылуы жағынан  сан есім болу мүмкіншіліктері  аз. Құрылымдық грамматикаға негізделген бұрынғы оқулықтарда сан есімдерге   шығыс септіктің –дан, -ден, -тан,  -тен  жалғаулары  жалғанып, топтау сан есімі болады деп көрсетіліп жүрді.  Дегенмен, сан есім  бұл жалғауларды қабылдағанда сандық мағынасын жоғалтып,   қимылдың  сынын білдіріп, үстеуге ауысады. Сан есімнің осы ерекшелігін ескеріп, жұмсалымды грамматика негіздерін басшылыққа алып топтаған  Ахмет Байтұрсынұлы  мұндай тілдік бірліктерді үстеу  тобында  қарастырған.  Осы олқылықтың орнын толтырған жалпы орта білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық. 2018 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген  оқулықта үстеудің  7 түрі бар деп көрсетіліп, түрлерін жеке қарастырғанда топтау үстеуін де қосып қойған.[5, 183]

Мәселен, «біз топқа бес-бестен бөліндік» деген сөйлемді қарар болсақ, бес-бестен  қос сөзі  қалай деген сұраққа жауап беріп, үстеу , синтаксистік тұрғыдан  пысықтауыш екендігі  даусыз.  Тағы бір жағдаят,  «үштен бірді алса, екі қалады», «мен бестен онға дейін санай аламын», «алма екі жүз теңгеден»  деген сөйлемдерде   қаншадан  деген  сұрақ  қойылып, сан есім  болады.  «Сағат үштен төртке дейін», «бестен кешікпе»  сөйлемдерінде мезгілдік мағына  басымдау  болып тұр. Сөйлемде қолданылу реті мен жұмсалымына  қарай  әртүрлі сөз табы болып кететін тілдік бірліктерді жұмсалымды- мағыналы категория құрамында қарастыру абзал.

Шығыс септікпен қатар сан есімдерге  -нікі, -дағы/-дегі,  -дай/-дей,  -сыз/-сіз,  -лы/-лі, -лық/-лік  т.с.с қосымшалар жалғана береді. Бірақ, ол қосымшалар жалғанған сөздің бәрін сан есімнің мағыналық топтарына қоса  беруге  болмайды.  Сан есім септік жалғауларын қабылдағанда  заттық мағынаға  ие болады.  Мысалы, «бестің екі дәрежесі- жиырма бес», «алтының екіден бір бөлігі үш» деген  мысалдарда  септік жалғаулары жалғанаған соң, ненің? деген сұраққа жауап беріп, субстантивтенеді.

Сан  есімнен сын есім тудыратын  –лық, -лік, -тық, -тік  жұрнақтары жалғанып, адъективтенеді. «Мен  сабақтан  бестік баға алдым»  мысалында  сын есімге айналудың анық көрінісі. Осындай  синтетикалық тәсіл арқылы жасалған   түбірі сан есім болатын  сөздерді грамматикалық мағынасы  сөйленімде  анықталатыны айқын.

Қазіргі  адами қағида негізінде   қалыптасып, дамып келе жатқан  тілді қатып қалған дүние емес, құбылыс ретінде  әрі адамның  сөйлеу талаптарына сәйкес өзгеретін дүние  деп қабылдау және сол негізінде ережелер мен  ұстанымдарды жасау  қазіргі тіл  білімінің алдындағы басты міндет. Осы сала  жұмсалымды   грамматика деп  атау алып,  ХХ ғасырдың бас кезінен  бастау  алып келеді. Ахмет Байтұрсынұлы  еңбектерінде  жаңа салаға қатысты терминдер  қоладанылмаса да, жіктелу жүйесі осы  ұстанымдарға  негізделген.  Көрсетілген деректер Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл білімінің  жасаушысы және жетілдірушісі  екенінің тағы бір айғағы.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Сыздықова Р. Ахмет Байтұрсынов-Алматы: Қазақ ССР «Білім» қоғамы, 1990, 52 бет.
  2. Байтұрсынұлы А. Алты томдық шығармалар жинағы. Тіл –құрал (қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектері).- Алматы: «Ел-шежіре», -2013. -384 б.
  3. Байтұрсынұлы А., Шонанұлы Т. Бастауышқа арналған оқу кітабы.-Алматы: Мемлекеттік  тілді дамыту институты. -2019.-144  бет.
  4. Жұбаева О. А.Байтұрсынұлы мұрасындағы функционалды грамматика/ Жұбаева О. // Жас қазақ. -2010. –№43.
  5. Қазақ тілі: Жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық /Б.А.Әрінова, Г.М.Раева, Г.С.Кәрімова, Л.К.Жұмекенова.-Алматы: Атамұра,  - 224б.

Әлия ҚЫРҒЫЗБАЙ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket