Суицидті кім жасайды?

1027
Adyrna.kz Telegram

Wisevoter ұйымының мәліметіне сүйенсек Қазақстан әлем бойынша суицид жасау бойынша 19 орында. Бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. Бір өкініштісі - өз өміріне қастандық жасайтындардың ішінде жасөспірімдер мен балалардың қарасы қалың. Енді ғана оң-солын танып, етек-жеңін жияр шақта өмірмен қоштасуға не себеп?

Суицид тақырыбы жиырма жыл бұрын қарапайым адамдар арасында кеңінен талқыланбаған, бірақ суицид мәселесі барлық уақытта және барлық ұлтта болған. "Суицид" термині адамның өз өмірін тоқтатуға бағытталған әрекеттерді тәуелсіз, көп жағдайда ерікті және қасақана орындауы деп түсіндіріледі.

Бүгінгі таңда суицид құбылысы өзекті тақырыптардың бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған статистикалық мәліметтерге сәйкес, аяқталған суицид актілерінің саны жылына орта есеппен сегіз жүз мың жағдайды құрайды. 15 миллионнан астам адам әртүрлі себептермен өз өмірін тоқтатуға бағытталған әрекеттерді жасайды. Жыл сайын суицидтік әрекеттерден болатын өлім-жітім барлық тіркелген өлім-жітімнің шамамен 1% құрайды. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, планетада қырық секунд сайын өлімге әкелетін (аяқталған) суицид әрекеті жасалады.

Әлеуметтанушылар көбінесе 15 пен 25 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жас адамдар суицидтің құрбаны болатынын анықтады. Екінші шың жетілген жасқа келеді-40 жастан 60 жасқа дейінгі кезең. Сондай – ақ, 70 жастан асқан егде жастағы адамдар арасында суицидке байланысты жоғары өлім тіркелді. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, өз-өзіне қол жұмсаған ерлер мен әйелдердің арақатынасы 4:1 құрайды.

Халықаралық зерттеулер көрсеткендей, суицидтік мінез-құлық көптеген әлеуметтік, экономикалық және отбасылық факторлармен байланысты.

Әлеуметтік жағдайдың төмендігі – әлеуметтік мәртебенің ауырлығы балаларды өзіне-өзі қол жұмсауға алып келетін көрінеді. Бүлдіршіндер мен жасөспірімдер арасында қоғамның аз қамтылған топтары, атап айтқанда табысы төмен, кедейлік жағдайындағы немесе жәрдемақыға күн көретін отбасыларда тәрбиеленетін балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлқында өзгерістер байқалып, олардың суицид жасау қауіпі жоғары болады.

Ата-анасының ажырасуы немесе бөлек тұруы – ата-анасы араздасқан балалар мен жасөспірімдер арасында суицид жасау қауіпі жоғары. Зерттеулер нәтижесіне сүйенсек өз өміріне қол салған жастардың көп бөлігі толық емес отбасыдан шыққандар. Ата-анасы ажырасып, соның салдарынан бала әкесіз немесе анасыз өсетін болса онда оның психологиясында айтарлықтай өзгерістер орын алып, депрессияға әкеліп соғады.

Отбасы мүшелерінің бірі өзіне қол жұмсауы – көптеген зерттеулерге сүйенсек, өз өміріне қол салған көптеген балалардың отбасында немесе туыстары арасында суицид әрекеттері бұрын-соңды кездескен.

Отбасылық қақтығыстар – жасөспірімдер өздерін суицид жасауға итермелейтін мәселенің бірі осы екендігін атап өтті. Ата-анасы жиі сөзге келіп, отбасының берекесі кетіп және күнделікті ұрыс пен  айқай-шудан қажыған жастар проблеманың шешімін таба алмайтын көрінеді.

Бала кездегі физикалық немесе сексуалдық зорлық-зомбылық – бала психологиясына әсер ететін бірден бір фактор. Кішкентай күнінен қысым көріп, тепкінің астында қалған бала өзін керексіз сезініп, ата-атансынан жылулық таппай суицидты мәселенің шешімі ретінде көреді. «Мен ешкімге керек емеспін. Мені ешкім жақсы көрмейді» деген ой балаға маза бермей, соңы жақсылыққа алып келмейді.

Балалар мен жасөспірімдердегі суицид қаупінің көрсеткіштері:

Егер жасөспірім өз-өзіне қол жұмсауды шындап ойласа, онда оны бірқатар сипаттамалық белгілерден анықтауға болады.

Вербалды белгілер:

  1. Жасөспірім өзінің көңіл-күйі туралы жиі айтады.
  2. Өлім туралы әңгімелейді: «Мен өз-өзіме қол жұмсаймын», «Мен бұлай жүре алмаймын».
  3. Өзінің ниеті туралы жанама түрде: «Мен енді болмаймын. «Мен үшін енді уайымдаудың қажеті жоқ.»
  4. Суицид туралы көп әзілдер.
  5. Өлім мәселелеріне шамадан тыс қызығушылық танытады.

Мінез-құлық белгілері:

  1. Жеке заттарын басқаларға таратады, ретке келтіреді.
  2. Мінез-құлықтың күрт өзгеруін көрсетеді: тым аз тамақтану немесе

тым көп; сабақ оқымайды, үй тапсырмасын орындамайды, адамдармен араласпайды; ашушаң болады; үнемі депрессиялық көңіл-күйде; отбасы мен достарынан бас тартады; тым белсенді немесе айналасындағы әлемге немқұрайлы қарау; кенеттен эйфорияны немесе үмітсіздікті сезінеді.

  1. Дәрменсіздік және үмітсіздік белгілерін көрсетеді.
  2. психотропты заттарды тұтынады.

Ситуациялық белгілер:

  1. Әлеуметтен оқшаулану.
  2. Тұрақсыз ортада өмір сүреді.
  3. Өзін зорлық-зомбылықтың құрбаны ретінде сезінеді (физикалық, жыныстық, эмоционалдық).
  4. Бұрын өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген.
  5. Суицидті досы немесе туысы жасады.
  6. Ауыр шығынға ұшырады (жақындарының қайтыс болуы, ата-анасының ажырасуы).
  7. Өзін ешкім санамау.

Уақытында психологиялық көмек көрсету, жасөспірімдерге жанашырлықпен қарау, қиын өмірлік жағдайға тап болғандарға қолдау білдіру қайғылы оқиғаларды болдырмауға көмектеседі. Сондықтан білім беру мекемелерінде профилактикалық және студенттер арасындағы суицид әрекеттерінің алдын алу бойынша түзету жұмыстары және мектеп оқушыларын дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп, адамның ішкі сезімдерінің тұрақтылығы жайында психологоиялық көмектер көрсетілуі тиіс.

Суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша жұмыстың нәтижесі студенттер арасында қолайлы психологиялық-педагогикалық жағдай жасау.  Қиын өмірлік жағдайға душар болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға уақтылы психологиялық-педагогикалық көмек көрсету керек.

Пікірлер