Қазіргі қазақ тіл білімі дәстүрлі грамматикадан ауылын алыс салып, жұмсалымды грамматика қағидаларын зерттеп, осы бағытқа ойысу үстінде. Осы орайда қазақ тілінің жұмсалымды грамматикасын қалыптастырып, дамыту үшін ұстанымдар мен қағидаттарды ХХ ғасырдың басы мен орта шенінде жазылған еңбектерден де қарастыруға әбден болады.
Тілімізді тілдік бірліктерді тұлғасына қарап емес, мағынасы мен тілдік жағдаяттарға қарап оқыту теориясын меңгеруде Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне жүгінуге болады. Құрылымдық грамматика қалыптаспай тұрып, жазылған Байтұрсынұлының еңбектерінде қандай жұмсалымды грамматика болуы мүмкін? Қазақ тілінің құрылымдық грамматикасы мен Байтұрсынұлының грамматикасының арасындағы алшақтық ғалымның грамматикасына жұмсалымдық негіз болғандығын көрсетеді. Қазақ тілі жұмсалымдық грамматикаға бет бұрған шақта ұстанымдардың негізгі сүйенері ғалымның жасаған грамматикасы болмақ.
Байтұрсынұлының тіл біліміне арналған іргелі еңбегі, әлбетте «Тіл-құрал». 1912 жылы мектеп балаларын қазақша сауаттандыру үшін «Оқу құралын» жазғаннан кейін, көп ұзамай мектепте қазақ тілін оқыту үшін оқулық есебіндегі кітап жазуға кіріседі. «Тіл-құралдың» фонетикаға арналған І бөлімі алғаш рет 1915 жылы баспа бетін көріп, онан соң өңделіп, толықтырылған нұсқасы 1927 жылы Қызылордада 7-інші басылым болып жарық көрген.
«Тіл-құрал» - қазақ мәдениетінде бұран болмаған соны құбылыс. Оның жалғыз тіл емес, өзге де пәндерден ойып үйренетін қазақша жазылған кітап, құрал дегендерді білмей көрмей келе жатқан қазақ жұртшылығы үшін мүлде тың дүние екендігін автор өзі ескертеді. «тіл-құрал» қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Бұл оқулықтар «қазақ тіл білімі» аталатын ғылым саласының ана тіліміздегі бастамасы және дұрыс, жақсы бастамасы [1,32].
Тіліміздегі тілдік бірліктердің тұлғасына емес, қолданылуына көп көңіл бөле отырып жасалған ережелер А. Байтұрсынұлы және оның ізбасарлары Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омаров, Қ.Жұбанұлы еңбектерінде байқалады.
«Тіл-құралдың» «сөз тұлғалары» тарауынан бастап, Ахмет Байтұрсынұлы еңбектеріндегі жұмсалымды грамматика нышандарын байқаймыз. Ғалым сөзді тұлғасына қарай былайша бөледі:
Қазіргі кезде айырмашылығы сезілмейтін, байқалмайтын қанша және неше сұрақтары жөнінде ғалымның өз тұжырымы бар. Бұл турасында Орынай Жұбаева: «Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінде «сан» мен «шама» онтологиялық категориялары өзара жіктелетінін байқаймыз. Оған ғалымның мына тұжырымдары дәлел бола алады: «нәрсенің дәл санын білуге сұрағанда неше деп сұраймыз. Мәселен: Неше кісі келеді?- Үш кісі келеді. Нәрсенің дәл санын білу үшін емес, шамасын ғана білуге сұрағанда қанша? деп сұраймыз. Мәселен: Қанша күн жүресің?-Үш төрт күн жүремін. Ғалымның ойлары кейін М.Балақаевтың еңбектерінде ізін тапқан [4,10].
Сан есімнің топтау және болжалдық түрлерінің сыртқы тұлғасы ғана болмаса, атқаратын қызметі мен қолданылуы жағынан сан есім болу мүмкіншіліктері аз. Құрылымдық грамматикаға негізделген бұрынғы оқулықтарда сан есімдерге шығыс септіктің –дан, -ден, -тан, -тен жалғаулары жалғанып, топтау сан есімі болады деп көрсетіліп жүрді. Дегенмен, сан есім бұл жалғауларды қабылдағанда сандық мағынасын жоғалтып, қимылдың сынын білдіріп, үстеуге ауысады. Сан есімнің осы ерекшелігін ескеріп, жұмсалымды грамматика негіздерін басшылыққа алып топтаған Ахмет Байтұрсынұлы мұндай тілдік бірліктерді үстеу тобында қарастырған. Осы олқылықтың орнын толтырған жалпы орта білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық. 2018 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген оқулықта үстеудің 7 түрі бар деп көрсетіліп, түрлерін жеке қарастырғанда топтау үстеуін де қосып қойған.[5, 183]
Мәселен, «біз топқа бес-бестен бөліндік» деген сөйлемді қарар болсақ, бес-бестен қос сөзі қалай деген сұраққа жауап беріп, үстеу , синтаксистік тұрғыдан пысықтауыш екендігі даусыз. Тағы бір жағдаят, «үштен бірді алса, екі қалады», «мен бестен онға дейін санай аламын», «алма екі жүз теңгеден» деген сөйлемдерде қаншадан деген сұрақ қойылып, сан есім болады. «Сағат үштен төртке дейін», «бестен кешікпе» сөйлемдерінде мезгілдік мағына басымдау болып тұр. Сөйлемде қолданылу реті мен жұмсалымына қарай әртүрлі сөз табы болып кететін тілдік бірліктерді жұмсалымды- мағыналы категория құрамында қарастыру абзал.
Шығыс септікпен қатар сан есімдерге -нікі, -дағы/-дегі, -дай/-дей, -сыз/-сіз, -лы/-лі, -лық/-лік т.с.с қосымшалар жалғана береді. Бірақ, ол қосымшалар жалғанған сөздің бәрін сан есімнің мағыналық топтарына қоса беруге болмайды. Сан есім септік жалғауларын қабылдағанда заттық мағынаға ие болады. Мысалы, «бестің екі дәрежесі- жиырма бес», «алтының екіден бір бөлігі үш» деген мысалдарда септік жалғаулары жалғанаған соң, ненің? деген сұраққа жауап беріп, субстантивтенеді.
Сан есімнен сын есім тудыратын –лық, -лік, -тық, -тік жұрнақтары жалғанып, адъективтенеді. «Мен сабақтан бестік баға алдым» мысалында сын есімге айналудың анық көрінісі. Осындай синтетикалық тәсіл арқылы жасалған түбірі сан есім болатын сөздерді грамматикалық мағынасы сөйленімде анықталатыны айқын.
Қазіргі адами қағида негізінде қалыптасып, дамып келе жатқан тілді қатып қалған дүние емес, құбылыс ретінде әрі адамның сөйлеу талаптарына сәйкес өзгеретін дүние деп қабылдау және сол негізінде ережелер мен ұстанымдарды жасау қазіргі тіл білімінің алдындағы басты міндет. Осы сала жұмсалымды грамматика деп атау алып, ХХ ғасырдың бас кезінен бастау алып келеді. Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінде жаңа салаға қатысты терминдер қоладанылмаса да, жіктелу жүйесі осы ұстанымдарға негізделген. Көрсетілген деректер Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл білімінің жасаушысы және жетілдірушісі екенінің тағы бір айғағы.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
- Түбір сөз
- Туынды сөз
- Қос сөз
- Қосалқы сөз
- Қосымшалар [2, 76]
А.Байтұрсынұлы «Тіл-құрал» | «Қазақ грамматикасы» |
Есептік сан есім | Есептік |
Іреттік сан есім | Реттік |
Бөлшек сан есім | Бөлшектік |
Жадағай есептік | Жинақтық |
Топтау | |
Болжалдық |
- Сыздықова Р. Ахмет Байтұрсынов-Алматы: Қазақ ССР «Білім» қоғамы, 1990, 52 бет.
- Байтұрсынұлы А. Алты томдық шығармалар жинағы. Тіл –құрал (қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектері).- Алматы: «Ел-шежіре», -2013. -384 б.
- Байтұрсынұлы А., Шонанұлы Т. Бастауышқа арналған оқу кітабы.-Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты. -2019.-144 бет.
- Жұбаева О. А.Байтұрсынұлы мұрасындағы функционалды грамматика/ Жұбаева О. // Жас қазақ. -2010. –№43.
- Қазақ тілі: Жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық /Б.А.Әрінова, Г.М.Раева, Г.С.Кәрімова, Л.К.Жұмекенова.-Алматы: Атамұра, - 224б.
Әлия ҚЫРҒЫЗБАЙ,
"Адырна" ұлттық порталы