"Басқыншы тілінде оқып, жетілгендер жат болады" дегенім - мүлдем қате екен. Жау болады екен

3659
Adyrna.kz Telegram

АРАЛАС МЕКТЕП ЖАУ ДАЙЫНДАЙДЫ

Басқыншылар әртүрлі амалға салып Елімізді отарлады. Енді ежелгі иесін түгел жою керек, оған көнбесе, сіңіріп алу керек. Яғни орыстандыру қажет. Басқыншының бар мақсаты – осы. Осынау түпкілікті мақсатқа жету үшін күрестің неше түрлі әдісін қолданады. Бұл арам әдістің түрі көп. Санап тауыса алмайсың. Солардың кейбіреулерін ғана айтайын. Арнайы жарлық шығады.

Құпия. Түркі халықтарының ішінде тым арда, асау болғандықтан қырым татарларын, қазақтарды, ноғайларды мүлдеп жойып жіберу керек. Бұл жарым-жартылай іске асқан. Мәселен, қырым татары ертеректе орыстардан шамалы ғана аз болған. Ал бүгіндері ондай халық барын екінің бірі біле бермейді. Жерлердің, елді мекендердің атын жаппай орысша қою. Бұл да құпия бұйрық. Егер орысша атауға көнбесе, жергілікті атауды міндетті түрде орысшаға аударып қою. (Көкшетау-Синегорья, Жетісу-Семиречье. Осы Семиречье деген бәле Төлебаев пен Абайда әлі тұр. Алматының қақ ортасында.) Бұл да кәдімгідей жүзеге асты. Дінінен айырып, шоқындыру. Бұл да біраз жұртта іске асты. Ең қауіптісі – тілінен айыру. Тілінен айырылса, халық ретінде құриды. Содан орыс тілінде оқытатын мектептер аша бастайды. Басқыншылардың бір іскер де пысық қолшоқпары (Кауфман ба, атын ұмыттым.) ылғи қазақ балалары оқитын классқа кіріп, сабаққа қатысады. Балалар сабақты жақсы оқиды. Орыс тілінде сайрап тұр. Содан үзілісте, ойындарын бақылайды. Жаңағы сабақта орысша сөйлегендер, ойнап жүргенде тек қана қазақша сөйлесіп ойнайды. «Бұл қалай?» деп ойланып қалады. Әккі неме ақыры айла табады: қателік екен – бөлек оқытқан. Орыстармен аралас оқыту керек. Сол ұсынысын жоғарыға жіберіп, ендігі жерде мектептер жаппай аралас болады. Уақыт салып, әлгі әккі неме тағы да балаларды ойнап жүргенде бақылайды. Бәрі де басқыншы тілінде сайрап тұр. Ойнағанда да сол тілде шүлдірлеп, мәз. Міне, араластың неге әкелетіні!

Осы сұмдықты күнде көріп жүрміз. Ауладағы он бала қазақ кластарында оқып жүрген шәкірт болса, үшеу-төртеуі ғана басқыншы тіліндегі кластардан болса, осының өзі бүлдіруге жетеді, жаңағы балалар тегіс басқыншы тілінде сөйлеседі. Себебі, Астана мен Алматы – басқыншы тіліндегі қала. Тіпті қазақшаны жап-жақсы білетін ересектер арасына бір шала білетін қазақ кірсе, бәрі дереу сол басқыншы тілінде қорсылдаса бастайды.

Сондықтан, ашығын айтқанда, аралас мектеп – өзімізге өзіміз жау дайындайтын бәлелі орта. Астана мектептерін арнайы аралап, көз жеткізген сұмдығым – бұл.

Орыстілді қазақтар – қазақты жек көргеннен, немесе жақсы көргеннен орысша сөйлемейді. Оның мүддесі – солай қалыптасады. Ал өмірлік мүдденің қасында, жақсы көру, жек көру дегендеріңіз түк емес. Олардың жау болып шығатыны содан. Тіліңді, күйіңді, әніңді, жаныңды, уайым-қайғыңды, сырыңды, қиналысыңды, қуанышыңды түсінбесе, жау болмағанда несі қалды.

Ертеректе ойлаушы ем: «Орысша оқығандар жат болып кетеді» деп. Осы түсінік – мүлдем қате екен. Орысша оқығандар жат қана емес, жау болып кетеді екен. Бүгінгі аласапыран, алмағайыпты тірлігіміз мұны анық көрсетіп отыр. Басқыншы тілінде оқып, жетілгендердің жүзден бірі ғана туған халқын жақсы көруі мүмкін. Ал басым көпшілігі... бөтенге, жатқа, жауға айналады. Бұған талай рет көзім жеткен.
Алматы қаласында мемлекеттік 207 мектептің жетпісі - аралас мектеп, алпыс төрті - орыс мектеп. Ал қазақ мектебі - жетпіс қана. Аралас пен орысты қосқанда, 134 екен. Сонда қазақ мектебінен екі есеге жуық көп болып тұр. Аралас мектеп жау дайындайтынын айттық. Аралас мектептің барынан жоғы жақсы.

Аралас мектепте оқитындар дүбара болып қалады деген пікірлерді естідім. Бұрын солай дүбара болатын. Қазіргі жағдайда олай емес. Жат болады. Одан жауға айналады. Себебі жыл өткен сайын қазақша сөйлейтін орта азайып барады. Бұл алмағайыпты жағдай аралас мектеп түлектерінің беті бері қарауын емес, ары қарай, құрдымға кетуін тездетіп жүр. Күнделікті иттірлікте көріп жүрген сұмдық шындық – осындай. Күлбілтелемейік.

Темірхан МОМБЕКҰЛЫ

Пікірлер