Дана халықтың ұрпағы едік қой...

2070
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың басына қара бұлт үйіріліп, мемлекеттің даралығына қатер төніп,тәуелсіздігімізді тәрк етіп ала жаздадық... Әлеуметтік желіде қанталап,құтырынып, іріткі салуды көздеп отыратын бір топтар бар еді... Солардың көксегендері болып,қан төгілді, шаңырақ шайқалды, тыныштық бұзылды. Мәселенің мән-жайына түсініп үлгермегендер бүлікшілердің айтағына ерді, сөйтіп лаңкестердің қататрын толықтырды, өз жатырына өзі шапты.Одан артық надандық,арсыздық,топастық бола ма?! Дегенмен, айтарым қаралы күнді еске салу емес еді...

Жамағатқа жау шапқанда басқа бірқатар елдер басшылары сияқты басқа мемлекетке   бас сауғаламай,елмен бірге болып, сарабдал саясат ұстанған Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғыс айтып, ризашылығымды білдіру болатын. Мәлімдемесінде де халықтың қамын, елдің жайын, республиканың болашағын ойлаған тамаша жобалар айтылды. Соның бәрін ел болып, ауызбірліктіжұрт болып, жүзеге асыруға кіріссек,ойдағымыз орындалса  - біздің ел сәулетті де, дәулетті ел болатыны хақ. Оған негіз мол. Тек алауыздық іздеп, өз қарындарының қамын ойлаған  адамдардың , солардың идеяластарының  етектен тартуына, астыртын әрекеттеріне  жол ашпау керек.

«Халық  айтса- қалт айтпайды» дегендей осыдан төрт-бес жыл бұрын «К.Мәсімов бір сепаратистік топтарды басқарады екен» деген сыбысты ел айтып жүрді. «Отыз тісті ауыздан шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген емес пе...  «Айсұлтан деген жас жігіттің әлеуметтік желідегі жазбасында қарулы топтардың таулы-тасты жерлерде жасақталып жатқаны туралы жазыпты, бірақ ол нашақор бала ғой, не нәрсені жаза береді де...» деп те жүрді ел. Осының бәрі бүгін шындыққа айналғаны өкінішті. Әрине, халық деген саясат қалай айдаса солай жүре беретін тобыр емес, әйткенмен де олардың пікірлеріне құлақ асылуы тиіс еді.

Хо-о-ш, болар іс болып, тынды.Енді алдағы өмірдің жарқындығын ойлауымыз қажет. Бұл лаңкестік әрекет ауыр сабақ болды. Жүз-жүз деп тамақ жыртпай,ру-ру деп ырылдаспай, жаппай қазақ болып Президентті қолдауымыз керек. Жанын ауыртпай,жалған айтпай,жала жаппай көтермелейік.Ол да Алланың пендесі ғой, темірден жаратылмаған...

Елбасы Н.Назарбаевтың да егемендік алуға қосқан, елдің еңсесін көтеруге сіңірген еңбегі бар, оны көрмей көрсоқыр болуға болмайды. Тәуелсіздік алғанымыз  жарияланғанда  жартылай ашқарын отырсақ та еңіреп жылағанбыз. Оған Құдай куә. Мемлекеттің  жағдайы өте қиын болатын, Ресей өз ақшасын айналымнан алды,теңге  кіріп үлгермеді. Азық-түлік қат.Бір қолға 200 гр.май, 2 кг. ет сияқты т.б.өлшеулі тамақ беретін кезекке үй-ішімізбен тайлы таяғымыз қалмай түгел тұратынбыз. Кішірек цистернамен әкеліп сататын көк сүтке таңғы сағат төрттен кезекке тұратынбыз. Айдың аяғында шетелдік киімдер түседі екен деп түннен бастап қарауылдайтынбыз. Үнді шәйін ішуді армандайтынбыз. Шошқаның еті қосылған «Дружба» деп  өндірілетін шұжыққа қол жетсе, шошқа-мошқасына қарамай таласып алатынбыз. Осының бәрін менің замандастарым біледі. Ондайдың бәрін тізіп неғылайын... Қазіргі тойынған адамдар шет-жағасын білсін, тәуелсіздіктің құнын  түсінсін, ілік шығарып, ел іргесін сөкпесін (сөгітпесін) деп айтып отырмын.

Қазақ халқы сөздің мәнін түсініп, бір ауыз ақиқат сөзге тоқтай білген, парасат пайымы мол, ақылды халық екенін мақтан тұтамыз. Европаның талай елдерінде, Америка, Қытай , Түркия сияқты бірқатар мемлекеттерде  болған сайын журналист болғандықтан жергілікті халық өкілдерін салыстырып, ерекшеліктерімізді екшей жүретін дағдым. Көп жағдайда қазақтың  халық ретіндегі қасиеттерін жоғары қойып, елді, жерді, ақыр аяғы суымызды аңсап қайтатынмын. Өйткені, Жаратушы Иеміз бізден ештеңені аямаған екен... Сондықтан, сол  тамаша қасиеттерімізді бағалай отырып, мемлекеттігімізді сақтап, елдігіміздің рухын көтерейік. Бағымызға парасаты мол, білгені көп, сарабдал саясатшы басшыны берген екен, соны бағалай білейік. Ұрпағымызға ұлағатты істер қалдырайық!  «Бүйректен сирақ шығармай, тырнақ астынан кір іздемей» саналылық көрсетейік! «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейтін дана халықтың ұрпағы емеспіз бе ес жиайық, ағайын!

 

Клара Қабылғазина,

                    Журналистика факультеті, «Баспасөз және электронды БАҚ» кафедрасының 

қауымдастырылған профессоры

 

 

 

Пікірлер