Карантинде ер адамдар арасында суицид көбейген

2612
Adyrna.kz Telegram

Ресми мәліметке сүйенсек, бір ғана Тараз қала­сының өзінде былтыр 48 адам өз-өзіне қол салған. Ал биыл 43 дерек тір­­­­келген. Оның 36-сы — ер адам деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "alashainasy.kz" сайтына сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, адамның өз-өзіне қол салған жеріне қарап, оның не себепті өмірімен қоштасқанын аңғаруға болады екен. Мысалы, бала үйінде суицид жасаса, отбасында кикілжің болуы мүмкін. Ал өлім орны мектеп болса, демек сыныптастарымен немесе ұстаздарының арасында келіс­пеушілік болған, әлде оқу үлгерімінде қиындықтар туындаған. Кейде адам алдына қойған мақсатына жете алма­ғанда өзіне қол салуға мәжбүр бола­тынын мамандар жиі алға тартады.

– Өз-өзіне қол салуға көбіне от­басылық жағдайдың төмендеуі, жұ­мыстан шығып қалған адамдар барады. Кейде ұзақ уақыт бойы күйзелісте жүрген адамдар суицид жасайды. Статистикаға сүйенетін болсақ, өз-өзіне қол салу кейінгі кездері ер адам­дардың арасында көп кездесетін бол­ған. Нақты жасына келсек, өзін өлімге қиғандардың орташа жасы 18 бен 30 жас аралығын құрайды, – дейді Тараз қалалық полиция басқармасының ресми өкілі, полицияның аға лейте­нанты Жанерке Әзімхан.

Ал әйел заты көп жағдайда жігіті алдап соққанда, арын таптағанда өзіне қол салады. Ал еркектерге не жорық? Не себепті кейінгі кездері еркектердің суициді көбейді?

– Бұған басты себеп – карантин. Әлемдік пандемия кезінде үйде оты­рып қалған еркек өзін қамауда жүр­гендей сезіне бастады. Еркек – еркін­дікті сүйетін жаратылыс. Атам заман­нан ер-азаматтар түзде жүрсе, әйел баласы ошақ қасында болды. Каран­тин, міне осы қалыптасқан табиғи заңдылықты бұзды. Үйде бала-шаға­ның қамымен жүретін әйел үшін ка­рантин сезілген жоқ. Себебі аналардың дені өмірін үйде, бала күтімімен өткізеді. Ал ер-азаматтар үй қабыр­ғасына сыймай, өзін керексіз сезіне бастады.
Ер-азаматтар үшін негізі күнде­лікті жаңалық, адреналин дүниелер керек. Ашуының басуын да олар содан табады. Ал үйде отырып қалған еркек ашушаң, сөз көтере алмайтын, не болса соған тисіп отыратын күйге түсті. Оны жайшылықта күйеуін кешкісін бір-ақ көретін әйелдердің дені көтере алмады. Содан үйде ұрыс шығып, соңы шаңырақ шайқалды. Әйел бала-шағаны алып төркінге кетсе, еркек өкпе мен ашуын арақпен жазды. Осылайша, жүйке күйзелісіне түскен ер-азаматтар өзін жалғыз сезі­ніп, соңы өз өмірін өлімге қиып жа­тады, – дейді психолог Ертай Жұмат.

Сонымен қатар маман карантин кезінде көп тіршілік тоқтағандықтан, халықтың дені қарызын қайтара алмай, бизнестері банкротқа ұшы­рағанын, бұл жағдайға түскен ерлер өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін екенін айтты.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер