Қазақстан Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев рекордтық көрсеткішке қол жеткізген «Гауһартас» қойылымын тамашалады

257
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев рекордтық көрсеткішке қол жеткізген «Гауһартас» қойылымын тамашалады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының шығармашылық төлқұжаты іспеттес Д.Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасын сахналаған бір жыл он айдың ішінде, халықтың көзайымына айналып, көрермен назарына 250 мәрте ұсынылып, Қазақстанның театр кеңістігінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

250-ші рет көрсетілген спектакльді тамашалаған көрермен қатарында Қазақстан Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев болды.

Мәулен Сағатханұлы қойылым соңында сахнаға көтеріліп, Д.Исабековтің суреткерлік әлемі, спектакльдің идеясы мен көркемдік деңгейі, актерлеріміз сомдаған бейнелер туралы жүрекжарды пікірін білдіріп, кейін әлеуметтік парақшасына өз ойымен былай деп бөлісті:

«Кеше бір топ әріптесіммен бірге Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермендер театрына барып, «Гауһартас» қойылымын тамашалап қайттық. Премьерасынан бастап әр сеансы аншлагпен өтіп келе жатқан спектакль осымен 250-рет ойналып отыр екен.

Белгілі жазушы Дулат Исабековтің шығармасының желісімен сахналанған бұл қойылым қоғамда үлкен қызығушылық тудырып, бірден қалың көрерменнің қолдауына ие болды. Мұның басты себебі туындының арқалаған жүгі мен атқаратын миссиясында жатыр десек, қателеспейміз.

Шын мәнінде, жазылғанына 60 жылға жуық уақыт өтсе де повестке арқау болған әйел тағдыры әлі күнге дейін өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Тіпті, соңғы жылдарда елімізде болған оқиғаны ескерсек, бұл тақырыптың маңызы бұрынғыдан да арта түскенін байқаймыз.

Туынды отбасын сақтау, әйелді құрметтеу, барды бағалау сияқты өмірлік қағидаларды дәріптеумен қатар, сенім, сыйластық, махаббат дейтін нәзік сезімдерге сызат түсірмеуге үндейді. Қоғамда осындай дұрыс құндылықтарды қалыптастыру үшін қойылымды кеңінен насихаттаған абзал.

Осы орайда спектакльдің көрермендері негізінен жастар екені қуантады. Расымен, қазіргідей интернет дәуірінде жас буынның театрға келіп, тағылымы мол дүниеге қызығуы айрықша мәнге ие. Бұл, бір жағынан, жас көрермендерді жалықтырып алмаудың ұтымды тәсілін тапқан ұжымның шеберлігі мен Асылхан Төлепов, Оразалы Игілік, Инабат Ризабекова, Ернар Мұхамбет сияқты актерлердің талантының нәтижесі екені сөзсіз.

Жалпы, аталған театрдың ашылғанына көп уақыт өткен жоқ. Соған қарамастан репертуарында маңызды мәселелерді көтеретін салмақты қойылымдар аз емес. Соның бәрінде дәстүрлі сахна мен креатив әдемі үйлесім тапқанын атап өткен жөн.

Тек театрда емес, жалпы, өнерде, мәдениетте осындай эксперименттер жасаудың және классикалық ұғымға жаңаша көзқараспен қараудың берері көп. Бұл қадам әлемдік деңгейге көтерілуге жол ашады.

Осы бағытта көпке үлгі көрсетіп отырған Асхат Маемиров бастаған өнер ұжымына алдағы уақытта шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз. Театрдың өрісі кеңейіп, көрермендеріңіз көбейе берсін!» - деп, Парламент Сенатының төрағасы, Мәулен Сағатханұлы жүрекжарды пікірін білдірді.


Спектакльдің әр қойылымы аншлагпен өтіп, бүгінгі таңға дейін 100 мыңнан астам көрермен тамашалады.

Қойылым елордамыздан бөлек Алматы, Ақтау, Атырау, Орал, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан, Өскемен, Семей және Жаңаөзен қалаларында, сонымен бірге Баянауыл, Сырым аудандарында көрсетілген еді.

Сонымен бірге Астана қаласының Мәскеудегі мәдениет күндері аясында Мәскеу мемлекеттік «Драма өнерінің мектебі» театрында көрсетілді. 

 

Пікірлер