Партиялар көп болса, бәсекелестік те нығаяды

1563
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстан халқына үндеуін жариялады. Онда 2021 жылдың 10 қаңтарында Мәжіліс және  мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы айтылған.

Нақты айтар болсақ, Қазақстан парламентаризмі мен парламенттік сайлау тарихында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл үндеуінің маңызы өте зор болғалы тұр. Өйткені Президент атап көрсеткендей, бұл жолғы сайлаудың жөні бөлек.

Дәл уақытында өткелі отырған  Мәжіліс сайлауының партиялар тарихында алар орны орасан. Бұл бір. Екіншіден, Мәжіліс мәслихат сайлауымен бірге болмақ. Айта кетер бір жайт, мәслихат сайлауы тарихымызда тұңғыш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Сол үшін таңдауда қателеспегеніңіз абзал.

Қазақстанда тіркелген партиялардың, атап айтқанда, алты партия қатысайын деп отырған бұл сайлаудың бұрынғыдан ерекшелігі бар ма? Бар болса, ол қандай?

Қазақстанның мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  21 қазан күні жасаған халыққа үндеуінде сайлаудан соң белгілі межеде халықтың даусын алған партияның жеңісінен кейін «парламенттік оппозиция институты» құрылатынын мәлім етті. Оны қай партия иеленеді, оны 10 қаңтар күнгі халықтың таңдауы шешеді. Президент алдағы Мәжіліс сайлауының ерекшелігі туралы айта келіп, былай деді:

– «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалды. Енді Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады. Сонымен қатар, парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді, –деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ақиқатын айту керек, парламенттік оппозиция институты партияларға беріліп отырған өте үлкен мүмкіндік. Енді сайлауға түскен әрбір партия осы берілген мүмкіндікті барынша пайдаланып қалуға тырысады. Ол үшін жеңіске жетуі тиіс. Ал елімізде саяси бәсекелестікке барлық жағдай жасалған. Әртүрлі елдерден келетін байқаушылар бар. Өзіміздің де бақылаушылар сайлау пунктерінде кірпік қақпай қарап отырады. Бас прокуратура да заңсыздыққа жол бермейді. Жалпы сайлау партияларға не береді, қоғамды дамытуда партиялардың рөлі қандай? Оны жіктеп айтар болсақ, төмендегідей:
1. Әр партияның өз жақтастары мен мүдделестері  бар. Ол  халықтың әр бөлігі болуы да мүмкін. Бірақ бар  партия бір ұстанымға қызмет етеді. Ол – елімізде парламентаризмнің дамуы, Қазақстанның көркейген мемлекет болуы.

  1. Ал партияның көптігінен халық та, билік те, парламент те ұтылмайды. Ең бастысы, партиялардың көптігінен Мәжіліс тұтастыққа негізделген пікірталас алаңына айналады.
  2. Елімізде демократия дамиды, көппартиялық жүйе пайда болады. Ал көппартиялықтың көрінісі ол пікір алуандылығын дамытады.
  3. Бұл жолғы сайлауда жастар мен әйелдерге мол мүмкіндік берілейін деп отыр. Нақты айтқанда парламенттегі орынның 30 пайызы жастар мен әйелдердің үлесіне тимек.
  4. Партия не үшін керек десек, халық өз партиясына дауыс беру арқылы елдегі болып жатқан қоғамдық саяси өмірге белсене араласады. Сөйтіп, азаматтардың қоғамдағы өмірге қатысу аясы кеңейеді.
  5. Осыдан келіп, сяси партиялардың жұмысы жандана түседі. Ал партиялардың жұмысын алға сүйреп, жандандыратын қоғамның, партияның белсенді азаматтары. Ал белсенді азаматтардың саны артқан сайын қоғамды тұрақтандыратын озық жобалар жүзеге аса бастайдыы.
  6. Партия жұмысының белсенділігінің арқасында адам санасында да саяси жаңғырулар пайда бола бастайды. Мұндай жағдайда санадағы немқұрайлық немесе қоғамдағы масылдық жойылады.
  7. Мәжілістегі әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота олардың қоғамдық саяси өмірде белсенді жұмыс істеуіне септігін тигізеді.
  8. Егер алдағы парламентте белсенді партия өкілдері көбейсе, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартатын сапалы заңдар шыға бастайды. Сөйтіп, олар сапалы заңнамалық базаны қалыптастыруға күш салады.

Сондықтан да Қазақстан халқы қазіргі уақытта алдағы болатын Мәжіліс және мәслихат сайлауының маңызы зор екендігін түсініп отыр. Сол үшін сайлауға баруы керек. Өйткені сенің таңдауың - партияның таңдауы.

Ал халықтың аламан бәйгеде өзі қалаған саяси партияға жасаған таңдауы ең алдымен Парламентке апаратын жол. Ал Мәжіліс мінберінен халық қалаулысы депутаттық сауалнама жасап, ел ішіндегі түйткілді мәселенің шешуін іздейді, сауалнаманы Үкіметке жолдайды. Халық таңдаған партия өкілі  сөйтіп, елдің проблемасын үкімет арқылы тезірек шешуге мүмкіндік жасайды. Сондықтан пікірлер жиынтығы әр алуан болса да, еліміздегі барлық партиялар мемлекеттің іргетасының мығым болып, ортақ Қазақстанның гүлденуі үшін жұмыс істейді. Сондықтан қоғамдағы партиялық жүйенің керек екендігін, ел мен демократияның дамуында үлесі үлкен болатынын қоғамдық өмірде бәріміз түсінуіміз керек.

 

Еркін Қалдан

 

Пікірлер