Алматыда оқ атқан жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Кеше шамамен сағат 17:00-де Алматы қаласының полициясына белгісіз жас жігіттің ауаға екі рет оқ атып, кейін оқиға орнынан қашып кеткені туралы хабарлама түсті. Тәртіп сақшылары бұзақыны ұстап, оның 16 жастағы жасөспірім екенін анықтады. Ол дыбыстық тапаншадан бұзақылық ниетпен оқ атқанын мойындады»,– деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жасөспірім қаруды заңсыз қолданғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
«Сонымен қатар, жасөспірімнің заңды өкіліне кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін хаттама толтырылды. Полиция «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде әрекет ете отырып, Қазақстан Республикасының заңдары мен қоғамда қабылданған тәртіп нормаларын қатаң сақтауға шақырады», – деп толықтырды ПД.