Ғарышты игеруге жаңа қадам жасалды

2463
Adyrna.kz Telegram

Жуырда Мәскеу қаласында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Мусин «Роскосмос» ғарыш қызметі жөніндегі мемлекеттік корпорацияның бас директоры Д. Рогозинмен кездесті.

Екі тараптың кездесуінде ғарыш саласындағы Қазақстан мен Ресей федерациясы ынтымақтастығының өзекті мәселелері, оның ішінде «Байқоңыр» кешенін одан әрі дамытуды талқыланды. Атап айтқанда, «Бәйтерек» («Назарбаев старты» деп те аталады – авт.) пен «Гагарин старты» жобасы бойынша мәселелер талқыланды.

 

Кездесу барысында 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. Қол қойғандар –  «ЦЭНКИ» АҚ Бас директоры Андрей Охлопков пен «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ Бас директоры Қуат Мұстафинfов

«Бәйтерек» ҒЗК объектісі экологиялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейімен ресейлік «Союз-5» тасымалдағыш зымыранымен және оның ықтимал түрлендірулерімен ғарыш аппараттарын ұшыруға арналған кешен. 

Бұл жобада Ресей тарапы «Союз-5» зымыран тасығышын, техникалық және ұшыру кешендерінде бақылау-тексеру аппаратурасын жасауды, сондай-ақ үдеткіш блоктың, ғарыш аппаратының және ғарыш бас бөлігінің техникалық кешенін жаңғыртуды қамтамасыз етеді. Қазақстан тарапы «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенінің жерүсті инфрақұрылымы объектілерін қайта құру мен жаңғыртуды жүргізеді.

«Бәйтерек» пен «Гагарин» кешенінен алғашқы ғарыштық зымыран ұшу 2023 жылға жоспарланған. «Гагарин» кешені бірлескен кәсіпорнына  Қазақстан, Ресей және БАӘ елдері 33,3 пайыздан иелік етсе, «Бәйтерек» кешенін Қазақстан мен Ресей 50 пайыздан иемденеді. Алғашқы кешеннің инвестициялық кезеңі 2032-ші жылға дейін созылса, кейінгісі 2062-ші жылға шейін жалғасады.

Еліміз ғарышты игеру жұмысы бойынша «KazSat» пен  «KazSat-3» әуе кемесін сәтті ұшырып, телерадио хабарлардың таратылуы, байланыс қызметі мен ұлттық компанялардың сұраныстары бойынша деректер берумен айтанылысып келеді. Мәселен, «KazSat-3» қызметін «Отау ТВ» жүйесінің 1 млн-нан астам пайдаланушысы тұтынып отыр. Ал байланыс операторлары шалғайдағы ауылдарды интернетпен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ жерді қашықтан зондтау жұмыстары жүргізіліп келеді.

 

Г.Асқар,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер