Қазақстан халық үніне құлақ асатын мемлекет пе?

3097
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық сұхбат - Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты халыққа Жолдауында  «Естуші мемлекет» тұжырымдамасын іске асырып,  азаматтық қоғамды нығайтуға шақырды.

«Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады»,-деді ол.

«Естуші мемлекет» тұжырымдамасы аясында қандай шаралар жүзеге аспақ?

Ең бірінші тұжырымдаманың ең басты қағидатының міндетіне тоқталып өтелік.  Ол — мемлекеттік органдардың ашықтығы. Осы орайда мына шаралар жүзеге асуы тиіс:

Бірінші. Партия құрылысы үдерісін жалғастыру

Екінші. Халықпен тиімді кері байланыс орнату 

Үшінші. Митингтер туралы заңнаманы жетілдіру

Төртінші. Қоғамдық келісімді нығайту

Тұжырымдама қалай іске асып жатыр?

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы – Президенттің ең маңызды бастамасының бірі. Ол 2019 жылы 17 шілдеде құрылды. Негізгі мақсаты – жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Ақорда сайтында Виртуалды қабылдау ашқан болатын. Бүгінге дейін оған 9 мыңға жуық хат келіп түскен.

ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар ШӘКІРОВ өз мәлімдемесінде  «Президенттің екі Жолдауының арасында осы бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылды: саяси партиялар туралы; сайлау туралы; бейбіт жиналыстар туралы; Парламенттің қызметі туралы, оның ішінде парламенттік оппозицияның болуын көздейтін заңдар қабылданды, жеке адамның құқықтарын қорғау саласындағы заңнама жетілдірілуде.

Мемлекет басшысы айтқандай, бұл реформалардың бастамасы ғана»,-деді.

Ағымдағы жылдың қазан айынан бастап әлеуметтік желілердегі медиа-порталдар мен мемлекеттік бағдарламалардың парақтары іске қосылды. Порталдарда кері байланыс орнатылды және қазақстандықтар өздерін қызықтырған барлық мәселелер бойынша ресурстарда жарияланған (оның ішінде мемлекеттік органдарда жұмыс жасайтындармен) мамандармен байланыса алады. Бұл байланыс әдісі орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың «Естуші мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде азаматтық қоғаммен жұмысының тиімділігін арттыруға арналған.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның айтуынша, барлық министрлер, әкімдер халыққа да, журналистерге де ашық. Олардың арнайы блоктары бар, сайттары қызмет етеді. Кейбір мемлекеттік органдардың Телеграм арналары бар. Барлық келіп түскен сұрақтарға дер кезінде жауап қайтару мәселелері дұрыс жолға қойылған.

Сондай-ақ, астанада 2019 жылдың тамыз айының соңында «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы ашылды. Бұл орталық қала тұрғындарына «бір терезе» қағидасы бойынша 70-тен астам мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. «Жанұя» орталығы ашылғаннан бері бүгінге дейін 26 мыңнан астам қала тұрғынына көмек көрсетілген.

Қазақстан халық үніне құлақ асатын мемлекет пе? «Адырна»  тілшісі сұрап көрді.

Аида Асанқызы, сатушы:

- «Естуші мемлекет» тұжырымдамасы қарқынды түрде жүзеге асып жатыр. Күні кеше Білім және министрі білім басқармалары басшыларының жеке телефон нөмірлерін жариялауының өзі үлкен қадам болды. Қазір қандай да бір мәселеге тап болсақ, бірден жауапты органдарға хабарласамыз. Әкімдеріміз де халыққа бір қадам жақындай түскендей.

Арман Тасқали, студент:

- Шыны керек, елімізді толығымен халықты «естуші мемлекет» қатарына жатқыза алмаймын. Әлі де болсын шешілмей жүрген мәселелеріміз баршылық. Билік ауылдық жерлердегі қарапайым халықтың жанайқайына назар аударса деймін.

Жамал Шахаева, зейнеткер:

- Шымкент қаласында  тұрамын. Әкім орынбасарының жеке байланыс нөмірі бар. Бірақ әлі хабарласып көрмедім.

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер