Халыққа "Хан қымыз" керек пе, теннис корты керек пе?

6327
Adyrna.kz Telegram

Суретте "Хан" қымыз цехында әзірленетін қымыз түрлері

 

Осыдан бір ай бұрын белгілі кәсіпкер, қымыз өндіруші «Заң» ЖШС-ның директоры Дүйсенбек Ыбыналиевтің «Хан қымыз» цехына бал татитын бие сүтінен дәм татуға барып, көңіл-күйіміз түсіп қайтты. Неге десеңіз, қазақ қымызының патентін Германиядан қайтарып алған, қымызды даярлаудың ерекше технологиясын меңгерген,  халықты сапалы сары қымызбен, шипалы дәрі қымызбен қамтамасыз етіп отырған,  «Абсент» асыл тұқымды жылқы фермерлігінің директоры Дүйсенбек Ыбыналиевтің 100 гектар жерін  алуға байланысты қала әкімдігі сотқа жүгінген екен.  Даулы мәселеден хабардар болған бойда  «Қала әкімдігі «Хан қымыз» цехын тартып алып, орнына теннис кортын салмақшы» деген тақырыппен «Адырна» ақпараттық агенттігі сұхбат жариялады. Ал бүгін бір ай ішінде жағдайдың қалай өзгергенін білу мақсатында портал тілшісі цехқа тағы да ат басын бұрған еді. Ендеше Дүйсенбек Ыбыналиев пен оған араша түскен Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасарының пікірін назарларыңызға ұсынамыз.

- Дүйсенбек ата, Тараз қаласының әкімдіген хат-хабар бар ма? Жергілікті соттың шешімі қандай болып жатыр?

- Олар қазір тынышталып қалды. Біз сотқа бергенбіз. Дегенмен жергілікті сот әкімдікті жақтап отыр. Облыстық сотқа аппелияция жаздық. Алайда облыстық сот қашан шақыратынын әлі білмейміз. Жоғарғы сотқа да хат жолдадық. Қазір күніне 100-150 адам биенің сүтін ішіп жатыр ғой. Соның бәрі енді корт ойнай ма? Теннис корты – қалай тартсаң да маңызды обьектілердің қатарына жатпайды. Қазір бәріміздің ойлағанымыз халықтың денсаулығы, тірі қалуы. Соның жолында күн-түн демей етімізді, сүтімізді, қымызымызды халыққа беріп жатырмыз. Әкімдік Жамбылдан дәл біздікі секілді шаруашылықпен айналысып жүрген адам тапса, үндемей-ақ қоялық. Жоқ, олардың қолынан тартып алу ғана келеді ғой. Осы күнге дейін халық қымыздың маңыздылығын түсінбеді ғой. Дегенмен биыл құдай да жәрдем берді. Жер дүние «бие сүтін ішсең, иммунитетін көтеріледі» деп атойлап жатыр. Ал біз оны 20 жылдан бері дәріптеудеміз. Елдің бәрі «неге өзіңізді қорғамайсыз, ертең кортқа кім келетінің білеміз ғой» деп жатыр. Өзімді осы күнге дейін қорғап келдім. Таразға жаңа әкім келсе болды, жеріме көз тігеді. Сексенге таяған қаусаған шалды соттан сотқа сүйрейді. Соның нәтижесінде менде денсаулық деген қалмады. Жақында ғана жүрегіме ота жасаттым. Президенттің өзі кешегі жолдауында «халықты азықтандыруға күш салуымыз керек» деп еді ғой. Сол жолдауды Тараз қаласы әкімдігі іске асырып жатыр ма?! Мысалы, мен ет пен бие сүтімен, 3-4 отбасыны жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Бұның бәрін өзім жеп-ішіп жатқан жоқпын. Мал өзіміздікі, өзіміз сауамыз, өзіміз қымызға айналдырамыз, өзіміз сатамыз. Бәрін адал еңбектен, жоқтан бар жасап отырмыз. Алматы мен Нұр-Сұлтандағы қымыздың асқақтап тұрған бағасы менде су тегін. Неге? Себебі алып-сатарға бермейміз. Өзіміз қолдан сатамыз. Бұл халықтың әл-ауқатын, денсаулығын жақсартуға өз үлесімізді айтарлықтай қосып жатырмыз деген сөз. Былайша айтқанда, бизнес инфлияциямен күресудеміз. Үкімет, әкімдік еңбек еткен адамды неге бағаламайды осы?

Бие сүтін сатып алуға келген Тараз тұрғындары

 

- Ал адвокат не деуде?!

- Адвокат заң жүзінде біздікі дұрыс деуде. Неге? Біріншіден, үкіметке ешқандай берешегім жоқ. Біреудің жерін тартып алмадым. Тіптен әкім жерімді корт салуға тартып алған күннің өзінде біздің қымыз цехымыз, кафеміз, 25 миллионға кредит алып соққан бассейніміз, көлік тұрағымыз, демалыс орнымыз бар. Соның бәрін маған заң жүзінде төлеуі тиіс. Ала ма, төлесін! Оның үстіне бұл реакциялық зонаға жатады. Бұл жерге үй салуға болмайды, халық та тұрмайды. Кортқа қанша адам келеді?! Бұның үкіметке болмаса халыққа пайдасы қаншалықты? Екіншіден, 20 жылдан бері 200 шақты жылқым осы жерде жайылып, сауылады. Оларды қалаға квартираға апарып тықпаймын ғой. Басқа жер керек. Тіптен басқа жерге апарып қойсам, жылқылардың адаптациялануының өзі оңай тірлік емес. Үкімет неге осының бәрі үлкен шығын әкелетінін ойламайды? Үкімет неге Жамбыл жұртшылығының денсаулығына қам жемейді? Қымыздың халық үшін маңыздылығын түсінбейді?

Ермек Абуов, Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:

- Біз Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Хан қымыз» цехын сақтап қалу туралы хат жолдаған едік. 15 жұмыс күні ішінде жауап берулері тиіс. Хаттың жауабын күтіп отырмыз. Президенттің ауыл шаруашылығын ұлғайту керек, көмек көрсету керек деген тапсырмасы бар. Соны орындауымыз керек емес пе?! Өсеміз, өнеміз деген адамға мүмкіндік беріп, қазақ қымызын неге дамытпасқа?! Бұл үлкен мәселе! Әкімдік атаның жеріне қарап қалып па? Басқа жерде корт салсын! Көмектесудің орнына неге кері кетеді екен?!

 

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

 

Пікірлер