Қала әкімдігі «хан қымыз» цехын тартып алып, орнына теннис кортын салмақшы

7242
Adyrna.kz Telegram

Қымыз бен шұбат туралы жеке заң қабылдау мәселесін көтеріп жүрген, Германия меншіктеп алған қымызымызды өз елімізге қайтарып берген, «Қымызды жаңашыл жағдайда өндіруші өнертапқыш» ретінде халықаралық деңгейде мойындалған, М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылыми-техникалық кеңесінің мүшесі Дүйсенбек Ыбыналиевтің шаруа қожалығына барып, балдай қымызының дәмін тата отырып сұхбат алудың сәті түскен еді. Алайда бірнеше даулы мәселелерді естіп, көңіліміз түсіп қалды. Ендеше сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 

- Сіздің қымыз жөнінен профессорлық деңгейге дейін көтерілгеніңізді білеміз. Профессорлықты қымыз өндіру саласымен қалай байланыстырып жүрсіз? Жалпы қандай жетістіктерге жеттіңіз?

- Біз «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы қымызды қалай жасау керектігін оқытамыз. Оны растайтын сертификатымыз да жоқ емес. «Қазақстандағы ең үздік тауар» ретінде біздің қымыз 1-орынды иеленген. Сонымен қатар 2015 жылы қымызмұрындық өткізген болатынбыз. Ол дегеніміз заң бойынша қымызды бізсіз ешкім ұйымдастыра алмайды деген сөз. Алайда жақсы қымызды халық тұтынатын болса неге өткізбеске? Басқа ұлт болсам елдің бәрін сотқа беріп, содан түскен қаржымен күн көрер едім. Бірақ оның қажеттілігі қанша?! Одан бөлек, біздің обьектіміз ғылыми орталыққа жататындықтан Қазақстандағы Ұлттық Аграрлық университетінің, Тараз Мемлекеттік университетінің нано лобороториясының барлық ғалымдары бізбен жұмыс жасайды. Және олар практикаға студенттерін жіберіп отырады. Білімгерлер бізден қымыз жасау техникасын, шаруашылықты үйреніп 1 ай тәжірибеден өтеді. Тіптен профессор болғандықтан қымыздың таблеткасын да, ұнтағын да әзірлейміз.

- Қымыздың таблеткасы мен ұнтағын қалай пайдаланады?

- Ұнтақ пен таблетканы қара суға қоса салуға болмайды. Стрелилді суға қосатын болсақ, микроэлементтердің бәрі сақталып, таза қымызға айналып шыға келеді. Алайда бұны сусынмен шатастыру өрескел қателік дер едім. Бұл өнім. Сақтауға және жөнелтуге ыңғайлы.

- Олардың құны қаншадан?

- Біз әзір таблеткалар мен ұнтақты сатпаймыз. Оған да қаржы керек. Ал біз тапқан-таянғанымызды малдың жем-шөбіне саламыз. Жем-шөп бағасының қалай аспандап тұрғанын білесіздер. Егер біз ұнтақты кең көлемде шығара алсақ, бөлек цех ашып, «сәбилер азығына» айналдырар едік. Ол қазіргі таңдағы NAN (Nestlé), Nutrilon (Nutricia)-ды алмастырады. Көріп тұрсаң, бізде бар мүмкіншілік болып тұр. Тек үкіметтен жәрдем болса халқымыздың денсаулығы жақсарып, ауылшаруашылық мәселесі шешілер еді.

- Үкіметке хат жазып, әрекеттер жасап көрдіңіз бе?

- Түрлі шараларға қатыстым, сұрадым, бардым. Бермеді. Ол тұрмақ мен қазір 75 жаста болғандықтан «өліп қаласың» деп несие де бермейді. Одан кейін жұмыстарды қалай жүргіземін? Бірақ «өзім дегенім өзектен тепті» дегендей өз елімнен бұрын Қытай, Жапония, Малайзия, Израйыл таблеткалар мен қымыз сұрауда. Анализ өткізіп көрмек екен. Бірақ ауырып жүріп қайдан барамын? Израйыл қымыздың шыны ыдыстағысы керек деуде. Оған президентіміз әкімге «стекло табыңдар, бүйтіңдер, сүйтіңдер» деп тапсырма беріп кеткен. Айтылған сөз айтылған жерінде қалды. Ешкім көмек бермеді. Кейін біреулер «қымыз үшін қою түсті шыны ыдыстар керек» деді. Оны қайдан табамын десем, «көшеден жинаңыз» дейді. Жинаған дүние оңушы ма еді?!

- Қазір малдың жем-шөбіне, цех жұмысын жүргізуге қажетті қаражатты қайдан алып отырсыз?

- Балам 2 жыл бұрын 25 миллион теңге несие алған. Ауыл шаруашылығы болған соң 6-7 пайызбен бере ме деп те үміттенген едік. Шарасыздықтан 17 пайызға алдық. Оған үлкен бассейн соқтық. Демалыс орны болғандықтан бізде кафе, балалар бассейні, атқа мінгізу де бар. Көбіне демалыс орынға денсаулығы дұрыс емес адамдар келеді. Простатит, белсіздік, жүйке жүйесі ауыратындарға біздің атқа міну терапиясы таптырмас ем. Иппотерапия деген де бар. Ол ДЦП-мен ауыратын балалардың сауығып кетуіне қажет.

- Цехыңыз «Абсент» деп аталады екен. Ол қандай мағынаны береді?

- Кеңес Үкіметі жаңадан құрылған шақта Түрікменнің ақылтекелерін Мәскеуге апарған. Түрікмен жігіттері Кеңес Үкіметіне жылқыларын сыйға тартып, өздері ер тоқымдарын көтеріп кетеді. Содан соғыс басталады. Жылқылардың барлығы соғыс үшін пайдаланылып, есен-сау қалғандарын Қазақстанға әкелген. Ішіндегі Луговойдан шыққан құлынды «Абсент» деп атаған. Абсент-әлемдегі ең мықты жылқы атағын иеленген жануар. Соның бір тұқымы 6 айлық Генофонт бізде қалған. Ал Генофонт деген мемлекеттік тіркеуде тұрған қазанаттың түрі. Міне, солардың тұқымынан қалған жылқыларды баптап, халық денсаулығы үшін пайдаланудамын.

- Талай шаруаны бітіріп тастапсыз. Осының бәрін кімге қалдырасыз?

- Шетел тілдегі әскери институтын және ТарМу заң факультетын тәмамдап магистр атаған алған балам бар. 5 тілді еркін меңгерген. Бізден қазірдің өзінде шетелден адамдар келіп, қымыз сұрап жатады. Сондай кезде балам көмекке келеді. Балам тіл білуде ғана емес, шаруашылық саласында басқарып жүр. Тәжірбелі жұмыстар ғалымдармен атқарып жүр, келешегі бар.

- Қымызға кезекке тұратын адамдар көп шығар?

- Індет басталмай тұрып та көп еді. Қазір тіптен көп. Таң атысымен күн сайын 100-ден астам адам кезекте тұрады.

- Таза қымыз бен шала қымызды қалай айыруға болады?

- Сіздер тұтынып жүрген қымыздарды тұндырып қойсақ, жартысынан көбінің суы шығып, мөлдіреп тұрар еді. Неге? Бұлар таза қымызға жатпайды. Ашып тұрған қымыздың ашуы басылады. Қымызды көп піскен сайын дәмді болады. Ал біздің техникалық құрылғыларымыз 1 минутта 76 рет ұрады. Күніне 5 рет қосамыз, сонда жалпы 3,5-4 мың рет ұрады. Біз 4 түрлі қымыз шығарамыз. Бір күндік, екі күндік, үш күндік, төрт күндік. Яғни тай қымыз, дөнен қымыз, құнан қымыз, айғыр қымыз. Бұл қымыздардың да өз жөні бар. Үш күндік, төрт күндік қымыздарды 50-ден асқандарға ішпеуге кеңес беремін.

- Сіздер боз бие де сауады екенсізер ғой?

- Әрине, боз биенің сүті өзге биелердің сүтіне қарағанда пайдалырақ. Оның құрамында дәрумендер, микроэлементтер өте көп болады. Бірақ бұны әлі ғалымдар да толық зерттей қойған жоқ. Қазір Тараз қаласының тұрғындарының бәрі боз биенің сүтін ішуге бізге келеді.

- Қымызды әзірлеудің технологиясымен бөлісе аласыз ба?

- Бәрін айтпай-ақ қояйын. Дегенмен біздің жылқыларымыздың өзі ерекше, тұқымдары жақсы. Ағылшын жылқысы, шатланды понилар бар. Бір бие арнайы құрылғы арқылы 2-ақ минутта сауылады. Бір күнде 130-140 л сүт аламын. Бәрі кеш қарайғанша бітіп кетеді. Бас-аяғы 150 жылқымыз бар.  Техникалық құрылғыларымызға сүтіміз жеткілікті болса күніне 800-900 литр қымыз өндіруге болады. Қымызға өзгелер сабанды пайдаланса біз тек киікотымен ыстаймыз. Ол қымыздың дәмі мен исіне әсер етеді.

- 100 гектар жерді игеру оңай емес шығар?!

- Жерді игеруін игереміз ғой. Одан да өткен өзекті өртеген мәселе болып тұр. Мен жерімді елу жылға алған адаммын. Жиырма жылы өтті. Әлі уақыты келе қойған жоқ. Сөйте тұра қалаға қандай әкім келеді, бірден «маған жерді бер» деп тіксініп шыға келеді. Ал мен көк тұрмақ, тікен өспеген жерді 20 жыл бойы көтердім, өсіп-өнгіздім, салатынымды салдым. Мен өз құқығымды қорғау үшін олармен соттасудамын. Ешқандай заңбұзушылыққа барып жатқан жоқпын. Қалалық әкімдіктің тапсырмасымен «салықты дұрыс төлемегенсіңдер» деп шықты. Ал біз салықтың 1 күнін кешіктірген адам емеспіз. Бұлар бірінің аузына бірі түкіріп қойған адамдар ғой. Бірінікін бірі құптап отыр. Содан 2013 жылы жоғарғы сотқа барып, содан ұтып келдім. Осылай 4-5 соттан жеңіп шықтым. Енді жаңадан әкім келіп еді. Ол да жерімді сұрап отыр. 7 тамыз күні соттан хат келді. Заң бойынша 4 жағдайда үкімет жерді тартып ала алады. Алайда бұлардың айтқандары 1 пунктке де келмейді. Ең күлкілісін айтайын ба?! Бұлар менің жерімді тартып алып орнына теннист ойнайтын корт салмақшы екен. Сөздің шынына келсек, бұлар біздің салықпен күн көріп отыр ғой. Ендеше неге маған қарсы шығады? Көкейлерін не тесіп бара жатыр?

- Соттың бас-аяғын баяндап беріңізші.

- Бірінші шешімі бойынша бұлар менің жерімді де, стоянкамды да алмақшы болған. Алайда олардың шешімі негізсіз болғандықтан ұтып кеттім. Ал екіншісінде мәселемді Романенко деген есімді азаматқа табыстапты. Ол кісі 20 тамыз күні құжаттарды қарап, сұрақтарын қойды. Мен 52 парақ дәлелдерімді толтырып апардым. «24 тамыз күні сот болады» деді. Күтіп жүр едім, болмай қалды. Неге деп сұрастырсам, «сіздің жұмысыңызды Ясарова қарайды» дейді. Таңқалдым. Бірінші қараған бала қайда, неге аяқ-асты өзгертіп жіберді, неге маған айтпайсыңдар, сотты өзгерту себебін түсіндіріңіздер деп хат жолдадым. Ясароваға сенбеймін деп едім, «онда бастарту хатын жолдаңыздар, 40 минут беремін» деді. Бірден жазып жолдап едім, 20 минуттан кейін «сіздің жазғаныңыз дұрыс емес, қабылдамаймыз, Ясарова бәрібір де қарайтын болды» деді. Ясарова да «Ісіңізді мен қараймын» деп тұрып алды. Расымен әділ сот болса «менен де өзге ісі адал соттар көп қой, солар болса болсын» деп келісе салмайды?! Бәрібір сот «Ясарова қарайды» дегенінен-ақ алдын ала дұрыс шешпейтұғын түсіндім. 1-2 айда 7000 литр бие сүтін індет кезінде арзан бағаға саттым. Бізден барлығы 14-15 мың адамдай сүт, саумал ішуде. Бұл ісім үлкен жәрдем емес пе? Онымен қоймай 40 литр қымызды ауырып жатқандарға ауруханаларға тегін жіберіп те тұрдым. Шетелдіктер коронавирус кезінде Қазақстанға дәрі жағынан, қаржы жағынан көмектесіп әлек. Ал қала әкімдігі талай адамның өмір сүруіне, денсаулығының дұрысталуына ықпал етіп жүрген жерімді тартып алмақшы. Олардың теннис корты хәл үстінде жүрген шал, кемпірлерге керек пе? Қысқасы, олар жерді біреуге беремін деп уәде беріп қойған секілді. Енді соны орындай алмай мені соттан сотқа тасып жүр. Ең қызығы облыс әкімі Тараз аренаның жанында корт саламыз деген. Бірақ менің жайылымға арналған жеріме жабысып жүр.

- Бұның бәрі жүйкеге салмақ қой. Қалай шыдап жүрсіз?!

- 30 жыл полковник болып жүрсем де бір жерім қыңқ етпеген еді. Мына жер мәселесі давление, гипертония, жүрегіме 2 стенка қойылған, қант диабеті, асқасаз ауруларына шалдықтырды. Жақында ғана отадан шығып, әрең жер басып жүрген жайым бар. Осы аурулардың бәрін әкімдерден алып отырмын. Соттан сотқа сүйрей беру кімге болса да оңайға соқпайды. Сондықтан ҚР президенті осы мәселемді назарға алса екен деймін.

\

- Аз ғана уақыттың ішінде ұлы істерді атқарып жүрген адамның болашаққа деген жоспарлары да ұлы болуы керек секілді. Алдыға қандай мақсаттар қойып отырсыз?

- ЮНЕСКО-ның өзі қазақтың қымызын мойындады. Ендігі ойға алғаным немістің «Сыраны насихаттау күні», Жапонияның «Шай күні» секілді Таразда «Қымыз күні» өтсе деп бастама көтерудемін. Бұған туристер келсе, кең көлемде аталып өтсе, халықтың бетін қымызға қарай қаратсақ дені сау ұлтқа айналар едік. Қазір ауырсақ ем іздеп саңдалып кетеміз. Керек болса 100 мың теңгелік дәрілерге дейін тауып әкелеміз. Оның орнына 800 теңгеге сүт, қымыз, саумал алса ауру деген атымен жоламас еді ғой. Осының біз әлі де түсінбей келеміз. Одан кейін «Абсент» деген мұражай ашпақ ойым бар. Онда менің жылқыларыма, өнімдеріме қатысты барлық деректер сақталатын болады.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

 

 

 

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер