Ислам дәуіріндегі ғұламалардың еңбегі мен ақыл–өсиеттері мәңгілік сақталары сөзсіз. Неге десеңіз, олардың қозғаған тақырыбы, ауқымды мәселелерінің өзі шынайы ақиқаттың, мәңгілік өмірдің көрінісі. Адамның ойы толысып, адал еңбекке өзін баулуы үшін тәрбиелік мәні зор осы дүниелердің түпкі сырына үңіле қарауының өзі жеңіспен бірдей дер едік.
Әлемнің екінші ұстазы атанған әл– Фараби трактатында:
«Бақыт–әр адам ұмтылатын мақсат. Ең жетілген мақсат. Адамның бір мінезден екінші мінезге ауысу себебі–әдет. Әдет дегеніміз–белгілі бір әрекеттің жиі–жиі, ұзақ уақыт қайталануы.
Егер адам өзінде жоқ бола тұрып, адам өзін ізгі қасиетті адамға, жүріс–тұрысы жөнді адамға жатқызса, онда ол адамда көлгірсушілік пайда болады.
Жаман әрекет жасау оңай сияқтанып көрінеді, мұндай әрекет бейне жан рақатын әкеледі– міс. Ал егер әрекет бізге жол азабын әкелсе, жақсы мінез– құлық болады.
Ілімдегі адамның мақсаты– бақыт. Адам рухы Тәңірге ұмтылғанда ғана игілікке беттейді. Игілікке ұмтылу– тек игілік үшін болғанда ғана ең ұлы бақыт болып саналады. Жету жолы– дүниелік, материалдық тәуелдіктен арылу», – деп мысал келтіреді. Бұл– ғұламаның «Бақыт жолын сілтеу» еңбегі еді. Мұндағы басты назар аударарлық дүние–адамдардың бақыт дегеннің, оған жетудің талабын қалай ұғына білуінде және оларға оң бағыт–бағдар беруінде. Мәселен, кейбір жандар бақытты байлық арқылы ұштастырып, соның жетегіне еріп кетіп жатады. Ал нағыз бақыттың көзі–Тәңірге ұмтылу, адам рухының шынайы беттеуі. Нағыз ақиқат пен ізгілікке, бақытқа бастар жолдың осы екендігінен хабардар етеді.
Жүсіп Баласағұнның «Ақыл кітабында» да:
«Білім, ақыл қасиеті, пайдасы»деген тақырыбында:
«Ақыл–шырақ, қара түнді ашатын,
Білім–жарық, нұрын саған шашатын.
Ақылдыға қадір, құрмет лайықты,
Ақымақ жан керең,сезбес айыпты.
Төрт нәрсе бар, аз деп ұғып, кейіме,
Дана айтқан сөзді түйгін зейінге.
Бұл төртеудің біреуі–жау, бірі–өрт,
Үшіншісі, тіршіліктің торы–дерт.
Бұлардан басқа біреуі бар, ол–білім,
Осал көрме төртеуінің ешбірін,-
деп тәрбиелік мәні зор ой тастайды. Ойлап қарасақ, білімнің берер пайдасы ұғынған жанға өте мол. Дегенмен, ақылды мен білімдіні тең көру де жөн емес. Сонымен қатар ғалым өкпе–ашумен еткен істің де орынсыз, адам жанына тек қаяу саларын айтады. Жақсы қанша жасаса да, сол ізгі қасиеттерімен ешқашан қартаймайтынын, ал наданның шын пейілімен түзелмейінше ісі оңбайтынын да ескертеді. Ақылмен еткен істің өнетінін де жоққа шығармайды.
Қорытындылай келе, бұл дәлелді мысалдардан бөлек келтірген нақыл сөздердің өзі қаншама ой саларлық. Егер түпкі төркініне бойлар болсақ, ойымыздың, өмірге деген көзқарасымыздың аз да болса өзгеріп, қолымыздан осы дүниелерді тастамастан алып жүреріміз анық. Адамның нағыз тұлға болып қалыптасуы–өмірді не себепті сүріп жатқандығын ұғынып, Тәңірге рухани жақын болу. Сонда ғана бұл еңбекті жазып қалдырған ғұламалардың көз майының зая кетпегендігі болар еді.
Инабат Жақсылық,
Тараз қаласы