Әлемдегі ең айтулы Нобель сыйлығына ие болу – кез келгенге бұйыра бермейтін бақ. Ғалымдар, өнертапқыштар, айтулы қаламгерлер бұл сыйлыққа қол жеткізудің маңызын оның қомақты сыйақысынан іздемейді.Әйтсе де, қайталанбас жаңалығымен әлемді таңдандырған жандарға берілетін бұл сыйақы кім-кімге болсын бонус екені сөзсіз. Кейбір ойшылдар мұндай бонус пен оның атағынан бас тартып та жатады. Ал сыйлықты қабылдап, қаражатын қолға түсірген келесі топтағылар табысын әрқандай мақсатқа жұмсайды.
Нобель лауреаттарының көпшілігі сыйақысын қайрымдылыққа өткізеді. Мәселен, неміс дәрігері, теолог және музыкатанушы (1957 жылы) Альберт Швейцер алған ақшасына Ламбертте (бүгіндеГабон) лепрозорий салдырды. Бұл лепрозорий мемориалдық мұражайға айналып, әлі күнге қала тұрғындарына қызмет көрсетіп тұр.
Ал бізге есімі өте жақсы таныс, сыйлықтың 1990 жылғы иегері Михаил Горбачев қолына түскен қаражаттың бәрін бюджетке аударған. Барлық қаражат Ресей, Украина және Белоруссия ауруханаларының құрылысына жұмсалған.
1922 жылғы лауреат атанған норвегиялық Фритьоф Нансен қаражаттың басым бөлігін (80 мың доллар) Ресейдің үздік екі ауыл шаруашылығы станциясына жаңа жабдық сатып алу үшін сыйға тартты. Қалған 30 мың долларын Түркиядан келген армян және грек босқындарына көмек көрсетуге жұмсаған.
1979 жылы бұл сыйлықты талай ізгі әрекетімен әлемді мойындатқан Тереза ана иеленген. Тереза ана бұл жолы да өз сыйлығын қайрымдылыққа жұмсаған. Ол барлық ақшаны кедейлер үшін баспана салуға, сондай-ақ 2 мың үйсіз-күйсіз жүрген жандарға Рождестволық түскі ас беруге пайдаланған.
Орыс халқынан ең алғаш рет 1904 жылы Нобель сыйлығын алу Иван Павловқа бұйырды. Ол барлық ақшасын ғылымның өркендеп, дамуына арнаған. Физиология институтын ашып, оны 1936 жылға дейін өзі басқарады.
Микробиолог Мечников те қаражатын Павлов секілді ғылымға, нақтырақ Париждегі Пастер институтының дамуына бөлді. Өзі де сол жердегі зертханалардың бірін басқарды. Оның бұл үлгілі ісін Жорес Алферов (1965) пен физик Андре Мишель Львов (2000) жалғастырды.
Әдебиет аталымы бойынша Нобель сыйлығының ең алғашқы лауреаты Рене Франсуа Арман Сюбли-Прюд (1901) өмірінің соңына дейін, алты жыл бойы ақындарға өзінің атынан сыйлық үлестіріп өтті.
Габриэль Гарсиа Маркес (1982) Колумбия мен Мексикада журнал шығаруды бастап, сыйақысын бизнеске салды.
Ал Александр Солженицыннің әрекеті бұларға мүлде ұқсамайды. Ол өзгелер секілді емес, сыйақысын банкте жылдар бойы сақтап, Америкаға көшкен сәтінде Вермонт штатынан үй-жай сатып алады.
Лауреаттар арасында қаржысын өз хоббилерін дамытуға жұмсағандары да бар. Мәселен, Ричард Робертс (медицина бойынша) – крикетке арналған алаң салдырса, Франко Модильяни (экономист)өзіне яхта сатып алады, ал биохимик Пол Нерс өзінің сүйікті мотоциклін құрастырады.
Ал сіз Нобель сыйлығын алсаңыз не істер едіңіз?
Айжан Құрманбай, “Адырна” ұлттық порталы