Әулие София қалай мешітке айналды?
Ыстамбул – әлемде туристер ағылып келетін бірден-бір қала болса, Әулие София – сол қаладағы туристер аяқ баспай кетпейтін бірден-бір орын. Ерекше архитектурасымен, өзгеше мозаикаларымен, ғажап аурасымен жан біткенді өзіне баурап алатын бұл тарихи орталықтың тағдырын өзгертушілер өте көп.
...Естеріңізге сала кетейік, Түркияның Мемлекеттік кеңесі 10 шілде күні ел Үкіметінің өтініші аясында Әулие Софияны мұражайдан мешітке өзгерту туралы шешім қабылдаған еді. 24 шілде күні бұл византиялық ғимаратта араға 84 жыл салып, алғашқы намаз оқылады. Режеп Тайып Ердоған бастаған Түркия билігінің бұл шешімі түрік жұртынан бөлек, күллі әлем жұртының көзқарасын екіге бөлді.
Тарихы
Әулие София 1500 жылдан астам уақыт Ыстамбулдың сәнін келтіріп тұр. Оның қабырғасында христиан дінінің символдары мен араб жазулары бір-бірімен ерекше үйлесім тапқан. Талай аумалы-төкпелі замандарға қарамастан Әулие София секілді бүгінгі күнге дейін сақталған ғимараттар дүние жүзінде тым аз.
6 ғасырда өмір сүрген Византия императоры Юстинианның түсіне ғажайып ғибадатхананың үлгісін қолына ұстаған періште кіреді. Осы түстен кейін ол әлемде теңдессіз, ешқашан күйреп, жоқ боп кетпейтін, Константинопольдің атағын жер жүзіне жеткізер ғибадатхана салуды армандайды. Императордың арманын жүзеге асыру үшін Эфес пен Ливаннан Константинопольге арнайы бағаналар алдырылады, ал құрбандық шалатын орындар арнайы рубин, аметист, інжу-маржандармен безендіріледі. Ғибадатхананың керемет сән-салтанаты орыс елшілерінеправословиялық сенімнің шынайылығын танытып, олар князь Владимирге осы сенімді қабылдауды ұсынады. Бірақ 1453 жылы Константинополь құлап, Мехмет сұлтан ғибадатхананы мешітке айналдыруды бұйырады. Түріктер мұнаралар тұрғызып, мозаикаларды ағартып, қабырғаларды түйе терісіне Құран сүрелерін алтынмен жазып,қаптайды. Талай ғасырлар бойы Әулие София Қағбадан кейінгі мұсылмандар ұлық тұтар киелі мекен болып тұрады. Тек 1935 жылы қазіргі зайырлы Түркияның негізін қалаушы Мұстафа Кемел Ататүрік арнайы декрет жариялап, оны мұражайға айналдырады. Ал 1985 жылы Әулие София ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра ескерткіштерінің тізіміне енгізіледі.
Архитектурасы мен интерьері
Әулие София соборының биіктігі 51 метр үлкен күмбез асты ортаңғы кресті құрайды, яғни негізгі және қосымша залдар крест түрінде байланысып жатыр. Бірнеше ғасырлар бойы христиан шіркеулері осындай крест түрінде салынған.
Қабырғалардағы мозаикалар арқылы Византия өнерінің ғасырлар бойындағы тарихын тануға болады. Ғибадатхананың кіреберісінде Иса Мәсіхтің бейнесі, ал оның алдында тізерлеп тұрған император бейнеленген. Кейін мұсылмандар собор мешітке айналған соң молда намаз оқитын арнайы мінбер салған. Мінбер Мекке бағытында, оңтүстік-шығысқа қаратылған. Реставраторлар собордан руникалық жазу үлгілерін де тапқан.
Бүгіні
10 шілде күні Түрік сот инстанциясы 1934 жылғы 24 қарашадағы христиан храмын мешіттен музейге айналдыруға қатысты шешімін жойды. Осылайша храм тағы да мешітке айналды. Сол күні Түркия Президенті Реджеп Тайып Эрдоган мұсылмандарға мешіт мәртебесін қайта алған Әулие Софияда намаз оқуға мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойды.
Мешіт мәртебесіне Түркия азаматтарының көзқарасы
Музейді мешітке ауыстыру туралы пікір пайда болған сәттен бастап, зайырлы Түркия азаматтарымұның алдын алуға тырысып бақты.
«Отан» партиясының лидері Догу Перинчек: «Әулие Софияның мәртебесінің өзгеруі Түркияның әлеммен байланысына әсер етеді. Ол өз одақтастарын алыстатып, қарсыластарына есе беруі мүмкін.
Экономикалық тұрғыдан 2015 жылы Гүленсеріктерінің Түркия-Сирия шекарасында Ресей ұшағын қиратқан кездегідей үлкен шығынға тап боламыз. Экономиканың қалпына келуі туризмге тікелей байланысты. Бірақ Әулие Софияның мәртебесі өзгерсе, одан үміттенбесек те болады. Әулие София мәртебесінің өзгеруі неміс, орыс, еуропалық, қытайлық және ирандық туристердің келуін шектейді. Бұл бүкіл әлемді Түркияға келтірмеуге үгіттеуге мүмкіндік береді. Туристердің тек Әулие Софияға келуін ғана емес, сонымен қатар Анталия, Мугла, Кападокия, Ванға баруын да тежейді,» - деп қарсылығын білдірді.
Ал Нобель сыйлығының иегері, жазушы Орхан Памук 10 шілде күні BBC-ге берген сұхбатында: «Елде мен секілді миллиондаған зайырлы түріктер өмір сүреді, бірақ олардың қарсы даусын естімеді. Өкінішке орай, соборды мешітке айналдыру әлемгебіздің енді зайырлы ел еместігімізді танытқанын білдіреді,» - дей келіп, Анкараның бұл шешімі кейбір азаматтарды Түркияны «зайырлы мұсылман мемкелекет» деген мақтанышынан айырғанын айтты.
Әлемнің көзқарасы
Көптеген діни, саяси және мәдени қайраткерлер Түркия билігінің бұл шешіміне қарсы реакция білдірді.
Еadaily.com бетінде Айя Софияның музейден мешітке өзгеруі Ресей, Греция, Франция мен АҚШ-тың лауазымды тұлғалары мен қоғамдық ұйымдарының, сондай-ақ христиан шіркеулерінің жетекшілерінің сын-ескертпелері жарияланды.Мәскеу Патриархатының сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің төрағасы митрополит Волоколамский Иларион: «Әулие София соборын мешітке айналдыру – бүкіл әлемдікхристиандардың бетінен шапалақпен ұрумен тең,» – деп сынға алды.
Дүниежүзілік шіркеулер кеңесі Ердоғанды бұл шешімді жоюға шақырды.
Константинополь Патриархы Варфоломей: «Әулие София музей ретінде христиан мен исламның кездесетін, бірлігі мен түсінісуінің орны мен символы болып табылады,» - деді.
Грекия Түркияның бұл әрекетін ашық провокация деп бағалады.
Рим папасы Франциск: «Ыстамбул туралы, Әулие София туралы ойлап, қатты қынжыламын,» - деген.
Әулие Софияда 86 жылдан кейін оқылатын алғашқы намазға бір апта қалған тұсында Ердоған кейбір БАҚ бетіндегі ақпараттарды арандатушылық деп танып: «Әулие София – құлдықтың шылбырынан шыққан біздің бірлігіміз бен ынтымағымыздың символына айналды. Бұл шылбыр алынды. Біз менің қатарластарымның балалық және жастық арманын орындағанымызға өте қуаныштымыз. Осыны ешкім саяси риторикада елеусіз қалдырмауы керек. Бұл оңайға түскен жоқ.Ешқашан оңай болмаған. Әрине, бұл Үкімет пенхалқымыздың арманы болды. Біз оны орындадық,» - деп Әулия София Түркияның ішкі мәселесі екендігін білдірген.
Түрік басылымдарынд христиан әулиелерінің бейнелері намаз уақытында арнайы лазерлік сәулелермен көлегейленетінін, себебі исламда тірі жаратылыстардың бейнелеріне тыйым салынғанын, ал басқа жазбалардың сақталатыны туралы жазылған. Сондай-ақ мозаикаларды пердемен жабатыны, намаз оқитын жерге кілем төселетіні туралы да айтылған. Ал ғимараттың барлық жеріне туристер кіруге болатын-болмайтындығы туралы әзірге ақпарат жоқ. Осы мәселелер төңірегіндегі ұсыныстарды Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі қарастыруда.
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған ескерткендей, мешіт мәртебесін қайта алған Әулия Софияда алғашқы намаз 24 шілдеде оқылады
Адырна ұллтық порталы