Түркістан облысында полиция қызметкерлері онлайн-алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық ПБ-нің кезекші бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны арызданып, автокөліктің қосалқы бөлшектерін сатып аламын деп алаяқтың құрбаны болғанын жеткізді. Жәбірленушінің айтуынша, ол “WhatsApp” мессенджері арқылы “Камаз” автокөлігінің дөңгелегін сату туралы хабарландыруды көрген. Содан жәбірленуші ер адам сатушымен хабарласады. Сатушы болса, хабарласқан тұрғынның сеніміне кіріп, 20 дана дөңгелекті 800 мың теңгеге сатуға уәде берген. Алайда, жәбірленуші сатушыға 200 мың теңгеге жуық қаржы аударғаннан кейін, алаяқ уәдесін орындамай, жоқ болып кеткен.
Аталған жайт полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеп, күдіктіні ұстау бойынша қажетті шараларды қолға алды. Қылмысты ашу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды.
Жедел-іздестіру іс-шараларының қорытындысына сәйкес Кентау қаласының полиция қызметкерлері күдіктіні көрші облыстан ұстады. Ол Қызылорда облысының тұрғыны болып шықты. Кентау ҚПБ-нің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері жігіттің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтайды. Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтарға алданбау үшін мұқият болуға және тым сенгіш болмауға кеңес береді.
Сайттардан бөлек әлеуметтік желілерде тауарларды сату туралы хабарландырулар - қоғамда кеңінен таралған алаяқтықтың түрі. Әдетте, алаяқтар өз құрбандарын төмен бағамен және тиімді ұсыныстармен қызықтырып, алдын ала төлем жасауды талап етеді. Ғаламтор арқылы сатып алу кезінде ақпараттың шынайылығына көз жеткізу қажет. Мүмкін болса ресми сайттары пайдаланып, тауарды қолға алға кезде ғана төлем жасаңыз. Егер сатушы тауар үшін толық немесе ішінара алдын ала төлемді талап етсе, ол бірден күмән туғызатыны анық. Бейтаныс адамдарға төлем жүйелері арқылы ақша аударсаңыз, оларды қайтару кепілдігіңіз жоқ екенін есте сақтаңыз. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда тез арада “102” телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.
Алматы қаласының тұрғыны Эльдар Қуаныш интернет арқылы киімге тапсырып беріп, 14 күннен бері тауарға қол жеткізе алмай жүргенін айтты. Бұл жағдай туралы мамандардың пікірін сұрап білдік:
Айсана СМАН, заңгер: “Интернеттен сатып алу туралы заңнама жоқ. Азаматтық кодексте де онлайн сауда ерекше аталмаған. Сондықтан тұтынушы сатып алу кезінде барлық жағдайды ескеру қажет”
Сәкен ЕРЛАН, SММ маманы: Сіз іздеген сайтта шифрландыруды тексеруіңіз керек. Ондай шифрландыру болмаса, сіз несие картаңыздың нөмірін, әсіресе CVC кодын жазбауыңызды ескертеміз”.
Онлайн сауда уақытыңыз бен қаражатыңызды үнемдейтіні рас. Дүкендердің сенімдісін таңдап, сауда жасау үшін қауіпсіздік шараларын ескергеніңіз жөн.
Аяулым ӘБІЛДА, "Адырна" ұлттық порталы.