Бөкей ордасы қалай құрылды?

4657
Adyrna.kz Telegram

Осыдан 215 жыл бұрын, нақты айтқанда 1801 жылдың 11 наурызында Астраханның шығысынан Бөкей ордасы құрылды. Орданың құрылуы қазақтардың азаттық алуға деген ұмтылыстарының бірі болатын. Бөкей ордасы қалай құрылды? І Павел мен Наполеонның Үндістанға бастаған жорығы неге тоқтап қалды? Бұл оқиғаға Бөкей ханның қатысы болды ма? Осы және басқа да сұрақтарды 1997 жылдан бері Бөкей хан туралы зерттеп жүрген ресейлік тарихшы, наполеонтанушы Кирилл Серебренитскийге қойдық. 

– Кирилл мырза, сіздің Бөкей ханға қатысты еңбектеріңізді қадағалап оқып жүрмін. Қазақ оқырмандарына сол деректерді таныстыра отырсаңыз екен? Сізше Бөкей ордасының құрылуына не себеп болды?

– Бөкей ордасының құрылуы ғажайып оқиға болды. Ресей империясы барлық жағынан кеңіп келе жатқан кез еді. Көршілес елдердің жерлерін басып алып, оларды ресейлік губернияларға айналдырды. 1795 жылы Польша королі тақтан құлап, королдіктің орталық бөлігі толықтай аннекцияланды. Дәл осы жылы Курляндия герцогы да тағынан тайды. Міне, осындай тарихи оқиғалардың тұсында, яғни 1801 жылы Бөкей ордасы құрылды. Бұл кезде Грузия аннекцияланып, Багратиони династиясының ғұмыры үзілді. Бұл екі ел байырдан келе жатқан христиан династиялары болатын. Ал бұл керісінше, Ресей империясы ерікті түрде үлкен территорияны Бөкейге берді. 

– Не үшін деп ойлайсыз, әлде импера­тордың көздеген басқа мақсаты болды ма? 

– Мен Бөкей ордасы жайдан-жай құрыла қалды дегенге сенбеймін. Мұның өз себептері бар. 1799 жылдың сәуірінде орыс әскерлері Еуропаға кірді. Басында Баварияны, одан кейін Швейцарияны алып, Италияға дейін жақындады. Бұл кезде антифранцуздық коалицияның бар үміті Ресейде болатын. Алайда осы жылдың қыркүйегінде орыс әскерлері талқандалды. Италия, Швейцария және Голландиядан секілді елдерден соққы алды. Амалы құрыған І Павел орыс әскерін елге қайтаруға мәжбүр болды. Алайда, өзінің саяси позициясын жоғалтқысы келмеді. Осы жылдың 9 қарашасында Францияда төңкеріс болды, нәтижесінде Консулат құрылды. Билік басына Тұңғыш Консул 30 жасар генерал Наполеон Бонопарт келді. Бұл кезде француз басылымдары Московияның Еуропадан қашып, Еділден енді бері өте алмастай болғаны туралы жарыса жазып жатқан болатын. Алайда, олай болмай шықты. Павел 1800 жылдың қаңтарында әскерін жасақтап, Еуропаға қайтадан кірмек болды. Осы жылдың мамырынан бастап Париж бен Петербор арасында құпия келіссөздер жүре бастады. Алайда, Мальта мәселесі суырылып алға шықты. Мальта ол кезде Ресей Империясының проектораты болатын. Алайда оны француз әскерлері басып алды. Осылайша, екі елдің арасына жік түсейін деп тұрғанда, Мальтаны Британия жаулап алды. Осылайша, екеуіне де бұйырмастан, Британияның құрамында кете барды. 
Бұл кезде Кіші жүзде ұласпалы аза­маттық соғыс жүріп жатты. Бөкей сұлтан тақ мұрагерлерінің бірі еді. Алайда оның хан болуы екіталай болатын. Сондықтан ол бар ақыл-парасатын пайдаланып, мүлдем басқа жол іздеді. Билер жағы Бөкейдің ығына жығылды. Бөкейдің бар мұраты кезінде қалмақтар жайлаған Астрахан губерниясының шығысындағы Еділ мен Жайық арасында жатқан шөлейтті аймақты иелену болатын. Сол мақсатта 1797 жылдан бастап, Астраханмен келіссөздер жүргізе бастады. Осы жылы жаңа үкімет – Хан кеңесін құрды. Бөкейдің Астраханда полковник Павел Попов деген жақын досы болды. Ол кезде Попов кардон күзеті отрядының командирі еді. Бөкей осы Попов арқылы әлгі жерлерді сұратты. 

– 1797 жылы басталған келіссөз 1801 жылы ғана нәтижесін берді. Сіз үнемі Бөкей ордасының құрылуын Павел пен Бонопарттың Үндістанға жорығымен байла­ныстырып жүрсіз. Шынында, Бөкей ханның бұл жердегі орны қандай болды? 

– 1800 жылдың қарашасында Ресей мен Франция біріккен түрде Британияның колониясы – Үндістанға қарсы жорық бастады. Қазір бұл оқиға туралы жиі жазылып жүр, бірақ ол кезде мұны айтуға тыйым салды. Бұл жорық жайлы француз тіліндегі ең алғашқы хабар 1840 жылы жарияланды. Ал орыс басылымдарда бұған қатысты мәліметтер 1872 жылдан бастап жарық көрді. Сондықтан 1800-1801 жылдары бұл жорық жайлы санаулы адамдар ғана білетін. Жорық қалай басталды? Рейн армиясының ішінен 35 мың штыкшыдан тұратын корпус құрылды. Ал Ресейде 25 мың жаяу әскер мен Дон әскерінің ішінен 10 мың казак сарбазы жинақталды. Осылайша екі елдің әскері Астраханда біріктірілді. Олардың қолбасшысы болып франция дивизион генералы Андре Массен тағайындалды. Бұл жасақ Каспий теңізі арқылы Иранға қарай жүріп Астрабад портына жетіп, одан әрі Ауғанстанның Қандағар және Гераты (ол кезде бұлар тәуелсіз әмірліктер болатын) арқылы Үндістанға жақындап, сол жерден Лахор мен Делиге басып кірмекші болды. 
Алайда, бір кедергі шыға келді, ол Иран болатын. Себебі, бұл жасақ Иран арқылы өтуі керек еді. Иран сарбаздарды жарақтандырып, тіпті өзінің атты әскерін қосып беруге тиіс болатын. Алайда, қолбасшы Андре Массен Иранның тілін таба алмады. Негізінде, француз агенттері Иранмен одақтастық туралы келісімге келген еді. Алайда, сол кездерде Иранның Ресейге деген көзқарасы дұрыс болмады. Грузия бұрын Иран шахиншахына тәуелді болатын. Ресейдің 1800 жылы Грузияны ал­ғаны Иранның шамына тиді. Осы жылдың қараша-желтоқсан айларында Тегеранның бұйрығы бойынша Авар хандығы Грузияға басып кірді. Алайда, орыс әскерлері ол қолды қайтарып тастаған болатын. Бұл оқиғаны Джон Малькольм бастаған британ агенттері тиімді пайдаланды. 1801 жылдың 4 қаңтарында Британия мен Иран арасында келісімге қол қойылды. Шахиншах Британияға француз әскерлерін Иран территориясына кіргізбеуге ант берді. Міне, әлгі қолдың Иранның жеріне кіре алмауының басты себебі осында жатыр. 

– Осыдан кейін жорықтың екінші жоспары жасалып, Бөкей сұлтанның көмегіне жүгінді, солай ғой?

– Иә, Ресей және француз офицерлері Үндістанға кірудің басқа жоспарын қарастырды. Бұл жоспардың мәтіні еш жерде жарияланбаған, меніңше архивтердің бір жерінде жатқан сияқты. Бұлай дейтінім, жорықтың Иранға қатысты жоспары Швецияда сақталған. Ресейдегі швед елшісі граф Штедингктің құжаттарында бар екен. Соған қарағанда, екінші жоспар да Ресей мен Франциядан жат жерде сақталған болуы керек. Меніңше, осы құжат табылса, Бөкейдің бейнесі ашылар еді. 

– Бұл қандай жоспар, толықтай тарқатып берсеңіз? 

– Бұл жоспар бойынша әскер екі плацдармға бөлінді. Француз әскерлері Астраханда, орыс әскері Орынборда қайта жасақталды. Одан әрі осы екі әскер бірігіп, Хиуа мен Бұқарға бару керек болды. Сол жерде жаңа база дайындалып, 1801 жылы толықтай территория бекітіліп, 1802 жылы экспедиция Үндістанға кіру керек болатын. Міне, осы жоспар үшін Бөкей сұлтан ең қажетті адам болды. Астраханның шығысынан Қазақ хандығын құру Үндіс­тан жорығы үшін таптырмас тәсіл болатын. 
Бұл кезде Кіші жүз Ресейдің бұйрығына бағынбай, бұлқынып жатқан еді. Айшуақ хан мен оның үкіметі жағдайды еңсеруге тырысқанымен, бәрі бекерге кетті. Қазақ отрядтары Астрахан губерниясының аймағына жақындап, уездік қалалардың басына бұлт үйірді. Бөкей сұлтан арқылы Еділ мен Жайық арасынан дала плацдармын жасап, жасақтың Хиуаға өтуіне көмектеседі деп ойлады. Орда сондай-ақ жасақты Кіші жүз қазақтарының шабуылынан қорғап, жасақты атпен және азықпен (етпен) қамтиды деп күтті. Соңында, Бөкей отряды да осы жасаққа қосылып, Хиуаға қарсы көтеріледі деп ойлайды. Оның үстіне Хиуа жақта атақты Сырым батыр бар болатын. Осылайша, Бөкейді Сырымға қарсы қойғысы келді. 

– Бұл жоспардың авторы кім: І Павел ме әлде Наполеон Бонопарт па? 

– Хиуа жорығына қатысты жоспарды Бонапарттың өзі жасады дей аламын. 1817 жылдың сәуір-мамыр айларында Наполеон Әулие Елена аралында доктор Барри О’Мирамен кездесті. Бұл доктор императордың бүкіл қадамын хаттап отырған. Міне, сол хаттамалардың бірінде Хиуа жорығын Наполеонның жасағаны айтылады. Алайда, І Павел де бұл жоспарды қуаттап, дем беріп отырған. 1801 жылдың 12 қаңтарында Павелдің жарлығымен Дон әскері түгелдей көтеріліп, Еділ арқы­лы Орынборға, одан әрі Хиуа арқылы Үндістанға аттануы керек еді. Атаман Василий Орлов 40 дон казактары полкы мен 1 қалмақ отрядын бастап, 1801 жылдың 28 ақпанында Орынборға жетті. Казак отрядтарының Еділді тастап, Саратов губерниясына қарай аттанғаны Бөкей үшін пайдалы болды. 11 наурызда І Павел Бөкей сұлтанға Еділ мен Жайық арасы, сондай-ақ Каспий теңізінің жағасын жайлауына рұқсат берген жарлыққа қол қойды. Сол жарлық бойынша Павел Поповқа генерал-майор шені берілген. Негізінде, І Павел Бөкей ордасын құру туралы жарлыққа таңғы 6-9 аралығында қол қойған болатын. Сол күні кеште І Павел кісі қолынан қаза тапты. Ал келесі күні оның ұлы Александр жорықты тоқтату туралы бұйрық шығарды. 

– Павелдің өліміне Бөкейдің қатысы бар деп ойлайсыз ба? 

– Бөкейге Францияның Ирандағы тыңшылары көмектесті деп ойлаймын. Ол кезде бүкіл Азияны жайлаған тыңшылар тобын армяндар құрады. Армяндардан құралған бұл ұйым Ыстамбұлдан Делиге дейін жайылды. Оны князь Давид Мелик-Шахназарян басқарды. Мелик-Шахназарянның тыңшылары Ресей жерін де шарлады. Астрахан мен Бөкей ордасы арасындағы сауда байланысын осы армян­дар жүргізді. Бөкей ханның ставкасында да армян саудагерлері болатын. Бөкей өте тәжірибелі саясаткер еді. Ол Еуропадағы жағдайды бес саусағындай білді. Содан қорытынды шығарып отырды. Орынборда, Уфада өз тыңшыларын ұстады. Соның бірі атақты мүфти, өзінің құдасы Мұхаметжан Гусейінов болатын. Сондай-ақ Бөкейдің сарайында әйгілі әрі әулие кісі Сейіт баба бар еді. Сопылық жолын ұстанып, Үндістанда, Ауғанстанда болған, Меккеде қажылық парызын өтеген адам. Міне, Бөкей хан осындай жандармен ақылдаса отырып, саяси жағдайдың нүктесін таба білді. Бөкейді Павел де, Бонопарт та пайдалануға тырысты. Алайда, ол екі «қуыршақты» өз мақсатына пайдаланып кетті. Үндістан жорығына арналған әскери базаны өз хандығына айналдырды. 1812 жылдың 7 маусымында Бөкей сұлтан қазақтардың қолдауы және І Александрдың жарлығымен Ішкі орда қазақтары мен Астрахан маңы халықтарының ханы болып тағайындалды. 1815 жылы дүниеден өтті. Бөкейдің құрған сол ордасы 75 жыл өмір сүрді.


Сұхбаттасқан Серікбол ХАСАН,

"Айқын".

 

Пікірлер