Ұсақ сиыр ұстаған ба? Жамбыл жерінде 1000 жыл бұрынғы қаланың орны табылды

2662
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысы аймағында көне қаланың орны табылды. Бұдан 1000 жыл бұрынғы өркениеттің үйіндісіне айналған қала атауы - Қаракемер. Қазба жұмыстарын жүргізген археологтардың айтуынша, 600 гектар аумақты алып жатқан көне шаһарда бірнеше қағанат пен көшпенділер ғұмыр кешкен. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы nur.kz-ке сілтеме көрсете отырып хабарлайды.

Тарихшылар Жамбыл ауданы, Құмтиын ауылының қасынан табылған Қаракемер қаласының орнын екі бөлікке бөліп отыр. Бірінші төбе мен екінші төбенің арасы 700 метрді құрайды. Археологтар тобының жетекшісі Ералы Ақынбек қаланың хронологиялық жасын VII-XII ғасырларға жатқызып, бірнеше мемлекеттер арасында алма-кезек ауысып отырғанын айтады.

"Бұл жерде түрік қағанаттары өмір сүрген. Жалпы айтатын болсақ, Батыс түрік қағанаты, Түркеш, Қарлұқ, Қарахан мемлекеттері тұсында осы қала гүлденіп, салтанат құрған. Ал қала бірнеше құрылыс кезеңінен тұрады. Кей ғасырда соғылғаны келесі ғасырда құлаған. Үстінен қаланы қайта салынғаны көрінеді. Жергілікті халық бұл жерді Төрткүлтөбе дейді. Осы "Төрткүлтөбе 1-де" көлемі 11х12 метрлік қазба жұмыстары жүргізілді. Басталған жұмыс нәтижесінде бірнеше бөлме орындары анықталды", - дейді археолог Ералы Ақынбек.

Тозығы жеткен тарихи шаһардың орнын 1938 жыл кеңестік археолог, шығыстанушы Бернштам анықтаған. Бірақ кешенді қазба жұмыстарын Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының археологтары биыл бастаған.

"Сиыр малының өзі ұсақ түліктің бірі болған дерсіз. Себебі бойы небары 1,30 см-ден сәл ғана асқан. Ал әшекей бұйымдарды әрлеп-сәндеуде асқан шеберлік жатыр. Мәселен шыны жасау технологиясы көпті таңқалдырады. Өйткені шыны сынығын алып, анықтап күнге қарайтын болсаңыз, ауа көпіршіктері де аз. Әдетте ауа көпіршектері көп болатын болса оның балқу температурасы төмен және сапасыз болады. Мынау өте сапалы жасалған. Дәл қазір оны бізге жаса деп берсе арнайы аппаратпен жасамасақ, қолдан жасай алмауымыз мүмкін. Қарапайым түрде шыны бұйым жасау үшін 1200 градуста құмды ерітіп, балқытып жіберу деген ол өте жоғары дәлдікті қажет етеді", - дейді зооархеолог Мәмбет Шағырбаев.

8 адамнан тұратын алматылық археологтар тобы әлі бір ай бойы қазба жұмыстарын жүргізбек. Сондай-ақ олар жергілікті тұрғындарды да қаланы қазу жұмыстарына тартқан. Алдағы зерттеу жұмыстары кезінде көптеген тарихи жәдігерлерді тауып қалуымыз мүмкін дейді.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер