Ұдайы күрес үстінде нығаю

3233
Adyrna.kz Telegram

Хақназар хан тақта қырық екі жыл отырды. Ол шын мәнінде қазақ мемлекетінің құтқарушысы болды. Бөлшектенген хандықтың тұтастануына қол жеткізді. Ел аумағын әкесі Қасым хан патшалық құрған замандағы қалпына келтірумен шұғылданды. Бұл жоспарын біршама  орындай алды да.

Ақназар хан ноғайлар мен башқұрттардың бірер бөлігін өзіне  қаратты. Оның дәуірінде қырғыз-қазақ одағы сақталып тұрды. Билігінің едәуір уақытын Сырдария қалалары үшін күреске арнады. (Сырдың орта ағысындағы қалаларға билік ету өзбек пен қазақ қатынастарындағы өзекті мәселеге айналған болатын). Шайбан әулетінен шыққан Бұхара ханы Абдолламен достық шарт жасасу арқылы көрші елмен біраз уақыт тату тұрып, бейбітшілік орнатты. Соның нәтижесінде хандықтың ішкі жағдайы жақсарды. Шаруашылық дамыды, көрші елдермен сауда-саттық одан әрі өрістеді. Сосын, хандық құрған уақытының соңғы кезеңінде, Түркістан мен  Сауранды мемлекет құрамына алуға күш салды. Сол шақта Ташкент аймағын билеуші Баба сұлтан Абдолла ханға бағынбай, құзырынан шығып кету үшін соғысып жүретін. Хақназар Бұхара әміршісін қолдады да, күрес барысындағы шайқаста қаза тапты. (Енді бір деректе оны  Баба сұлтанның астыртын агенті у беріп өлтірді делінеді). Бұл шамамен 1580 жылы орын алды.

Содан кейін, билер мен төрелер мәслихатының шешімімен, қазақ елінің тағы Ақназардың немере туысына – Қасым ханның інісі Шығай сұлтанға беріледі. Ол Жәнібек ханның кенже ұлы Жәдіктің баласы болатын. Жәдік сұлтан кезінде бауыры Қасым ханның Қазақ мемлекетін түрлі (әскери, саяси, дипломатиялық)   жолдармен нығайтуына, халқын өсіріп, аумағын кеңейтуіне атсалысқан. Оның баласы Шығай да жас кезінде небір шайқастарда ерлігімен көзге түскен белгілі тұлға еді.

Енді, елдегі бас билікке жасы ұлғайып шау тартқан шағында келгендіктен, Шығай хан өз баласы Тәуекелді ұдайы қасында ұстайды. Әрдайым ержүректігімен, ақылымен ерекшеленген алғыр Тәуекел сұлтан ел басқаруда әкесінің ойынан шығады. Әкесі Бұхара билеушісі Абдолла ханмен одақтасып, Ташкент әміршісі Баба сұлтанға қарсы жорық жасауға бел буғанда, кідіріссіз бірге аттанады. Жеңеді. Баба сұлтанның басын алып,  Абдоллаға тартады.

Бұхара хандығының әміршісі Абдолла хан ризашылығының белгісі ретінде, оған Самарқан маңындағы бір уәлаятын сыйлайды.  Алайда бұл алдаусырату амалы еді. Сыр бойындағы қалаларды Қазақ мемлекетінің иелігіне қайтаруға оның ықыласы жоқ-тын.  Ал 1582 жылы Шығай хан Бұхара түбінде дүниеден өтіп, хандықты ресми басқаруға Тәуекел кіріскенде, оның Мавереннахрдағы өз билігіне түбі қатер төндіруі ықтималдығын ойлайды да, одақтас ретіндегі уағдаларын ұмыт қалдырады. Сөйтіп енді қазақ билеушісі Тәуекел ханнан мүлдем құтылу амалдарын қарастыра бастайды. Абдолла ханның көңіл-күйіндегі өзгерісті сезген Тәуекел хан онымен қарым-қатынасын үзіп, 1583 жылы мемлекетінің қыпшақ даласы жағына ауысады.

Мұнда бірер сұлтан біртұтас елді бөлшектеп, бөлектенуге бейім жүрген. Солардың алдында Тәуекел ханға өзінің хандық мәртебесін қару күшімен дәлелдеп, бекітуге тура келеді. Ұзамай, 1586 жылы, жұрт оны бүкіл қазақ елінің ханы ретінде таниды.

Сол шақта мемлекеттің халықаралық жағдайы нашарлай бастаған болатын.  Сондықтан ол ізінше Қазақ хандығының қуатын арттыру мәселесіне кіріседі.  Оңтүстіктегі қалаларды хандық құрамына қайтаруды сыртқы саясатының басты мақсаты етеді. Ойраттардың бір бөлігін өзіне бағындырады. Қатты шайқастар жүргізіп, 1588 жылы Ташкентті алады. Алайда қалаға  Абдолла ханның Самарқанда тұрған күшті әскері келеді де, Ташкентті тастап, қырға шегінуге мәжбүр болады.

Араға он жыл салып, қазақ әскері Ташкентке қайта келеді. Гарнизонды жеңіп, шаһарды алады. Сосын Бұхара мемлекетінің билеушісі Абдолла ханның әскерін Самарқан түбінде тас-талқан етеді. Осыдан соң Ташкент, Самарқан, Түркістан және басқа да оңтүстіктегі қалалардың бәрі Тәуекел хан мемлекетінің қоластына қарайды.

Тәуекел ханның тұсында Қазақ хандығының қуаты артып, құлпыра түсті. Оның сыртқы саясатындағы елеулі істерінің бірі Мәскеу патшалығымен 1594–1595 жылдарда елші алмасуы болды.

Қазақ елшісі Құлмұхаммед Мәскеуде отырған Федор патшаға өзін «қазақтар мен қалмақтардың патшасы» деп атаған Тәуекел ханнан хат ала барып, екі түрлі мәселе көтерді. Бірі – орыс патшалығынан Қазақ хандығының  сыртқы жаулармен күресіне қажет әскери-материалдық жәрдем алуға тырысу, екіншісі – Шайбан тұқымы Көшім ханның иелігіндегі Сібір мемлекеті аумағында 1587 жылы орыс тұтқынына түскен (Шығай ханның Тәуекелден кейінгі баласы Ондан сұлтанның сол кездегі он бес жасар ұлы) Ораз-Мұхаммед сұлтанды босатып алу еді.

Алайда бұл кезде Тәуекел ханның інісі Ораз-Мұхаммед Мәскеуге қызмет етуге мойынсұнып, орыс-швед соғысына қатысып жүрген. Ал қазақ пен орыс билеушілерінің одақтас болуға тырысуы бір-бір мәрте өзара елшілік  жіберіп алудан аспайды. Дегенмен, Рюриковичтер әулетінің соңғы тұқымы, Қаһарлы Иоанның   үшінші ұлы, саяси ерік-жігері мардымсыз, әлжуаз, бірақ   диуаналық мінезіне сай даңғойлау Федор Иоаннович өзін қазақтың да патшасымын деп санаған…

Ал Тәуекел хан қазақ мемлекеттігін жандандыра түсумен шұғылданды. Оның қызметі Сырдың орта ағысындағы қалаларға біржола орнығуға, қырғыздармен одақтаса отырып, Жетісу мен Ыстықкөл өңірін моғолдар мен шайбандықтардың біріккен шабуылынан қорғауға, сондай-ақ барша Мавераннахр өңірін өз ықпалына түсіруге бағытталды.

1598 жылы ол Самарқан түбінде Абдолла ханның әскерін жеңеді де, Самарқанға інісі Есім сұлтанды әмірші етіп қояды. Біртіндеп күллі Әму мен Сыр арасын (Мауереннахрды) Қазақ мемлекеті құрамына қосуды ойлайды. Сол жоспарының шешуші шарасы ретінде, сексен мың сарбаз жиылған қалың қолымен Бұхараны қоршайды. Алайда қалаға жасаған шабуылдарының бірінде қатты жарақат алады. Ташкентте қайтыс болады.

Таққа оның інісі, Самарқан қаласының билеушісі Есім сұлтан отырады. Есім хан саяси икемділік танытып, қарсыласымен бітім жасайды. Бұхара құзырына Самарқанды қайтарады (әйткенмен онда көп жылдар  бойы әйгілі қазақ Жалаңтөс баһадүр әмір болып тұрады), ал Ташкент, Әндижан, Сайрам, Түркістан  қалаларын Қазақ хандығы құрамына енгізеді.

Есім хан тақта отыз жыл (1598–1628 жж.) отырып, хандықты бір орталыққа бағындырылған күшті мемлекет етіп қалыптастырды. Оның қолбасшылық дарыны, батырлығы, ел тәуелсіздігі мен бірлігін сақтау жолында сыртқы, ішкі жаулармен ымырасыз күрес жүргізуі халық жадынан ұмытылмас көрініс тапқан. Оны жұрт «Еңсегей бойлы ер Есім» деп атайды. Ол ел басқаруда Қасым ханның «Қасқа жолын» жетілдіріп, жаңа заңнама жасайды. Онысы тарихта «Есім ханның ескі жолы» деген атпен белгілі. Ол, сондай-ақ, Қазақ хандығының орталығын Сығанақ қаласынан Түркістанға ауыстырды. Сөйтіп,  Түркістан шаһарын ғасырларға кеткен қазақ астанасына айналдырды.

Есім ханның таққа отыруы орыс елінде Рюриковичтердің орыс тағындағы соңғы тұқымы Федор патшаның дүние салған жылына сәйкес келді. Сол 1598 жылдан орыс патшалығында Романовтар әулеті бастау алатын 1613 жылға дейін созылған аласапыран кезең орын алды. Бұл шақта Қадырғали Жалайыр       (ол шәкірті Ораз-Мұхаммедпен бірге Сібірде тұтқындалып, 1587 жылы Мәскеуге әкелінген еді) Қаһарлы Иванның  баласы Федор патшаның  тұсында-ақ елді іс жүзінде басқарып тұрған Борис Годуновқа арнап, қазақ тарихынан мол мағлұмат беретін  атақты «Жәми ат-тауарих» (1600 ж.) атты туындысын жазды (Борис патша екеуі бір жылда – 1605 жылы дүние салды).

Борис Годунов сол 1600 жылы Есім ханның немере інісі Ораз-Мұхаммедті Қасым хандығының басына қойған. Ол хан тағында он жыл отырып, орыс мемлекетіндегі аласапыран шақтың белсенді қайраткері болды. Алайда ішкі дүрбелеңдер олардың да, жалпы орыс патшалығының да қазақ елімен қарым-қатынас жасауына мүмкіндік берген жоқ.

Бұл кезеңде Қазақ хандығының оңтүстіктегі   көрші елдермен қарым-қатынастарында да қилы  өзгерістер болып жатқан.  Шайбан әулеті 1487–1598 жылдар бойы билеп келген Мәуереннахрда  билік ауысты. Абдолла хан қаза тапқаннан кейін Бұхар хандығының тағына оның алыс атасы Жошы ханның бір ұлы Тоқай-Темірден тараған  ұрпақтарының Астраханда (Қажы-Тархан, Аштархан) хандық құрған тармағы келді.

Аштархандықтар Шайбан әулеті басқарып тұрған өлкеге Алтын-Орда ыдырасымен жылдам күшейіп келе жатқан орыс патшалығының жасақтары 1556 жылы  Астраханды басып алғаннан соң ауысқан. Мұнда Жәни-Мұхаммед (Жәнібек) сұлтан Бұхара билеушісінің (Абдолланың әкесі Ескендір ханның)  қызына үйленді. Сөйтіп, Жошы ұлдары Шайбан мен Тоқай-Темір әулеттерінің арасындағы туысқандық байланыс жаңғырды. Абдолла хан қаза тапқаннан кейін, 1599 жылы Жәни сұлтан Бұхарадағы билікті басып алды. (Содан Аштархандықтар, дәлірек айтқанда – Жәни әулеті, билікте 18-ші ғасырдың ортасына қарай тақты маңғыттар әулеті алғанға дейін болды).

Бұл кезеңде Бұхар хандығында Қазақ хандығына Абдолла хан кезіндегідей қауіп төндірерлік қауқар жоқ еді.

(Жалғасы бар)


Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымының кандидаты

 

Пікірлер