Теңін тапқан қыз бала жұптасқан өмірдің табалдырығын үлбіреген ақ көйлекпен аттайды. Көпшілік ұғымында әдемілік пен жарасымдылықтың, қуанышты мерекенің, ар мен жан тазалығының, жарқын болашақтың айғағы саналған үлбіреген ақ көйлектің қызықты тарихы тым тереңде жатыр. Ақ көйлектің тарихы әйел тағдырымен тамырлас. Әйел затының өзгеден ерекше көзге түсе киініп, ешкім қайталай алмас қымбат та сәнді киім киюге құмартатыны белгілі.Үйлену тойында байлығын, беделін көрсетіп қалуға барынша тырысқан ежелгі грек қыздары той үстінде көзге айырықша түсу үшін той қонақтарынан өзгеше болуды қалайды. Белін қынай буып, иығына әсем түйме таққан, басына жиегін гүлдесте көмкерген желек және алтын түсті шархат жамылып, той дастарханында маңғаз отыратын грек қыздарының талғамынан басталған той киімін өзге қалыңдықтар дамыта түсті.
Кейінірек қымбат белбеуден төмен қарай бүрмеленген, бірақ қыз денесін құдды мәрмәр кейіпте көрсететін той көйлек үлгісі пайда болды. Бұл кезеңде қалыңдық басына алқызыл шархат жамылуды әдетке айналдырғанмен, мәрмәр түсті киім алқызыл жамылғының фонында қызылшырайлы деген келбеттің өзін қуартып, тым маңызды, сұсты өң беретін. Мұндай өң ақсүйек әйелге өзгенің пысын басу үшін қажет болған болар… Ал алқызыл түс тұрақты да пәк махаббаттың белгісі саналды.
Сән жарыстырған қалыңдықтар мұнымен тұрақтап қалмай, қуарған түстен ығысып, қызыл түске құмарта бастады. Өмірдің, күннің, берекенің бас-тауы деп бағаланған бұл түс олардың күнделікті киімінде көп кездесетін. Сарафанын, бұрымын қызыл лентамен төгілдіре сәндеген қалыңдық тойдан кейін басын айналдыра қызыл лента көмкерген гүлтәж тағып жүруді сәнге айналдырды.
Сәнқойда сабыр болған ба? Көп ұзамай қызыл түсті қара түс ығыстырды. Той көйлегі бірыңғай қара түске көшті. Алтын түсті жіппен көмкеріле тігіліп, қымбат бағалы тастармен әшекейленген қара көйлек талай қыздың қызығушылығын туғызып, қалыңдықтың сән-салтанатын асырды. Егер көйлек саусақ біткенді қымтап тұратын қолғаппен, жалт-жұлт моншағымен қоса тігілсе, даңқты әулет қызының дәрежесін айғақтайтын басты белгі есептелді.
Қайта өрлеу дәуірінде бұған дейін өлім мен қайғының түсі саналып, азалы адамдардың киіміне пайдаланылған ақ түс қолданысқа енді. Көгілдір түс сияқты жан мен тән пәктігінің символы болған ақ түстен алғаш той көйлек киіп, шіркеуде некесін қидырған Мария Стюарт еді. Шіркеуге жиналған жұртшылық пен жора-жолдастарын таң-тамаша қалдырған аққудай әсем қалыңдықтың бұл қадамы көпшіліктің сезіміне, талғамына қозғау салды.
Бірақ Мария бұл қадамды сән қуған көңіл қалауымен емес, басқа түскен қайғылы күйде, қаралы киініп жүріп жасауға мәжбүр болған. Алғашқы жары II Франциска дүниеден озып, басқа азаматпен бас қосу қажет болғандықтан, қаралы сұлу неке қидыруға азалы ақ киіммен барады. Бірақ, бұл замандастарына қайғының емес, бақыттың жаршысындай әсер етіп, тойға ақ көйлек киюге талаптандырыпты. Қыз біткеннің аңсары ауған ақ түсті той көйлегін Альберт мырзаның қалыңдығы Виктория ханым 1840 жылы алғаш арнайы киіп шығып, өз әріптестеріне біржола жол ашты.
Бүгінде тойға киілер ақ көйлек өмірлік сипат алып, әлемнің әр қиырында қолданылып келеді. Аппақ келін көйлегі жарасымды тірлік пен бақытты болашақтың айғағындай ұғынылып, әр ұлттың қыз-келіншегін жұбайлық өмірге шығарып салады. Ал қазақ қалыңдығының үлбіреген ақ көйлегі – аппақ ар мен адалдықтың, пәктіктің белгісі. Бұған келіннің ақ босаға аттай бере ақ жаулық жамылатыны тамаша үйлесіп, төл дәстүрімізге айналғандай.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Үш қиян».