Қазақтың қыздары ешқашан хиджаб киіп, бет-жүзін қарамен бүркеп жүрмеген (фото)

10843
Adyrna.kz Telegram
Қазақ халқының ұлттық болмысы өзіне тән оқшау қалыппен сақталып, өзге ұлттардан дараланып тұратындығымен ерекше. Сол қатарда халқымыздың бай тарихи дәстүрге ие ұлттық киім-кешек мәдениетін де атауға болады.

20160411133533

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

20160411133511

Ұлттық киімдеріміз басқа халықтардың киімдеріне ұқсай бермейтін өзгеше даралығы және жарасымды сән-салтанатымен бағалы.

20160411133516

Ендеше, осы ғасырлар бойы тамырын үзбей, ұлтымыздың бойына жарасымды көрік сыйлаған киім мәдениетін қанық білу, ұрпақтан-ұрпаққа аманатталып отыруы орынды. Бұл мақалада қазақ әйелдерінің киім үлгілеріне қатысты деректерді ұсынуды жөн көрдік.

20160411133523

Әйел киімдерінің әр аймақта әр түрлі үлгілер мен әр алуан атаулары бар. Солардың ішінде қазақ елінің бәріне ортақ түрлері: көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, қамзол, кәзекей, кебіс-мәсі, көкірекше сияқты заттар. Әйел киімдері әшекей, ажар жағынан ел салты бойынша төрт топқа арналып тігілген. Олар қыз киімдері, келіншек киімдері, орта жастағы әйелдер мен қарт бәйбішелердің киімдері. Бұлардың әрқайсысының тігілу мәнері де әшекейі де әр қилы.

20160411133528

Қазақ қолөнер шеберлері киімге қатысты әртүрлі әшекейді зерделей білген. Маусымдық, өлкелік, әлеуметтік және жас ерекшеліктеріне байланысты, сонымен қатар, күнделікті тұрмыстық және сән-салтанатты киім-кешек түрлерін тігуде мата, басқа да қажетті заттарға үлкен мән берілген.

20160411133528

Қыз киімдері қынамалы, кеуде тұсы мен жаға-жеңі кестелі, көйлектері қос етекті, бас киімдері үкілі, моншақты, аяқ киімдері биік өкшелі, ыңғайлы және қай киімі болса да алтын, күміс, меруерт моншақтармен әшекейленген. Қазақ қыздары шаштарына шашбау тағып, құлақтарына алтын сырға, мойындарына алтын-күміс алқа тағып, білегіне білезік, саусақтарына жүзік салып жүретін болған. Сондай-ақ, қос етекті алты қиық, төрт қиық койлектерін киіп, кестелі тізе қап, аяқтарына оюлы қызыл, көк, қара былғары етік киген.

20160411133502

Ал, жас келіншектер бір құрсақ көтергенше қыз киімдерін кие береген. Бірақ олар бөрік, тақия кимейді, үкі тақпайды және жалаңбас жүрмейді. Осы кезеңде жас келін басын толық жауып тұрмайтын, жаулық салған. Құрсақ көтерген келіншектер киімдерін мол етіп тігеді. Олардың киімдерінде қызға қарағанда әшекей заттары аздау болып келеді. Бала туғаннан кейін әйелдер «кимешек» киген.

Орта жастағы әйелдер құбатөбел киінген. Олардың көйлектері қос етексіз, белі мен жеңі кең болып бүріледі. Бұл жастағы әйелдер шаршыны орап тартады. Жақтарын оқаламайды, жәй кестелейді. Қарт әйелдердің киімі неғұрлым етекті, мол қаусырмалы, қалталы, әшекейлерінің көбі тана, түйме, қапсырма, оқалы өңір сияқты заттар болған. Олар шолпы тақпаған, алқа салмаған. Ал оқалы жақ, көксауыр кебіс, кестелі мәсі, білезік, сырға, сақина, күміс түйме, теңге сияқты әшекейлі заттарды қай жастағы әйелдер болсын тағына берген.

Қазақ ғұрпында бас киім көріктілік пен сәнділікті, баршылықты білдіретін қасиетті киім саналған. Қазақ әйелдерінің бас киімдері өзіндік ерекшеліктерімен өзгешеленеді және жасалуының өзіндік ғұрыптық, салттық негізі бар.

Әйелдердің бас киімдері: сәукеле, бөкебай, қарқара, кимешек, күндік, желек, шәлі (жібек, шілтер, оюлы түрі бар), бүркеніш, бергек, қасаба, тақия, шылауыш, жаулық. Бұл бас киімдер олардың жасы мен отбасыдағы жағдайына байланысты ерекшеленеді. Жаздыгүні қыздар түрлі-түсті жібек, барқыт, мақпалдан тігілген, төбесі жайпақ дөңгелек тақыя (тебетей) кисе, қыс маусымында ауқаттылар камшат бөрік киген. Бойжеткендер мен қыздар зере, тақия, төбетай, қарқара бөріктерінің төбесіне үкі таққан, себебі қазақ наным-сенімінде үкі құсы киелі саналады. Қыздардың тақиясы қызыл, күлгін, жасыл, т.б. бір түсті шұға, барқыт, мауыты сияқты кездемелерден, өңді маталардан қабатталып сырылып тігіледі. (Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия.)

Әйел киімдерінің ең маңызды және жалпылама көп қолданылатын түрлеріне көйлек, сәукеле, бөрік, тақия, кимешек-жаулық сияқты киімдерді жатқызуға болады. Төменді осылардың бірнешеуіне жеке-жеке тоқталып, сипаттама бере кетейік.

Қыздардың құндыз, кәмшат терісімен жиектелген бас киімдері «кәмшат бөрік» деп, алтынмен кестеленгені «алтын бөрік», маржандармен әшекейленгені «қалмаржан бөрік» деп аталған.

Тақия – барқыттан немесе қамқадан тігілген жаздық жеңіл бас киім. Үкінің үлпек қауырсынымен, күміс және алтын кестелермен әшекейленеді.

Сәукеле – әйелдердің бас киімдерінің ішіндегі ең сән-салтанатымен ерекшеленетін, қыздардың тұрмысқа шығардағы бас киімі. Төбесі үшкірленіп, биік етіліп тігілетін ол алтын және күміс тиындармен, інжу-маржандармен, алқалармен безендірілді. Сәукелені ұзатылатын қыздар және сол қызға еріп жүріп сыңсу айтатын нөкерлер киген. Қалыңдық күйеудің еліне барғанда да сәукелесімен барған. Келіншек оны той өткенше киіп, той өткен соң желекті жаулық киетін болған.

Қамзол – әйелдер ұлт киімінің бірі. Ол барқыт, мақпал, пүліш маталарынан тігеді. Қамзолда жең де, жаға да болмайды. Тек тыс пен астардан тұрады. Астарына кобінесе атласты пайдаланады. Түйме орнына әшекейленіп жасалған қаусырма тағылады. Алдынғы бөлігі мен етегін ою – өрнектермен әшекейлейді.

Кимешек – қазақ әйелдерінің киелі бас киімі. Әдетте кимешек ақ матадан немесе ақ жібектен молдау пішіліп, адамның басын, иығын, кеудесі мен жаурынын жауып тұратын етіп тігеді. Кимешекке қарап әйелдердің жас мөлшерін, тұрмыс-жайын анық ажыратып алуға болады екен. Әйел адамның ұқыптылығы мен салақтығы да кимешегінен аңғарылып тұрған. Кимешектің түрі мен тарихи тұрпаты сан-алуан. Олар көбіне рулық-тайпалық өмір ерекшеліктеріне байланысты.

Кимешек әшекейсіз болмайды. Әшекей орнына алтын, күміс, лағыл, шырымтал, меруерт секілді металл және қымбат бағалы тастар қолданылған. Әрине, олар да әйелдің жас мөлшеріне, алеуметтік орнына орай тағылған. Кимешек пен оның алдыңғы өңірі ою-орнексіз болмаған.

Кимешектің егде және қартаң тартқан әйелдер киетін қарапайым түрлерін шылауыш, күндік деп атайды. Аса қарт бәйбішелер шалма да киген.

Әйелдердің ақ матадан жасаған бас киімінің жалпы атауы – ақ жаулық. Ақ жаулық апаларымыздың ақ ниетінің, иманжұзділігінің, кіршіксіз, адам табынарлық мөлдір мінезінің де белгісі еді.

Бүгінгі күні осы мәйекті дәстүріміз солғындап, ұлттық киімдер күнделкті өмірде қолданыстан жырақтап, оны заман өзгерісімен сирек пайдаланатын болдық. Десе де, ұлттық киім-кешек мәдениеті халықымыздан мүлдем ажырап, ұмыт болып, тарих қойнауына сіңіп жоғалып кеткен де жоқ. Ел арасында ұлттық болмысымызды қастерлейтін ақ жаулықты әжелеріміз әліде болса бар. Сондай-ақ, елдік мереке-мейрамдарда ұлттық киімдерді киіп шығып мереке тойлау дәстүрі де жалпыласып келеді. Біз қазіргі күні ұлтымыздың дәстүрлі киім кию мәдениеті арқылы ұлтты тәрбиелеуге болатындығын білгеніміз жөн. Бұның қоғамда белең алған халқымызға жат батыстың ашық-шашық киімін киетін немесе дінді желеу етіп тұмшаланып Хиджаб киетін қазақ қыздарына берер тағылымы мол.

Ежелгі қазақ дәстүрінде қыздардың құқықтарына шектеу қоймаған, еркін өсірген. Боз балалармен бірге олар ұлттық ойындарға қатысып, музыкалық аспаптарда ойнаған. Күнделікті өмірде қазақ қыздары ешқашан бетін жабатын киім киген емес. Бет пен шашты қарамен жабу қазақ әйелдерінің табиғатына жат. Шашқа бойжеткен мен оның жеңгелері ерекше құрметпен, күтіммен қараған. Халық өлеңіндегі «Көрінер қыздар сұлу шашбауымен, бұрымын кейін сілкіп тастауымен» деген жыр жолдары бұл сөздерімізге дәлел. Тағы да қазақта мынадай ырым-тиым бар: «Қыз басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ – жаулық, қара – қайғы».

«Жалпы ұлттық киім, әсіресе, бас киім – әйел адамның әлеуметтік мәртебесін, жас ерекшелігін айқындап тұратын дүние. Қазақ қыздары тұрмыс құрғанға дейін бөрік, тақия сияқты жеңіл киім киіп жүрген. Шашы жалпы ашық тұратын болған.  Қыз ұзатылған кезде сәукеле кисе, ұзатылып, тұрмыс құрғаннан кейін де жас келіншек жаулық деп аталатын жеңіл бас киім киген. Алғашқы баласын дүниеге әкелгеннен бастап әйелдер кимешек киетін болған. Мұның барлығы қазақи ортада әйелдердің әлеуметтік мәртебесін, олардың қоғамдағы орнын айқындайтын сатылаған киім үлгілері болып табылады» – дейді Тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Досымбек Қатран.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер