Қазақ киімдерінің үлгілері

6972
Adyrna.kz Telegram

Қазақ киімдерінің қалай, неден жасалатындығын білу үшін төменде оның кейбір түрлерімен таныстырып өтеміз.

Тымақ – ерлерге арналған баскиім, жаздық және қыстық болып бөлінеді. Жаздығы жеңіл, көбінде қара, қызыл елтірімен немесе пұшпақпен жұрындалып жасалады. Қысқы тымақтың киізі қалыңырақ етіліп, түлкі, қарсақ, сеңсең сияқты өскін жүнді аң немесе мал терілерінен жасалады. Сондықтан терісіне қарай мұндай тымақтарды «елтірі тымақ», «түлкі тымақ», «пұшпақ тымақ», «қарсақ тымақ», т.б. деп атайды.

Тымақ жасауда әр жүздің, ру-тайпаның, жергілікті орындардың өз үлгілері болады. Ол үлгілер халық арасында өздігінен менмұндалап тұрады. Сондықтан оларды жұрт «арғын тымақ», «найман тымақ», «керей тымақ», «жалайыр тымақ», «Торғай тымағы», «Семей тымағы» деп атайды.

Тымақ – төбелі, маңдайлы, екі құлағы бар, желке, жотаны жауып тұратын, жылы баскиім. Сыртын берік және көрікті матамен емесе жібек кездемемен тыстайды. Екі құлағына ызбалы бау тағылады. Етегін төбеге қайырып қою үшін тымақтың артқы жағына тобылғыдан немесе арша сияқты берік ағаштан тиек жасап қояды. Оны «құрысақ» деп атайды. «Ескілік киімі» деген өлеңінде данышпан Абай былай деп жазған:

Күлапара бастырған пұшпақ тымақ,
Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.
Тобылғыдан кесіп ап, жіппен қадап,
Артын белге қыстырған бар құрысақ.

Біздің Шыңжаң қазақтарының тымағында құрысақ болмайды.

Тымақтың төбелігі – бөлек, құлағы мен артқы етегі бөлек жасалып, бірін-біріне қондырады да, қажет болғанда құлағы мен етегін төбесіне қарай қайырып киеді (көбінде жаз күндері) немесе құлақ бауымен төбесіне қарай қайырып байлап қояды. Тымақ – қасиетті баскиім. Оны айырбастауға, жерге тастауға болмайды, оны іліп қою керек, оған аяқ тигізу, аяққа басу адам басын қадірлемегендік, әдепсіздік есептеледі. Әйгілі адамдардың тымағы, тақиясы атадан балаға мұра ретінде сақталады. Бұрынғы қазақтар шала туған баланы тымақтың ішіне салып, керегенің басына іліп қойып, қанша күн кем болса, сол керегені жағалатып отырып, күніне бірден ауыстыру арқылы күнін толтырып барып, шала баланы қатарға қосады екен. Бұл да баскиімді, тымақты қадірлеп-қасиеттеуден туған ұғым болса керек. Айыр қалпақ – ерлердің киізден тігілген жеңіл баскиімі. Айыр қалпақ жұқа етіп басылған ақ киізден тігіледі. Ол негізгі екі бөліктен құралады. Олар қалпақтың төбесі және етегі (кейде қайырмасы деп те аталады). Қалпақтың төбесі төрт сайдан (бөлектен) тұрады. Шебер пішілген төрт қиынды киізді арасына қара барқыттан сыздық салып, қайып тігеді. Сонда қалпақтың төбесі күмбез тәріздес болып шығады. Қалпақтың етегі жалпақтығы төрт елідей етіп дөңгелектеп қиып алынған ақ киізден жасалады, оны жоғарғы бөліктің (төбе) етегіне сыздық салып қондырады.

Сәнді болуы үшін қалпақ қайырмасының астыңғы жағы кейде қара барқытпен көмкеріледі. Қалпақтың төбесіне қара немесе басқа түсті шашақ тағып, төбесінің төрт сайы әртүрлі жібек жіптермен кестеленеді. Ақ киізден тігілген айыр қалпақ әрі жеңіл, әрі сәнді, әрі салқын болып келеді. Соңғы кезде жергілікті өнеркәсіп орындары айыр қалпақты әр түсті киізден жасап шығарып жүр.

Байпақ – жылылық үшін етіктің, мәсінің ішінен киетін, киізден тігетін аяқкиім. Қыста киетін байпақтың киізі – қалың, жазда киетін байпақтың киізі жұқа болады.

Байпақ қиюдың екі тәсілі бар. Оның бірі – табанын бөлек салып, ұлтарып тігу. Екіншісі – тұтастай қусырып тігу. Байпақтың тігісі аяққа батпауы үшін оны сыртынан тігеді. Байпақ тігу үшін түйе немесе қой жүнінен иірілген шуда жіпті пайдаланады. Жүннен тоқылатын байпақтардың қонышы қысқа болады. Ерте кезде оны шұлғау орнына киіз байпақтың ішінен кию үшін де пайдаланған. Қазіргі кезде ботинканың, қысқа қонышты етіктің, мәсінің ішінен киеді. Байпақ түйе жүнінен, қой жүнінен, ешкінің түбітінен тоқылады. Мұндай байпақтар әрі жылы, әрі жеңіл, әрі жұмсақ болады.

Бөрік – қазақтың ертеден қалыптасқан ұлттық баскиімі. Оны бағалы аң терісінен және жас төлдің елтірісінен тігеді. Оның жаздық және қыстық түрлері болады. Терінің түріне қарай бөрікті әртүрлі – құндыз бөрік, сусар бөрік, кәмшат бөрік, жанат бөрік, түлкі бөрік, елтірі бөрік тағы басқа деп аталады. Оны ерлер де, қыздар да киеді. Бөріктің төбесі көбінесе алты сай (қиық), төрт сай болып келеді. Оны тіккенде алдымен өлшеп алып, жұқа киізден төрт немесе алты сай етіп пішеді. Әр сайдың төбеде түйісетін ұштары үшбұрыш тәрізді. Етек жақтары тік төртбұрыш болады. Осы қиықтардың бір бетіне шүберектен астар, екі арасына жұқа матадан бидай шүберек салып, жиі етіп сырады. Одан соң жеке-жеке сайларды біріне-бірін «өбістіріп», ішінен де, сыртынан да жөрмеп тігеді.

Оның сыртын асыл матамен (барқыт, пүліш, қамқа, т.б.) тыстайды. Бөріктің ішкі сайы қанша болса, оның сыртқы сайы да сонша болады. Бұдан кейін бөрік төбесінің етегін жай матамен астарлап тігеді де, төменгі жағын төрт елідей терімен (қылшығын сыртына қаратып) көмкереді. Бұрын қыздар киетін бөріктің төбесіне үкі, жібек шашақ тағып, зер жіппен, жібек жіппен кестелеген меруерт, маржан тізбелер, алтын, күміс түймелер қадалатын. Кейде бөріктің етегін жауып тұратындай етіп айналдыра зер, не жібек шашақтар ұсталатын. Бөрікті қазақ халқы сияқты қарақалпақ, қырғыз, башқұрт, татар, ұйғыр, т.б. халықтар да киеді.

Жаулық – әйелдердің баскиімі. Оны ақ түсті матадан немесе ақ жібектен тігеді. Жаулықты кимешектің сыртынан тартады. Ол тарту тәсіліне қарай «қарқара», «күндік» деп аталады.

Жаулық тұтас енімен алынып, кейде енжарма (бір жарым ен) матадан ұзындығын бір жарым, екі метрдей етіп қиылып, шеттері жіңішке бүгіліп жасалады. Қарқара тартқанда әйелдер жаулықтың бір ұшын желке тұсқа келтіре сәл шығарып қояды да, қалған бөлігін кимешектің сыртынан айналдыра, шашын көрінбейтіндей етіп орайды. Жаулықтың ұзындығына байланысты қарқараның биіктігі де әртүрлі болып келеді. Күндік жаулық кимешектің сыртынан жартылай оралып тартылады. Жаулық тартқан әйел күнге қарсы жүргенде күндіктің маңдайындағы үшбұрышты қаттаманы еңкейтіп түсіріп қояды. Оның желке тұсы қарқара жаулығынан гөрі ұзындау, етегі әйелдің арқасын жауып тұрады. Күндік жаулықты үшбұрышты қаттама шыққан жерінен және әйелдің желкесіне келетін тұсынан түйреуішпен түйреп бекітеді. Әр жердің өзінде жергілікті қалыптасқан дәстүрге қарай әртүрлі етіп әр үлгіде тартылады. Кей жерлерде әйелдердің басқа салатын желектерін де «жаулық» деп қояды. Ол қарқара жаулыққа қарағанда кішірек болады. Күпі – матамен тыстап, ішіне қойдың, түйенің жабағы жүнін салып тігетін ұлттық сыртқы киім. Күпі әрі жеңіл, әрі жылы болғандықтан оны ерлер де, әйелдер де, балалар да кие берген. Әйелдер күпісінің жағасы кестеленіп, жеңіне құндыз салынып сәндеп тігіледі. Ол әсіресе жазғытұрым және күзгі қара суықта киюге қолайлы. Күпіге тартатын жүнді жылы суға жуып кептіреді де, бетіне бидай шүберек салып көктейді. Күпінің тысына барқыт, мәуіті сияқты мықты әрі қалың, әрі кір көтеретін бір түсті мата пайдаланылады. Шапан сияқты күпінің де екі өңірі, артқы бойы, екі жеңі және жағасы болады. Ең алдымен, тысын пішіп алады да, оған жүнді салып, бидай шүберекпен бірге көктеп тігеді. Күпінің тысын машинамен, не қолмен, ал арасына салған жүнді бидай шүберек жағына келтіріп, жіңішке шуда жіппен, не жуан мақта жіппен тігеді. Одан соң оның тысын кигізіп, астары мен тысын қосып айналдыра бір тігіс жүргізеді. Күпіге көбінесе матадан қайырма жаға не тік жаға салынады.

Күрте – жеңіл, жеңсіз киім. Онда жең де, жаға да болмайды. Күрте екі өңір мен артқы бойдан тұрады. Ұзындығы шалбардың ышқырынан аспайды. Күртені мақта не жүн тартып та, теріні матамен тыстап та тігеді. Астарына кез келген мата жарайды. Әйелдер киетін күртеге атлас, шағи сияқты жібек тектес маталар, ал ерлер киетін күртеге барқыт, мәуіті секілді әрі мықты, әрі қалың бір түсті мата пайдаланылады.

Тері күрте тігу үшін суыр, борсық, қарсақ, түлкі сияқты аңдардың терісі мен қозының, лақтың елтірісі, кейде тіпті қойдың терісі, қылшығынан тазартылған ешкі түбіті пайдаланылады. Ісмерлер, ең алдымен, күртенің тысын өлшеп алады да, одан соң сол матаға шақтап теріні пішеді. Ол үшін теріні алдымен құрап, күрте шығатындай етіп алады. Оның тігісін тақыр жағына келтіріп жормеп құрайды, пішілген теріге жұқа матадан бидай шүберек көктеп, терінің өзін жеке тігеді. Сосын сыртын матамен тыстайды да, шүберекті тысына айналдыра жапсырады. Күртені мақта не жүн тартып тіккенде, ең алдымен, тысы мен астарын пішіп алып, астарлық қиындының үстіне мақтаны, не жүнді біркелкі етіп тартады. Ең соңында күртенің екі өңірі мен артқы бойын құрайды. Күртені айналдыра басқа матамен, кейде сол тыстық матаның қиығымен әдіптейді.

Күрте – кеудеге суық тигізбейтін, жылы, әрі ықшамды киім. Оны көйлектің сыртынан да, бешпеттің ішінен де киеді.

Камзол – әйелдер киімінің бір түрі. Оны көйлектің сыртынан киеді. Ол барқыт, пүліш, мақпал сияқты сапалы кездемелерден тігіледі. Камзолды кей жерлерде «жеңсіз бешпет» немесе «кәзекей» деп атайды. Камзолда жең де, жаға да болмайды және де екі өңірі тек тыс пен астардан тұрады. Камзолдың астары үшін көбінесе атлас, шағи, торғын пайдаланылады. Оның екі өңірі біріне-бірі сәл жетпей тұратындай етіп тігіледі. Сондықтан түйме орнына камзолдың алдына зергерлер әшекейлеп жасаған алтын, күміс жалатып, асыл тастан көз орнатқан қаусырма қадайды. Камзолдың желкесінен бастап екі өңіріне және екі етегіне айналдыра алтын оқа басады, не зер тігеді, кейде құндыз бен түлкінің пұшпағымен әдіптейді. Қыздар мен жас келіншектер киетін камзол айрықша сәнді болады. Оның екі омырауына алтын, күміс жалатқан қозалар, шарбақ түймелер, меруерт-маржандар тағылады. Кейбір
жерлерде күміс теңгелерді тесіп те тағып қояды. Қазіргі кезде жергілікті өнеркәсіп орындары барқыт пен пүліштен сәндеп тіккен камзол шығаратын болды.

Қолғап – қолға киетін киім. Ол қолды суықтан, жұмыс кезінде жарақаттанудан сақтайды. Қолғап тігілу, тоқылу үлгісіне қарай бес саусақты, үш саусақты, тұйықбас деп, ал тігілетін материалына қарай тері қолғап, жарғақ қолғап, тоқыма қолғап, кенеп қолғап болып бөлінеді. Тері қолғап қойдың боялған терісінен тігіледі. Егер тері боялмаса, оның сыртын матамен тыстайды. Тері қолғапты көбінесе тұйықбас етіп тігеді. Жарғақ қолғап тақыр теріден астар салып, көбінесе бес саусақ түрінде тігіледі. Тоқыма қолғап түйенің және ешкінің түбітінен тоқылады. Тоқыма қолғап бес саусақты да, үш саусақты да (бас бармақ пен сұқ саусақ және былайғы үш саусақ жеке-жеке тұйықбастар да болады), қатты, қайырым жұмыс істейтін адамдарға кенеп қолғап керек. Ол тұйық бас болады. Қазіргі кезде жеңіл өнеркәсіп орындары қолғаптың алуан түрін шығарады. Қолғаптың ең байырғы түрінің бірі – құсбегілер киетін биялай.

Биялай түйенің мойнақ терісінен, бұғы, бұлан секілді аңдардың, өгіздің қалың мойын терісінен сірідей тігіледі. Бүркіттің тегеуріні басқа теріні тесіп кетеді. Биялай да қолғаптың тұйықбас түріне жатады.

Малақай (құлақшын) – ерлердің салқында киетін баскиімі. Оны құндыз, бұлғын, сусар, жанат, түлкі, қарсақ, суыр тағы басқа аңдар мен құлын, бұзаудың терісінен, қозы мен лақтың елтірісінен тігеді. Малақай маңдайдан, екі құлағы мен артқы құлағынан және төбесінен тұрады. Малақайдың төбесі екі түрлі тәсілмен пішіледі. Біріншіден, теріні төрт не алты сай (қиық) етіп пішіп алады да, біріктіріп құрайды. Оның сайларының түйісетін ұштары үшкіл болады да, етек жағы тік төртбұрыш тәрізді болып келеді. Содан кейін оның етегін тік төртбұрыш пішінді ұзыншақ етіп қиып алып, қусырып тігеді. Оған дөңгелек төбе қондырылады. Малақайдың маңдайы, оның екі құлағының арасына дәл келетіндей төртбұрыш пішінді болады. Артқы құлағының биіктігі маңдайының биіктігінен сәл кемдеу, кейде бірдей етіп алынады. Оның ұзындығы екі құлақтың арасына дәл сыйып тұратындай болуға тиіс. Малақай тіккенде теріге өлшеп пішілген астарға мақта не жүн тартып, бидай шүберек салып сырады. Мұның сыртынан терімен тыстап, астары мен тері тысын бір-біріне тігіп жапсырады. Тігіп болған соң қалыпқа кигізіп кереді.

Малақай – әрі жылы, әрі сыпайы баскиім. Қазіргі кезде кәсіпоріндәр өте сәнді малақай тігіп шығарады. Малақайды ерлермен бірге әйелдер де киеді.

Мәсі – аяқкиімнің бір түрі. Оны былғарыдан, шегіреннен, құрымнан тігеді. Мәсінің сыртынан кебіс, не кәлош киіледі. Көбінесе мәсінің қонышы астарланып, көмкеріледі. Ал ұлтаны жалаң қабат болады. Ол тарамыспен ішкі жағынан жөрмеп, не жара шаншып өбістіре тігу арқылы ұлтарылады.

Етікші мәсі тіккенде, ең алдымен, мәсінің басын, қонышын жұқа былғарыдан, ұлтанын қалың былғарыдан пішіп алады. Одан соң тігісін ішіне қаратып, басын қондырады. Осыдан кейін мәсінің қонышын тігеді. Мәсінің қонышын қусырғанда, тігістің арасына жіңішке сыздық салады.

Мәсі – әрі жеңіл, әрі жұмсақ аяқкиім. Ол әсіресе тазалық үшін аса қолайлы. Соңғы жылдары кәсіпоріндәр мәсіні көптеп шығаратын болды.

Аяқкиімнің бұл түріне деген сұраныс жылдан-жылға көбейе түсуде. Саптама етік – ішіне киізден астар салып, былғарыдан тігетін жылы аяқкиім. Ол, негізінен, қыс бойы далада қызметте болатын малшыларға және басқа дала қызметіндегілерге, аңшыларға қолайлы. Саптама етік жылқының, сиырдың терісінен илеген былғарыдан, көннен тігіледі. Ол «түзу табан» және «қисық табан» болып келеді. Оның өкшесі аласа, қонышы тізені жауып тұрарлықтай ұзын болады. Ал басының ойындысын қонышының ойындысына дәл келтіріп, тігісін ішіне қаратып қос тарамыспен тігеді. Басын қондырған соң
оның қонышын қусырады. Етіктің қонышын қусырғанда етік жылы әрі берік болуы үшін, тігістің арасына жіңішке былғары таспадан сыздық салып, қос тарамыспен жиі етіп тігеді. Етіктің басы қондырылып, қонышы қусырылып болғаннан кейін етікті қалыпқа тартады. Ол үшін, ең алдымен, қалыпқа өлшеп, жұқа былғарыдан іштік немесе ішкі ұлтан қиып алып, оны ағаш шегемен қалыптың табанына бірнеше жерден шегелеп бекітеді. Етік басының «сірі өкше» деп аталатын бөлігіне жұқа былғарыдан астар салып, екі арасына қайыңның тозынан не қатты сіріден қос астар салып, қабаттап қайып тігеді.

Бұдан соң етіктің басын қалыпқа кигізіп, жіңішке тарамыспен оның шетін іштікке айналдыра көктейді. Етіктің табанынан суық (ызғар) өтпеу үшін, ішкі ұлтанмен арасына бірнеше қабат көн салады. Қос ұлтан салынып болған соң сыртқы ұлтанды шегелейді. Ұлтан қопарылмау үшін, етіктің үзеңгілігіне дейінгі бөлігіне шеге екі қатар қағылады да, үзеңгілігінің қуысынан бастап өкшесіне дейін бір-ақ қатар қағылады. Саптама етіктің өкшесі аласа болады. Өкше төзбауы үшін оған нәлі қағылады. Саптама етікті әдетте кең етіп тігеді. Күн райына қарай етікті бір байпақпен де, қос байпақпен де киеді. Саптама етікті малшылар қауымының талаптарына қарай қазіргі кезде фабрикадан көптеп өндіру қолға алынуда.

Сәукеле – әйелдердің баскиімі. Оны ұзатылатын қыздар және оның жанына еріп жүретін құрбылары киген. Сәукеленің негізгі бөліктері – тәж, төбе, құлақбау және артқы бой. Сәукеленің төбесі қиық конус тәрізді болып келеді. Оның төбесінде «тәж» деп аталатын жартылай дөңгелек айдар болады. Оны асыл тас, алтын, күміс, меруерт, маржанмен өрнектеп, алтын жіппен әшекейлейді. Сәукеле төбесінің биіктігі екі сүйем, кейде одан да биік болады. Сәукелені өлшеп-пішіп алып, ішіне астар, сырт жағына бидай шүберек ұстап, жиі етіп сырады. Одан соң оның сыртын қамқа, дүрия, торғын сияқты асыл матамен тыстайды. Сәукелені әшекейлеу үшін оның тысының сыртынан зер жіптерден тоқылған оқаларды белдеулеп басады. Оның етегін мақпалмен не қара барқытпен әдіптеп көмкереді. Ал маңдай тұсына зер не жібек шашақтың шоқтарын тігеді. Шашақтың сәукелеге жалғасқан тұсын асыл тастан көз орнатқан алтын, күміс түйреуіштермен бекітеді. Сәукеленің ең сыртынан шашақты, әшекейлі жібек матамен төгілтіп жауып қояды. Ол көйлектің етегі сияқты жерге сүйретіліп жүреді. Сәукелеге ұзын құлақбау тағады. Оның шет-шетін шыр айналдыра зер, не жібек жіппен жалғап көмкереді. Түбіне сәнді түйреуіш түйреледі. Қазіргі кездерде кейбір жерлерде қалыңдықтың басына сәукеле кигізіп, ақ желек жабатындар да кездеседі.

Тақия – ерлердің жеңіл баскиімі. Тақияның түрлері көп: биік төбелі, тегіс төбелі және үшкір төбелі тақия,т.б. Ерлер киетін тақияда теңге, моншақ, тана болмайды. Оның есесіне олар «мүйіз», «ат ерін», «шырмауық» сияқты өрнектермен кестеленеді. Тігін машинасымен, қолмен «таңдай», «ирек» қабырға тігістермен әдеміленіп сырылады. Тақияны пүліштен, құрымнан, балбарқыттан, ал астарын жібек, сәтеннен тігеді. Биік төбелі тақия мен тегіс төбелі тақияның тігілуі бірдей. Ал үшкір төбелі тақияны тіккенде, оның етегінің жалпақтығын үш елідей етіп, тік төртбұрыш етіп қиып алады. Оның төбесі үшбұрыш формалы төрт не алты сайдан құралады. Алдымен оларды тігісін ішіне қаратып құрайды да, одан соң сайлардың етегін тақияның етегіне қондырады. Тақия мыжылмай, өз формасын сақтап тұруы үшін оның астары мен қос астарын беттестіріп жиі етіп сырады. Одан кейін тысын жауып, шетін басқа түсті матамен басқа түсті әдіптен көмкереді. Сайлардың және тақияның төбесі мен етегінің қоспа тігістері білінбеуі үшін сол тігістерді бастыра жібек жіппен әдемілеп шалып тігеді. Қазіргі кезеңде жергілікті кәсіпоріндар әр түрлі тақия жасап шығарады.

Тон – қазақтың ұлттық киімдерінің бір түрі. Оны қойдың, ешкінің және құлынның терісінен тігеді. Тон тігетін терінің, ең алдымен, шел майын арылтады. Одан соң оны күбіге салып, не ашық күйінде илейді және рауғаштың ніліне бояйды. Бұл тонның сыртының кірлемеуі үшін керек. Тонның қазақ даласында тараған негізгі екі үлгісі болған. Оның бірі – тік тон. Екіншісі – бүрме тон. Тік тонның екі өңірі мен артқы бойы шапан, күпі сияқты тұтас пішіліп алынады. Ал бүрме тонның екі өңірі мен артқы бойы, кеудесі және етектері бөлек пішіледі. Оның кеудесі мен етегін қусырады да, одан соң бүріп қондырады, етегі кеудесіне қарағанда кең пішіледі. Тон белінен бүрме шығатындықтан, оны «бүрме тон» деп атаған. Бүрме тон тік тонға қарағанда сәнді болады. Тонға елтіріден, сеңсеңнен, кейде аң терісінен жаға салып, етегі мен өңірін, жеңінің ұшын елтірімен жұрындайды. Тонды сәндеу үшін оның екі өңіріне, етегіне, жеңіне жібек жіппен кесте тігеді. Құлын терісінен тігілген тонды «тайжақы» деп атайды. Тайжақының тігісі ішіне қарағанымен терінің жүні сыртына қарайды. Ол сәнді болуы үшін құлынның жалын тонның арқасына, екі жеңінің үстіне келтіріп тігеді. Мұны көбінде балаларға арнап жасайды, оған астар салынбайды. Астар салған арасына мақта, не жүн тартқан үлкендерге арналған тайжақыны әдетте тон орнына кие береді. Тонның ең қымбаты –қамқа тон. Бұл тон екі түрлі жолмен тігіледі. Оның бірі – «қамқа» деп аталатын жылтыр қара жүнді аңның терісінен түгін сыртына қаратып тігіледі. Екіншісі – алтын, күміс жіптерден (зерден) тоқылған матадан тігіледі. Бұл тонның екеуі де бағалы. Қазіргі кезде қой терісінен сәндеп тігілген тондар өндірілетін болды.

Шапан – қазақтардың және Орта Азия халықтарының ұлттық киімі. Оны қалың матадан арасына жүн, мақта салып, астарлап немесе қос астарлап сырып тігеді. Ол – негізінен, тік жағалы, ішінара қайырма жағалы да болады. Шапан «сырмалы шапан», «қаптал шапан», «қималы шапан» деп бөлінеді. Қыз-келіншектерге арналған қималы шапанды түрлі-түсті масатыдан тігіп, жаға-жеңіне, етегі мен екі өңіріне зер ұстайды. Түйме орнына асыл тастар орнатылған күміс қапсырма (ілгек) пайдаланылады. Қазіргі кезде түрлі-түсті масатыдан екі өңірі мен жеңі кестеленген немесе зер ұсталған (арасына жүн, мақта салмай) шапандар тігіліп сатылады. Қазақ халқының арасына сыйлы адамдарға сыйлық ретінде шапан кигізу дәстүрі кең тараған.

Шекпен – жүннен тоқылатын сырт киім. Шекпен тек қана түйе жүнінен тоқылады. Күзеп алынған түйе жүнін шаңтозаңнан арылтып, одан соң қолмен майдалап түтеді де, шүйке жасайды. Шүйкеленген жүнді ұршықпен иіреді. Шекпен тоқитын жіп өте жіңішке болады. Иірілген жіпті екі ағаштың арасына ыспалап өткізіп, оның буылтықтарын кетіріп, қайта өңдейді. Шекпен де термебау тоқитын өрмекпен тоқылады. Тоқылып болған шекпенді кәдімгі матадан киім пішкендей етіп өлшеп пішеді. Шекпенді жазда киеді. Оған қара барқыттан не болмаса тыстық матадан қаптал жаға (дөңгелек жалпақ жаға) салып, етек-жеңін сондай матамен көмкеріп әдіптейді. Шекпеннің ең әдемі түрін «шидем шекпен» дейді. Шидем шекпен тайлақтың жүнінен тоқылады. Тайлақтың жүні әрі майда, әрі жеңіл болатындықтан, одан тоқыған шекпен де әдемі болып шығады. Шекпен су өткізбейді, сондықтан ол – әрі сулық, әрі жайшылықта кие беруге жарамды бесаспап киім. Су тиген сайын шекпен ширығып, қалыңдай түседі. Шекпеннің тағы бір артықшылығы, ол таза түйе жүнінен тоқылғандықтан аса мықты болады, ұзақ киіледі.

Ішік – қазақтың ұлттық киімдерінің бірі. Ол елтіріден, сеңсеңнен, әртүрлі аң терілерінен тігіледі, сырты матамен тысталады. Ішік тігілетін тері түріне қарай елтірі ішік, сеңсең ішік, қасқыр ішік, түлкі ішік, пұшпақ ішік, орман ішік, жанат ішік, бұлғын ішік, т.б. деп аталады. Ішік тігетін теріні шел майынан, көк етінен арылтып алған соң ашыған айран жағып илейді. Тері әбден иі қанғанда ирек ағашпен тарап, қолмен уқалап, керіп-созып жұмсартады. Ішікті жөрмеп тігеді және тігістерінің бәрі терінің тақыр жағына қарайды. Жұқа терілерді мақта жіппен тіксе, ал қалың теріге жүн жіп пайдаланылады. Ішіктің іші дайын болған соң оның тақыр бетінен бидай шүберек көктейді де, барқыт, шұға, пүліш сияқты қалың тыстық маталармен тыстайды. Қасқыр ішікке – қасқыр не түлкі терісінен, сеңсең ішікке – елтіріден, басқа түрлеріне құндыз не бұлғын терісінен жаға салынады. Ішік – екі маусымда да киюге арналған жылы киім. Мысалы, қасқыр ішік, түлкі ішік, көкебай ішік, қарсақ ішік, бұлғын ішіктер – қыста, пұшпақ ішік, орман ішік, жанат ішік, елтірі ішіктер қара күзде, көктемде киюге арналған. Сеңсең ішік, қасқыр ішікті – ерлер, қалған түрлерін көбінесе әйелдер киген. Әйелдер мен бойжеткендер киетін ішіктер өте сәнді етіп тігіледі. Олардың өңіріне, жеңінің аузына, етегіне айналдыра құндыздан, сусардан жұрын ұстайды. Тысына жібекпен кесте тігеді. Елтірі ішік жетілген қозының бұйра елтірісінен тігіледі. Сеңсең ішік марқа қозының сеңсеңінен тігіледі. Орман ішік түлкінің тамақ терісінен немесе «орман түлкісі» деп аталатын түлкі терісінен тігіледі. Пұшпақ ішік түлкінің пұшпақ терісінен тігіледі. Ішіктің қайсы түрі болса да әрі жылы, әрі киюге тамаша сәнді киім саналады.

Кимешек – қазақ әйелдерінің баскиімі. Оны ақ бәтес немесе ақ торғыннан дайындайды. Кимешектің басқа киетін жағы ашық етіп жасалады. Артқы жақ етегі әйелдің сауырын, алдыңғы жақ етегі омырауын, екі жағы иықтарын жауып тұрады. Кимешек бетінің екі жағы тамаша зер жіптермен немесе қызылды-жасылды жібек жіптермен кестеленеді. Шет-шетіне оқа бастырылады, әсемдеп көркемдейді. Әдетте кимешекті жалаң өзін кимейді. Үстіне шылауыш тартып, біртұтас кимешек-шылауыш ретінде киеді. Сонда ғана ол жарасымды баскиім болады. Шылауыштың шеттеріне салпыншақ үзбелер, маржандар тағады. Мұның өзі жас әйелдің көркін онан ары арттыра түседі. Күйеуі өлген әйелдер өзінің басында қайғы-мұң бар екенін білдіру үшін кестесіз, болса да қызылды-жасылды кестесі жоқ, ақ жақты кимешек киеді. Әр тайпа елдің өзінің кимешекті мәнерлеу өнері болады. Біздің Шыңжаңда Іледегі қызай елінің кимешегі мен Алтай, Тарбағатай елінің кимешектерінде белгілі парық бар.

Шылауыш – кимешектің сыртынан киетін, ақ бәтес немесе ақ жібектен жасалған (тігілген) әйелдердің баскиімі. Қазақта әр жердің, әр елдің өзіндік шылауыш тарту тәртібі, үлгісі болған. Келін түсіп бір мезгіл өткен соң келіншектің желегін алып кимешек-шылауыш кигізу салты өткізіліп отырған. Егде әйелдер мен жас келіншектердің киме-шек-шылауыш тарту үлгісі де ұқсамайды. Жас келіншектер шылауыштың қырын шығарып, сәндеп тартады әрі төбесіне, қоспаларына айжақ, өрнекті түйреуіштер өткізеді.

Кебенек (кей жерде кебентай) – ақ киізден арнайы жасалған сырт киім. Оны түн жастанып жорыққа аттанатындар, жылқы күзетіндегілер киеді. Кебенектің жағасы мен басқа киетін бөлігі тұтас, бірге, етегі аяқтың басына дейін түсіріліп, киімнің сыртынан қаптап киетіндей етіп, кең тігіледі.

Күләпара – тымақтың сыртынан кигізілетін қабы. Қыста киетін күләпараны түйе жүнінен тоқиды немесе арасына мақта немесе жүн салып, сырып жасайды. Бұл тымақтың сыртынан су, суық өткізбеу үшін керек. Сырты бір түсті матамен, жібек кездемемен тысталады. Ал жаздық күләпара жұқа жібек немесе торғыннан жасалып, тымақтың сыртынан кигізіледі. Құлақ тұстарына кесте немесе әртүрлі зермен әшекей салады. Күләпара тымаққа сән кіргізеді әрі оны кірлеуден, тозудан қорғайды.

Қамқа тон. Тонның ең бағалы әрі әдемі түрі «қамқа тон» деп аталады. Ас – аттынікі, той – тондінікі» деген сөз осындай тондарға қаратылған болар. Оны бұрын бай, би, хан, мырза, ханым сияқты биік мәртебелі адамдар киген. Киімнің бұл түрі ондатр, құндыз, бұлғын, манат сияқты бағалы аң терілерінен түгі сыртына қаратылып, астарланып жасалады. Иін әбден қандырып, қынаға бояп, аң терілерімен жиектеп, қой терісінен де жасауға болады. Абылай ханның ұрпақтары ХІХ ғасырдың басында аққудың терісінен қамқа тон тіккізген. Уәли хан (1741-1821) өлгенде оның қамқа тонын Айғаным ханым (1783-1853) кезіндегі сыйлас замандасы Байдалы биге кигізген екен.

Жазушы, этнограф, баспагер Зейнолла Сәніктің көп томдық еңбегінің 280-294 беттерінен алынды.

Мақаланың басын оқу үшін сілтемені басыңыз.

Пікірлер