Қарқара көтерілісі – қазаққа рух берген ұлы оқиға

3972
Adyrna.kz Telegram

Тарихта қазақ даласында болған ұлт-азаттық көтерiлiстер көп. Арғысы – орыс отаршылдарына, яғни патшалық Ресейге қарсы тұрып, бодан болғысы келмеген қазақ шаруаларының көтерiлiсi, бергiсi – кеңестiк режимге келiспеген елдiң ереуiлi қазақ халқының рух азаттығын аңсаған ай­қастары едi.

Алайда Қазақстан тәуелсiздiк алғаннан кейiн кеңестiк идеоло­гияның ықпалынан ада болған елдiң рухымен жазылуға тиiс тарихымыз тағы да тәлкекке түсiп жатқан түрi бар. Бiрiншiден, елдегi саяси билiк көтерiлiстер тарихын қозғауға, сол арқылы халықтың саңылауына «қиқым» түсiруге қарсы. Себебi, мүмкiн болар көтерiлiстерден зәредей қорқады.

Екiншiден, үкiметтiң тапсырмасымен ел тарихын қайтадан жазу барысында ежелгi тарих бүгiнгi «ұлт көшбасшысының» есiл еңбегi мен ерлiктерiнен асып кетпеуi керек. Себебi, қазақ мемлекеттiгiн «алғаш рет» қалыптастыр­ған, қазақ елiнiң шекарасын «жасап берген», қазақты тұңғыш рет әлемге «танытқан» тұлғаның аты барлық тарихтың алдында тұруға тиiс.

Мiне, сөйтiп, өткен тарихтың өңi оңып, кеңес кезiнен қалған ақтаңдақтар мүлде айтылмауға айналды. Қазақтың құлданған, отарланған ұлттық рухын сiлкiлеп, кезiндегi күрескер мiнезiн бүгiнгi ұрпақтың санасына салып қою үшiн, тарихымызда болған ұлт-азаттық көтерiлiстер жөнiндегi азды-көптi жиған-тергенiмiздi оқырман назарына ұсынып отыру дәстүрiн одан әрi жал­ғастыру жөн сияқты.

Қадiрлi оқырман, егер сiздерде бұған дейiн жарияланған «Торғай көтерiлiсi», «Созақ көтерiлiсi» жарияланымдарына қатысты тың деректер, жаңаша ойлар болса, газетiмiздiң редакциясына жазып жiберулерiңiздi сұраймыз. Бiз ереуiлдеген елдiң тарихына қатысты жаңаша жағдаяттарға газеттен қаншалықты орын қажет болса, соншалықты көлемдегi бет бере аламыз.

АЛБАН ҚЫРЫЛҒАН

Тарихта «Қарқара көтерiлiсi» немесе «Албан қырылған» деген аттармен қалған ұлт-азаттық көтерiлiс – 1916 жылы болған патшалық Ресейдiң бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа әскер алуына қарсы шыққан албан руының қарулы көтерiлiсi. Бұл көтерiлiстiң тарихы Кеңес Одағы кезiнде патшалық жүйеге қарсы коммунистiк сарынмен зерттелiп, оның ұлттық сипатына мән берiлмедi. Бiздiң қолымыздан өткен ондай ғылыми еңбектердiң денi таптық тұрғыда жазылудан арыға бармаған.

Орыс отаршылдарының қазақ даласына салған лаңы көп екенi белгiлi. Арғысын айт­пағанда, бергi ғасырлардағы бұратана халықтың Ресейден тартқан азабы, көрген қасiретi орыс патшасының қысастығы тұрғысында ғана бағаланып келдi.

Патшалық Ресейдiң бұратана даланы отарлауы 1864 жылдан кейiн одан сайын үдете жүргiзiлдi. 1867 жылы патша үкiметi қазақтың барлық жерiн өз иелiгiне алғаны жөнiнде құжат қабылдады. Жан-жақты жабдықталған «Жер қоры» құрылды. Бұл қорға қазақтың ендi, шелдi, шұрайлы жерi түгел тартып алынды.

1889 жылы арнайы заң шығарылып, ол жерлерге Ресейден жер аударылған орыс мұжықтары қоныстандырылды. Сөйтiп, қазақ даласына 1891-92 жылдары iшкi Ресей жақтан жер игерушi орыстар көшiп келе бастады. Бұл үдерiстi үдете түсу үшiн, патша үкiметi 1904 жылы «Село тұрғындары мен диқан мещандарының өз еркiмен қоныс аударуы туралы» тағы да заң шығарды. Осы заңның аясында қазақтан тартып алынған жерлерге келiмсектердi орналастыру үшiн, «Қоныстандыру қоры» құрылды.

1906-12 жылдары қазақ даласының шұрайлы жерлерiне ауып келгендер саны бұрынғыдан да артып, жергiлiктi тұрғындар өз атамекенiнен айырылып, амалсыз орыс мұжығына жалданатын болды. Ақыры, 1913-15 жылдары тек қана Байынқол, Текес, Қақпақ, Сарыжаз, Шәлкөде, Қырғызсай, Жалаңаш, Кеген өңiрлерiнде ең құнарлы егiстiк пен шабындық жерлер казак-орыстарға күшпен берiлдi. Осы тұста Қарқара жайлауы саудагерлердiң, орыс көпестерiнiң малын жайып тұруға тартып алынды. Қарқара жазығы тұтастай орыс көпестерiнiң иелiгiне қарады. Жердi түгел тартып алған соң, ондағы халыққа қысым жасала бастады. Мақсаты – елдi құлдыққа салу немесе жерден бездiру едi. Ол үшiн саяси езгiнi күшейттi.

Әуелi қазаққа саяси билiк берiлмедi. Қазақ өзiне-өзi қожа болудан қалды. Онымен қоса, өз мүлкiне өзi ие бола алмайтын жағдайға түстi. Қысқасы, Аспан тауының қойнауын мекендеген албан руы өз жерiнде өздерi бейбiт өмiр сүру еркiндiктерiнен айырылды.

«Қарқара көтерiлiсiнiң» себеп-салдарын зерттеп, «Қилы заман» повесiн жазған қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов қасiреттi көтерiлiстi өмiрлiк шындық тұрғысында суреттеген. Онда көтерiлiс басшылары және оның нәтижесi көркем әдеби тiлде жазылса да, тарихшылардың пiкiрiне қарағанда, ол өзiнiң тарихи түп-тегiнен ауытқымаған, суреттелiп жазылған.

…ШИ ЖҮГIРТКЕН

Қарқара көтерiлiсi – 1916 жылы шiлде айының алғашқы күндерiнен басталып, қыркү­йек айының аяғына дейiн созылған. Алғашқы «өрттiң» тұтанған жерi – Асы жайлауы. Асы жайлауында отырған бейбiт халыққа әскерге бала алу үшiн шапқан патша армиясы алдымен ауылдың шетiнде жүрген қатын-қалаш, бала-шағаға бүйiдей тиген. Ер азаматтардың қарсылық көрсеткендерiн атқан, шапқан.

Бiр деректерде солдаттардың ауылға салған лаңы, халықты қорлаған жауыздығы ашып жазылған. Көздерi қанталап алған патша әскерлерi киiз үйге ауыл адамдарын сыйғанынша қамап, сыртынан өртеп жiберген. Араларынан құтылып шығып, сай-салаға қашқан балаларды найзаның ұшына iлiп, жүктi әйелдердiң қарнын жарған. Ер жiгiттердiң жыныс мүшесiнiң шыбығына ши жүгiрткен. Шалдардың сақалын кесiп, кемпiрлердiң кимешегiн қылышпен тiлiп, масқаралаған.

Тарихта бұл көтерiлiс ұлт-азаттық сипат алды. Басшылары да қазақы ортадан шыққан батырлар мен билер болды. Ең бастысы, бұл көтерiлiс стихиялық түрде басталса да, ол ұйымдасқан сипатпен жалғасын тапты.

«Қарқара көтерiлiсi» жайлы бұрын-соңды айтылып, жазылып жүрген тарихи фактiлер, әрине, аз емес. Осы орайда қазақтан шыққан тұңғыш инженер Мұхаметжан Тынышбайұлының жазбаларында көптеген деректер сақталған. Көтерiлiстiң қоламтасы сөнбей тұрған сол 1917 жылдың 6 желтоқсан күнi жарық көрген «Қазақ» газетiнде (№ 254) инженер-тарихшы бiраз дүниенiң бетiн ашыпты. Ол осы жолғы көтерiлiсте албан руынан жалпы саны – 69440 адамның 35100-i қырылғандығын айтады. Оның көбi әйелдер мен балалар және қарттар болған.

Кейбiр тарихи деректерде Жаркент уезiнiң халқы 1916 жылға дейiн 6 суан, 14 албан болып, барлығы 20 болыс құраған. Осы аймақтағы жалпы түтiн саны 17712 болса, көтерiлiстен кейiн 5094-i қалыпты. Қытайға бас сауғалап кеткендердiң саны – 12612 болса, оққа үшқандарының саны – 40 адам. Кейбiр деректерде шекара асып бара жатып оққа ұшқан, тағы басқа себептермен ажал құшқандардың саны бұл көрсеткiштi бiрнеше есеге көбейтедi. Мәселен, Нарынқолдан Қытайға асатын Сартаудың арғы бетiндегi Ой­қорым деген жерде 500 түтiн тынығып жатқан жерiнде патшаның жансызының сатқындығымен шай қайнатым уақытта қырылып қалған. Осы деректi кейiн Қытай архивiнен көрген Шыңжаңға белгiлi тарихшы Сапарбек Молдағұлұлы: «Ойқорым қырғынын кiм бiледi?» деген атпен деректi мақала жазып шығыпты. Мұн­дағы жылдары елге келген қандастар арасында Ақтоты есiмдi әженiң сол Ойқорым қырғынында болғанын өз аузынан естiдiк. Ол кезде Ақтоты әже екi жастағы бала екен.

ЕЛДЕН ҚАШҚАН

Тарихшы ғалымдардың зерттеп тапқан бiр деректерiнде сол зұлмат жылдары Қытай жерiне ауған халық саны одан да көп екенi айтылады. Осы тұста албандармен қоса, қырғыздар және Орта жүздiң бiраз рулары шекара асқан. Оның жалпы саны 200 мыңға жетiп жығылады екен. Көдек Маралбайұлы осы 1916 жылға арнап дастан жазған. Ақынды кейiн 1937 жылы, яғни алаш қайраткерлерi опат болған мезгiлде, Совет үкiметiнiң жансыздары Қытайға барып, у берiп өлтiрген.

Бұл жайында соңғы жылдары Қытай қазақтары арасында алуан түрлi әңгiме айтылып жүр. Көдек нағыз жауынгер ақын болған. Айдаһар елге бар­ған соң, Чиң үкiметi жа­йында талай сыни бағыттағы дастандар жазған. Қазақтың маңдайына бiткен Жүсiпбек­қожа Шайхысламұлы, Әсет Найманбайұлы секiлдi әйгiлi ақындарымыздың Қытай жерiне қашып өтуi де осы жылдарға тұспа-тұс келедi.

Осыдан төрт жылдың алдында, яғни 2006 жылы «Қар­қара көтерiлiсiнiң» 90 жылдығына орай өткiзiлген ғылыми-тәжiрибелiк конференцияда академик Кеңес Нұрпейiс: «1916 мен 1986 жылғы көтерiлiстердiң арасында сабақтастық бар», – деп пiкiр айтыпты. Рас-ау, қазақ даласындағы ұлттық көтерiлiстердiң қай-қайсысын алып қарасаңыз да, қазақ ұлты өзiнiң бас бостандығы үшiн қолдарына қару алғаны белгiлi. Көтерiлiстiң осы реттегi, яғни 90 жылдығы қарсаңында белгiлi қоғам қайраткерi және жазушы Сейдәлiм Тәнеке: «Қазақтың «Ақтабан шұбырындыдан» кейiн руға, жүзге бөлiнбей, ел азаттығы үшiн асқан ауыз­бiрлiкпен бiр кiсiдей аттанған жорығы – 1916 жылғы көтерiлiс болды», – деп, Қар­қара көтерiлiсiне үлкен баға берген екен.

«Қарқара көтерiлiсiнiң» жалпылық сипат алғаны жөнiнде, яғни қазақ даласындағы сол жылдардағы ұлт-азаттық көтерiлiстердiң бастауы болғандығы жайында тарихи материалдар бар, бiрақ жеткiлiктi емес. Тарихта «Қызылбөрiк iсi» деген атпен қалған көтерiлiс сол жылы тамыздың 3-iнде Шелек болысында басталған. Мұның жалыны бүкiл қазақ жерiн шарпып, екi күннен кейiн ұлт-азаттық көтерiлiстiң бiрi – Торғай көтерiлiсiне ұласқан. Одан араға бiрнеше күн салып, Шығыс Қазақстан аумағы мен Шу, Сырдария өңiрлерiне тараған. Арада 6 күн өткеннен кейiн Өзбекстандағы қазақтар да қосылып, көтерiлiс күллi қазақ даласын жалындай шарпыған. Тарихшылардың осы көтерiлiстердi қазақтардың ауызбiршiлiктi, берекелi көтерiлiсi деуi де содан шығар…

«ЕРЕУIЛТӨБЕ» ЖОҒАЛҒАН

Қасiреттi жылдары осы аймақтан от пен оққа түскен талай оғлан ұлдар, апайтөс батырлар шықты. Олардың алдыңғы сапында Әлмерек Ұзақ батыр тұрды. Ұзақтың арғы атасы – Әлмерек. Ол – бүкiл қазаққа белгiлi әулие әрi батыр болған кiсi. Райымбек батырға бата берген бiр тайпа елдiң батагөй ақылшысы. Қазiр оның кесенесi Алматы қаласының түбiндегi Покровка селосында. Село бүгiнгi күнi абыздың есiмiмен аталып жүр.

Қазақ даласында осы жылдары 300-ден астам ұлт-азаттық көтерiлiс болыпты. Солардың бәрiнiң де басшылары бар. Ұзақ батыр да – сол көтерiлiстердiң басшыларымен бiрдей бағалап, салыстыруға болатын тұлға. Өйткенi ол – қарақан басын өз халқының бостандығы үшiн құрбандыққа тiккен баһадүр. Ұлы Мұхтар Әуезов әйгiлi «Қилы заман» повесiнде: «Кiшiлеу дөңгелек денелi, бурыл сақалды ер Ұзақ қажымас қайрат иесi, ержүрек батыр иесi болатын», – дейдi.

«…Ұзақ аласа бойлы, ақсары өңдi, қой көздi, маңдайы кең, төбе сүйегi қырланып келген мiнездi адам болған», – дейдi немере iнiсi Әлiхан Тобажанов өз естелiгiнде. Өкiнiшке қарай, бұл күндерi батырдың атын дәрiптеу, оны жас ұрпаққа өнеге ету iсiнде ел үкiметi тарапынан еш нәрсе жасалып жатқан жоқ. Мәселен, Ұзақтың тарихи тұлғасын зерттеу әлi қолға алынбапты. Сондай-ақ батырдың бүгiнге дейiнгi белгiлi болған батырлық бейнесi мен iзгi iстерi мектеп оқулықтарына енбеген.  Бұл – батырдың аруағына жасалған қиянат.

Айтпақшы, iлгерiлеп айта кетейiк, Ұзақ батырды зерттеп жүрген бiр жас тарихшы (белгiлi себептермен атын атамауды жөн санадық) бұл тақырып академиялық зерттеу орталықтары тарапынан қолдау таппайтынын айтты. Оның себебiн сұрағанымызда, ол: «Ұлы жүзден «ұлт көшбасшысының» тұлғасына көлеңке түсiретiн тұлғаларға қатысты ғылыми-қорғау еңбектерi Ғылым министрлiгi тарапынан сызылып тасталады, – дедi. – Сол себептi менiң жетекшiм кандидаттық еңбектi кейiнiрек қорғауға кеңес бердi», – дейдi жас ғалым.

1916 жылы Ұзақ батырмен бiрге албан руынан талай батырлар шыққан. Мәселен, Жәмеңке Мәмбетұлы да осы кезде орыс отаршыларына ойсырата соққы берген жау жүрек батыр болыпты. Оның: «Берсек, бала өледi. Бермесек, шал өледi. Бала өлгенше, шал өлсiн, адам бермеймiз!» – деген қанатты сөзi халықтың үнiне, сол кезгi ұранына айналып кеттi. Ұран ел арасында осы күнге дейiн айтылып жүр.

Жәмеңкемен қанаттас Серiкбай, Әубәкiр сияқты батырлар және Ұзақбайдың Монай-Мұқаны секiлдi қолбасшылар, Диқанбай Жанпейiсұлы, Жақыпбердi Солтанқұлұлы, Аққоян Сабаншыұлы, Қабылбек Сауранбайұлы сынды жасақ басшылары, батырлардың ерлiгi елге мұра, ұрпаққа ұран болып әлi күнге дейiн жалғасып келедi.

Кейiнгi жылдары Қарқара көтерiлiсiн зерттеп жүрген тарихшы-ғалымдардың айтуына қарағанда, «Қарқара көтерiлiсiнiң» тарихи мәнi әлi толық ашылмаған. Себебi, дерек көздерi аз көрiнедi. Мәселен, халық арасында айтылып жүретiн Тұзкөлдiң маңындағы қырғын жайында белгiлi журналист-зерттеушi Сағатбек Медеубекұлынан басқа ешкiм тұшымды пiкiр айтып жүрген жоқ. Сол Тұзкөлдiң маңында 27 адам оққа ұшыпты. Өлiктер көктемге дейiн көмусiз жат­қан екен.

Осы күнi «Қарқара көтерiлiсi» жайындағы жазбаларда айтылып жүретiн «Ереуiл­төбенiң» әуелгi аты «Айттөбе» екенiн де ауылдағы қарттардың аузынан естiп жүрмiз.


Жұқамыр ШӨКЕ,

«DАТ».

 

Пікірлер