Екі шығарма — бір оқиға немесе «Жантай батыр» мен «Батыр Баян» дастандары жайлы

5886
Adyrna.kz Telegram

Талай уақыттардан бері көзден таса болып келген Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастаны бертін, тоқсаныншы жылдардың басында қалың оқырманмен қайта табысты. Шағын поэмаға сюжет етіліп сол кездегі қазақ-қалмақ соғысының бір кезеңі, батырдың өз басынан өткен трагедиялық оқиға (тұтқынға түскен қалмақтың қызымен бірге қашып кеткен өзінің інісі Ноянды атып өлтіруі) және Баянның өзінің Балқаш көлі маңындағы ұрыста опат болуы сөз етіледі. Кезінде Баян батыр мен оның інісі Ноянға қатысты осы оқиғаны Ілияс Есенберлиннің «Жанталас» романынан да оқығанбыз. Ілекеңнің сол уақытта бұл оқиғаны өз шығармасына деталь етіп Мағжанның «Батыр Баянынан» да алуы ғажап емес. Себебі Ілекең заманындағы адамдардың «Батыр Баянды» сонау заманда алғаш басылған кезінде-ақ  оқығаны даусыз. Кейін Мағжан ақын ақталып, «Батыр Баян» тасқа басылып, қалың елге тарады. Б. Тілеуханов қобызға қосылып дастаннан үзінді орындайтын болды. Кинофильм түсірілді. Халықтың Баян батыр тұлғасына деген қызығушылығы оянды.

Бұның бәрін сөз етіп отырған себебіміз, ХҮІІІ ғасырдың абыз жырауы Үмбетей Тілеуұлының «Жантай батыр» деп аталатын дастаны бар. Бір қызығы екі дастанға да арқау етіліп алынған Балқаш көлінің маңында болған қазақ-қалмақ ұрысы, яғни «Шаңды жорық» атанған бір ғана оқиға. Мағжан ақын ел аузынан естіген тарихи әңгімеге ақындық қиялын жалғап, көркем дастан тудырса, Үмбетей өзі тікелей ішінде болып, көзімен көрген оқиғаны жырлаған.  Айта кететін бір жайт, ауыздан-ауызға ауысып жүріп, Үмбетей дастанының біраз стильдік өзгерістерге ұшырағаны байқалады. Бірақ оқиға желісі сол қалпында сақталған…

Үмбетей шау тартқан шағында Бөгенбай батырдың немересі Бапан би келіп:  «Жырау ата, бабам Бөгенбаймен жорықтас болдыңыз, сол заманнан қалған ғибратты әңгіме болса айтпайсыз ба?» – дегенде, қарт жырау осы «Жантай батыр» қиссасын жырлап берген екен. Кейін дастанды Бапанның өзі де айтып жүріпті. Кезінде Үмбетей шығармашылығы жайлы біраз ізденген қаламгер, шежіреші Ғалымжан Мұқатов 1953 жылы «Жантай батыр» дастанын ауыл жыршысы Жылыбайдың Жұмағұлы деген адамның аузынан жазып алып, қайдан үйрендің деп сұрағанда, Жұмағұл қиссаны Төлеш деген адамнан үйренгенін айта келіп:

«Төлеш-ау, үйрендің сен мұны қайдан? –

Дегенде ол ұқтым деді Атқыбайдан.

Атқыбай –Үмбетейдің шөбересі,

Қиссаны ауызымен жұртқа жайған.

Қиссаны одан бұрын Бапан айтқан,

Бапан би өз тұсында бопты жайсаң.

Қазақта белгілі ғой тілдің майы,

Кей жерін кейінгілер көп ұлғайтқан»,– деп дастанның біраз өзгеріске ұшырағанын да меңзеп өтеді.

Өкінішке орай, Үмбетей шығармашылығы кезінде жете зерттелмей, бұл дастан өткен ғасырдың 40-50 жылдарына дейін ел ішінде айтылып келгенімен, тасқа басылып, қалың оқырманға тарамаған.

Түбі ерейментаулық жорналшы, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаумен айналысқан марқұм Ғалымжан Мұқатов: «Үмбетейдің артында 1500 жол әдеби мұра қалған» деп жазады. Соның негізгі бөлігін құрайтын осы «Жантай батыр» дастаны. Дастанды бергі заманға жеткізген Үмбетейдің өзінің шөбересі Атқыбай жырау Байкенжеұлы, оның баласы Имақан ақын, Қыпшақ Сатыбалдының Жаманқұлы, Бейсекейдің Төлеші, Жылыбайдың Жұмағұлы деген адамдар екен. Тағы бір айта кетерлігі, осы  оқиғаға арнап Саққұлақ бидің немересі, белгілі ақын, талай жылдар Ерейментаудағы Қоржынкөл болысын басқарған Олжабай Нұралыұлы да дастан жазыпты. Одан басқа сол өңірдің тағы бір жүйрігі, Олжабайдың замандасы Жадайдың Молдажаны да кезінде «Жантай батыр»  деген бір дастан шығарған (Бөгенбайдың ағасы Көлбайдан тарайтын Молдажан аса дарынды ақын, айтулы зергер болған кісі.

Оның «Жантай батыр», «Бөгенбай батырдың бір жорығы» атты дастандары мен біраз өлеңдері ҚР Ғылым академиясының қолжазба қорында сақтаулы). Қолға түскен тарихи деректерді өзек етіп біз де (С.Б.) өзімізше 2000 жылы «Ел қонған» атты дастан жазған едік. Сөйтіп, осыншама адамға шығармашылық шабыт берген «Жантай тақырыбы» несімен құнды, несімен қызықты деген заңды сұрақ туады. Оның себебі біздіңше, Жантай бастаған батырлардың сол алапат шайқаста ерліктің асқан үлгісін көрсетуінде. Жантайдың аз ғана қолмен (бір деректе 500 десе, енді бір  деректе 80 адам делінеді) қалың қалмаққа шабуы. Сол кездегі Ерейменді жайлап жатқан қалмақтарды он мың түтін еді дейді бүгінге жеткен әңгімелерде. Осы он мыңның шаңырақтан жоқ дегенде атқа мінетін үш-төрт  мың сарбаз шығады десек, ол аз күш емес. Соншама  жауға азғана әскермен қарсы шабуға қандай жүрек керек екенін біле беріңіздер!  Дегенмен күш тең болмаған осы ұрыста қазақтар жағы тегіс опат болып, Жантай өзінің қос ұлы Мырзагелді, Тоқашпен ғана қалады. (Мырзагелді ол кезде отау түсірген, бесікте Жанболат атты бір ұлы бар, ал інісі Тоқаш әлі үйленбеген, жасы он алтыда ғана екен). Осы қиян-кескі шайқаста Жантайдың немере інілері Үйсінбай мен Найманбай, уақ Баян батыр да шаһит кешеді. Он жеті жерінен жарақат алып, әбден қансыраған Жантай бұл жерден аман шықпасын біліп, үлкен ұлы Мырзагелдіге: «Бізге топырақ осы арадан бұйырады, білем, үшеуміз бірдей опат болсақ, Бозымнан (қанжығалы ішіндегі бір ата) ел қондыратын адам қалмас! Садақты бір тартып, саған жол ашатын халым бар, Сарыбауыр атқа мін де, қоршауды бұзып елге қаш» дейді. Бірақ атадан  батыр туған Мырзагелді: «Жоқ, әке, мен өлсем, соңымда атымды атандыратын Жанболатым бар. Әлі отау көтеріп, үй болмаған мына Тоқаш кетсін елге, өліп кетсе, өмірге келмегендей болады ғой!» деп бас тартыпты. Сөйтіп әкелі-балалы үшеуі қош айтысып, Тоқаш Сарыбауыр атпен қоршауды бұзып, шығып кетеді. Егер Мырзагелді жанын күйттеген адам болса, тура келген ажалдан басын сауғалап, өзі кетер еді. Бірақ олай істемей, басын өлімге қиып, ұрпақсыз қалмасын деп  жолын інісі Тоқашқа ұсынады. Міне, шын ерліктің үлгісі! Қалам ұстап жүрген кез келген адамды тебірентетін-ақ оқиға!

Жоғарыда аталған әдеби шығармалардан басқа, Жантай батыр жайлы деректер Шоқан еңбектерінде біршама айтылады. Кезінде Шыңғыс сұлтан өзінің қасында болған қыпшақ Сатыбалдының Жаманқұлы деген жыршыға «Жантай батыр» қиссасын айтқызып, оны Шоқанға жаздыртып алып, облыстық шекара бастығы полковник М.Ладыженскийге тапсырған екен.

Жантай батыр жайлы ел ішінде айтылған ескі әңгімелердің негізге алып Шоқан өзі былай деп жазады: «…хан стоял на сборном месте, не двигаясь, он дожидался  храброго батыра Баяна, несмотря на ропот других батыров. Наконец  явился с 540 человеками и он предстал перед ханом.

…В это время канджигалинец  Джанатай батыр (Жантай батыр.С.Б.) державший передовой караул с отрядом в 500 человек в расстояний суточной езды, был убит калмыками.

..Когда узнал Джанатай о смерти любимого своего брата, сделал проклятие и поклялся против убиц: «Или умру, или напьюсь вашей кровью!» Велел подать лошадей, с 500 человек ворвался в ставку калмыков, их было 10 тысяч, и утонул в битве-битва была страшная, киргизы шли на смерть. Уисинбай с распоротым животом, держа внутренности в полах своего халата, дрался и спрашивал: «А что, Джанатай батыр, с распоротым животом можно ли жить?».

Все пали, остался Джанатай и 8 человек и сын его Токыш (Тоқаш. С.Б.). Джанатай слез с лошади, подал ее сыну, говоря: «Отправляйся домой, пробейся, ибо не будет человека который при случае мог бы за меня отомстить».

Когда Аблай узнал о смерти Джанатая, плакал неутешно, говоря: «не дававший себя точить, черный булат мой!». (Ч.Валиханов. 1 том. Стр. 225-226. Алматы.1961)

Бір өкініштісі, тарихи тұлға ретінде соншама қызығушылық тудырған, қаншама әдеби шығармаларға өзек болған Жантай батыр Төлекұлын Ерейментау елі болмаса, былайғы жұрт біле бермейді. Оның басты себебі кеңестік кезеңде тарихымыздың  дұрыс  зерттелмеуінен және Жантайға байланысты жоғарыдағы шығармалардың әдеби айналымға түспеуінен деп    білуіміз керек.

Тіпті Жантай есімі көп уақытқа дейін Жанатай болып қате жазылып келді. Мысал, Қазақ Совет Энциклопедиясында бұрындары «Жанатай» болып жазылса, кейінгі жылдары шыққан Қазақ Ұлттық Энциклопедиясында «Жантай» болып түзетілгенімен,  «…батырдың сүйегі Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы, Жанатай ауылының жанында жатыр» деген жаңсақ дерек жүр.

1960 жылы Ғалымжан Мұқатов бастаған бір топ ерейментаулық азаматтар Жантай батыр есімінің қате жазылып жүргені жөнінде “Қазақ ССР тарихын» редакциялаған академик Әлкей Марғұланға хат жазады. Оған Әлекең  төмендегідей жауап беріпті: «…Жантайдың «Қарабұжар Жанатай» болып жазылуы Шоқаннан тарады. Шоқанда тура Жанатай (соч.Чокана Валиханова под ред.Н.И.Веселовского,1904 г. Стр. 312, 319, 320).

…Жантайды Шоқанның «Жанатай» деп жазуына себеп болған тегінде арап харпінің толық жеткізе алмауынан болуы керек. Мұны тек Жантай батырдың ұрпақтары сақтап келген қария сөзбен, тарихи әңгімелермен, жыр ұйқасымен өздеріңіз ғана дәлелдейсіздер. Сәлеммен Әлкей».

Ал енді «Қарабұжырға» қайта оралсақ, ол Жантайдың емес, Үмбетей жыраудың лақап аты екен дейді бүгінгі ұрпақтары. Бұл жөнінде белгілі ғалым, марқұм Қайым Мұхаметханов төмендегідей пікір айтыпты: «…Қанжығалы Үмбетей жырауды Мағжан да мадақтап: «Әрі ақын, әрі батыр Қарабұжыр, айтатын өрлеп барып аспанға сыр» дейді ғой. («Батыр Баянда» осындай жолдар бар. С.Б.).

Сондай-ақ, Қарабұжыр деген ата Павлодар облысындағы  Ақкөл-Ақтоғай өңірін жайлаған қанжығалылар ішінде бар. Ал Жантай Ереймен қанжығалыларының бір атасы Бозымның Нияз деген тармағынан тарайды. Нияздан – Шағыр, Төлек, Қабыл, Күңбас, Дархан. Төлектен – Можы батыр, Жантай батыр туады. Қабылдан – Арқандыр батыр, Күңбастан – Үйсінбай, Найманбай батырлар. Жантайдың өзінен – Мырзакелді,Тоқаш, Қырғыз атты үш ұл. Мырзакелді Жантайдың өзімен бірге шайқаста опат болды дедік. Одан туған Жанболат Бапан бидің замандасы,  Қанжығалының төбе биі атанған адам. Жанболаттың баласы Әуен де ел арасына билік айтқан, өз заманында ауылнай сайланған, көкірегі ояу, өлеңге ұста адам болыпты. Әуен айтыпты деген кейбір сөздер бүгінге дейін жетіп отыр. Бір атап өтерлігі, осы Нияз әулетінен батырлар көп шыққан. Нияздың тағы бір баласы Шағырдан тараған ұрпағы, ел ішінде  Бала Сыздық атанған Сыздық балуан Бейсенбіұлы 1916 жылғы Ереймендегі халық көтерілісінде Бас сардар болып сайланған.

                             Қос дастанға арқау болған оқиға        

Енді оқырманға түсінікті болу үшін, екі ауыз сөзбен жоғарыда айтылған екі дастанның қысқаша мазмұнына тоқтала кетейік. Оқиғаға арқау болған ХҮІІІ ғасырдың 20-40 жылдары Сыр бойынан ауа көшкен Момын Арғынның бір тармағы Қанжығалы елінің Ерейменге келіп қоныстануы. Ол уақытта Ереймен тауларын Уса Серен бастаған 10 мың үйлі жоңғарлар жайлап жатыр еді дейді бүгінге жеткен Ереймен тарихы жөніндегі деректе. Бөгенбай бастаған батырлар күндіз-түні ұрыс салып, осы қалың қалмақты Ерейменнің оңтүстігіндегі Аюлы-Нияздың Қаракөліне қарай аударып тастайды. Мал-жанына өріс тарылып, қысымшылық көрген  қалмақтар Абылай ханға кісі салып, оның баласы Қасым төрені қонаққа шақырып, қыз құмарлау немеге қалмақ бегінің қызы Әйніш сұлуды көрсетелік, алам десе әйелдікке берелік, сөйтіп Қасым арқылы қазаққа дегенімізді істетерміз деп шешеді. Абылай хан Уса Сереннің бұл ұсынысына көп ойланып, ақыры жанына бірнеше кісі ертіп, Қасымды қалмақтарға жібереді. «Жантай батырда» осы мәселеге Қасым төренің шешесі Топыш сұлудың да ықпал еткені айтылады. Ол баласын Усаның ауылына қонаққа жіберуге Абылай ханды көндірмекке былай дейді:

«Ей, сұлтан, абыройың жұрттан асқан,

Бағың мен тағыңа елде жоқ таласқан.

Құмартып шақыртқанға жібермесең,

Демей ме біреу сені асып-тасқан.

Жарың боп, қосағың ем қолқа салған,

Бір сапар жолдас ақым беліме алған.

Жіберші естияр көп нөкер қосып,

Тәуекел, көрсін қызды Қасым задаң».

Бұл тарихта шын болған оқиға, себебі ол жөнінде Үмбетей өз дастанында былай деп жырлайды:

«Қонаққа Қарауылдан шешен Қанай,

Сүйіндіктен баспа, қу би Төлебай.

Уақтан батыр Сары бірге аттанып,

Жырауды Үмбетейдей қосты болмай».

Яғни, оқиғаның ішінде Үмбетей өзі де болған. Алған сый-сияпаты мен қалмақ бегінің қызы Әйніш сұлудың көркіне елтіген Қасым төре оны әйел етіп алмақ болып, кейін Ерейменнің Қоржынкөлінде өткен жиында «қалмақтарды  қаңғытпай, қоныс беру керек» деген ұсыныс айтады. Бұған ашуланған Жантай батыр: «Сен телімге түскен қалмақтың қызы Топыштан туып едің, нағашыңа бүйрегің бұрып тұр ма, қалмақ бізге ел болмайды, біржола әрі қарай асырып тастау керек!», – деп қарсы шығады. Бұл сөзді жалпы  Орта жүз батырлары жақтағанымен, Абылай хан мен Бөгенбай елді уақытша бітім жасауға көндіріп, қалмаққа Ерейменнің сыртқы бетіндегі теріс қыстаулардан қоныс беріп, бейбіт тірлік жасауға келісім жасап, екі араға Жантайдың немере інісі Арқандыр батырды шолғыншы етіп қояды. Бірақ жаулыққа бекінген қалмақтар Әйніш қызды енді Арқандырға салып, қыз оның да басын айналдыра бастайды. Арқандыр бірде аң қуып жүрген Үйсінбайдың астындағы жүрдек нарына қызығып, сұрайды. Бұған Үйсінбай: «Қалмақтың асыл тұқым мың түйесі бар, жігіт болсаң барып алмайсың ба?», – дейді. Намысы келген Арқандыр мың түйенің ішінен тоғыз нарды айдап алады. Ақыры осының аяғы қантөгіске ұласып, қалмақтар далада жалғыз-жарым жүрген Арқындырды өлтіріп, бір түнде ауа көшіп қашады.

Бұл уақытта Жантай батырдың ауылы Өлеңтінің бойындағы Ажы тауын жайлап отырса керек. Жанболат атты немересін сол жазда бесікке салыпты. Суық хабар жеткен соң қаһарына мінген Жантай аз ғана кісімен Қоржынкөлдегі Бөгенбайдың ауылына келіп:

– Бөке, қылдың да, тындың! Қалмақ түбі бір қастық қылады деп едім ғой, ақыры соны істеді. Тез атыңа мін! – дейді.

–       Сайланып бара жатқан жау аз ғана қолға алдыра ма, сәл аялда, дайындық қылайық ,-деген Бөкең сөзін ашулы Жантай құлағына ілмей, «не қырылып келем, не қырып келем!» деп аттанып кетіпті.

Жантай кеткен соң Бөгенбайдың бәйбішесі Баяу анамыз:

–       Әлгінің аузынан «қырылам» деген сөз бұрынырақ  шықты, бір қатерге ұрынып жүрер, Бөке, жылдамырақ шығыңыз! – деп ақыл қосады…

Енді екі дастан бір оқиғаға арналды деген сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтірейік. «Батыр Баянда» осы жорыққа атсалысқан батыр-билер жайлы:

«Жиылды өңшең ноян ығай-сығай,

Бәйжігіт, Тасболат пен би Толыбай.

Ту баста Абылайды хан көтерген,

Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай.

Ашуы жауған қардай, шөккен нардай,

Қарт қыран Қанжығалы қарт Бөгенбай.

Бөкеңнің жас жолбарыс жеткіншегі,

Аузынан жалын шашқан жас Жанатай.

Найзасын найзағайдай ойнататын,

Жас барыс Бәсентиін Сарымалай.

Балталы, екпінді оттан Оразымбет,

Сырғалы шапшаң оқтан ер Елшібек» – десе,

«Жантай батырда»:

«Керейдің Еменалы ер Жабайы,

Барыстай Бәсентиін Олжабайы.

Балталы, Бағаналы, Сіргеліден,

Елшібек,Оразымбет, Жаулыбайы», – дейді.

Қазақ қолы қуып жеткен соң құтылмасын білген қалмақтар Абылайға елші салады. Елшінің сөзіне иланып, біраз уақыт күтпекші болған Абылайға «Жантай батыр» қиссасында Баян батыр былай деп наразылық білдіреді.

«Хан сөзін уақ Баян ұнатпады,

Қасарып бәрі де оны қуаттады.

«Нанбаңыз, шын бағынса ант бұза ма? –

Десті жұрт: «Ол сұмырай зытат тағы».

«– Хан ием, аңқау деме Усаны сен,

Пиғылын о залымның  таныдым мен.

Осылай күліп жүріп тұзақ құрып,

Еліңе ажал оғын бүркеді ертең.

Бұл Уса шет елдерді сан алдаған,

Бодансып Қытайды да екі арбаған.

Елшісін құрту керек», – деп қанжарын,

Қынаптан суырып алды Сары Баян», – десе,

«Батыр Баян» дастанында бұл жөнінде:

«Тұрды да деді: Алдияр, Абылайым,

Мергеннің мылтығына қарсы жүрмес

Қырдағы адам түгілі құландайын.

Сөзімді не кектерсің, не жұптарсың,

Ойыңды теріс дейді Баян-айы!

Талқыға салмай шындық табылмайды,

Құл ғана қожаны ылғи қабылдайды.

Қу қалмақ күні кеше алдамап па еді,

Шоңқитып Ой Қытай мен Өр Қытайды», – дейді.

Екі дастанды оқып отырып, Мағжан кезінде осы оқиғаны Үмбетейдің «Жантай батырынан» алмады ма екен деп ойлайсың. Олай болуы әбден мүмкін. Себебі, Қанжығалы мен Атығай-Қарауыл елі Жеті Момыннан тарайтын түбі бір туыстас ағайын. Жаз жайлауы аралас, қыз алысып, қыз берісіп жататын жұрт. Оның үстіне сол уақытта «Жантай батыр» Көкше мен Ереймен, Омбы аралығындағы қазақтардың арасында кең тарап, жиі жырланған қисса. Және Мағжан ақын Омбы өңірінде ғұмыр кешкен, түбі ерейментаулық Қанжығалы-Жиенбайдан тарайтын Ғабдырахман мола Жолдасұлы, Сәкен халфе Ғылманимен таныс, аралас болған. Сондықтан Мағжан Үмбетейдің «Жанатай батырын» естімеді деуге негіз жоқ.

Екі  дастандағы бар айырмашылық – «Батыр Баянда» жауды қуып жеткен соң, олардың салған елшісінің сөзіне иланып, кейін қайтпақшы  болған Абылай ханның айтқанына көнбей, Баян батыр қалың жауға 100 кісімен шабады. Және сол шайқаста Жантай екеуі қатар жүріп қаза табады.

«Қасында жалғыз жолдас – жас Жанатай,

Қансырап зорға ғана кірпік қаққан».

«…Қайран ер, қайсар Баян, жолбарысым,

Алайда уақыт өтті, құлап түсті

Құшақтап Жанатайдайын жан жолдасын», – делінеді.

Ал «Жантай батырда» Бөгенбай мен Баян бастаған бір мың сарбаз қашқан қалмақтың соңынан қуып соғысады делінеді.

Ел аузындағы тағы бір хикая

Осы «Шаңды жорық» оқиғасына қатысты тағы бір дерек – Ерейментау өңірінде  сонау замандардан бері атадан балаға ауысып келе жатқан, Қанжығалы елінің осы жерді қалай келіп қоныстанғаны жөнінде баяндалатын тарихи әңгіме бар. Оны бала жасымыздан естіп өскенбіз. Ертеде үлкендер осы әңгімені айтқанда: «Жантайдың жанында өз туыстарынан басқа уақ руынан Баян деген батыр болыпты» – деп айтып отыратын. Бірақ ол кезде Баян тұлғасына дәл бұндай қызығушылық туады деп кім ойлаған… Осы әңгімені өткен ғасырдың елуінші жылдары Тұқпидың Өмірбегі деген адам (Қанжығалы ішінде Қылшар деген атадан)  кейінгі ұрпақ біле жүрсін деп, арап харпімен қағаз бетіне түсіріп кетіпті. Өмірбек өзі жетпісінші жылдары сексеннен аса беріп қайтыс болған кісі. Кейін бұл хикаяны тарихтан хабары бар Әміржан Мауин деген ел адамы сол кездегі Ерейментау аудандық партия комитетінде қызмет істеген Серік Сыздықов атты жанашыр азаматқа беріп, кириллицамен қайта тергізеді. Қазір осы қолжазба – біздің қолымызда.

Аталмыш тарихи әңгіменің басында Өмірбек ақсақал: «Мен бұл әңгімені бала күнімде Төре ауылындағы Сәкей атты жездемнің үйінде жасы сексеннен асқан Кенжалы деген қарттан естіп едім», – дейді. Өмірбек өткен ғасырдың 70-ші жылдары сексеннен асып барып өмірден озды дедік. Яғни, бір мың сегіз жүзінші жылдардың аяғында дүниеге келді деген сөз. Сонда бұл әңгімені естіген уақыты бір мың тоғызыншы жылдардың басы болуы керек. Ал әңгіме айтушы Кежалы қарт сексеннен асқан адам болса, бір мың сегіз жүзінші жылдардың басында өмірге келген деп білеміз. Яғни, осы хикаятты Бөгенбай заманын көзімен көрген адамдардың аузынан естігені айдан анық. Сондықтан бұл дерек ешқандай алып-қоспасы жоқ, тарихта болған оқиға деп сеніммен айта аламыз!

Бір қызығы, осы әңгімеде Баян батыр Абылай мен Бөгенбай бастаған қолдың ішінде емес, керісінше, Жантай батырмен бірге болады. Жантай ашуға мініп, 40 кісімен Қоржынкөлден аттанып кеткен соң, алдынан 40 кісімен Баян батыр қарсы жолығады және жанында Жантайдың ағасы Күңбастың ұлы Үйсінбай батыр бар екен. Осы сексен адам үдере жортып, Балқаш көлінің шығысында қалмақ көшін қуып жетеді. Қалың қалмақтың көзіне көп болып көрініп, шаңды молайту  үшін аттарының құйрығына бір-бір құшақ қараған байлап алып шабады. «Шаңды жорық» атану себебі осыдан екен. Осылай деп Олжабай мен Молдажан ақындардың дастандарында да, Үмбетейдің «Жантай батырында» да, біз сөз етіп отырған қолжазбада да айтылады.

Сөйтіп осы шайқаста батырлар тегіс опат болып, Тоқаш Сарыбауыр атпен қоршауды бұзып шығып кетеді. Абылай мен Бөгенбай бастаған қол соңынан жетсе, қалмақтың алды ұзап кеткен екен. Соңында қалғандарын біраз қырғынға ұшыратып, кейін қайтыпты дейді. Қаза болған Жантай, Мырзакелді, Үйсінбай, Найманбай, Баян, тағы басқа батырлардың сүйектерін тауып, сол жердегі Күркілдек, Шүмекті деп аталатын өзендердің қиылысындағы бір жартастың түбіне сауыт-саймандарымен бірге жерлеп, басына тас орнатыпты. Қазір Балқаш көлінің төңірегінде (деректерде батыс жағында делінеді) осындай өзендер бар ма екен, іздеп көрсе деп ойлайсың. Мүмкін осы мақаланы оқыса, білетін адамдары бізбен хабарласар деп ойладық.

Сол заманнан ұмытылмай бүгінге жеткен мынадай бір ауыз өлең де бар:

«Жылқысы ер Жантайдың ала санды,

Күркілдек, Шүмектіде қала салды.

Өлді деп батыр Жантай естігенде,

Басы Қаныс, төрт қатын қара салды».

Қаныс-Жантайдың бәйбішесінің аты болса екен дейді. Қашып бара жатқан жау қолы қуғыншы қазақтар судан тарықсын деп, жолдағы құдық біткенге малдың, иттің өлмтігін тастап арамдап отырады. Қазақ жағы қайтарда судан таршылық көріп, осыдан ұшынып, қара тышқаққа ұшырап, көп адам қайтыс болады. Олардың ішінде Бөгенбайдың ағасы Көлбай да бар екен. Бұл жайлы Үмбетей дастанында да, ел ішіндегі әңгімеде де айтылады. Бүгінде Жантай батырдың үш ұлынан тараған ұрпақтары Ерейментау өңірінде сау-саламат өмір сүріп жатыр.

Жоғарыда айтылған екі дастанға қатысты аз ғана әңгіме осындай. Ауыз әдебиетінде Бұқар жырау секілді тұлғамен иықтас тұрған Үмбетей жырау Тілеуұлының шығырмашылығынан, оның «Жантай батыр» дастанының шығу тарихынан, және «Батыр Баян» дастанымен байланысы жөнінен оқырман жұртшылықты хабардар етсек деп ойладық.


  Сайлау Байбосын,

ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, 

Ерейментау ауданының құрметті азаматы.

 

Пікірлер