Ер туар ма бұлардай?!

3275
Adyrna.kz Telegram

Күштің тең емес екендігін Исатай Тайманұлы да жақсы түсінді. Бірақ, бұл жағдай оны жасыта алған жоқ. Махамбет ақынмен бірге ел аралап үгіт-насихат жүргізіп, халықты хан мен отарлаушы әкімшіліктің әділетсіз саясатына белсенді қарсылық көрсетуге шақырды. Сол арқылы билік орындарын халық бұқарасына байланысты ұстанған әлеуметтік саясатынан бас тартқызудан үміттенді. Осы бағытта тіптен мүлдем басқа көзқарастағы  мүдделері үйлеспейтін Қайыпғали Есімұлы сұлтанмен де ымыраға барды.

Исакем соңына ерген халқының үмітін ақтау үшін жарық дүниенің қызығынан баз кешті. Сұлтандар Қайыпғали Есімұлы және Шыңғали Орманұлы сияқты күрделі сәттерде түлкі бұлаңға салып, ел мүддесіне сатқындық жасау оның табиғатына жат мінез екендігін танытты. Ол заманы мен қалың қазақ ортасының қайыспас қара нарындай жүгін көтерген дара тұлғалы перзент еді. Сондықтан да ақтық шайқасқа түсе отырып, орта жолдан қайтпады. Егер батырдың замандасы Баймағамбет Айшуақұлы сұлтан сияқтылар қазақ елін «жуасыту» (усмирение) ісінде «ерекше жігер және Ресейге берілгендік» танытса, Исаекем, Махамбет және олардың Қабыланбай, Үбі сияқты серіктері сол тарихи кезеңде қазақ даласын құшағына алған Кенесары Қасымұлы мен Жоламан Тіленшіұлы бастаған азаттық қозғалыстарға өз үндерін қосып, халқының жігерін жаныды. Батырдың сол бір күрделі тарихи кезеңде көрсеткен өнегесі кейін де рух көтерер қуатын жоғалтқан емес.

Исатай Тайманұлы бастаған Орда бұқарасының көтерілісі (1836-1838 ж.ж) алдына қойған мақсатының айқындылығымен және рухани тазалығымен ерекшеленеді. Табиғатынан көсем, халықшыл тұлға Исаекем серіктерімен бірге Жәңгір ханға жолдаған хатында «Дұшпандарымыз қастық сөздер таратса да, біздер одан адалмыз», – деп жазды. Исатай старшын мен оның идеялас серіктері ұлт тарихына ел мүддесіне деген адалдықтың жинақы көрінісі ретінде енді.

Батырдың берік күрескерлік ұстанымы оның отбасына жайлы тиген жоқ. Өзі майдан даласында мерт болса, ұлдары Жақия мен Дінбаянды 1837 жылы желтоқсанда Баймағамбет сұлтанның жіберген әскері тұтқынға алып, келесі жылы Орынбор корпусының әскери соты екеуін 3 жылға Латвияға крепостниктік жұмысқа жібереді. Олардың кейінгі тағдыры белгісіз. Сұлтанның тұтқыны болған әйелі Несібәлі мен қызы Ділзаданың да кейінгі өмірі беймәлім.

Исаекемнің портретін бірге жүрген үзеңгілес інісі Махамбеттен артық ешкім жасай алған жоқ. Ол:

Хан ұлымен қас болып,

Қара ұлымен дос болып,

………………………………..

Төрт-бес жылдай алысып,

Мына тұрған Исаекем

Ханның бір тауын қайтарған.

Ат туарма шұбардай,

Ер туарма бұлардай? – дейді.

Махамбет ақын ұстанымында Исатай жай көтеріліс басшысы ғана емес, кемел де кемеңгер, қоғам үшін, оны жаңа сапаға көтеру үшін туған күрескер, қайраткер тұлға. Ақынның айтуында ешқандай да асыра бағалау жоқ.

Исаекемнің күресте өткен өміріне байланысты ақынның айтпағы,  өкінішке қарай, мұнымен аяқталмайды. Оның жасаған тұжырымы тіптен де ауыр, мұңлы да қайғылы. Ол тұжырым мына жолдарда:

…Тайманның ұлы Исатай

Ағайынның басы еді,

Алтын ердің қасы еді,

Исатайды өлтіріп

Қырсық та шалған біздің ел.

Тарихи шындық сондай, Исаеке­м сияқты жалпыұлттық тұлғаның өлі­мі азаттық үшін күрестің кейінгі кезең­дерінде де өз жалғасын тауып жатты. Кенесары Қасымұлы, Бекболат Әшекеев, Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қозғалысының қайраткерлері, Қайрат Рысқұлбеков…

Дегенмен, біз бүгін Исата­й Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының биік рухы алдында басымызды ие отырып, өткенге салауат айтып, олар армандаған заманның енді келгенін, қаншалықты ауыр кезеңдерді басынан кешіргенімен, қазақ елі  өзінің  негізгі, басты құндылықтарын сақтай білгендігін сеніммен айта аламыз. Исатай мен Махамбеттің іздегенін іздеп, олардың ісін ұлықтап жатсақ, бұл әрекет, ұмтылыс дұрыс  жолда тұрғандығымыздың көрінісі емес пе!

Махамбет ақынның тұлғасы мен шығармашылығына тән мынадай бір ерекшелікке көңіл аударған жөн. Ілкі замандардан жазушы немесе ақын өз шығармашылығы арқылы өмірге, өзін қоршаған қоғамдық шындыққа қатынасын білдіріп, замандастарының санасында және кейінгі ұрпақ жадында өз орнын анықтаудан үміттенеді. Ал шығармашылық иелерінің туындыларын оқыған қауым олардан өздерінің талғам-тілегіне жақын ойлар мен тұжырымдар тауып, солар арқылы ішкі рухани сұранысын қанағаттандырады. Осы негізге жазушы мен оның оқырманы арасында өзара байланыс орнап, жеке қалам иесіне ғана тән шығармашылық акті ендігі уақытта қоғамдық мәнге, мағынаға ие болады. Яғни жазушылық бастау көзінде жеке тұлғаға ғана тиесілі процесс болғанымен, табиғатынан қоғамдық жүгі бар құбылыс. Мұндай қасиет ХІХ  ғасырда қазақ шындығы жағдайында өмір сүрген Махамбет Өтемісұлы сияқты шығармашылық иесіне де тиесілі. Дегенмен, бұл арада Махамбет ақын шығармашылығына тән мынадай бір ерекшелік бар, оған көңіл аудармай  өте шығу қиянат болар еді. Махамбет жазба мәдениеті ерте кезеңдерден даму алған еуропалық қоғамдардағы ақын-жазушылардай атақ, дақпырт үшін шығармашылықпен айналысқан жоқ. Ақын өмір сүрген қоғамда шығармашылық иесі үшін белгіленген түрлі марапат, сыйлықтар болған емес, талантты сыйлаған халықтың құрметінен басқа. Тіптен ақын шығармаларын кең ауқымда тарата алатын баспа құралдары да жоқ-тын. Ақын жанынан шығып, көпшілікке арналған ой оны тыңдаған кісінің жадында сақталып, ауызекі айтылған түрінде тарап, жаңа тыңдаушыларын табады. Ал кісі аузынан шығып, айтылған түрінде қабылданып, жадта сақталған шығарманың кереметтігі сонда, сөз қадірін білетін ой елегі мен сүзгісінен өткен оның өн бойында артық ештеңе қалмайды. Яғни ұлы талант ақылынан шыққан тұжырым көпшіліктің сынынан өтіп барып, өзінің соңғы формасын табады. Сонан соң жатталып, ұрпақтан ұрпаққа өтеді. Махамбет ақынның  әрбір туындысы, міне, осы жолдан, яғни уақыт тезінен өткен.

Махамбет үшін поэзия атақ, дақпыртқа бастайтын жол емес, оның жанынан, ішкі терең тебіренісінен туған жыр қас жауын жайрататын  семсер, құрал. Енді, осы арада Махамбет жырындағы хан, сұлтандар мен халық арасындағы өзара қарсылық, егес жөнінде. Біз бұл тақырыпқа мақаланың бұдан бұрынғы бөлімдерінде тоқталдық. Ал бұл арада оның мынадай бір қырына назар аударуды жөн деп білеміз. Соңғы жылдары бұл мәселені тарихи контекстен жұлып алып қарастыру байқалады (әсіресе, жазушы және журналист ағайындар тарапынан). Мәселен, М.Құлкенов пен Отарбаев 1992 жылы «Өлке» баспасынан жарық көрген еңбектерінің соңында бақилық болуға бет бұрған ханның аузына «Әй, қос тентек, бірің ағам, бірің інім, бірің батыр, бірің ер кімге қарсы қол жинағаныңды білмей өттің-ау. Ақыры, балақтағы өкпеге аспандағы мені саттың… «Қара албасты бақырсың» деу маған емес, үйдегі қатындарыңа айтар қарғыстарың еді ғой», – деген сөзді сала отырып, көтеріліс басшыларын бір сәт болса да ханның биік парасатын түсіне алмаған парықсыздар дәрежесіне түсіру байқалады.

Әрине, бұл берілген пікірді жазушылық әдіске жатқыза салуға да болар еді. Олай болған күнде кітап атына қосымша берілген «жаңаша көзқарас» деген анықтау тіркесті қайда қоямыз?

Тура осы мазмұндағы пікірді Т.Боранғалиұлының «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Мәңгілік Махамбет» аталатын тартымды да көлемді мақаласынан да оқимыз. Онда автор «Әттең, қазақтың Исатай, Махамбет, Қарауыл секілді беделді адамдары ел мен жер тұтастығы үшін бірауызды болу орнына өзара аттандасып, алысып-жұлысып шыға келді. Бақ-дәулетке ұмтылған жерде тойымсыздық, есе кеткен жерде ашу-ыза қай заманда қатар жүрмеген?», – деген тұжырымға келеді.

Көріп отырғанымыздай, жалпы бұл аталған еңбектерге ортақ бір сарын бар. Ол бүгінгі күн биігінен кезінде ел іші өзара бітіспес жаулыққа ұрынған екі топтың ұстанған позицияларын өзара табыстыру, жарастыру. Тіптен бұл аз болғандай осы текетірес барысында Исатай жағын бәтуаға келмеген «тентек», ал Махамбеттің жеке басын «қайда барса да кезенген жауға кез келіп, соңында «еркіндікті найза ұшымен жеңіп алу мүмкін еместігін» кеш ұғып, қалған өмірін құсалықта өткізген қайғылы тұлға ретінде көрсету байқалады. Ал осы позиция қаншалықты негізді?

Бұл арада аталған авторлардың мынадай тарихи астарға (контекст) көңіл аудара бермейтіндігі байқалады. Біріншіден, Исатай старшын мен Жәңгір хан арасындағы егес белгілі дәрежеде жалпы қазақ қоғамында, оның ішінде кіші жүзде қазақты орыс билігіне сүйеніп басқарудан үміттенген хан-сұлтандар мен елді басқару ісінде бұрынғы қалыптасқан дәстүрді басшылыққа алу жағындағы  ру басылары арасындағы егестің логикалық жалғасы еді. (Сырым батыр мен Есім хан арасындағы ж.б.с.с.).

Екіншіден, ХІХ ғасыр әлем тарихында әлеуметтік-таптық қайшылықтардың шиеленісе түсуімен сипатталады. Бұл тек марксистік ғылым ғана емес, басқа да көзқарастық ұстанымдағы ағымдар тарапынан мойындалған тарихи құбылыс. Нақты Бөкей Ордасындағы тарихи жағдайға келсек, мұнда әлеуметтік шиеленістерге негіз болған жергілікті мал шаруашылығымен айналысатын бұқараның жер тапшылығына ұрынуы болды.

Міне, осы қалыптасқан тарихи жағдайға байланысты Махамбет ақын шығармашылығы әлеуметтік-бұқаралық бағыт алды. Оған дейін қазақ әдебиетінде «қара қазан, сары бала» қамын шығармашылығының негізгі өзегіне айналдырған мұндай сұңғыла ақын болған емес. Ал оның «ежелден табан аңдысқан» хас жауы қара қазақ қамын қаперіне алмаған Жәңгір хан сияқты хандар мен Баймағамбет сияқты сұлтандар, солардың соңынан ерген жаңа буын «қарны жуан билер».

Парадокс! Кезінде мемлекеттік идеология функциясын атқарған марксистік көзқарастық ұстанымнан бас тартқан мына заманда ақын шығармашылығына байланысты осы ақиқатты мойындамасқа лаж жоқ. Махамбет ақын жерсіз қалған бұқараның, қорланғандардың, бірақ құлдыққа мойынсұнбағандардың, қасиет тұтқан ата-қоныстарынан ығыстырылғандардың, бірақ сол қоныс үшін жан беріп, жан алысуға әзір, ашынған көптің үні, жан даусы. Ақын бір жырында «Біздердағы, Бәйеке оза көшіп, кең жайлап, еркін жатқан ел едік», – дейді. Міне, сол кейін қалған  шынайы өмірді қайтару үшін «ереуіл атқа ер салғанын» білдіреді.

Тарихи дерек көздері Исатай мен Махамбеттің Жәңгір хан мен Баймағамбет сұлтанға қарсы қол жинағанда елді аралап үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, өздерінің күрес мақсатын түсіндіріп, халықтан қолдау алудан үміттенген. Бұл жалпы барлық қоғамдарға тән күрес тәртібі. Өзара егеске түскен күштер халықтың, көпшіліктің қолдауын алғанда ғана  белгілі бір нәтижеге жете алатындығын жақсы түсінген. Осы жолмен Исатай батыр бастаған саяси топ та жүрді. Баймұхамед сұлтан Орынбор әскери губернаторына жазған хатында мынадай фактіні келтіреді: «Маған тапсырылған бөліктегі қазақтар менің басқаруымнан құтылып және еркіндігін алуы үшін шекара бойынан көшіп кетуді ойластырып, 1837 жылдан бері түрлі кеңестер өткізе бастаған, ал Тайманов Шекті руының Тілеуқабақ, Назар және Қаракесек бөлімдерін өзі аралап, үндеулер таратты».

Бұл тарихи фактіні А.Ф. Рязанов аталған еңбегінде келтіреді. Еңбегінің тағы бір жерінде бұл фактіні толықтыра түсіп, Исатай Тайманұлының Орда елін Махамбет ақынмен бірге аралағандығын айтады.

Осы мазмұндағы тарихи фактілерді М.П. Вяткин кітабынан да кездестіреміз. Бұл автор көтеріліске байланысты Махамбетпен бірге ел аралап өлең-жырымен қарсылыққа шақырған еді деп Шернияз ақынды да атайды. Жай атап қана қоймайды, Махамбет Өтемісұлының шәкірті, Исатай батыр бастаған көтеріліске қатысып, «жалынды үгіт және насихат», – жүргізді дейді.

Көтерілісшілердің насихатына қарсы билік орындары да үгіт жұмысын жүргізеді. А.Ф. Рязановтың көрсетуіне қарағанда билік орындарының бұл шарасы нәтижелі бола қоймағанға ұқсайды.

Көтерілісшілердің ел арасында үгіт-насихат ісін жүргізгендігі Махамбе­т жырларынан да анық байқалады. Ақынның «Жалған дүние», «Ат- жігіттің майданы», «Арғымақтан туған қазанат», «Арғымақ, сені сақтадым», «Ереуіл атқа ер салмай», «Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын» және басқа өлең-жырлары халықты қоғамдық әділетсіздікке қарсы тұруға үндейтін шығармалар екендігін аңғару, әрине, қиын емес.

Арғымақ, сені сақтадым,

Құлағың сенің серек деп.

Азамат, сені сақтадым,

Бір күніме керек деп… 

Ақынның жырлары арқылы жасалған Исатайдың кісілік және саяси келбетін де, белгілі дәрежеде, осы тұрғыдан қабылдауға болады. Махамбет ақын көтерілістің мақсат-мұратын оның көсемінің болмыс-бітімі мен азаматтық ұстанымын көрсету арқылы көпшілікке жеткізуге болатындығын терең әрі дәл пайымдағандығы байқалады. Бұл тұрғыдан алғанда да, Махамбет ақын-жаңашыл, наватор. Әдебиетте,  шығармашылықта жаңа жол салушы. Өз ретінде қазақ өлеңі жеке тарихи тұлғаның портретін сомдауда Махамбет шығармашылығы арқылы жаңа сапаға көтерілгендігін пайымдауға болады.

Махамбет әлеуметшіл ақын. Бірақ ақынның әлеуметшілдігі (немесе тапшылдығы) бізге таныс социалистік реализмнің жасанды тапшылдығы  емес, өмірдің ащы шындығы туғызған табиғи әлеуметшілдік, бұқарашылдық. Махамбет қазақ жерінің батыс өңірінде (анығырақ айтқанда, Орда елінде) белгілі бір тарихи (ХІХ ғ. алғашқы жартысы) қалыптасқан тарихи жағдайды шығармашылығында соншалықты дәл де әсерлі беріп кеткен көркем ойдағы феномендік құбылыс. Осы ретте ұлы Мағжан ақынның «Табалдырық» аталатын бағдарламалық манифесінде айтқан мына пікірі еріксіз еске түседі: «Шынында, қазақтың өзінше терең адабияты болғаны хақ һәм бар. Қазақ өмірінің түрлі өзгерісі, өрі-қыры, қайғысы-қуанышы, ойы-қиялы адабиятында түсіп отырған. Әзірше, тіпті тексерілмеген дәуірді  қоя тұрып, соңғы дәуірді алсақ, кешегі Мұрат, Махамбет, Базар, Шортанбай, Ақан сері сықылды ақындардың елдің мұңын, зарын, ой, қиялын жырлай білген шын жыраулар екені анық».

Ал Махамбет ақынның тапшылдығына келсек, тағы да сол Мағжан айтқандай «өз табынан мойны озық жалпы таптың, жалпы адамзаттың жанында қайғылы… ішекті» шерткен тапшылдық. Яғни бұқаралық ұстаным қазақ әдебиетінде бұрыннан, большевиктер билігіне дейін-ақ болған, тамыр жайған ұстаным. Ал оны шығармашылықтағы бүтін бір ұстаным, концепция дәрежесіне көтеріп орнықтырған, әрине, Махамбет ақын.

Махамбет шығармаларынан байқалатын тағы да бір мынандай сарынға көңіл аударуға тура келеді. Көтеріліс Ресей отаршылдығына тән қатыгездікпен басылып, оның көсемі мерт болып, оған қатысқан ел адамдары қудалауға түсіп, әділетсіздік салтанат құрған шақта құсалыққа ұрынған шерменде ақын енді терең күйзелістегі көңіл күйін өлеңдері арқылы білдіріп, «ақырында еш болды-ау ел үшін еткен еңбегім!» деген тұжырымды бір емес, бірнеше мәрте қайталайды. Көтеріліс басшысы Исатаймен бірге «азды көпке теңгеріп» майдан даласында мерт болған Қабыланбай, Қалдыбай, Рысалы, Кебек және осы қатардағы «жаудан өлген жолбарыстарын» үзеңгілес серіктерінің аттарын атап, осыншама атқарылған еңбек, төккен қан мен тер текке кетті-ау деген өзек өртер ойды білдіреді. «Қорлықта жүрген халқыма бостандық алып берем» деген мұратына жете алмағанына өкінеді.

Осы өкінішті тарихтың келесі бір иірімінде Мағжан ақын мен Жүсіпбектей зор таланттың шығармашылығынан да көреміз. Тура бір ғасырдан соң. Араларында ғасырға жуық мерзім жатқан бұл ақындардың шығармашылығындағы мұндай ортақ өзек қайдан шыққан? Мұндай басыңқы көңіл күйінің қандай ортақ себебі бар? Ол сол тарихи кезеңде елдің шынайы тәуелсіздігін, жерінің тұтастығы мен береке-бірлігін қорғай алатын ұлттық мемлекеттілік құрылымның болмауына байланысты еді. Түрлі тарихи кезеңдерде өмір сүрген ұлы ақындар шығармашылығындағы шарасыздықтың түп-тамыры осы жағдайдан бастау алды. Ұлт мүддесін қорғай алатын мемлекеттіліктің жоқтығын олар тамаша түсінді, өз тағдыры арқылы сезінді. Ә.Бөкейханов мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық дегенде, елдің ерлерінің осындай тағдыры мен мұңлы көңіл күйін негізге алған болу керек.


Мәмбет Қойгелдиев,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
профессор
Пікірлер