Наурыз мейрамы - таным мен тұжырымның торабы

4404
Adyrna.kz Telegram

Наурыз  мейрамының ресми мәртебесі

20-ғасыр басында негізі қалана бастаған Алашорда мемлекетінің идеологиясына алғышарт есебінде Наурыз мерекесінің уақытына қатысты тартысты 22 наурызға тіреп, алаш көсемі Әлихан Бөкейхан нүкте қойып, 1915 жылдан бастап қоғамдық ортада бекиді. Осыны негізге алған және  алаш идеясын өз пайдасына жарату үшін қазақстандық большевиктер ортасы да осы датаға тоқталды. 1920 жылы Түркістан республикасының Атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов өзінің бұйрығымен 22 наурыз бүкілхалықтық «Көктем мерекесі», «Наурыз» болып бекітілсін деген шешім шығарып, саяси сабақтастық ресми сипатқа ұласты.

Бірақ қазақ халқынан басты қауіпті байқаған сталиндік Ресей басшылығы 1926 жылдан бастап бұл мейрамды ресми  мерекелеуге тыйым салды. Алайда, көптеген өңірлерде бұл мереке бейресми түрде атап өтіле берді. Тек қана «наурыз» атауының орнына енді  «амал», «қамал» деген кезекші сөздер қолданылды.

Қазақ елі тәуелсіздік алу қарсаңында Қазақ КСР президентінің 1991 жылғы 15 наурыздағы Жарлығымен күн мен түннің теңелген мезгілін «Көктемгі халықтық мереке – Наурыз мейрамы» ретінде ресми тойлау бекітілді. Ал, 2009 жылы 22 сәуірде «Мерекелер» туралы Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізіліп, Наурыз мейрамы 21-23 наурыз аралығында атап өтілетін болды. Сондай-ақ, бұл айтулы мереке 2016 жылы Қазақстан Әзірбайжан, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Ирак, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркменстан, Түркия және Өзбекстанмен бірге көпұлтты номинация бойынша «Наурыз. Мерекелік дәстүр» деген мәртебемен ЮНЕСКОн-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентатив тізіміне енгізілді.

2021 жылғы 5 қаңтардағы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында (https://egemen.kz/article/260146-tauelsizdik-barinen-qymbat) «...халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» дей келе Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсетін тұжырымдама жасауды ұсынған еді.

Наурыз – жаңа күннің бастауы. Табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жанданып, ниеттің тазарып, жақсылықтың, ізгіліктің оянатын шағы. Сонымен бірге, түркілік таным бойынша 12 жылдық мүшелдік цикл басталатын күн Наурыз мейрамына сәйкес келеді. Әлі күнге бұл дәстүрлі мереке елдің бір бөлігінде наурыздық Амалдың келуімен бірге мүшелдік жыл басы түрінде тойланумен келеді.

Әз-Наурыз тарихи құндылығын, халық арасындағы өзектілігін жоғалтпаған мейрам. Халықтық сипат алған бұл мейрамда адами құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүріміз жаңғырады.

Кемінде бес мыңжылдық тарихы бар Наурыз мейрамы ұлттық құндылықтарымызды сақтап, ұлттық дәстүрімізді жаңғыртудың арқасында ғасырларды жалғап, ұрпақ пен салт-дәстүрдің сабақтастығын сақтайтын қасиетке ие.

Наурыз мейрамының қос сипаты

Наурызды ежелгі түркілік онекімүшелдік күнтізбеге қатыссыз қарай алмаймыз. Бұл мерекелік рәсім аталған дүниетанымға негізделген Уақыт пен Кеңісті әмбебап онекімүшелдік жүйеге жіктеудің бір көрінісі. Бұл жүйе бойынша адам мен айуан денесінің он екі мүшеден тұруы ғаламдық құрылымның он екілік жүйесінен алынған.

Жалпы, скиф-сақтардың «айуандық стилі» көшегендердің зергерлік, мүсін өнеріндегі жан-жануарға деген ерекше құрметтері ғана емес, ол - ең алдымен олардың дүниетанымдық мәдени көрінісінің мәйегі. Ал, мүшелдік күнтізбеге арқау болған айуандық бейнеленім болса, бұл - олардың дүниетанымдық көрінісінің өмірге тығыз енгізілу дәйегі, бейнелеу өнеріндегі олардың дүниетанымдық параллелі. Наурыздың мәні де - осы айуандық бейнеленім түріндегі табиғи, ғарыштық құбылысты дәріптеу, танымды паш ету. Сайып келгенде, Наурыз – прототүркілік онекімүшелдік күнтізбенің рәсімі.

Наурыз мейрамына қатысты екі танымның қабаттасып келе жатқандығы ашылмай жүр. Бұл ежелгі мерекенің мазмұнында Күн мен Түннің теңесуі ғана емес, сонымен бірге түркілік мүшелдің де алмасу сәті қабат келетіні сіңісіп кеткен. Ғаламдық жарық пен түнектің теңесімінен бұрын мүшелдік уақыт алмасымы орын алады, ол Юлиан күнтізбесі бойынша 1 наурыз, ал Григорианша 14 наурызға келеді. Ежелден келе жатқан прототүркілік таным бойынша жыл мезгілі 90 күндік төрт маусымнан тұрады: көктем, жаз, күз,қыс. 90 күндік қыс 13 наурызда шығып, 14-не мүшелдік жаңа жылмпен бірге көктем мелгілі кіреді. Міне осы қос айтулы танымды ата-бабамыз шеберлікппен жымдастырып, тұтастыра мейрамдаған. Бұны зерттеуі толық болмағанедықтан, идеологиясы ашылмағандықтан соңғы кездері ұшқары, қате, шатасқан ұғымдар мен атаулар шығып кетті. 21-22 күндері Теңесім мерекесі делінеді де, ал ешбір үзілмей аталып келе жатқан мүшелдік жыл басы «амал», «көрісу» деген қарабайыр атауға ілігіп барады. Шын мәнінде бұл екеуін де ертедегі ата-бабамыз біріктіріп, 8-9 күн бойы ресми атап өткен, ал бшұқара бір ай бойы тойлатқан.

Мерекенің дейтүркілік сипаты

Күн мен Түннің теңелуі ғаламдық құбылыстарға тән ұлы іс. Ұлы істің ұлылығын атбабамыз ежелден байқап, ерекше атап өткен. Бұны бес мың жыл бұрынғы Алматының солтүстік-батысындағы 170 шм жердегі Аңырақай жотасындағы Таңбалы жартаста қашалған композициялық петроглифтен байқауға әбден болады. Күндидарлы Тәңір мен түнкейіпті Іңір - бір біріне құшақ жайып көрісіп тұр; олардың ортасында Сиыр жылының төрт маусымы бейнеленген, бұлардан төмен он екі мүшелдің кейпіндегі 12 бейне қол ұстасып билеп жүр. Бұл – қола заманынан да ерте неолит дәуіріне жетелейтін дерек және бұл бүгінгі Наурыз мерекесінің толық тарихи куәлігі, төлқұжаты деуге болады!

САҚТАР айтулы күнді қалай қарсы алған?Күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балаларды саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, 365 өнерпаз бозбала тойдың шырайын келтірген. Бір жылды құрайтын әрбір тәуліктің келешегін алдын ала жақсарту үшін 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, елдің, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған. Квинт Курций Руф. Поход Александра. б.з.д. І ғ.

ҒҰНДАР мерекені қалай бастаған? Белгілі этнограф  Жағда Бабалықұлы, «Қазақпарат» агенттігіне берген сұхбатта былайша суреттейді: «Қытайлардың жазғанына қарағанда, ғұндардың хандары – тәңірқұттар Наурыз басталатын күні тау басына шығып, ұясынан жаңа көтерілген күнге қол жайып, тілек сұрап, дұға қылады. Ол дұға қайырғанда, тәңірқұттың арқа жағын ала қолында қобызы бар абыз отырады. Тәңірқұт дұғасын оқып болғанда, абыз 9 қоңыр күй тартады екен. Ол күй тартып болғанда, оның соңын ала отырған 365 күйші бір-бірден күй тартады.

ТҮРКІЛЕРдің наурызы. Махмұт Қашғари: «Көшпенділер өз жаңа жылдарын тойлағанда, барлығы бір ауылда жиналып, өткен ескі өшпенділіктерін  ұмытып, қару-жарақтарын тастап, бір біріне ізгі тілектерін айтады».

ҚАЗАҚТАРдың бас таңды қарсы алуы. Қазақтар Қыдыр түнін ұйқысыз өткізіп Бас таңды қалай қарсы алады?

         «... жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс таң атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді. Асау тайынша өкіріп-бақырып жөнеледі. Ит үреді, қотандағы мал үркеді, үй-үйден шал-шауқан ербиіп шығады, жастар мәз-мейрам болысады...» Ақселеу Сейдімбекұлы. «Қазақ әлемі».

Наурыз бен Мүшелдік күнтізбе

 Птолмейдің «Альмагест» еңбегінде Амал (амал,қамал – қазақша,) жұлдызы шоқжұлдызға енбегендердің қатарынан және ол жылжымайтын жұлдыздардың бірі. Гиппарх «тұмсықтағы жұлдыз» атаса, ертеде ол «тас төбедегі жұлдыз» деген атаумен танылған. Тағы бір дереккөзде Тоқты шоқжұлдызының маңдайындағы сары жұлдыз кейде «Тоқтының екінші мүйізі» аталған.

Наурыздың қазақ үшін басты мәні – жылдың ауысуы. Күн-Түн теңесімінен бұрын, наурыз айы туғанда, Күн Тоқты (ежелгі түркіше – Қозы/қоды, М.Қашқари) шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал/Қамал жұлдызына беттейді, «көріседі». Бұның әсері жерге беріліп,жыл маусымы ауысады - көктем шығады, мүшелдік жыл алмасады. Жыл алмасу Күн мен Түннің телеңелуіне қатысты емес, осы айтылған аспандық үдеріске қатысты. Бұл юлианша – 1 наурыз, григорианша – 14 наурызға келеді.

Қазақтың этнограф ғалымы,белгілі географы Шоқан Уәлихановтың қазақы күнтізбені үш тілде келтірген астрологиялық сызбасында 1 наурыздан бастайды. Ал наурыз айы кәзіргіше 14-наурыз екені мәлім.

Шәкәрім Құдайбердінің баласы Ахат Шәкәрімұлының естелігінде: «14-март – ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді...

Аталмыш жыл ауысу күнтізбесін 18-ғасырға дейін дүние жүзі мойындаған: христиандық Рождествомен жыл ауыстырғанға дейін, Рим империясы мен Ресей патшалығы күнтізбесін 1 марттан бастаған. Бұл күнтізбе бүкіладамзаттық сипаты бар құндылық. Демек, Юлиан күнтібесі мүшелдік күнтізбенің басталуымен парапар болып тұр.

Наурызды зерттеу барысында мүшелдік танымды да қамтуға тура келеді, оны айналып өту мүмкін емес. Сонда байқағанымыз, онекіжылдық мүшел танымы жылға ғана қатысты емес, он екі айға да таралады екен. Тіпті ай атаулары да сол ізбен аталғанын байқауға болады.

«Халық календары» еңбегінің авторы М.Ысқақовтың жазуына қарағанда, Бируни мен Ұлықбектің келтірген мағлұматтарында мүшелдік ай атаулары болған, олар былай аталыпты:

1) октябрь - кешку немесе күску (мағынасы—«тышқан),

2) ноябрь - ут немес ұд (сиыр),

3) декабрь - барыс,

4) январь - тувушқан немесе табышқан (қоян),

5) февраль - ұлу немесе нек,

6) март – ыйлан (жылан),

7) апрель - юнед немесе юнд (жылқы),

8) май - қон (қой),

9) июнь - бічін немесе січен (мешін),

10) июль - доқұқ немесе тақығу (тауық),

11) август - іт (ит),

12) сентябрь - лағзын (доңыз). X ғасырдан бергі жазбаларда «лағзын» орнына «доңғұз» (доңыз) айтылатынын атап өтеді. Мүшелдік айлар революцияға дейінгі қалмақ күнтізбесінде де болған екен.

Негізі қазақ күнтізбесінде тарихта март айын «Амал» деп те атаған. Яғни, парсылық күнтізбенің ықпалы да жүрген:  һүт, март – һамал, апрель – саратан, май – зауза... деп кете береді.

«Амал» һәм Жыл басы

Қазақтың жаңа жылын Күн-Түн теңелісімен дәйектеушілер 21-22 наурызда дейді. Бірақ Ресейдегі 1917 жылғы революцияға дейінгі фольклорда,тіпті қазырғы әдебиетте де жыл басының көктемге  сәйкес келетіні айтылады, жырланады. Ешбір туынды Күн мен Түн теңесімін бұған қатысты әңгіме етпейді. Неге? Себебі, қазақтың жыл алмасымы көктем мезгілінің ауысуымен бір келеді. Бұл дәстүр ортаазиялық ғылыми-әдеби туындыларда әбден орныққан. Бұл да Амал/һамал айының келуімен тікелей байланысты астрологиялық үдеріс.  Қазақтағы «Амал келді – Жыл келді» дейтін тәмсіл, көктеммен бірге ғана жаңа жыл келеді деген ұғымды меңзеп тұр. Көктем Күн мен Түннің теңелуінен 8-9 күн бұрын келеді. Күн мен Түн күзде де теңеледі, бірақ неге жыл алмаспайды?! Мәселе Күн мен Түн арбасуының уақыттың жаңаруына қатысы жоқтығында! Бұл ежелгі диалектикалық таным, күнек пен түнек, ақ пен қара арбасуы, үйлесімі  - бұл танымдық пәлсапалық құндылық! Алайда бұл көктемде жаңа жылмен қабаттаса келеді. Содан жұрт шатасады.

Амал айының Наурыз мейрамына, жаңа жылға қатыстылығын әйгілейтін әдеби жәдігерлер қыруар. Күн мен Амал жұлдызына қатысты көктемнің келуін ортаазиялық ақын Рабғұзи (Насреддин) «Көктем» өлеңінде былайша суреттейді:

Ғаламның Күні кезіктіріп Тоқтыдағы Қамалды,

Қар мен мұзды ерітіп, аласапыран басталды.

Аяз бенен қарға бөккен ел еді...

Қарашы енді:

Күн келеді, Күн келеді!

Ортаазиялық уақыт өлшеуші орын ертеден Бұқар хандығындағы жұлдызшылардың есебімен «Бұқар есебі» ретінде мойындалған. Өйткені, көп уақыт бойы бұқарлық математиктер мен астрономдар ешкімге дес бермеген. Наурыз мерекесінің бастау уақытын нақтылап жоғарыда Шәкәрімұлы Ақаттың естелігінен үзінді келтірдік.  Бұны белгілі әулие, жазушы, этнограф  Мәшкүр Жүсіп Көпеев былайша қолдайды: «Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде (ескіше1-8 наурыз аралығы – С.Е.) болдым..., дәл сегізінші күн: «Мазар Шариф» - деседі, - деп Наурыз мерекесі де, ай да бүгінгі 14 наурыздан басталатынын және ресми 8 күн және бейресми халықтық мейрам бір айға созылады деп дерек береді. Бұқарды билеген Абдолла хан ресми түрде Жаңа жыл мен Наурыз мерекесін біріктіріп мерекелеген! Осылайша бұрыннан келе жатқан тартыстың шешімін әділ тапқан. Бұл бәлкім, бұрынырақтан келе жатқан үрдіс болуы бек мүмкін.

Белгілі фарабитанушы Ақжан Машанов өзінің «Әл-фараби» тарихи деректі кітабында «нау» сөзіне қатысты былайша ашып көрсетеді: «Ал айдың тоғыс (аял) жұлдыздарының туғаны мен батқанын нау деп атайды. Демек, нау туралы дау туады. Ол дау астрономдар, есепшілер арасында атам замандардан бері бітпей келе жатқан дау.  Сондықтан нау құрымай, дау құрымас деген.»

Лингвистикалық «Амал»

 «Амал» - жұлдыздық күнтізбеге қатысты рәсім және ол Наурыз мейрамының ажырамас бөлігіне ертеден-ақ айналған. Бірақ «амал» немесе «көрісу» мерекенің атауы ретінде этнографияда қалыптасқан емес. Бұл сөздер атау ретінде Наурыз мерекесінің күнтізбесі 1988 жылдан бастап ауысып, 21-22 наурызға ығысқаннан өзекті бола бастады. Наурызды 14-нен бастап мерекелеу дәстүрге айналған жергілікті жұрт амалсыз «Амалды» алға тартты. Тіпті «наурыз» парсыша, «амал» қазақша мереке атауы деген жасанды пайым пайда болды. Алайда, осы «амалды» мерекелейтін өңірде «амалкөже» емес «наурызкөже» аталатын мерекелік тағам бар екені ескерілмейді.

Ресей қазақтары «қамал», біздің елде «амал» дегенмен, бұл арапша жазбаларда «һамале», парсыда «хамәл» түрінде кезігеді. Бұны қазбалайтын болсақ, этимологиясы дейтүркілік һа/қа+мал сөз тіркесінен туған «қамал» сөзін індетеміз. Қа – маңдай, мал – қозы, тоқты. Ескілікте іріні емес, ұсақ малды «мал» атағаны кеше еді, содан орыс тілінде «малый/ая», «маленький» сөздері, ал қазақ тілінде «малта» сөзі бар.

Ал «қа» сөзі «маңдай» екенін тіліміздегі қа+ыс/қас – маңдайдағы күйе, қа+бақ/қабақ – маңдайды бағушы деген этимологиясын мағынасы бұлдыр болса да бүгінгі сөздер дәйектеп тұр. Тіпті, хандардың ханы да қа+қан/қаған аталды: «маңдай хан» немесе «хандардың ханы», «төбе хан» («төбе би» ұғымы кешеге дейін болды емес пе) деген тіркес еді. Дешті қыпшақтың басты билік ошағы саналатын Кавказ, Еділ-Жайық маңында Амалдың «қамал» аталуы осыдан. Сайып келгенде, амал/қамал ұғымдары ежелгі астрономиялық танымнан болатын. Тоқты шоқжұлдызының бас жағында орналасқан жұлдыз атауы болатын. Бұл таным кешегі кеңестік дәуірден кейін бұрмаланды, басқаша интерпретацияға ұшырады.

 Әдебиеттегі «Амал» мен көрісу ғұрпы

Амал шарасының Наурызға қатыстылығын әйгілейтін әдеби жәдігерлер қыруар. Күн мен Амал жұлдызына қатысты көктемнің келуін ортаазиялық ақын Рабғұзи (Насреддин) «Көктем» өлеңінде (С.Е. аудармасы) былайша суреттейді:

Ғаламның Күні кезіктіріп Тоқтыдағы Қамалды,

Қар мен мұзды ерітіп, аласапыран басталды.

Аяз бенен қарға бөккен ел еді...

Қарашы енді:

Күн келеді, Күн келеді!

 Солнце мира вступило в созвездие Овна – в Хамаль,

Растопила и льды и снега.

И бывала зима ль?

Солнце,солнце идет!

Абай Құнанбайұлы өзінің әйгілі «Жазғытұры» өлеңінде Амал мен көрісуге қатысты жолдары бар:

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойыны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.

Көрісуге қатысты Ахмет Байтұрсынұлы да қалам тартқан:

Келгенінше құттықтап бірін-бірі,
Қуанышта көрісіп кәрі-жасы.
Көңілі түгел адамның сен келген соң,
Самарқанның елжіреп түскен тасы.

Тарихтағы «Амал»

Тарихи жазбаларды еске алсақ, Амалға қатысты алдымыздан молынан деректер жолығады. Шәкәрімұлы Ақат өзінің Наурыз туралы естелігінде былай дейді: «Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март (14-март – ескіше 1-март), қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді...»

Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің  (20  томдық жинағының 8-томында) 8 күндік Наурыз мерекесіне куә болады. Бұл турасында былай жазады: «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған!» – десіп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадыр-құны астан, тойдан ілгері болады екен.»

Көрісу ғұрпының тарихы мен сипаты

Көрісу – мереке емес, ғұрып. Бұл ғұрыптың тарихы өте ежелгі дәуірден басталады. Көрісу тек қана Наурыз мейрамына қатысты емес. Ай жаңарғанда да, жыл жаңарғанда да түркілердің осылайша көрісу ғұрпымен бірін бірі құттықтауы атқару ертеден келе жатыр. Аңырақай жотасындағы Таңбалытастағы бір біріне құшақтарын жайған құдыреттердің сұлбасына қарағанда оны да көрісу  ғұрпының ежелгі нұсқасы ретінде мойындауға тура келеді.

Бұл ғұрыптың тарихы тым әріде. Наурыз айы туғанда, Күн Тоқты (ежелгі түркіше – Қозы/қоды, М.Қашқари) шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал/Қамал жұлдызына беттеп, «көріседі». Қазақтардың көрісу дәстүрінің астрономиялық мәні осында жатыр. Өйткені, дәстүрдің түбінде мифологиялық негіз  болады да, халық соны дәстүр етіп сіңіріп, оны әдеп пен тәрбие көзі етеді. Сондықтан Көрісу салтының негізі аспандық үдерісте болса, екінші жағы далалық өмір үлгісінен туындайды.

13-ғасырда Үндістанда қазақ жерінен барып, Айбек/Айбақ құрған Дели сұлтанатында мұсылмандық айдың жаңару кезіндегі басты ғұрып көрісу болған. Жұрт қуанысып бір бірімен үш рет төс қағыстырады, сұлтан оларға қазынасынан алтын-күмістен шашу шашады.

1736 жылы  Әбілқайыр ханның ордасында болып, бірнеше сурет жидасын салып, тарихымызға елеулі үлес қалдырған  ағылшынның суретшісі Дж. Кестел көрісу ғұрпын бейнелеген: екі ер кісі қолдарын алған күйі арнайы рәсімдік қимылмен көрісуде, олардың артында тізе бүккен әйел қос қолын бүгілген тізеге салып сәлем етуде.

Табиғаттағы Амал/Қамалдың көрінісі

Наурыз-Амал-Көктем үштігі бір бірінен ажырамас тұтас ұғым екенін ескерсек, оның қазақ аңдаған табиғи нышандары бар. Ол нышандар өсімдік, аң-құс, жәндіктердің қылығымен тығыз байланыста.

ЖЫЛ ГҮЛІ. Қазақтың аңдауы бойынша Наурыз  айдың 21-22  күндерін күтіп тұрмайды, 90 күн тоң кететін айдың басын күтеді. Сол жібу басталар сәтте-ақ, бәйшешек гүл шешек ата бастайды. Бәйшешек- Жылтоқсанның белгісі, наурызгүл, оны халық Бәйшешек атайды. «Бай» сөзі ежелгі түркілік ұғымда киелі,қасиетті ұғымын беретінін ескерсек, далалықтар көктем белгісіндей бұл гүлді ерекше бағалаған секілді.  Бәйшешектің құдыреті сонда, ол қардың еруін күтпей, қарды тесіп көктей бастайды. Бұл гүлді жапондардың сакурасындай әспеттеп, дәріптеуге лайық!

ЖЫЛ ҚҰСЫ. Наурыз айы «наурызек», «наурызша», «әптиек» аталып кеткен көкала торғайдың келуімен Табиғатта да хабарланады. Наурызек - Көктем хабаршысы. Жыл құсы - осы!

 

Наурыздық танымдар мен ғұрыптар

Наурыздама. Наурыз атауын қазақ ешқашан жатырқаған емес, өйткені қазақ шежіресінде Қазақтан туған екі ұл: Алаш пен Наурыз. Наурыз жастай шетінеп кеткен деседі. Демек, бұл бекер аңыз емес. Наурыз атауы қазаққа тым жақын деген сөз. Наурызға қатысты салтанат пен той «наурыздама» («наурызнама» емес) аталған...  Ал Абай былай дейді: «...Ол күнде Наурыз бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен.» Абай заманында қазақ наурыз мейрамын «наурызНама» емес, «Наурыздама» деген. Бұл турасында Мәжһүр Жүсіп КӨПЕЙҰЛЫ: «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған!» – десіп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадыр-құны астан, тойдан ілгері болады екен.»

Ұлы іс. Қазақ халқы Наурыз мерекесін  «ұлы іс» атаған; «ұлы істің ұлы күні» тіркесі осыған айғақ. Мұндағы «ұлы іс» тіркесі кейін бірігіп «ұлыс» сөзіне айналып кеткен. «Наурыз» бен «Ұлыстың ұлы күні – Ұлыс күн» атаулары бір бірімен синоним ретінде қолданылған. «Ұлыстың ұлы күні» деген бүкіл ұлыстың тойлайтын мерекесі деген ұғым емес, «Ұлы істің ұлы күні» - Күн мен Түннің теңесетін күнін «ұлы іске» меңзеп тұр, әйтпесе ұлыстың басқа да жаппай тойлайтын кездері аз болмаған.

Ш.Құдайбердіұлы мен М.Көпейұлының жазуынша, наурыз мейрамы бұрынырақта «Ұлыс» аталған. Шәкәрімұлы Ақат та өз естелігінде де «Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлыс.» - дейді.

Бұған А.Сейдімбек: «Ұлыс таңы атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді» деген баянындағы «ұлыс таң» тіркесі  «Ұлы Іс таңы» екендігі өзінен өзі сұранып тұр. «Ұлы іс таңы» тіркесі наурызда қарсы алынатын «бас таңды» меңзеп тұр.

Қазақтағы «Ісің оң болсын!» деген тілек ұлыстың оң-терісі емес, істің оң-терісі болатынын байқатады. Демек, «ұлыс оң болсын» емес – «Ұлы іс оң болсын!» деген тілек дұрыс!

Уыз-мереке. Болат Бопайұлы осы атауға қатысты өлең жолдарын келтіреді: 

Уыз айы туғанда, көктегі ай толғанда,
Қозы, лақтар маңырап, қой мен қозы жамырап,
Рахаттанып қаласың, уызға қарын тойғанда.
Уыз айы болғанда, ай қараңғы солғанда,
Ақ көбейіп бұл маңда, қыраңдап бір қаларсың,
Уыз айда уыз бай, уызға келер қонақ сай
Уыз ішіп қыдырып, қонақ болып жүрдім жай,
Уыз айым керемет, қадірін мұның кім білед?..

Қысқасы, Наурыз мейрамының екі сипаты бар: ежелден табиғи астрономиялық Күн-Түн арбасуына қатысты Наурыз мерекесі мен көктеммен бірге келетін мүшелдік жыл басының біріккен нұсқасы. Бұл қос құбылысты халқымыз әуелден 8-9 күн бойы біріктіріп мейрамдаған. Түркілік жыл басының бөлек датасы мәні соңғы ғасырда көзден таса болған.

 

Ежелгі түркілік Ғарыштың кемелдік сипаты үш принциптің жеті еселенуімен анықталады: жеті дәм (наурызкөже); жеті өң (алуан бояулы құрақ көрпе); жеті үн (жетіген, жеті қоңыраулы дауылпаз немесе жеті адамның хоры).

Наурыздық ғұрыптар

Көрісу – қазақтың қуаныш пен қайғыдағы ниет біріктіру ырымы, ғұрпы; адамдардың бір бірімен төс қағыстыра сәлемдесуі.

Бастаңғы. Халықтың ұйықтамастан бас таңды қарсы алуы. Қыз-келіншектер дастарқан жасап, «Ұйқыашар» әзірлеуі, жігіттер бөлек жиналып, ғашықтарына «селтеткізер» дайындауы, егделерге «Белкөтерер» өткізілуі,

9 күй. Бас таңды 9 күй тартып қарсы алған.

Қызыл киім - 360 өспірімді қызыл түспен киіндірген, бұл – жаңа жылдың әр күні қуатты, жарқын, жағымды болсын деген тілекпен астасу.

Айтыс. Қазақтың бұл өнері Наурызға қатысты дуалистік бейбіт тартысты паш ету көрінісі ретінде мойындалады. Осыған лайық Өлі-Тірі, Жаз-Қыс, Қыз-Жігіт айтыстары мерекенің өнерлі рәсімдеріне жатады.

Алтыбақан – ойын емес, ойынға тән ереже жоқ. Бірақ 7 сырықтан тұратын атрибуты бар, бұл ежелгі аталықө пен аналықтың, антиподт тараптарды жарастыру, үйлестіру жоралғының (ритуал) тетігі болғаны...

Наурыздық дәмдер

Наурызкөже (жеті дәм) – ғаламдық құбылыстың кемелденген дәмін паш етуге арналған, Наурыз мерекесіне арнап жеті дәмнен пісірілетін ырымдық ас.

Уызқағанақ. Бұл тағам түрі қазақтың бай дастарханының бір дәмі болғанымен, бүгінде толығымен ұмытылған деуге болады. Ертеде қой төлдеп жатқан кезде қойшылар қанжығасына бақырашын байлап, бүйенін ала жүрген. Қажет кезде жаңа төлдеген қойдың уызын сауады да, оны бүйенге құйып, аузын буып, бақыраштағы суға батырып астына от жағады болмаса қоламтаға көме қояды. Уызқағанақ тағамы осылай дайындалады.

Наурыз киімі

НАУРЫЗБӨРІК. Сипаты: бөріктің бір түрі болғанымен негізі қалпақ пен бөрікті біріктіріп жасағандай әсер бар; қалпақтың аласа етегі жоғары қарай бұрыш жасай қайырылған, түймелер немесе тастармен әшекейленген; бөрік етегі бағалы терімен көмкерілген. Наурызбөрік төбесі күннің қызуын білдіретіндей қызылтүсті болмаса жеті түспен құрақтап тігуге де болады. Аталмыш баскиім Алтынорда дәуірінен қалған орыс ерлерінің баскиімі тізімінде жүр. Бірақ атауы – «наурыз».

Жолдық - наурыздық сыйлық

Жолдық. Наурызда «Жыл құтты болсын!» айта келген қонақтарға, жолыққан таныстарға ұстата салатындай, сондай-ақ, Наурыз шарасына қатысушыларға үлестірілетін ұсақ та қарапайым, кәкір-шүкір сыйлық.

Серік Ерғали,

мәдениеттанушы, этнолог

Пікірлер