Бүгін Алматыдағы ҚР Президенті Архивінде «Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» атты 12 томдық жинақтың таныстырылымы өтті. Бұл жинақ Алаш қозғалысына қатысты архивтік деректерді толық қамтитын бірегей еңбек ретінде танылды.
Жинақ ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және Бас прокуратураның архив қорларында бұрын құпия сақталған материалдар негізінде құрастырылған. Онда Алаш қайраткерлерінің қызметі, олардың отбасы мүшелеріне қатысты тергеу материалдары, сонымен қатар түрлі көтерілістер мен сол кезеңдегі тарихи оқиғалар қамтылған.
Жинақтың таныстырылымында тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді бұл жұмысты Одақ көлеміндегі ең ауқымды әрі нәтижелі еңбек деп бағалады. Оның айтуынша, көптомдық Алаш қозғалысы, жер мәселесі, қудаланған әулеттер, оппозициялық топтар туралы толыққанды деректер ұсынады.
- Алғаш рет қазақ қоғамындағы оппозиция тақырыбына ерекше көңіл бөлінген.
- Алашты қолдаған байлар мен қудаланған діни қайраткерлердің тағдыры туралы құжаттар енгізілген.
- Алаш қайраткерлерін ақтау, халық көтерілістері мен жер мәселесі туралы деректер топтастырылған.
Көптомдықты дайындауға ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің қолдау көрсеткені атап өтілді. «Бұл жинақ ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихын тереңірек зерттеу үшін таптырмас құнды еңбек», - деді профессор.
Кітаптың толық таныстырылымы 2025 жылдың қаңтар айында өтеді.