Тағылым тамыршысы

2876
Adyrna.kz Telegram
(Көрнекті сыншы Сағат Әшімбаевтың шығармашылық шеберлік туралы ой-тұжырымдары)
Талғам таразысы
«Қазақтың ең данышпан сыншысы – Абай».
Сағат Әшімбаев
Біздің бұл мақаламызға қазақ әдеби сынында айрықша қолтаңбасын қалдырған қарымды қаламгер Сағат Әшімбаевтың жас шағында күнделік дәптерлеріне түсірген жазбалары арқау болды. Әр кезеңде шашылып түскен тіркестер мен ой үзіктерін қайта саралаған кезде, бұл толғамдарды мазмұндық тұрғыдан бірнеше тақырып бойынша топтастыруға болатынын аңғардық. Соның ішінде сыншы атаулы қаперіне алуға тиіс төрт құндылықты бөліп айтар едік. Талғам. Білім. Қабілет. Шындық. Өзін сыйлайтын және жұртқа сыйлата білетін кез-келген әдебиет сыншысы белгілі бір шығармаға баға бергенде осы қастерлі ұғымдарды есте ұстайтыны анық.
Бүгінгі әңгімемізді біз де сол тағылымды түсініктердің төңірегінде өрбітеміз. Сонымен, талғам... Ең алдымен айтарымыз, Сағат ағамыздың тұрпаты бөлек, талғамы биік сыншы болғаны баршаға мәлім. Сол себепті ол жазу өнеріне аса жоғары талап қойды. Өнердің өріне шыққан шығармашылық тұлғаларды барынша қадірледі. Бәрінен бұрын ұлы Абайды ардақ тұтты. Не нәрсеге де Абайдың өрелі өлшемі арқылы зер салды. Ел-жұрттың қолынан түспейтін Абай шығармаларын қазақтанудың қайнар көзі, ұлттанудың өмірлік оқулығы деп білді. Өзі де «Қазақты түсіну үшін Абайды оқу қажет! Ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт», – деген қағиданы берік ұстанды.
Оның күнделігіндегі ұлы ақынның болмыс-бітімі туралы тіркестер бір бұл ғана емес. Қырық бес дәптерге там-тұмдап толтырған жазбаларының қай тұсын да әйгілі сыншы Абай туралы ой-тұжырымдарымен тұздықтап отырды. Талғамы терең сөз зергері Абайға ұқсауға, оған еліктеуге тырысатындарды да байқамай қалған жоқ. Бірақ ол солардың ұлы ақынның шығармашылық жолына маңайлай алмайтын тұстарын да нақты атап көрсетті. Биікке ұмтылып «Абай болу» мен ессіздікке ұрынудан «абай болудың» не нәрсе екенін айқындап берді. Күнделіктегі «Біздің көп ақындарымыздың өлеңдері техникалық жағынан Абайдан артық соқпаса, кем түспейді. Құйылып тұрған ұйқас, сыңғырлап тұрған ырғақ, бәрі бар, бірақ та ой жоқ», – деген тұжырым – қаламгердің Абай әлеміне барынша бойлай білгенінің нақты көрінісі.
Сыншының тұжырымдауынша, көркем шығарманың өн-бойына, ішкі иіріміне Абай поэзиясының құндылықтары арқылы қарау керек. Сөз бен ой, тіл мен бейнелілік – Сағат Әшімбаевтың ең жиі қолданатын ұғымдары. Көркем дүниенің сапасын өлшейтін сыншылық танымы жоғары азамат шынайы ұстанымды бәрінен биік қояды. Әдебиетке қатысты әр ұғымды өзінің талғам таразысынан өткізеді. «Образдылық – тілдің көркемдігі, яғни сөздің суреттілігі, бейнелілігі. Поэзиядағы көркемдік – өлең сөздің суреттілігі мен бейнелілігі, оған қоса әуезділігі. Абай поэзиясында баяндау да, толғау да, суреттеу де – бәрі-бәрі бар», – деп өзгеше ой тұжырымдайтыны сондықтан.
Біз, әрине, кезінде Сағат ағамызбен күнбе-күн араласып, пікір алмасып жүрген қанаттас қаламгерлердің санатынан емеспіз. Жасымыз да едәуір кіші болды, қызмет жолымыз да түйісе қойған жоқ. Бірақ түрлі жиындарда ара-тұра көріп қалғанымызда, оның үнемі қалың ойдың құрсауында тұратынын байқайтынбыз. Тіпті сонау жылдарда жұрттың жүрегін жаппай жаулап, көрерменді көк жәшіктің алдына жіпсіз байлаған «Парыз бен қарыздың» тізгінін ұстап, студия қонақтарын сөйлетіп қойып, соларды тыңдап отырғанда да ауық-ауық ойға шомып кететіндей көрінетін. Сондықтан ол «ойлау», «ойлану», «ой салу», «ой толғау» деген ұғымдардан өмірі іргесін ажыратпаған секілді. Ендеше, көп жылдың куәгері болған күнделігіне «Абайды өлең оқу үшін оқудың қажеті жоқ, оны ойлану үшін оқу керек», – деп жазба қалдырса, бұл дегеніңіз сыншының өз стихиясында жүргенінің белгісі деп бағалау керек.
Талғамы терең Сағат Әшімбаевтың қазақ қаламгеріне қойған талабы өзгеше болды. Ол, жалпы, талантты жазушыны идеал тұтты. Қаламгер тұлғасын қадірледі. Әр жазушының әдебиеттегі орнын бағалай білді. Ол өмірден де, әдебиеттен де шын талантты іздеді. Көрсе, қуанды. Кездессе, тілдесті. Жолықса, жанына жақын тартты. Өзінен кішірек қаламгерлерді қамқорлығына алды. Солардың санасына сәуле құйып, рухани жағынан байытты. Ықыласы түссе, үйіндегі кітаптарын арқалатып жіберді. Онымен етене байланысып болған соң, өзіне қайырылған өзге таланттарға да көз қырын салды. Сыншы Сағаттың бүкіл тағдыры нағыз жазушыны, шын шығарманы аялаумен өтті деуге болар.
Сарабдал сыншы шығармашылық өнердің шаңырағына кірген теңдессіз таланттың айналасына ықпал-әсерін былайша бедерлейді: «Әдебиетке өзгеше бір талантты жазушының келуі, оның қаламынан жақсы шығарманың тууы ұлттық игілік, табыс екендігіне сөз жоқ. Ал ол сонымен бірге белгілі бір дәрежеде өміршең өнердің өнегесін ала келеді. Яғни басқа жұрт соған қарап бойын түзейді, жазудың қиындығын сезінеді. Шынайы таланттың келуі тазалыққа, адалдыққа жол ашып, халтураның жолын бөгейді. Белгілі мәтелге салып айтсақ, кемел талант кемесі келгенде халтураның қалтыраған қайығы судан шығады».
Сағат ағамыздың дәуірінде халтураның қайығы, шынында да, үп еткен жел соқса, қалтырап тұратын еді. Қазір халтура қалт-құлт еткен қайыққа мінбейді, құрсауы қалың кемемен жүреді. Анау-мынау тұманың мен жауыныңа, толқының мен дауылыңа былқ етпейді. Таланттардың алдын орап, кейде өрге, кейде төрге қарай жүзеді. Бәлкім, олармен жөндеп күресе білмей, әбден ырқына жіберіп алғанымыз Сағат сынды шебер сыншының арамызда жоқтығынан шығар. Жас шағында-ақ баршаны мойындатқан дарынды қаламгердің «Ұлы таланттар күнде, жылда тумайды. Олар жүздеген жылдарда бір рет қана туса, оларды түсіну үшін де соншама ұзақ уақыт керек», – деген сөзі талғам деген категорияға қаншалықты көңіл бөлгенін айқын көрсетеді.
Сыншы кітап сапасына, оны басып шығару мәселесіне де сергек қарады. Бұл турасында да талғам ұғымы алдан шықты. «Қазір біздің әдебиетте «шығару үшін шығаратын кітап» деген ұғым пайда болды», – деп күйінеді. «Жазу оңай, шығару оңай, оқу қиын болып бара жатқан жоқ па?! Шындығында, бәрі керісінше болу керек емес пе?!», – деп күйзеледі. Осындай сындарлы пікір айтқан сыншы өмірден өткеннен кейін сапасыз кітап шығару деңгейі ырыққа көнбей, шарықтап кететінін кім білген?!
Қай дәуірде де жас жазушы деген түсінік болды. Жас жазушының мүмкіндіктері мол. Шығармашылығы енді ғана басталды. Оның алдында әлі талай жол жатыр. Келешекте маңдайын тауға да, тасқа да соғатын көк бейнет кезеңі күтіп тұр оны. Әзірге барша жұрт оған жас жазушы болғаны үшін де құрметпен қарайды. Бірақ ол жас жазушы болғанымен, жақсы жазушы ма? Әшімбаев талғамы осы жерден де дараланып көрінеді. Біздің «жақсы жазушы» деген үйреншікті тіркесімізді ол «жаңа жазушы» деген ұғыммен алмастырады. «Жас жазушы көп те, жаңа жазушы аз боп тұр. Сол сияқты ескі тақырыпты жаңаша жаза алмайтындардың саны жаңа тақырыпты ескіше жазатындардың санынан кем түспейді», – деп толғайды. Бұл да оның жазу өнеріне сын көзбен қарап, қаламгер атаулыны қатаң сүзгіден өткізе білгенінің көрінісі. Ол жаңашылдықты жұрттан талап етіп қана қойған жоқ. Өз шығармашылығы арқылы үзеңгілестері мен ізашарларына үлгі-өнеге көрсетті. Әр дүниесін талғамының таразысына салып, жанын жеп отырып жазды. Сыншының өзі де «Жақсы жазу үшін көп жазу керек, бірақ көп жазуыңның бәрін көпшілікке ұсына беруге болмайды», – деген қағиданы берік ұстанды. Сол қағидасына өмір бойы адал болды.
Білім бағдары
«Ненің жазылып, ненің жазылмағанын білу үшін де білім керек».
Сағат Әшімбаев
Сағат Әшімбаевтың өте көп оқитын, аса көп ізденетін білімдар сыншы болғаны жұртшылыққа жақсы мәлім. Ол жазған мақалаларының бәрін сөз өнерінің биігіне шыққан тұғырлы тұлғалардың ой-толғамдарымен тұздықтап отырды. Тұздықтамағанның өзінде оның қағазға түсірген дүниесінен ілім мен білімге суарылғандығы аңғарылып тұрды. Бұл осы күнделіктегі тұжырым-түйіндерінен де байқалады.
Сыншының кредосы: «Оқу үшін ойланбау керек, ойлану үшін оқу керек». Ойлану үшін оқу, оқып алып ойлану оның өмірлік дағдысына айналғанға ұқсайды. Мұны күнделіктегі жазбаларының ортақ түйіні деуге болады. Терең түйсік, шексіз білім ең алдымен, шығарманы өмірге әкелетін қаламгерге керек. Көл-көсір қабілет-қарымның өзі төрт аяғын тең басқан туындыны жазып шығудың кепілі бола алмайды. Табиғи дарыныңа қоса, ұшан-теңіз білім игермесең, жұрт жүрегін жаулайтын мінсіз дүниені оқырманға ұсына қоюың екіталай.
«Әдебиет те Менделеевтің таблицасы сияқты». Бұл да – Сағат Әшімбаевтың күнделігіне өрнектеліп түскен тағылымды түйіннің бірі. Менделеев таблицасы барша адамзат үшін пайдалы элементтердің басын біріктірген әрі қиыннан қиыстырылған құнды кесте десек, әдебиеттің әрбір компоненті де барынша бағалы екені дау тудырмайды. Сөз өнерінде орны бар осы көркемдік өрнектерді тиімді қолданып, шығарма жазғанның өзінде сапасыз болмайтыны айдан анық. Бірақ «Менің денем Менделеев ашпаған, Металдардың қоспасынан тұрады», – деп Төлеген ақын жырлағандай, шын шеберлігіңді дәлелдегің келсе, жұрттың әбден шиырлаған жерін шарламай, тыңнан жол іздеуге тиіссің. Сағаттың жоғарыда айтқан пікірінің астарындағы ой осыған меңзейтін секілді. Қалай болғанда да, көбірек оқуға, көбірек тоқуға, білімнің дариясына құлаш ұруға бағыт-бағдар сілтеп тұр.
Енді осы күнделікті кітап түрінде жарыққа шығару идеясын ұсынған және сол жазбалардың тереңіне бойлаған тағы бір танымал сыншы, әлеуетті әдебиеттанушы Құлбек аға Ергөбектің ой-тұжырымына құлақ түрелік. «Бірімізге аға, бірімізге ұстаз Сағат Әшімбаев күнделігі не гәп айтады? Бәріміздің де күнделігіміз оқыған кітаптар жайында алған әсерлерден, кітаптан үзінділерден тұрады. Сол сияқты көрнекті әдебиет сыншысының күнделігі ең алдымен оқыған кітаптарынан алынған үзінділерден бас құрайды екен. Олай болуы заңды. «Оқымаса ой тоқырайды...». Ұдайы оқу кісіні білімге жетелейді. Тап осы жерде кітап оқуды жүйеге түсіріп алған кісі ұтылмайды. Мейлі ақын бол, мейлі жазушы бол. Сағаттың кітап оқуы – жүйелі оқу. Сіңіріп оқу».
Сыншы Сағаттың кітап оқу тәжірибесінен үйренуге ғана емес, оны жан-жақты зерттеуге жетелейтін осы байыптама әрдайым қаперімізде болғаны жөн. Жоғарыдағы пікірді айтушы да – көп оқыған қаламгердің бірі. Солай бола тұра, ол Сағатша оқудың жөні бөлек екенін ерекше атап көрсетіп отыр. Бұл да есте ұстайтын жайт. Шығармашылық процеске ілім-білімді игеру тұрғысынан қарайтын сыншының өз ұстанымы бар. Ол оқу мәселесін екіге бөліп қарастырады. Біріншісі, жақсы шығарманы тудыру үшін оқу. Екіншісі, сол шығарманың жақсы-жаманын айыру үшін оны түсініп-түйсініп оқу. Яғни, шығарма өмірге келгенге дейінгі және шығарма жазылғаннан кейінгі оқу. Оның өміршеңдігін айқындау үшін оқу. Сондықтан, қаламгердің «Әр жазушының өз оқушысы, әр оқушының өз жазушысы болады», – деген байыпты байламы жазу әлеміне жөн сілтейтін бағыт-бағдардың бірі болып қала бермек.
Күнделік иесінің тұжырымы бойынша, әр жанрда жазылған дүниелерді оқудың өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, өлең мен әңгіменің табиғатын зерделеуге қойылатын талап бірдей емес. Сыншының бұл турасындағы пікірлерінен оның әдеби жанрлардың қай-қайсысын да жете бағалайтынын, солардың әрқайсысын игерудің, яғни түсініп оқудың жолдарын көрсетуге тырысатын байқаймыз. Сол арқылы оқудың, сондай-ақ, оқырман болудың деңгейін биікке көтереді.
Дәлел керек пе, міне қараңыз. «Өлең оқу оны жазудан оңай емес, Демек, жазу қалай қиын болса, оқу да соған пара-пар», – дейді ол. Бұдан соң өлең жазуға жеңіл-желпі қарауға құқың жоқ. Ұлы Абай «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» деп талап қойған, Дулат ақын «сөз – жібек жіп, жыр – кесте» деп бағалаған қазақ өлеңіне сыншы Сағат өзгеше өлшем арқылы зер салады. «Өлең жазу қандай қиын болса, түсіну одан да қиын», – деген байыптама ақын атаулыны оқырманды пір тұтуға міндеттейді.
Сонымен қатар, Сағат Әшімбаев әңгіме жазудың да, оны санаға сіңірудің де оңай еместігін аңғартады. Бұл тұрғыда ол өз ойын әлем классиктерінің тұжырымдарымен әрлеп-әдіптей түседі. Ақырында «Әңгіме – қиын жанр. Сол себепті де Флобердің «әңгіме жазу қиын болғандықтан, роман жазуға мәжбүр болдым» деген сөзінде терең мағына бар», – деп қорытады.
Оқу мен ойлану шығарманың сапасын арттыруға септігін тигізетін негізгі ұғым болуға тиіс. Сыншының табан тірейтін тұғыры осы. Ол бұл талапты әдеттегідей қаламгердің де, оқырманның да алдына көлденең тартады. С.Әшімбаев нақты атап көрсеткендей, «Көп ойлаған, көп ойланған адам аз жазады, ал аз ойланған адам көп жазады». Сонымен қатар, «Ой айту – ойыңа келгенді айту емес».
Көрнекті қаламгердің оқу мен жазуды ұштастыра білгеніне күмән жоқ. Тағы да ғибратты ғалым Құлбек Ергөбекке жүгінейік: «Оқығанын айтар ойының арқауына айналдырып салалы ой айта білу – Сағат сыншының бір артықшылығы. Оймақтай ойлы үзікті жазылар шалқар мақалаға тамызық етіп тастап жіберу де – Сәкең қолынан келген іс! Кейде әлденеше озық үзік жазылар тұтас мақалаға ұйытқы қызметін де атқара алады. Көрдіңіз бе, Сәкең кітапты оқу үшін, білімді көріну үшін ғана оқымайды, білімін ұштау үшін, сыншы ретінде талғам қалыптастыру, сыншы райында ой сабақтау үшін оқиды. Оқиды, оқу арқылы дүниетаным қалыптайды. Міне, мәселе қайда?!» Мәселе міне осында... Сыншы өз туындылары арқылы шынайы шығарманың өмірге келуіне де, ойлы оқырманның қалыптасуына да өлшеусіз үлес қосты.
Қаламгер қабілеті
«Мерген қисық көздесе де түзу тигізеді».
Сағат Әшімбаев
Көркем әдебиетті қалыптастыратын басты тұлға – қаламгер. Ал қаламгер деген ұғымға бәрі сияды. Тегінде күріш те, күрмек те, жүйрік те, мәстек те, жампоз да, жайдақ та қаламгер деген атты жамылып жүре береді. Бірақ көрнекті сыншының нысанасы – жазушы деген қасиетті атауды жаппай иеленген жадағай жандар емес. Ол шын шеберді, қабілетті қаламгерді ғана идеал тұтты. Оның дарындыға да, дарынсызға да беретін өз бағасы болды. Әрине, талантты қаламгер дегенде ықыласы бөлек-ті. «Талантты адам қынсыз қылыш сияқты» немесе «Талантты жазушы көргенін де, көрмегенін де жасыра алмайды», – деген қанатты қағидалары шығармашылыққа шынайы көзқарас тұрғысынан айтылды.
Сағат Әшімбаев күнделігіндегі осынау жазбалар арқылы қазақ қаламгерінің қабілет-қарымын ғана емес, ұлт жазушысының шығармашылық лабораториясының қыр-сырын да тереңірек ашып көрсетті. Қандай да бір сөз ұстаған адамның жазу өнерінде пайдалануға тиіс машық-дағдыларына талдау жасады. Қайткенде жақсы жазуға болады? Қаламгердің биігі немен өлшенеді? Жазушының шығармашылық ерекшелігін қалай айқындаймыз? Тақырыпты қалай игеруге болады? Шеберлік дегеніміз не? Жанр таңдау не үшін керек? Осы секілді мың-сан сұрақтарға ақ қағаз бетіне шашырап түскен тіркестерден нақты жауап табуға болады.
Қаламгердің негізгі міндеті не, оның тек-тұлғасынан, болмыс-бітімінен қандай өнеге алуымыз керек десек, бұған да әйгілі сыншының айтары дайын. Қатардағы адамның қабырғалы қаламгер болу мүмкіндігінен гөрі, елді аузына қарата білетін қабілеті мол сөз зергерінің осы биікке ұмтылуы қисындырақ. Себебі, жазушыға ұлтты өрге, ұрпақты төрге сүйреу міндеті жүктеледі. Сағатқа сүйенсек, «Осыған дейінгі әдебиет тарихына ой көзімен қарасаңыз, әрбір өткен қоғамдағы жазушылар сол өзі өмір сүрген қоғамның озық ойшылы болған. Әдебиет қоғамнан биік тұрған. Жазушы дәуірге сыншылдық тұрғыдан қараған. Қоғам әдебиетке емес, әдебиет қоғамға төрелік жасап келген екен. Міне, сондай әдебиетті жасаушылар ғана болашақтың көшінен қалмаған екен».
Сыншының көзімен зер салғанда, әдебиет дегеніміз де, жазушы тұлғасы дегеніміз де – қарапайым ұғымдар емес, елдікті танытатын ең жоғары өлшемдер. Олар сол талап деңгейінен табылуы қажет. Сонда ғана ұлттың күткен сөзі айтылады.
Әшімбаевтың күнделігі оқшау ойларға толы. Мысалы, «Жақсы жазу үшін көп жазу керек. Көп жазу үшін көп уақыт керек», – дейді ол. «Аз жазу керек, саз жазу керек» деген жүз рет қайталанған қасаң қағида тұрғысынан қарасақ, сыншы ағысқа қарсы жүзген секілденеді. Бір қарағанда, «көпіртіп көп жазудың не қажеті бар, мұның өзі сөзді тәуір кестелеудің кепілі бола ала ма?», – деген ойдың санада қылаң беретіні рас. Бірақ байыбына барыңқырасаң, сыншының не айтқысы келгенін аңғарғандай боласың. Ол «Жақсы жазу үшін көп жазу керек», – дегенде, тоқтаусыз һәм талғаусыз көсілте қалам сілтеуді емес, сөз өнерін игеруге кететін уақытты аямай, сапалы дүниеге жол ашуды айтып отыр деп білеміз. Оның кілті екінші сөйлемде тұр. «Көп жазу үшін көп уақыт керек». Әңгіме көркем шығарманың сапасы және оны туындатуға қолданылатын шеберлік пен соған жұмсалатын алтын уақыт турасында болып отыр. Бұл жердегі көп жазу – машық-дағдыны қалыптастырудың, ал көп уақыт – шеберлікті шыңдаудың алғы шарты. Сонымен, «көп жазу» деген көпіртіп жазу емес, «көп уақыт» деген зая кеткен уақыт емес екен! Ақиқат сөз, астарлы сөз Сағаттың танымымен әрдайым да өзектес болды.
Жазушы шеберлігі – біздің кейіпкеріміздің үнемі назар аударып, салмақтап-саралап, талдап-таразылап отырған тұрақты тақырыбы. Ол негізінен шебер қаламгерлерді ғана әдеби сынның нысанасына алды. Сыншы шеберлік ұғымын бірде шағын жанрға бейімделуден («Шағын жанрдан жазушы шеберлігі айқын көрінеді, әрі бұл жанр шеберлікті көп талап етеді»), бірде ауқымды жанрға ыңғайланудан («Роман – әдебиеттің симфониялық оркестрі») іздеді.
Көрнекті сыншының күнделігіне түскен қанатты тіркестерінің көпшілігі осы шеберлік мәселесіне арналған. Қаламгер қабілеті – шығарманың илеуін қандырып шығаратын басты құндылық. Ол алдымен сол туындының өзінен байқалуға тиіс. Бұл құбылысты да Сағат ағамыз тамыршыдай тап басты. «Адамның қуанышы көзінен көрініп тұратыны сияқты, жазушы шеберлігі әңгімеден алақандағыдай сайрап тұрады», – деп ой қорытты.
Сыншының нақты нысанасы – тақырыбын тауысқан, айтары азайған, талғамы тоқыраған қаламгер емес, өсу-өрлеу үстіндегі жазушы. Ол биікке ұмтылған туындыгерге тілеулес болды. Тынбай ізденетін, үзбей оқитын, ерінбей еңбектенетін жазушыға құрметпен қарады. Сағаттың салмақты ойлары жақсы жазушы бір орнында тоқтап қалмай, үнемі алға ұмтылу керек деген ұстанымға табан тірегені анық. Оның «Жазушы әр кітабында бұрынғы өзін-өзі жоққа шығарып отыруға тиіс» немесе «Творчестволық өсу үстіндегі адам ғана өз кемшілігін көре алады», – деген тұжырымдары осыны айғақтайды.
Кейіпкеріміздің айрықша назар аударған тағы бір мәселесі – қаламгердің тақырыпты игеру жайы. Тақырыпты таңдау, оны талдау, идеяға жегу, жаңаша жеткізу шын шебердің ғана қолынан келмек. Сағатша айтсақ, «Мәселе тақырыпта ғана емес, гәп сол арқылы айтылатын әрі көтерілетін идеяның жаңалығында». Осыған орай сыншының айтар уәжі бар: ««Мәселен, махаббат – ең көне тақырып. Сондықтан осындай көне тақырыпты жаңа уақыттың тұрғысынан жазу керек». «Ал оған жаңа емес, ескі тақырып тап келсе қайтесіз? Тіпті саналы түрде ескі тақырыпты жаны қалап тұратындар бар ғой?», – деп қиялап тартсаңыз, қаламгердің оған да жауабы дайын: «Ескі тақырып арқылы жаңа идея айтатындар бар да, жаңа тақырып арқылы ескі идея ұсынудан, белгілі жәйтті қайталаудан аспайтындар жоқ емес».
Сағат Әшімбаев күнделігінде қабілетті қаламгер тұлғасы түйінді тіркестер арқылы осылайша танытылды. Шынайы шеберліктің үлгі-өнегесі дәріптелді. Бұл жазбалардың бір ғибраты осында деп білеміз.
Шығарма шындығы
«Әдебиет дегеніміз – шындық деген сөздің синонимі».
Сағат Әшімбаев
Қаламгер күнделігіндегі бірқатар ой-тұжырымдар туындының табиғатына және шығарманың шындығына арналыпты. Бұл топтамаға көркем дүниедегі өмір шындығы және көркем шындық мәселесі арқау болған. Ең алдымен Сағат Әшімбаевтың мынадай анықтамасына назар аударайықшы. «Көркем шығарма – жазушының өмір, уақыт, адамдар туралы көркемдік тұрғыдан айтылған философиялық концепциясы». Міне, осы айқын анықтаманың өзі күрішті күрмектен айыруға септігін тигізетіні анық. Мәселен, көркем шығарма деп айдар таққан жазбамызда сыншы атап көрсеткендей, өмір, уақыт, адамдар туралы кеңінен қамтылуы мүмкін. Бірақ соның бәрі философиялық концепция дәрежесіне көтеріле ала ма? Демек, күнделік иесінің көркем туындыға қоятын талабы тым жоғары болып шықты.
Шындығы мол, шынайы шығарманы шын шебер ғана өмірге әкеледі. Ол шебердің сөз өнерінде өзіне лайық болмыс-бітімі, кейіп-келбеті болады. Шынайы шығарма – шын жазушының өнімі. Сол үшін әрбір қаламгердің қадамы мен қарымын ерекше саралаған абзал. Сыншының жіктеп-жіліктеуіне ден қойсақ, «Әдебиетте орын көп. Өйткені әркімнің өз орны бар. Сондықтан да әркім өз орнымен қымбат. Әр жазушының өзіне ғана лайық орны бар екендігін ұмыту – әлсіздіктің белгісі».
Бірақ бұл әдебиеттің кез-келген мүйісінен ойып тұрып орын ала беру керек деген сөз емес. Лайықты орын дегеніміздің өзі – таланттылардың тұғыры, дарындылардың діңгегі, қабілеттілердің құтханасы. Шындықты бейнелеген шығарманы жазып шығу үшін нағыз жазушы болуың шарт. Сонда нағыз жазушы деген кім өзі? Сол деңгейге жету үшін не істеу керек? Ал жетті делік. Ол өз дүниесінде уақыт шындығын қалай көрсетеді? Сыншы Сағаттың бұл турасындағы байыптамасы да әзір: «Өз уақытынан озып туған адамнан ғана нағыз жазушы шығуға тиіс. «Өйткені жазушы тарих тәңірі – уақыттың үш шағын, кешегісін, бүгінгісін, ертеңгісін өз заманының рухына сәйкес синтез күйінде көрсетуге тиіс». Бұл айтылғандар – жай ғана оралымды ойлар емес, жалпы әдебиеттануға бағыт-бағдар сілтейтін теориялық тұжырымдар.
Сыншы жазбаларындағы көбірек мән берілген тақырып – көркем шығарманың жасалу, яғни жазылу процесі. Сағат Әшімбаев өзінің саналы ғұмырында әдебиеттің ұстаханасында шыңдалған дарынды қаламгердің, «ар ісінің азабына» айналған жанкешті еңбек арқылы оқырманға жол тартатын сапалы дүниенің жаршысы болғаны баршаға мәлім. Сондықтан ол күнделігінде «Әдебиет туындысы, яғни көркем шығарма ғайыптан пайда болатын нәрсе емес. Ол – рухани-творчестволық азат та азап еңбектің жемісі, тән мен жан қиналысының нәтижесі», – деп толғанса, бұл – оның шығармашылықтың көк бейнетпен келетін адам айтқысыз ләззатын бағалағанының белгісі.
Шынайы шығарма – тынымсыз тірліктің, іргелі ізденістің, ерен еңбектің жемісі. Өмірдегі шындықты орнықтырудың өзі оңай емес. Сондай-ақ көркем шындықты тұғырына қондыру одан жүз есе қиын. Ойдан шығарылған оқиғалар мен көңілден көшірілген кейіпкерлерді өмірдің өз бояуына малып, шынайылықтың шекпенін кигізу мыңнан бір қаламгердің ғана қолынан келмек. Бір қадам ілгерілеу үшін қажымай-талмай тер төгуге, іркіліссіз ізденуге тура келеді. Бұл – теңіз түбінен маржан іздегенмен бірдей кәсіп. Осындай қиыннан қиыстыратын шығармашылық бейнеттің титімдей нәтижесін сыншы былайша бедерлейді: «Бізге сәтімен табылған бір сөз немесе бір сөйлемнің өзі қанша қуаныш, ләззат сыйлайтындығын басқа көп жұрт түсіне бермес». Шығармашылық жетістік дегеніміз тер төгіп, тірнектеп жинайтын құндылық екенін осыдан-ақ білуге болар.
Шығарма шындығы – ерекше ұғым. Сыншы бұған о бастан-ақ жете мән берді. Өмір шындығы мен көркем шындықтың ара-жігін ажыратып, тіршілікте болып жатқан қарапайым құбылыстарды туындының нысанасына айналдырған кезде қандай талаптарды ескеру қажеттігі күнделік иесінің қаперінен шықпаған көрінеді. Өзінің жазбаларында ол бұған қатысты ой толғамай қоймайды. «Өмірден көрген-білгенді сол қалпында жіпке тізе берген көркем шындық емес» немесе «Шындықты жазу – өмірді қаймағы бұзылмаған қалпында алып жазу емес», – деген байыпты байламдар осының дәлелі.
Сағат Әшімбаев шығармадағы шындық мәселесін де көтерді, өз жазбаларында да шындықты ту етіп ұстанды. Оған осы күнделіктегі қанатты сөздері куәлік бере алады. Жанр туралы толғанса да («Адам көзінің ешнәрсені жасыра алмайтыны сияқты, әңгіме жанрында да жазушы жетістігі мен кемшілігін жасыра алмайды»), шеберлік туралы көсілсе де («Әңгіме де жазушы шеберлігінің айнасы, бәрі көктамырланып көрініп, бәрі сайрап тұрады»), шығарманың туу заңдылықтары туралы әңгімелесе де («Әрбір кезеңде, сол кезеңдегі жасқа орай жазылатын шығарма болады»), кейіпкер келбеті туралы сөз қозғаса да («Әдебиеттегі кейіпкер адамдардан өмірдегі замандас адамдардың ойы да озық») Сағат ағамыздың әр пікірінің шындықтан алыстамайтыны бірден-ақ байқалып тұрады.
Көрнекті сыншы кез-келген шығарманың негізгі тіні болып саналатын тіл мәселесіне келгенде де шындықты айтты. Біздіңше, алдымен оның көкірек көзінде сараланып, санасында қорытылып, қойын дәптерінде өрнектелген «Тіл арқылы әдебиет қана жасалмайды, әдебиет арқылы тіл дамиды» немесе «Тіл ойламасаң, сөйлемесең, жазбасаң, музей экспонатына айналады», – деген секілді бірқатар тегеурінді тіркестердің өзге қаламгерлердің де қойын дәптеріне көшірілетін, сөйтіп ел игілігіне айналатын кезі баяғыда-ақ жетті.
Қорыта айтқанда, Сағат Әшімбаевтың бұл күнделіктеріндегі жазбаларды оның азамат, қаламгер, қайраткер ретіндегі толғаныстары, жүрегінен шыққан жан сыры ғана емес, қазақ жазушысының көбісіне ортақ шығармашылық лабораторияның қыр-сырын ашып көрсеткен кестелі ой орамдары деп бағалаған жөн. Демек, бар-жоғы қырық төрт жасында өмірден өткен сарабдал сыншының соңында қалдырған қастерлі құндылықтары алдағы уақытта да қалам ұстаған талай ұрпақтың кәдесіне жарайтыны анық.  Сондықтан оны сөз өнерінің тағылымды тамыршысы деп тануымызға болар...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер