Ұнамды қаһарман

3968
Adyrna.kz Telegram
Өнеге мен өлшем
«Жұмекең iстеген iсiн тиянақтап, үстiнен бiреу қарап жөндемейтiндей етiп бiтiрушi едi. Қысылған кезде оған елдiң бәрi қолқа салып жататын».
Серiк Қирабаев
Әдетте көптi көрген аға ұрпақ кейiнгi буынға сынай қарап, қадамын бақылап, қарымын бағалап отырады. Сол сияқты бүгiнгi жастар да алдыңғы толқын ағалардың өн бойынан өнеге iздейдi. Әсiресе, Қасым ақын айтқандай, жер сарайын жаңғыртып келген, тектiлiгiнен гөрi ептiлiгi басым осы күнгi жас перiлер самайын қырау шалған салиқалы сардарлардың салақұлаш өмiрбаянынан гөрi сындарлы тұлғасына көбiрек көз салады. Қазiргi жастардың ақыл толған баста, селдiреген шашта шаруасы бола бермейдi, олар: «Ағамыз ақсақалдықтың аулына қалай, қайтiп бара жатыр?», – деп қарайды. Сосын әдемi қартайып келе жатқан аға буын туралы әдемi сөзiн айтады.
Өмiрден өткенше кейiнгi толқын iнiлердiң ықыласына бөленген, сынын бұзбаған, сырын жоғалтпаған абзал ағаларымыздың бiрi Жұмағали Ысмағұлов деп ойлаймыз. Журналистика мен әдебиеттанудың, қоғам iсi мен аударманың қай-қайсысына да жаттығы жоқ Жұмағали ағаны саналы ғұмырында жолы болған адам десек, қателеспес едiк. Әдепкiде ұстаздан жолы болып, уызында жарыды. Бастауыш мектептi бiтiре сала аты аңызға айналған педагог ақын Бекет Өтетiлеуовтiң өзiнен дәрiс алды. Қазақ ұлтының марқасқалары Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсыновтың шарапаты тиген бiлiм шаңырақтарында тәлiмге қанықты. Республиканың маңдай алды басылымдарын басқарды. Жоғарғы Кеңестiң депутаты болды. Талайлар қызмет iстеп, бiрi ар-намысын, бiрi қадiр-қасиетiн саясаттың шоғына күйдiрiп алған Орталық Комитеттiң оты мен суынан аман шықты. Қайта ұлтқа пайдасын тигiзiп, жазықсыз жазаланған Ғабит Мүсiреповтiң партиялығын қалпына келтiруге арналған анықтаманы әзiрлеп, әйгiлi жазушының толық ақталуына атсалысқан.
Қазақ телеграф агенттiгiн бес жыл басқарған Жұмағали Ысмағұловтың қызметтен түсуiнiң өзi – кiсi қызығатын сәтсiздiк. Желтоқсанның ызғарлы күнi алаңға шыққан қазақтың қайсар ұландарының сот залында сүмiреймей, қасқая қарап тұрған суретiнiң жарияланып кеткенi үшiн күйдi. Ұзамай жеткен ақжарылқап заман ол күйiнiштiң де орнын толтырды. Дау-дамай мен шырғалаңнан арылған соң алаңсыз ғылыммен айналысты. Бұл жерден де бақ-несiбе Жұмағаңды қайта тапты. Ғылымдағы жанкештi еңбегi докторлық дәреже, профессорлық атақ сыйлады. Өңiрiне талайға арман болған тәуелсiз елдiң мемлекеттiк сыйлығының белгiсi қонақтады. Егер сол кезге дейiн қызметтiң құлағын ұстап отырғанда бұл жетiстiктер Жұмағали ағамызды жанап өтер ме едi, кiм бiледi?! Ырысқа құшақ жайған жерiне де, табаны тайған жерiне де бақ қонған, өмiрде жолы болған адам дейтiн себебiмiз сол.
Ең алдымен, жұрт Жұмағали Ысмағұловты журналист-публицист ретiнде таниды. Ол – қазақ баспасөзiнiң бар буынында қабiлет-қарымын байқап көрген кiсi. Аудандық газеттiң баспаханасында құйылатын қорғасын әрiптердi өз қолымен терген. Одан соң редакцияның жауапты хатшысы болып, газеттiң макетiн сызған. Сөйтiп, журналистиканың майданына техникалық дәлiз арқылы келiп кiрген. Әуелi әрiп терген, сосын әрлеп макет сызған қол бiрте-бiрте салмақты сын, маңызды мақала, ойлы очерк жазуға машықтанған. Университет қабырғасында жүрiп-ақ «Қазақстан коммунисi» (бүгiнгi «Ақиқат») журналының бөлiм меңгерушiсi, кейiн жауапты хатшысы болып қызмет атқарған. Ал оқу орнын бiтiре сала бүгiнде бiреу бiлiп, бiреу бiлмейтiн, ал ол кезде атының өзiнен ат үркетiн «Үгiтшi блокноты» журналының бас редакторлығына тағайындалған. Әлi күнге дейiн дәстүрiн үзбей келе жатқан әдебиет пен өнердiң қара шаңырағы – «Қазақ әдебиетi» газетiн басқарған бас редакторлардың тiзiмiнен Жұмағали Ысмағұловтың да есiмiн көремiз.
Он төрт жыл бойы Қазақ телеграф агенттiгiнде қызмет iстеген кезеңi желтоқсаншылар суретiнiң жарияланған күнi аяқталды. Егер Қайрат Рысқұлбеков бастаған бес жiгiт суретке еңсесiн тiк ұстамай, бастарын төмен тұқыртып тұрып түскенде, Жұмағаңның КазТАГ-тағы жұмысы жалғаса берер ме едi, қайтер едi? Ұлт тарихында елеулi орны бар осы оқиғадан соң КазТАГ-тың директоры қызметiнен босап, партиялық жазаға тартылды. Ал суреттi жариялаған «Жетiсу» газетiнiң бас редакторы Мамадияр Жақып Алматы облысындағы бiр аудандық газеттiң техникалық қызметiне кеттi. Екеуi де қиын күндерде байсалды қалпын сақтады. Екеуi де желтоқсан желi жылымыққа ұласқанда, базбiреулер секiлдi қаһарман кейiпкердiң кейпiне енуге ұмтылған жоқ.
Журналист Жұмағали Ысмағұловтың қаламынан публицистикалық толғаулар, очерктер, эсселер, әдеби-сын мақалалар туды. Ұлт тарихындағы ұмытылмас тұлғалар Бейiмбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов, Ғабиден Мұстафин, Iлияс Есенберлин, Iлияс Омаров, Тахауи Ахтанов, Ғафу Қайырбековтердiң әдеби-шығармашылық портреттерiн жасады. Ал аса көрнектi қоғам қайраткерi, халқымыздың тұлғалы перзентi Бәйкен Әшiмов туралы арнайы кiтап жазды.
Бiздiңше, аудармашы Ысмағұловтың салмағы публицист Ысмағұловтан ешқандай кем емес. Бұл кiсi – көркем аударманың теңдессiз шеберi. Қазiргi күнi дәстүрi үзiлiңкiреп қалғанымен, кезiнде шығармашылық мектеп ретiнде қанат жайған көркем аударманың арқасында шетел және орыс әдебиетiнiң классиктерi мүлтiксiз қазақша сөйледi. Олардың құнын кемiтпей, қаймағын бұзбай, сөлiн сақтай отырып, ұлт тiлiне тәржiмалаған Мұхтар Жанғалин, Хасен Өзденбаев, Әбiлмәжiн Жұмабаев, Iсләм Жарылғаповтармен бiрге Жұмағали Ысмағұлов есiмi де қазақ аударма тәжiрибесiнiң тарихында қалды. Бүгiнгiдей тiлдiк қолданыстар өрескел бұзылып, ақпарат құралдарының бiрқатарының тiлi жүгенсiз кеткен тұста «ендi бiр заманда аудармашылардың дәл осындай талантты шоғыры қайта қалыптасады» деп кесiп айтудың өзi қиын. Тiлдiң құдiретiн таныта бiлген шебер тәржiмашы мағынасын дәл жеткiзбегенi былай тұрсын, бiр әрпiн қисайтып алсаң басың пәлеге қалатын заманда марксизм-ленинизм классик-терiнiң шығармаларын абыроймен аударып шықты. Көсемханада қызмет iстеп, көсемдердiң еңбектерiн қазақша сөйлеткен Жұмағали Ысмағұлов әдебиеттi сүйетiн оқырмандар үшiн де қыруар iс тындырды. Оның аудармасы арқылы қазақ жұрты М.Горькийдiң, А.Чеховтiң, И.Тургеневтiң, Н.Добролюбовтiң, А.Островскийдiң, Бальзактың, Стендальдiң, П.Коэльоның, В.Дальдiң, Э.Казакевичтiң, Ю.Бондаревтiң шығармаларын ана тiлiнде оқыды. Тұшынды. Түйсiндi. Сүйсiндi. Өйткенi, Жұмағаң мұның қай-қайсысын да жүрекке жеткiзiп аударған болатын. Сондықтан оқырман түсiнiксiз ойлардың тұманында адасқан жоқ. Қисынсыз оралымдардың теңiзiне де малтыққан жоқ. Еркiн жүздi. Ғажайып дүниелердi қазақ жазушысы жазып шыққандай сезiнiп, рахаттанып оқыды. Жұмағали аға мемлекеттiк терминология комиссиясының мүшесi ретiнде ұғымға жеңiл, әрi өзге тiлдегi сөздiң мағынасын дәл танытатын атаулардың бiразын айналымға қосты. Қазiр жиырма бiрiншi ғасырдың қазақтары Жарылғапов енгiзген терминдерге қоса, Ысмағұлов ұсынған сөздердi де жиi қолданып жүр. Бiрақ сондай сәттерде Жұмағаңның «Мынау менiң сөзiм едi», – деп, кеуде керiп, төс қағып жатқанын көрген емеспiз.
«Зовут его Жумагали»
«Ол қазақ журналистерiнiң iшiндегi бiр сүбелiсi едi».
Тұрсынбек Кәкiшев
Оның аты Жұмағали екенiн бәрiмiз де бiлемiз. Бiрақ мұны айтқан әр сөзi алтынға бағаланатын Мұхтар Әуезовтiң өзi едi... Сол айтылған күйiнде тақырыпшаға пайдаланып отырмыз. Парасатты публицист, алымды аудармашы, әлеуеттi әдебиеттанушы ретiнде танылған Жұмағали Ысмағұловтың шығармашылық әлемiне келуiнiң өзi қызық. Ол кiсi әдепкiде өзiне абырой әперген осы салалардың ешқайсысына да мойын бұрмапты. Кескiлескен соғыс жүрiп жатқан кезде Қостанай өңiрiнiң Әулиекөл ауылында 8-класты бiтiрiп, одан арғы жоғары кластар жабылып қалған соң, облыс орталығындағы мұғалiмдер институтының алты айлық дайындық курсына түседi. Бұдан кейiн сол оқу орнының физика-математика факультетiнiң бiрiншi курсына студент болып қабылданады. Сол кезде оның жасы он төртте ғана. Егер таңдаған жолымен тура тартқанда, осы саланың ғылымында айрықша iз қалдырған майталман маманның бiрi болар ма едi, кiм бiлсiн?! Бiрақ оған журналистиканың наны бұйырып тұр екен. Бүкiл елдiң басына ауыртпалық түскен кезеңде оқуын жалғастыруға мүмкiндiгi болмай, күнкөрiс үшiн жұмысқа тұрады.
Дайындық курсында оқып жүрген ол кiтап дүкенiнен Ғабдол Слановтың «Дөң асқан» атты кiтабын сатып алып, бiразға дейiн әсерiнен айыға алмай қойған. Тағы бiр соққанда, Мұхтар Әуезовтiң жаңа ғана шыққан «Абай» романы сөреде тұр екен. Соны жатақханаға алып келiп, бас көтерместен қызыға оқып шығады. Оқып болған соң өзгеше әлемге енгенiн байқайды. Бәлкiм, болашақ математиктi есеп-қисап дүниесiмен ерте қоштастырған себептiң бiрi де осы шығар. Соғыс бiткеннен кейiн КазГУ-дiң журналистика бөлiмiне оқуға түседi. Iздегенге – сұраған, қазақ фольклоры пәнiнен профессор Мұхтар Әуезовтiң өзi дәрiс бередi екен. Ауылдан келген бала дананың дидарынан көз алмай, оның әр сөзiн аузын ашып, тыңдаумен ғана отырады. Алғашқы сабақта ұстаздың әсерлi әңгiмесiне әбден елтiп, лекцияны қағазға қаттауды естен шығарып алады. Бiрте-бiрте жазуға да жаттығады. Семестр соңындағы сынақ кезiнде ұлы ұстаз оның зерделiлiгi мен тиянақтылығына тәнтi болады.
Сөйтiп, Жұмағали Ысмағұлов студент кезiнде «Әуезовтiң өзiнен бес алған» (Өтеген Оралбаев) алыптар тобының қатарын толықтырады. Оқу бiтiрген соң да тағдыр оны ұлы Мұхаңмен талай рет тоғыстырады. Бұлай болатын жөнi де бар-ды. Жұмағали аға жас күнiнен орысшаға өте жүйрiктiгiмен көзге түседi. Қазақша ойлайтын, бiрақ орысша оралымдары да ешкiмнен кем соқпайтын ұланға ұстаздары үнемi үмiт артатын. Университеттен кейiн «Қазақстан коммунисі» журналының жауапты хатшысы қызметiн атқарып жүргенде, талайдың тiсi батпайтын Добролюбовтiң бiр томдық жинағын қазақша сөйлетiп, кәсiби аудармашылардың жоғары бағасын алғаны бар. Сол тұста оған тағы бiр аса жауапты мiндет жүктеледi.
1954 жылы Қазақстан жазушыларының үшiншi съезiне әзiрлiк жүрiп жатады. Сондағы негiзгi баяндамалар қазақша әзiрленсiн деген талап қойылыпты. Қазақ драматургиясы туралы баяндаманы Мұхтар Әуезовтiң өзi жасайтын көрiнедi. Ал Қазақстан Компартиясының екi тiлде шығатын саяси журналы – «Үгiтшi блокнотының» басшысы Жұмағали Ысмағұлов сахна сыртындағы микрофон арқылы осы баяндаманың орысша нұсқасын қазақшаға iлесiп, шашау шығармай оқып шығуы керек. Бұл ұсыныс айтылғанда жас жiгiт қатты қиналады. Бұл басқа емес, әйгiлi Мұхаңның сөзi болған соң оны жаныңды салып, жүрегiңмен оқуға тиiссiң. Ал жүрегiң атқақтап, аузыңа тығылып отырғанда қайдағы тебiренiс... Оның үстiне, кейiн әзiрленген орыс тiлiндегi мәтiндi ұлы ұстаз әлi қарап үлгермеген сияқты. Сондықтан алдымен олпы-солпы тұстарын ретке келтiрiп, мұртын басады. Қашаннан ұқыптылық қанына сiңген ол бұл тапсырманы да тиянақтылықпен орындап шығады.
Басқа баяндаманы оқығандардың бiразын жұрт тыңдамай қояды. Ал бiздiң кейiпкерiмiздiң шын ықыласы, қоңыр даусы, жағымды мәнерi, оралымды орысшасы залдағыларды тыпыр еткiзбейдi. Сол жолы Мұхаң жас әрiптесiнiң қолын қысып, қалың елдiң көзiнше ризалығын бiлдiредi. Кейiн ағамыз өз естелiгiнде жазғандай, ертеңiне бiр жиында жолыққан Мұхаң жанындағы зайыбына: «Валя, вчера этот молодой человек мой доклад читал в переводе. Зовут его Жумагали. Ох, и здорово получилось!», – дептi. Содан соң оны сол дәуiрдегi кеңестiң әйгiлi жазушыларының бiрi Леонид Леоновқа таныстырыпты.
Тоқтай тұрыңыз, ол бұдан кейiн де Әуезовтен ажырай қоймайды. Үш-төрт жылдан кейiн «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бас редакторы Iсләм Жарылғаповтың тапсырмасы бойынша, Мұхаңның «Абай жолы» эпопеясы туралы Iлияс Омаровтың орысша жазылған мақаласын қазақшаға аударады. Мақала басылып шыққан соң, ел-жұрт оның қазақша жазылғандай есiлiп тұрғанын айтып, тамсанумен болады. Ол кезде Қызылжарда қызмет iстейтiн Iлияс Омаров арнайы телефон соғып, ризашылық танытып, кiмнiң аударғаны жөнiнде мәлiмет алады.
Ол ол ма, ұзамай Мұхаң оны үйiне шақырып, аудармасын мақтап, алғыс айтады. Жас жiгiттiң Мәскеуге Қоғамдық ғылымдар академиясына оқуға кетiп бара жатқанын естiп, «Жолың болсын, шырағым!» – деп тiлегiн арнайды. Сөйтiп, ол шығармашылықтың құтты мекенi – Әуезовтiң киелi шаңырағында болған зиялылардың кейiнгi толқынының қатарына қосылады. Қосылып қана қоймай, бүкiл өмiр жолына қара шалдан бата алып шығады. Жоқ, оның Әуезовпен кездесетiн күндерi әлi де алда. Ол өзiнiң «Ұлының шарапаты – ұлтының нәсiбi» деген естелiгiнде былай дейдi: «Бiр күнi осындай қарбалас оқу кезiнде Алматыдан жеделхат келе қалсын. Бiр сөзiне дейiн ұмытылмай, әлi көңiлiмде сайрап тұр: «Москва. Садово-Кудринская, 9, комната 640. Исмагулову Жумагали. Очень прошу взяться за подстрочный перевод «Караш-Караш». О подробностях договоритесь с Зоей Кедриной по адресу Новопесчаная, 16, кв 81, телефон 2572836. Ауэзов».
Жұмағаң Алматыға арнайы келiп, қолжазбаны алып, жиырма бес бетiн аударып, кейiн Мәскеуге келген Мұхаңа ұсынады. Ол кiсiнiң разылығын көргеннен кейiн, бұл жұмысқа оқу бiтiрген соң жегiлуге рұқсат сұрайды. Ұлы жазушы сол жолы шәкiртiн ресторанға ертiп барып, бiрге тамақтанады. Ертеңiне Әуезов әйгiлi Америка сапарына аттанады. Жас әдебиетшi әуежайға дейiн шығарып салуға үлкен ағалардан ыңғайсызданып, қонақ үйге арнайы келiп, тiлек айтып шығады. Бiздiң Жұмағали ағамыз осы бақыттың бәрiн көтере бiлдi.
Ақпарат пен аударма
«Сөйлем аударылған, бәрi де дұп-дұрыс секiлдi, бiрақ оқысаң, кiбiртiктеп қаласың, бiрдеңе жетпей тұрады. Соның талайының сырын Жұмекең үйреттi».
Нұрмахан Оразбек
«Мәскеу» қонақ үйiндегi жүздесудiң әр сәтi жадында таңбаланып қалды. Бұл оның Әуезовпен соңғы рет тiлдесуi екен. Одан соң Склифосовский атындағы орталық клиниканың жаназалық бөлмесiне Мұхаңмен қоштасуға келедi. Сол күнгi оқиғалардың бәрi оның көз алдында өтедi. Алматыдан арнайы келген Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов, Ғабиден Мұстафин, Әбдiлдә Тәжiбаевтармен кездеседi. Жазушылар одағы ғимараты ауласында өткен шығарып салу рәсiмiне қатысады. Леонид Соболевтiң азасөзiн тыңдайды. Жас Жұмағали осының бәрiнен тағылым алады. Сөзiмiздiң басында оның ұзақ жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет iстегенiн айттық. «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бас редакторлығынан босағаннан кейiн Алматы облыстық «Жетiсу», Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газеттерiне жiберiледi. Қызметтiң үлкен-кiшiлiгiне қарамай, бәрiн де тиянақтылықпен атқарады. Бұдан соң Жұмағаңның қайта өрлеу дәуiрi басталады. Қазақ КСР Министрлер Кеңесi жанындағы Мемлекеттiк ақпарат агенттiгi (ҚазТАГ) директорының орынбасары болып тағайындалады. Бұл мекемеде басылымдар үшiн ресми материал әзiрлейтiн аудармашылардың тұтас мектебiн қалыптастырады.
Қазақтың қара сөзiнiң қадiрiн бiлетiн адамның бiрi – көрнектi көсемсөзшi Нұрмахан Оразбек. Сол Нұрекеңнiң өзi Жұмағали ағамызды өмiр бойы ұстаз санап өттi. 1962 жылы «Қазақ әдебиетi» газетiнiң редакторы Жұмағали Ысмағұлов Әбiш Кекiлбаевтың айтуымен Нұрмахан Оразбектi фототiлшi етiп жұмысқа алады. Елгезек фототiлшi сол газетке жарияланған Әнуар Әлiмжановтың Мырзашөл туралы жазылған очеркiн оқып сүйсiнiптi. Тiлiнiң көркемдiгiне таңдай қағады. Лездеме үстiнде редактордың орынбасары Ғафу Қайырбековтiң өзi «Аударма емес, қазақша жазылғандай болып шығыпты» деп ризалық танытады. Сөйтсе, жұрттың бәрiне ұнаған очерктi аударған Жұмағали ағаның өзi көрiнедi. «Е, бұл кiсiнiң сондай өнерi де бар екен ғой деп түйгем» деп еске алады Нұрағаң. Сол кезде жiгерлi де жас фототiлшi Нұрмахан Оразбек бұл кiсiмен жолы әлi талай тоғысатынын, кейiн бiрi КазТАГ-тың директоры, екiншiсi орынбасары болып бiрге қызмет iстейтiнiн қайдан бiлсiн?!
Шығыс Қазақстаннан оралып, Партия тарихы институтының марксизм-ленинизм классиктерi шығармаларын аудару секторының меңгерушiлiгiне тағайындалған Жұмағаң «Социалистiк Қазақстанда» жүрген Нұрағаңды қарамағына қызметке шақырады. Шәкiртiн саяси аударманың қазанында қайнатады. Тiл заңдылықтарын пайдаланып, түпнұсқа мен қазақшаның арасын жымдастыратын сан қырлы тәсiлдердi үйретедi. Ұстаз ұлағатының арқасында қызметкерлердiң бәрi аударма дегенге сенгiң келмейтiн қазақы сөйлемдердi құрауға машықтанады. Кейiн КазТАГ директорының орынбасарлығына ауысқан Жұмағали Ысмағұлов көп ұзамай шеберлiгi шыңдалған шәкiртiн бас редакторлық қызметке қалап алады. Баспасөзге арналған аудармадағы тiл ұстарту сабақтары қайта басталады. Жұмағаң қыз-жiгiттерге ресми мәтiндегi iлiк септiгiнiң, көптiк жалғауының орны, қысқарған сөздердi аудару ерекшелiгi жөнiнде айтудан жалықпайды. Соның арқасында бұл саланың аузымен құс тiстеген мамандарының қатары көбейедi. 1982 жылы КазТАГ-тың директоры болып тағайындалған Жұмағали Ысмағұлов өзiнiң бұрынғы орнына Нұрмахан Оразбектi бекiтiп алып, телеграф агенттiгiн компьютерлендiрудiң алғашқы қадамын бастайды. Компьютердiң арғы атасы – ЭВМ, монитордың арғы атасы – добалдай қалың экран шетелден жеткiзiледi. Сөйтiп, жанкештi жұмыс жүргiзiледi. Агенттiктiң жаңа директоры ұйымдастыру жұмыстарына аса ептiлігін таныта бiледi. Ол тұста компьютер атаулы еңселi кеңселердiң өзiнде де бола қоймапты. Мекеме басшысының алымдылығы мен шалымдылығын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Жұмағаңның қызметтен кетуiне себеп болған әйгiлi сурет оқиғасын Нұрмахан Оразбек былайша баяндайды: «Сексен жетiнiң жазы да кеп қалды. Желтоқсаншыларға сот болды. Мәскеудiң шетелдерге хабар тарататын бас редакциясы мен фотохроникасынан соттан хабар, сурет берiңiздер деген нұсқау түскен. Юра Беккер барып суретке түсiрген. Таңертеңгi лездемеден кейiн Жұмекең Орталық Комитетке кеткен. Содан күн ұзағына дейiн сонда жүрдi. Кешке қарай ТАСС-тан «керегi жоқ» деген хабар түсiптi. Фотохрониканың бас редакторының орынбасары Мечислав Венгловский күте-күте шаршаған болуы керек, кешкi сегiзден кейiн соттан түсiрiлген суреттердi Алматыдағы редакцияларға берiп жiберген де, үйiне қайтқан. «Социалистiк Қазақстан» мен «Казахстанская правда» «суреттер кеш түстi, бермеймiз» дептi. Сол күнi кезектi нөмiрi шықпайтын газеттер «Жетiсу», «Коммунизм туғи», ұмытпасам, «Огни Алатау» да бар, материалды да, фотосуреттердi де күн аралатып жариялап жiберген».
Бұл кезде бiз жастар басылымында қызмет iстейтiн едiк. Аға газеттерде басылмаған соң, үнемi соларға қарап бой түзейтiн «Лениншiл жас» пен «Ленинская смена» сол күнi дау-дамайға ұрынбай аман кеттi. Жұмағали аға, суреттi жариялаған газеттердiң бас редакторлары, агенттiктiң басқа да жауапты қызметкерлерi қызметiнен босатылып, партиядан шығарылды. Ол тұста алпысқа да толмаған бiздiң кейiпкерiмiздiң бұқаралық ақпарат құралдарындағы қызметi осы жерден тұйықталды.
Абайтану мен адамтану
«Бiз журналистиканың жуан тобық, еңбек торысы болсақ, ол бәйгеге салар сәйгүлiк сияқты көрiнген сонда маған».
Сарбас Ақтаев
Ендi публицист және аудармашы Ысмағұловты қоя тұрып, әдебиетшi-ғалым Ысмағұловтың тұлғасына көз салайық. Әдетте есiк-терезесi қалың кеңселердiң қызметiнде iстегендердiң арасынан шығып, ғылыммен айналысқандарға жұрт күдiктене қарайды. Бұл күдiктi көңiлге терең ұялатқан шетiнен ғылыми дәреже иеленген қазiргi бастықтар. Бiр әйел тоғыз айда бiр перзенттi өмiрге зорға әкелсе, бiр шенеунiк тоғыз айда екi рет толғатып, кандидаттық және докторлық диссертацияларын бiрiнен соң бiрiн ұсынады. Бiздiң кейiпкерiмiз әдебиеттанумен айналыса бастағанда, ғылымды әкiмдер мен әкiмқаралар қолжаулық қылатын заман қыр астында жатыр едi. Әрине, Жұмағали Ысмағұлов та iрi кеңседе қызмет iстедi. Бiрақ ол кеңсенiң есiгiн нығыздап жауып барып, ғылымға кеттi. Мәскеуге, талайдың қолы жете бермейтiн Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасына түстi. Сол оқу ордасының әдебиет пен өнер теориясы кафедрасында зерттеу жүргiздi.
Зиялылардан тәлiм, ғұламалардан бiлiм алды. Даналық дариясында еркiн жүздi. Кандидаттық диссертациясын адал еңбегiмен, маңдай терiмен қорғап шықты. Бiрақ оны кеңсе қызметi қайтадан иiрiмiне тартып әкеттi. Темiрдей тәртiп пен сiрескен жүйе әдебиеттанумен шындап айналысуына кедергi жасап бақты. Алайда жиырма жылдан соң төрткүл дүниеге танымал бес жiгiттiң суретi Жұмағаңды ғылымның аулына қайта жетектеп әкелдi. Ұлы Әуезов көзiн ашқан қасиеттi қайнар бұлақ – абайтанудың қақпасына кеп туын тiктi. Тұғырлы тұлғалар түрен салған, талайлар шиырлаған соқпақтан шығып, тыңнан жол табу оңай болған жоқ. Тумысынан эстет Жұмағали Ысмағұлов ұлы ақынның болмыс-бiтiмiне көркемдiк-эстетикалық көзқарастар арқылы зер салды. Ұзақ жылдық тынымсыз еңбегiнiң нәтижесiнде «Абай: ақындық тағылымы» деп аталатын монографиясы дүниеге келдi. Абай абайтанушының басына бақ қондырды. Әдебиет және өнер институтының бiр топ ғалымдарымен бiрге мемлекеттiк сыйлыққа ие болды. Күнi кешеге дейiн ғылыми элитаның көш басындағылардың қатарында жүрдi.
Кейiпкерiмiздiң қабiлет-қарымына белгiлi журналист-жазушы Сарбас Ақтаев мынадай баға бердi: «Жұмағали Ысмағұлов – бiлiмге де, тiлге де өте бай публицист. Оның қай шығармасының да тiлi жiбектей есiлiп, төгiлiп тұрады. Сол кестелi көркем тiлдi ол ғылымға да ала келдi». Осы шұрайлы тiл зерделi зерттеушiнiң еңбектерiн тезiрек оқып шығуға жетелейдi. Әр жылдарда әдебиеттанушы ғалымның «Маржан мен махаббат», «Адам мейiрi», «Абай: даналық дәрiстерi», «Алтын ғасырдың ақ таңы» атты жинақтары жарық көрдi. «Ғабит Мүсiрепов туралы тоғыз толғам», «Бәйкен Әшiмов» атты тұлғалық кiтаптары да оқырманнан лайықты бағасын алды.
Мен Жұмағали ағамен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында үш жыл бiрге қызмет iстедiм. Бүгiнгi әңгiмелердiң бiразы сол күндерде көңiл күнделiгiнде қатталған-ды. Көкiрек кенiшi бай әдебиеттанушы зиялылардың зиялысы екенiне сәт сайын көзiмiздi жеткiзiп отыратын. Сол жылдарда сексенге бет бұрғанына қарамастан есте сақтау қабiлетi ерекше едi. «Сен ана «Лениншiл жасқа» қызметке жаңа барған кезiңде маған телефон шалып, бауырымен жорғалаушыларды зерттейтiн зоолог балам Елдос туралы сұрағаның есiңде ме?», – деп өзiмiз ұмытып қалған нәрселердi қайта қозғап, жас болсақ та, жаңылып тұратын жадымызды жаңғыртып қоятын. Қазiр қай салада қызмет iстейтiнiн бiлмеймiн, ол тұста Елдос Жұмағалиұлы Ысмағұлов қазақтан шыққан аз ғана герпетолог маманның бiрi болатын. Iздеген кезiмiзде Елдос ағамыз жыланның тiршiлiгiн зерттеу үшiн Барсакелмеске ме, Бетпақдалаға ма, әйтеуiр бiр жаққа ұзақ сапарға кетiп, менiң алдын ала жоспарланған «Герпетолог» деген мақалам жазылмай қалғаны бар. Оның есесiне, Жұмағаңның балаларының iлiм-бiлiмге бейiмдiлiгi жөнiнде жеткiлiктi мәлiмет алдық.
Қоғамның қайраткерi ғана емес, сол қоғамның қатардағы қарапайым мүшесi, азамат Жұмағали Ысмағұловты да естен шығармағанымыз жөн болар. Iлгерiректе, кейiпкерiмiз бiр ғасырдың төрттен үшiн артта қалдырған тұста: «Егер сiз жүрiс-тұрысынан мәдениеттiң лебi сезiлетiн, сөзi орнықты, уәдесiнен айнымайтын, шаруасына ұқыпты, жалықтырмай әңгiме айтатын, шаршатпай доғара қоятын, не болса соны сұрап, жүйкеңдi жұқартпайтын, көбiнесе айтқысы келгенiн көзiмен ұқтыратын, сонысымен кiрпияз кейiнгi буынның алдында құрметi бар, қысқасы, әдемi қартайған ақсақалды көргiңiз келсе, көп iздеп қиналып әуре болмай, Әдебиет және өнер институтына келiңiз. Абайтану бөлiмiнiң есiгiн ашсаңыз, жетпiс бестегi жiгiт ағасы жастарға ақыл-кеңес айтып отырады. Iздеген кiсiңiз – сол!» деп жазған едiк. Осы құндылық қазыналы қартпен бiрге кеттi. Бiрақ соңынан ерген буынға өшпес өнегесiн қалдырды.
Айтпақшы, ұмытып барады екенбiз, Жұмағали ағаның сонау алпысыншы жылдарда қорғаған кандидаттық диссертациясы «Қазақ әдебиетiндегi ұнамды қаһарман мәселесi» деп аталады екен. Ендеше, өмiрден өткенше абырой-беделiнен айырылмаған, қадiр-қасиетiн жоғалтпаған, сырбаз жүрiсiнен, салиқалы сөзiнен жаңылмаған, бекзат болмысынан ажырамаған Жұмағали Ысмағұловтың өз бейнесi де «ұнамды қаһарман» деген ұғымның талассыз баламасы секiлдi көрiнедi бiзге...
Бүгін сол ардақты Жұмағали ағамыздың туған күні еді...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер