Тарихи атау тағылымы

2908
Adyrna.kz Telegram

Мемлекетіміз өркениет көшіне бет бұрған тұста өзімізді өзгелерге таныс­ты­рудың басты айқындауышы – елді мекен, жер-су атаулары, ал төл тарихымыздың тереңнен ­бастау алатын саласының бірі – жер-су, елді мекен атауларын зерттейтін ономастика саласы.  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын басшылыққа ала отырып, 2017 жылы облысымызда кеңестік кезеңнен қалған бірқатар атауларды ұлт мүддесіне сай өзгерттік, сөйтіп, Ақ Жайықтың ономастикалық ажа­рын айшықтаудамыз. Өйткені та­рихи атауларды қалпына келтіру – еге­мендік алған еліміздің ұлттық идео­логиясының қалыптасуының негізі.

Мұның айғағы облыстық ономас­ти­калық комиссияның ұйғарымымен өткен жылы облыс бойынша 127 көшенің жаңа келбетке ие болуы. Соның ішінде бұрынғы идеологиялық тұрғыдан ескірген 57 көшенің Ленин, Мирный, ­Октябрьская, Комсомольская, Больничная, т.б. атау­ларын иемденген көшелер өңірдің ономастикалық келбетін бұзып тұрса, бүгінгі таңда бұл көше атаулары еліміздің тарихын қалыптастыруға ат салысқан тарихи тұлғалардың есімдерімен алмастырылды. Өйткені көшелер мен жер-су атаулары – тәуелсіз мемлекетіміздің бір белгісі, ұлттық нышаны, яғни тарихымыздың бір бөлшегі болуға тиіс. Мысалы, Астана, Атамекен, Мәңгілік ел, Тәуелсіздік, Достық және т.б.
Жердің аты – бұл болашақ ұрпақ үшін аса қажет құндылық. Сондықтан ономастикалық атаулар – біздің рухани байлығымыз, этникалық мәдениетіміз, салт-дәстүріміздің бір бөлшегі, олар қоғаммен бірге жасасатын ескерткіш, ғасырдың бізге тарту еткен сыйы.
Жалпы облысымыздағы ұлттық ономастикалық саясатты нық орнықтыру бағытындағы жұмыс өзінің жүйелілігімен ерекшеленеді. Былтырғы жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша бірталай ауыл-аймақтарға егемендігімізге сай ­атаулар беріліп, кейбір мағынасы жойылған географиялық объектілер мен көшелердің, білім ордаларының атаулары тәуелсіздік талабына сай өзгертілді.
«Қазақстан Республикасының әкім­шілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңында атқарушы және өкілеттік биліктің төменнен жоғарыға дейінгі міндеттері айқын көрсетілген. Алайда қай деңгейге болмасын билік өз өкілеттігін сол атауы өзгертілуге тиісті жерлердегі халықтың пікірімен санасып қана жүзеге асырады делінген, яғни осы шаралардың бастауын­да халық тұр деген сөз. Осы мақсатта Ақжайық, Зеленов, Казталов, Шыңғырлау аудандарының барлық ауылдық округтерінде жергілікті тұрғындардың жиналыстары өткізіліп, жергілікті халық өз ұсыныстарын ортаға салды. Байырғы жергілікті ұлт өкілдерінен тұратын аудандарда елді мекен, жер-су қала берді көше атауларын өзгерту мәселесі түбегейлі реттелді және олардың шешілуіне еш кедергі болған да емес, өйткені ономастика мәселесі – қоғамның толғақты мәселелерінің бірі.
Осы орайда, 2017 жылы облысымыздың Шыңғырлау ауданындағы Белогор ауылына – Ақтау, Полтаваға – Ардақ, Лубенге – Ақшат сияқты тарихи атауларының қайтарылғандығын ауыз толтырып айтуға болады.
Сондай-ақ ұлттық деңгейде танылған, мәдениет және өнер саласына айрықша еңбек сіңірген тұлғаларымызды ұлықтау мақсатында облыстық мәдениет және өнер орталығына Қадыр Мырза Әлидің, облыстық қазақ драма театрына Хадиша Бөкееваның, Сырым аудандық орталық­тандырылған кітапхана жүйесіне Мұқадес Есламғалиұлының, Орал қаласының №30 жалпы орта білім беретін мектебіне Хиуаз Доспанованың, Жәнібек ауданындағы Жәнібек колледжіне М.Ықсановтың есімдері берілді.
Ономастиканың ауқымды саласы – көрнекі ақпарат мәселесі. Көрнекі ақпарат­тың маңыздылығы сонда қазір жарнама – бүгінгі өміріміздегі басты табыс көзі. Кез келген кәсіпкер өзінің шығарған өнімін жарнамалап, насихаттамай, оны толыққанды өткізе алмайды. Сондықтан ұлттық болмысқа жат, біздің ұлттық келбетімізге келіңкіремейтін дүниелерден арылу мақсатында басқарманың ұйымдас­тыруымен «Жарнама – жаңалықтың жаршы­сы» атты жарнама агенттіктері арасын­да байқау өткізілді. Байқаудың мақсаты мемлекеттік тілде жарнама жасайтын агенттіктерге қолдау көрсету. Осылайша, мемлекеттік тілді жарна­ма тілін қалыптастырушы құралға айналдырмақпыз.
Жарнама, көрнекі ақпарат мәселесін реттеуді біз бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін және тіл мәселесіне бейжай қарамайтын қоғамдық бірлестіктерді тарта отырып, реттеуді жолға қойдық. Мысалы, биылғы жылдың өзінде жергілікті телеарналардың журналистері және облыстық басылымдардың тілшілері, сондай-ақ «Жаңа толқын», «Еуразия», «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен жыл бойы дәстүрлі түрде көрнекі ақпарат мәтіндеріне бақылау рейдтерін жүргізіп, рейдтер нәтижесі облыстық телеарнадан берілетін «Арнайы репортаж», «Мәртебелі тіл», «Тіл – ұлт айнасы» атты телехабарлар арқылы халыққа ұсынылып отырады.
Ономастика мәселесі – ел тәуелсізді­гінің рухани көзі, ел еңсесін көтеретін саяси мәні бар мәселе. Осыған орай әлем мойындаған мына бір қағиданы ұстануымыз қажет, ол тәуелсіз елдің тәуелсіз тілі болуы тиіс деген қағида.Біздің мақсатымыз – тәуелсіз мемлекетіміздің сипатын білдіретін, ұлттық тарихымызды айшықтайтын атаулар арқылы ұлттық ономастикалық кеңістікті қалыптастыру.Сондықтан Ақжайық өңірінің ономас­тикалық атауларын ұлттық мүддеге сәйкестендіру мақсатындағы жүйелі жұмыстар одан әрі жалғасатын болады. Ұлттық ономастиканы нық орнықтыру үшін өз өлкеміздің ажарын айшықтандыра түсу – біздің алдымызда тұрған басты міндет.
Өздеріңізге белгілі, биыл Елбасы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында қазақ тілі саласының алдында тұрған келелі міндеттерге де тоқталып өтті. Атап айтқанда, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, орыс мектептеріне арналған қазақ тілі әдістемесін даярлау, терминдерді біріздендіру және т.б. мәселелер айтылды.
Елбасының адами капиталды ­дамыту жөніндегі мәселесіне қатысты сала маманы ретінде, менің ойымша, бізге жүктелетін негізгі міндеттердің бірі – бәсекеге қабілетті, үш тілді еркін меңгерген буынды тәрбиелеу. Жас буынға мемлекеттік тілді, орыс және технология тілі – ағылшын тілін еркін меңгерту, орыстілді мектептердегі қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру, оқыту жүйесін жетілдіруге тиіспіз.
Келесі міндет – терминологиялық қорды реттеу, бүгінгі күннің сұранысына жауап бере алмайтын терминдерді жүйелеу, сапасыз, жөнсіз талапқа сай келмейтін ­аудармалардан тілімізді ­тазартып, терминдік жүйені біріздендіру, сөйтіп, қазақ тілін халықаралық деңгейге көтеру. Аталған мәселелер біздің төл әліпбиімізді ­латын қарпіне көшіру арқылы бір арнаға түсері сөзсіз. Қазақ жазуын латын қарпіне көшірсек, әлемдік қауымдастыққа еніп, халықаралық стандарттың талабына жауап бере алатын боламыз.
Елбасының «Бола­шаққа бағдар: ­рухани жаңғыру» атты тұжырымдамалық мақаласында көрсетілгендей ұлт санасын жаңғыртып, төл мәдениетімізге, ұлт құндылықтарына бетбұрыс жасау – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл орайда басты назар аударатын мәселе – нысандарға, көшелерге, елді мекендерге атау беруде мемлекетке, ұлтқа еңбегі сіңген тұлғаларға ғана басымдық беріп, олардың есімдерін ұлт жадында жаңғырту. Біздің мақсатымыз – атауларды өзгерту емес, тарихи сананы жаңғырту Мәңгілік Ел болатын болсақ, біз әуелі өзіміздің тарихымызды қайтарып, қалпына келтіруіміз керек. Мәңгілік Елді қалыптастыру үшін жер-су, елді мекендерге өзінің дәстүрлі тарихи атауларын қайтарғанымыз жөн.
Сондықтан Батыс Қазақстан облысы аумағындағы мән-мағынасы жойылған атауларға байырғы тарихи атауларын қайтарып, ата-бабамыздың жүріп өткен жолынан хабар беретін атаулардың жаһандану үрдісіне жұтылып кетпеуі мақсатында жүйелі жұмыстарды жалғастырып, көшелерге, елді мекендерге, физикалық-географиялық объектілерге атау беруде көпшіліктің пікірін ескере отырып, қойылатын атаулардың тиісті критерийлерге сәйкес келуін қадаға­лау бағытындағы іргелі істерді жүзеге асыруды мақсат етіп отырмыз.
Тарих тәжірибесі зерделеген және өлке тарихын зерттеушілердің сүзгісінен өткен атаулар болмаса, кісі есімін беруге үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз абзал. Ендеше, тәжірибелі маман ретінде ономастика мәселесіне, оның ішінде атау беру мәселесіне ұлт мүддесі тұрғысынан қарайық дегім келеді. Сөз соңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ономастикалық атауларды ретке келтіру және тарихи атауларды жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, облысымыздың ономастикалық кар­тасын бүгінгіден де ажарландырмақпыз. Сонда ғана Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға өз үлесімізді қосарымыз анық.
Латын әліпбиіне көшу – өмірдің қажет­тілігі және әлемдік бәсекеге қабілеттілік, яғни ақпарат және телекоммуникация салаларындағы озық технологияларға қол жеткізу, сондай-ақ ұлтымыздың тарихына жаңа бетбұрыс жасау. Сондықтан латын әліпбиіне көшудің кестесін жасақтап атқарылатын маңызды ­шараларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру сала ­мамандарына үлкен міндеттер жүктейді. Үстіміздегі жылдың 23 ақпан күні Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы халықаралық «Мен қазақпын» мега ­жобасы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ­«Латын қарпіне көшу – рухани жаңғыру бастауы» атты облыстық жастар акциясын өткізді. Акцияның мақсаты ­Елбасы өзгерістер енгізген әліпбидің жаңа нұсқасын, яғни қазіргі қоғамда кеңінен талқыланып отырған аталмыш әліпбиге қатысты мәселедегі өзекті тақырыптарды талқылап, мәнін ашу, латын қарпіне жүйелі түрде көшірудің маңыздылығын насихаттау ­болатын.
Ойымды қорытындылай келе, ­Жолдауда атап көрсетілген біртұтас ұлт болып қалыптасу біздің өз қолымызда екендігін жеткізгім келеді. Өзінің төл тарихына бет бұрған және ұлттық құндылықтарды бойына қуат еткен жастарды тәрбиелеп, олардың бірнеше тілді қатар меңгеруіне мүмкіндік туғызып, тарихи өрлеуге жол ашуға тиіспіз. Сонда ғана, белсенді азаматтық ұстаным мен қазақстандық патриотизм бізді төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне жетелейтініндігі сөзсіз.


Гүлнар ӘЛЖАНОВА,
Батыс Қазақстан облыстық 
тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы 

anatili.kazgazeta.kz

Пікірлер