ӘМІРЖАН ҚОСАНОВ: Терроризмге қарсы күрес демократияға қарсы күреске ұласпауы тиіс!

1790
Adyrna.kz Telegram

Жалпыұлттық Аза күні барша қазақстандықтарға күні кеше болған қайғылы оқиғаларға қатысты көңіл айтамын!

Қазақстан осы күндері бұрын-соңды боп көрмеген трагедияны бастан кешірді.

Армия мен полицияға, арнайы қызметтер мен басқа да күштік құрылымдарға жыл сайын орасан зор қаржы бөлетін мемлекетімізде мұндай жаппай террористік әрекет қалайша орын алды? Осы күндері Алматы секілді ару қаламыз неге бүлікшілердің қолына бере салынды? Кең ауқымды әрі алдын-ала жоспарлаған, аймақтарда синхронды сипат алған террорлық әрекеттердің бір мықты, ұйымдық және қаржылық қауқары зор орталықтан басқарылып отыруына қалай жол берілді?

Бүгін ОДКБ саммитінде Тоқаев оқиғаға өз диагнозын қойып, «мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті» деп атады. «Осының бәрін биліктің өзі ұйымдастырды» деген айып тағылмауы үшін өкімет таяу арада төңкеріске қатысты барлық материалдар мен фактілерді жария етуі тиіс!

«Бізді, ашық саяси оппозицияны аңдисыңдар да, шын мәніндегі мемлекет жауларынан, өз іштеріңде және сыртта астыртын әрекет жасап жүрген бүлікшілерден көз жазып қаласыңдар!», - деп билікке талай айтқанмын да! Сол айтқаным келді!
Сонымен бірге, өзінің конституциялық құқын қорғап, бейбіт митингке шыққан азаматтар мен тапа-тал түсте адам айтқысыз жауыздыққа барып, кісі өлтірген нағыз бандиттерді екі бөлек қарастыру керек деп санаймын!

Осы күндері тұтқындалған азаматтардың ішіндегі бейбіт митингке шығып, бұзақылық жасамағандар дереу босатылуы тиіс деп санаймын! Олар өздерінің конституциялық құқын пайдаланды.

Терроризмге қарсы күрес демократияға қарсы күреске ұласпауы тиіс! Террористер сырттан келсе де, болған оқиғаның басты себептері өз ішімізде! Билік соны түсінуі керек!

Мәселен, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы күндері үнсіз қалуы, ел Тәуелсіздігіне қауіп төнген сәтте халқын, президентті қолдап эфирге шықпауы да әртүрлі ойларға, соның ішінде, бас билік ішінде болуы ықтимал текетірес туралы жорамалдарға жетелейді. Назарбаевтың отбасы мүшелерінің де даусы естілмейді.

Ертең президент елдегі жағдайды түзеу жолындағы өз ұсыныстарын айтамын деп жатыр. Жаңа үкімет жасақталады.
Меніңше, президент бір нәрсені түсінуі керек: қаңтар оқиғасынан кейін біз мүлдем басқаша елде өмір сүріп жатырмыз! Қоғамдық сана адам танығызсыз өзгерді! Міне, дәл осындай аса маңызды өзгеріс - президенттің мүлдем жаңа реформаларды қолға алуына моральдық-психологиялық, саяси-әлеуметтік негіз бола алады. Осы тарихи мүмкіндікті ол пайдалана ала ма, жоқ па – оны ертеңгі сөзі көрсетеді.

Егер де пандемия кезінде жұрт денсаулықтың қадірін түсінсе, кешегі қанды оқиғадан кейін адамдар бейбіт өмір мен тыныштықтың шынайы бағасын ұғынды!

Саяси процесс тұрғысынан айтсақ, Тәуелсіздік, мемлекеттілік пен халықтық мүддені саяси конъюнктура мен билік үшін таластан биік қоятын күштер көбейе түсті.

Осы күні, байқаймын, президенттің сын сағаттағы қимыл-әрекетін негізінен өз партияластары қолдап жатыр. Меніңше, осынау жауапты кезеңде президент Тоқаев өз маңындағы жеке топтар мен тұлғаларға емес, шынайы демократиялық өзгерістерді қалаған плюралистік қоғамға сүйенуі керек!

Соның алғашқы қарлығашы жаңа үкіметтің құрамы болуы тиіс деп санаймын! Осы жылдар бойына елді осындай кешенді дағдарысқа жеткізген шенділер өз орындарына қайтадан қонжиып отыра қалса, ол – реформалардың о бастан өлі болатынының кепілі!

Сөйтіп, Тоқаевтың бүгінгі жеңісі Пирр жеңісі боп қалуы мүмкін!

Сол себепті парламенттегі ертеңгі сөзінен мен дәл осындай сигнал, дәл осындай таңдау күтемін!

Осы күндері халқымыздың басына күн туды. Шаңырағымыз шайқала жаздады.

2019 жылғы президент сайлауында мен де дәл осылай боларын біліп, елді сабырлыққа, революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуды таңдауға шақырып едім. Сол кезде біраз адам мені түсінбеді.

Ішкі және сыртқы қауіптер әлі де төніп тұрған кезде мен тағы да қазақстандықтарды бірлікке, ел Тәуелсіздігі мен жер тұтастығын, мемлекеттігімізді бас мақсат-мүдде ретінде таңдауға, саяси ұстанымдарымыз әрқилы болса да, осы абыройлы жолда бірге болуға шақырамын.

Бүгінгі таңда терроризммен күресіп жатқан биліктің, соның ішінде, президенттің қарсыластары әлі де бар секілді. Оны кейбір шенділер мен саясаткерлердің сөздері мен үнсіз қалуы, нақты әрекеті мен қимылсыз қалуы ап-анық көрсетті.

Сонымен қатар, 30 жыл бойына қордаланып қалған қарама-қайшылықтарды бір күнде, бір арнайы операциямен шешіп тастау мүмкін емес.

Сондықтан да президенттің елде тәртіп орнатып, бүлікшілерді жою жолындағы қимыл-әрекетін қолдау керек. Ел ішінде тыныштық орнатып алайық, қалған мәселелерді сосын шеше жатармыз.

Қаңтар басынан президент Тоқаев шын мәніндегі ел басшысына айналып келеді.

Сонымен бірге, нақты өкілеттіктер нақты жауапкершілік деген сөз!

Егер де қоғам қолдаса, президент қоғам өмірін жақсарту жолындағы өзі айтып жүрген мақсаттарына жете алады. Қоғам қолдамаса, ондай жұмыс өнбейді.

10 қаңтар 2022 жыл

Пікірлер