Мәдениет және кәсіпкерлік нысандарына келтірілген шығын көлемі анықталуда

468

Шымкент қаласында 4-5 қаңтар күндері жаппай бұзақылық және лаңкестік оқиғалар орын алды. Шамамен 5 мыңнан астам адам қала әкімдігінің ғимаратына шабуыл жасады. Мемлекеттік қызметшілерге полиция қызметкерлері мен әскерилерге қарсы күш қолданып, жәбірлеудің көптеген фактілері орын алды. Жалпы, 50-ден астам әскерилер мен құқық қорғау қызметкерлері әртүрлі дәрежеде жарақат алған.

Содырлар «Түркістан» салтанат сарайына, Көрме орталығына, Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрына, «Nur Otan» партиясының кеңсесіне және өзге де ғимараттарға шабуыл жасап, әртүрлі деңгейде зиян келтірілген. Жаппай тәртіпсіздік кезінде 59 автокөлік пен 3 автобус қиратылып, кейбірі өртеп жіберілген. Антитеррорлық операция барысында 400-ге жуық күдікті азамат ұсталып, олардың 150-іне қатысты әкімшілік іс қозғалған. Ал, лаңкестік топты ұйымдастырушылар ретінде күдікке ілінген 50 азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде Шымкентте конституциялық заңдылық қалпына келтіріліп, жағдай тұрақтандырылды. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың жетекшілігімен құрамына барлық құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары енген жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Аталған штабтың дер кезінде қабылдаған шешімдерінің арқасында Шымкентте лаңкестердің стратегиялық нысандардың ешқайсысын басып алуына жол берілмеді.
Лаңкестік іс-әрекеттерден ең қатты зақымданған нысандардың бірі – Шымкенттегі әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан Көрме орталығы. Ғимарат толығымен отқа оранған. Жаппай тәртіпсіздік тоқтатылып, жағдай тұрақтанған соң өнер ұжымдары Көрме орталығын күл-қоқыстан тазартып жатыр. Тазалау жұмыстары «Түркістан» салтанат сарайы мен Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрында да жүргізіліп жатыр.

Қала әкімінің тапсырмасымен құралған арнайы комиссия мәдениет нысандарына келтірілген шығынның көлемін анықтап, Үкіметтің қарауына ұсынады.

Содырлар стратегиялық маңызы бар мемлекеттік нысандар және мәдениет мекмелерімен қатар, кәсіпкерлік нысандарына да шабуыл жасаған. Алын ала есептеулер бойынша, 10 бизнес субъектісіне залал келтірілген. Олардың арасында сауда, кеңселер, азық-түлік нысандары мен ломбардтар бар. Бұзақылар кәсіпкерлік нысандарын қиратып, тауарлар мен банкоматтарды тонаған, жиһаз бен арнайы құралдарды бүлдірген, кейбірін өртеп жіберген.
Бұл нысандар негізінен лаңкестік әрекеттер орын алған «Нұрсәт» шағын ауданында және Д.Қонаев даңғылы мен А.Байтұрсынұлы, Ұ.Арғынбеков көшелерінің бойында орналасқан.

Шымкент қаласының әкімі барлық зардап шеккен нысандарды аралап, жағдаймен танысып шықты. Шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, қала әкімдігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлескен комиссиясы құрылуда. Аталған комиссия бизнес субъектілерге келтірілген материалдық шығын көлемін анықтайды. Мемлекет кәсіпкерлердің барлық шығындарын өтеп, бүлінген нысандарды қалпына келтіруге көмектеседі.

Шымкент қаласының бизнес қауымдастығы лаңкестер мен бұзақылардың әрекеттерін қатаң айыптайды. Кәсіпкерлер заңдылықты, қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты сақтауға шақыру мақсатында «Бірлік үшін» атты челлендж ұйымдастыруда. Сондай-ақ, бизнес қауымдастық өкілдері құқық қорғау органдарына көмектесу мақсатында құрылған «Халық сақшылары» атты еріктілер жасақтарының құрамына қосылып, оларға жан-жақты қолдау көрсетуде.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket