АЙБАР ОЛЖАЕВ: Газдан шыққан проблема барлық салаға жұғады

1624
Adyrna.kz Telegram
Жаңаөзен, жалпы газ бағасы бойынша мәселенің экономикалық қызық астары бар. Біздегі жағдай "ликвидті қақпан" көрінісіне жақын, бірақ өзіндік ұлттық ерекшеліктері байқалады.
Классикалық экономикалық теорияда, егер тұтынушыларға бір заттың қымбаттағаны ұнамаса, олар оны сатып алмай қояды да, өндіруші бағаны түсіруге мәжбүр болатын. Бізде халық газдан бас тартса, оны еш қиындықсыз сырт нарықта одан қымбат қылып сата алады. Сондықтан халықтың "байкот" түріндегі аргументі болмай тұр.
Газды бұрынғы бағасына түсіру - таза жоспарлы экономикаға оралу екенін жақсы түсіну керек. Биржа - нарықтық ереже бойынша баға орнатудың қадамы болатын, бірақ оның механизмдері әділ және ашық болмағандықтан, газды спотта кім сатып алды, соны халықтың бәрі онлайн көріп отыратын қылып жасалмағандықтан, бұл механизм ешқашан көпшілік сеніміне ие бола алмайды.
Енді газдың әлеуметтік тауар ретінде танылғаны анық және оған субсидия механизмі қолданылатыны да жасырын емес. Бұл ретте, тағы да саясат экономиканы жеңіп кетті.
Түрлі салалардағы субсидиялардың көптігі экономиканы одан әрі қисайта береді. Классикалық нарық экономикасының формулалары жұмыс істемейді. Және жыл өткен сайын қисық экономиканы түзететін рецепт табу қиындай түсетін болады.
Егер газды 120 теңге күйінде қалдырып, оны тұтынушылардың жалақысын 2 есе өсірше ше?
Өкінішке орай, оған мемлекеттің шамасы жетпейді, себебі Маңғыстау қазір ілініп-салынып донор өңір статусында әрең отыр. Айлық 2 есе көтерілсе, облыс бірден орталық бюджетке қол жаятын болады әрі бұл басқа да өңірлердің бізге де айлықты көтеріңдер деген заңды талабына алып келеді. Ұлттық қордың активтері ақшалай санағанда 62 миллиард доллар шамасында екенін ескерсек (суверенді фонд үшін бұл шамалы көрсеткіш), мемлекеттің ақшамен басып-басып тастайтын маневры да болмай тұр.
Ұлттық қордағы долларға тиіспей-ақ, осы теңгені өзіміз басамыз ғой, неге көп басып шығарып, теңгелей жалақыны көбейте салмаймыз деген сұрақ туындаған шығар. Сол басқан күні инфляция 20-30 пайызға бірақ көтеріліп, жағдай мүлде ушығып кетеді. Газдан шыққан проблема барлық салаға жұғады. Тарихта талай әмірші осылай ақшаны тығып басып, системаны алдаймын деп опық жеген. Әсіресе Латын Америкасы елдері осындай білместіктен экономикалық трагедияға ұшырады.
Сонда не істеу керек? Үкімет газ бағасын 50-60 теңге деңгейінде ұзақ субсидиялап тұра алмайды. Оны ҰЭМ есептеп те қойған шығар. Сондықтан антимонополдық рычагтарын іске қосып, мәселені оптовик, АЗС қожайындары арқылы шешуге тырысудан басқа жолы жоқ. Демек, АЗСтардың маржасын азайту, содан 5-10 теңге ұту, яғни субсидия көлемін барынша азайту. Бірақ бәрібір субсидиялайтыны анық. Қазір тек оның көлемі бойынша саудаласуда. Үкімет қаржылық ауыртпалықтың басым бөлігін оптовиктердің мойнына артқысы келеді, және прокуратура арқылы посредниктердің санын азайтып тастауға барады. Посредник азайса, наценканы қысқарту арқылы тағы бірнеше теңге үнемделеді.
Газ литріне 80 теңге - компромиссті баға болады деген ой бар. Саған да емес, маған да емес принципі. Үкімет халықты оған келістірудің қандай жолдарын таңдайды? Осы жағы қызық.
Бюджет үшін де бұл жоспарланбаған шығындар. Үкіметтік резерв апаттарға, аварияларға, соның салдарын жоюға арналған. Ал газ - ол системалық мәселе. Сондықтан парламентке бюджет корректировкасы жоспардан тыс түсіп жатса, оған таң қалмау керек.
Мерфи заңы бойынша, Ұлттық қор шығындарын азайтамыз деген сайын, күтпеген шығындар пайда болады. Ақша жоқ кезде үйдегі холодильник сынып қалатын сияқты жағдай ғой)
Бюджеттік Кодекс бойынша кепілдік берілген трансферт көлемі 2022 жылы 2,4 триллион теңге, 2023 жылы 2,2 триллон, ал 2024 жылы 2 триллион теңге болып, жыл сайын қысқара береді деп жоспарланған. Осы жоспарды орындау жыл сайын қиын болып барады.
Осылайша газдан басталған мини кризистің салдары біз ойлағаннан анағұрлым терең болуы мүмкін
Пікірлер