Әбубәкір Қайран. Ән (Новелла)

48508
Adyrna.kz Telegram

«Бір халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір

қалады. Сәні кетеді, сәні кетсе, жаны кетеді.

Қазақты жансыз ағаш қылып, отқа жаққыларың

келмесе, әнді сақтаудың қамын қылыңдар».

Сұлтанмахмұт Торайғыров

 

Ақын досы аяқ астынан ашуланып, жүндес жұдырығымен үстелдің үстін бір ұрып, орнынан атып тұрды. Сонсоң мұның өмір бойы естімеген, естимін демеген әлгі бір сұмдық сөзін айтты да, аяқ киімін асығыс киіп, алды-артына қарамастан тұра жөнелді. Асылып жатқан асқа да, жасаулы тұрған дастарханға да қарамады. Арнайы шақырылған сыйлы қонағының бұл қылығына аң-таң болып отырып қалған сазгер сырқат жүрегінің тағы да тыпырши бастағанын сезіп, таза ауа жұтпақ боп, балконға шықты. Шындығында да бұлардың тартқан темекісі мен ішкен шарабының иісі мұның жеке бөлмесінің ауасын ауырлатып-ақ жіберген екен. Айтылуға тиіс негізгі әңгімелері оңашалықты қажет еткен соң армян коньягына қоса қымбат шоколадтар мен жеміс-жидектерді жеке бөлмесіне алдырған өзі болатын.

Кейінгі үш жылдан бері пайда болған жүрек дертінің кесірінен қайта-қайта ауруханаға түсіп, ән жазудан гөрі жан бағудың әуресімен жүргенде, сазгердің сезім пернелеріне әлдебір ғажап әннің тылсым әуендері үйір бола бастағандай еді. Санасындағы сол әні осы таяуда ғана тар қапастан сытылып шығып, мұның көкірегіне келіп қона қалғандай. Әлгі әуеннің әлдиіне сазгердің жылауық жүрегі жұбанғандай болып, тұп-тұнық, тұп-тұңғиық иірімдеріне үйіріліп, рахаттана шымырлайтынды шығарды. Осы құбылыстардың бәрі туар әннің тәтті толғағы екендігін сезініп жүрген сазгер де тым бақытты еді. Көптен бері күтіп жүрген әнінің осыдан бес-ақ күн бұрын түн ортасында туа қалуы да Құдайдан жалынып сұрап ала алмайтын ең сәтті сәруар шағы емес пе еді!

Жанын жадыратқан жаңа әннің дүниеге келуі көптен бергі көңілсіз тірлігінің қара бұлттарын бір-ақ серпіп тастағанын сезінген сазгер сол сәттен бастап-ақ саңлақтанып алды. Жаңа әнін күйсандықтың тілімен де сайратты, домбыраның үнімен де күмбірлетті. Асқа тәбеті тартпады. Жатса ұйқысы келмеді. Лүп-лүп соққан жүрегінің өзі де сол әнге айналып кеткендей, сол әннің ырғағына қосылып соғатындай. Ендігі жерде ерекше сүйсіндірген осы бір әнін жарыққа шығармай тұрып жаны тыныш табар ма?! Осы бір дегбірсіз ойын іске асыру үшін ең алдымен бұл әнге сөз жаздыруы керек қой. Жаңа әннің жаратылысы мен табиғаты өте күрделі бола тұра, тым нәзік өмір сырын қозғайтын бұрылыстары да жетерлік. Сондықтан да бұл әнге сөз жаздыру үшін өзі мықты деп санайтын бір ақынды таңдамаса болмас. Сазгер ұзақ ойланып, бес-алты жылдан бері сыйласып жүрген достас адамына тоқтаған болатын. Онымен дереу хабарласып, жаңа әнін телефон арқылы тыңдатып еді, ақын досы мұның табысына мәз болып, мақтау сөздерді де жаудырып-жаудырып жіберді-ау, сонда!

Сазгер әннің жалпы сыртқы сұлбасын өлеңге түскендегі ырғақтарынан бастап, буын-бунағына дейін ақынға тәптіштеп түсіндіріп, содан соң бұл әннің негізгі тақырыбы, айтпақ ойы – адам өмірінің өткіншілігі мен жасампаздығы, жалғаншылығы мен шынайылығы, тәттілігі мен аштылығы туралы екендігін, бейнелеп айтқанда, қарсылықтар мен қайшылықтардың арасынан ғана шыңғырып шығатын «шындық» деген бір кереметтің шақырып тұрғандығын, сол шындыққа қол жеткізгенде ғана адам баласы арман-мұратына жететіндігін сездіруге тиіс екендігін өз әлінше баяндап берді.

Ақын әннің сөзін жазамын деп сөз берген соң, екеуі келесі сенбі күні сазгердің үйінде кездесетін болып келісті.

Ал енді, міне, кездескеннің көкесі!

Сазгер балкон кенересіне асылып тұрып, ақын досының қатты ашулануына не себеп болғанын білгісі келіп, бағанағы отырыстарын көз алдына елестетіп, көңіл сүзгісінен өткізе бастады.

Ақынды қуана қарсы алған сазгер, өлең мәтінін ала салып, түрегеп тұрған қалпында ән әуенімен ыңылдап тұрып оқи жөнелген. Өлеңді онша ұнатпай тұрғанын мұның қас-қабағынан сезіп қалды ма, кім білсін, креслода шалқалай отырған ақын міз бақпастан сазгерге қадала қарап, сызданды да қалды.

– Қалай? – деді ол сазгер өлеңді екі-үш рет оқып тастаған соң.

– Сыртқы пішіні әнмен үйлесіп-ақ тұр, – деді сазгер көмейіндегі әлдебір сөзді айта алмай тұрған адамдай кібіртіктеп, – Шіркін!...

– Иә, не шіркін?

– Шіркін, бұл әннің сөзінде де өзіне сай сезім иірімдері көбірек болса ғой.

– Мына өлеңде де көп нәрсе айтылып тұр емес пе?

– Айтылған. Бірақ құрғақ дидактика сияқты.

– Ойпыр-ой! Өзің өлең сыншысы екенсің ғой.

– Қане, қайырмасындағы мына жолдарды оқышы, – деп, сазгер ақынның көзіне қағазды тосты, – «Сен өмірді өткінші деп ойлама, Берілме де бөтен, басқа ойға да». Құрғақ сөз. Ұйқасы да түбірлес сөздерден жасалған.

Ақын жымиып күлді. Темекі тұтатты. Орынан асықпай тұрып, сазгердің иығынан қақты.

– Сен менің қанша композитормен жұмыс істегенімді білесің бе? – деп сұқ саусағын шошайтқанда, оның көздерінен суық ұшқындар шашырап тұрғандай болып, сазгер абыржып, сасып, үндемей қалды.

– Он бес! – деді ақын даусына ерекше бір екпін түсіріп.

– Не деген көп композитор?

– Міне, көрдің бе, сен сияқты алпыстан асқан ақсақал композиторлар жас таланттарға пысқырып та қарамайды. Менсінбейді. Менсінбейді деппін-ау білмейді. Білгісі де келмейді. Ал біз... ақындар... тек жастармен ғана жұмыс жүргізгенді жақсы көреміз. Содан болар, жастар да жақсы көреді бізді! Вот!.. өнер адамдары «қартайдым, қайғы ойладым» деп, төрт қабырғаға қамалып отырмау керек. Міне! Сен отырсың! Соныңа қарамай, менің өлеңімді сынайсың!

Сазгер бойын жинап, ойын сабақтап алды да, ақынға тік қарап тұрып:

– Айтшы, дәл осы уақытта біздің жас кезіміздегідей әнін жұрттың бәрі білетін композиторлар бар ма? – деп тосын сауал тастады.

– Бар... Бар! – деді ақын дауысына ерекше бір реңк араластырып, - Бар! Біреуі сенсің!

– Қолпашыңа қолақпандай рахмет, досым. Сен де күшті ақынсың. Қане, мынаны екеуміздің достығымыз үшін алып қояйық! – деді сазгер ақынға шарап ұсынып. Сөзінен жылы лепес байқалғанымен, көзінен әлдебір жақтырмаушылықтың белгісі атойлап тұрғанын ақын анық сезінгендей болды.

Ақын мен сазгер өздерінің негізгі шаруалары – әннің сөзін мүлдем ұмыта қалғандай болып, бірін-бірі мақтап, қайта-қайта фужер түйістіріп отырды. Сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлының әндеріне тоқталып, олардың соны сипаттарына қайран қалумен отырды да, өзінің соңғы әнінің қалай жазылғанын әңгімелеп кетті.

– Сонда сенің қазіргі қазақ әні туралы ойың қандай? – деді ақын бағанадан бергі айтылған әңгімені тыңдап отырмаған адамға ұқсап.

– Білгің келсе, айтайын, – деді сазгер, – Қазіргі қазақ әні құлдырап барады!

– Не?

– Құлдырап барады деймін. Сөздері де сөз емес.

Ақын жүндес жұдырығымен үстелдің үстін қойып қалды да, сұқ саусағын сазгердің көзіне кезеп:

– Қазақ өнерінің қас жауы мына сенсің! – деді екі көзінен шоқ шашып.

Сазгер сілейді де қалды. Ақын шығып кетті. Асүйде ас қамымен жүрген әйелі мен бой жетіп қалған қызы көздері бағжиып жетіп келгенде, сазгер жынданып кеткен адамдай қарқылдап күлді де, «Міне, бәрі бітті!» деп орынан тұрып, тез-тез адымдап бөлменің ішін кезіп кетті...

Кенет екі-үш сап-салқын тамшының білегіне тамғанын сезіне қалып, жаңбыр жауа бастағанын сонда ғана аңғарды. Балконның терезесін енді жаба берейін дегені сол еді, шатыр-шұтыр еткен ғаламат күн күркірі өне бойын тітірентіп, көз алдында көлбей көсілген жай оты қаракөк бұлттарды қақ айырып, көкжиекке жақындап барып сөнгендей болды. Осы бір сәтті ғана күтіп тұрғандай, биыл жазда болып көрмеген нөсер жаңбыр шелектеп құйып ала жөнелді. «О, айналайын аспан нұры! Жау! Жауа түс!» деп күбірледі сазгер.

Жаңа ғана жаппақ болған балкон терезесін де шалқасынан ашып тастады. Шатырдан сарылдап ағып тұрған мөп-мөлдір салқын суға басын тоса қойғысы келіп бір тұрды да, ол ойынан қайтып, шүмектеген жаңбыр кәусарына алақанын тосып, бетін жуғанды ғана қанағат тұтты. «О, Табиғат ана, сен неткен жомартсың! Сен неткен мейірімдісің!» деп күбірлеп тұр тағы да.

Нөсер қалай тез басталса, солай тез тиылды. Көше біткен бұлаң қаққан бұлақтарға толып кеткендей. Жапырақтар жап-жасыл. Көше де, көліктер де, үйлер де жап-жаңа. Жалбыр бұлттың бір шетінен күннің көзі де сығалай қалыпты. Тек осы сазгердің ғана көңілін көтеріп, сезімін сергітейінші дегендей – наздана жымияды.

Жаңа ғана жауып өткен ақ нөсер сазгердің өне бойын дүр сілкіндіріп, ақын досының ауыр сөзінен жұғып қалған кірбең кінәраттың бәрін жүрегінен жуып тастағандай болды.

Сазгердің смартфоны ән сала жөнелді. Ашып қараса... ақын досы.

– Иә! – деді сазгер дауысы құмығып.

– Ой, великий композиторым-ау менің! – деді ақын өзінің аңқылдаған кездегі әдетімен.

– Сенің жүрегіңді ауыртып тастадым-ау, мен шошқа! Кешіре көрші! Көңіліңе алмашы! Әнге жазылған өлеңімнің тіпті нашар екеніне көзім жетті. Енді мен саған бір өтініш айтайын деп отырмын.

– Қандай?

– Мен сендердің үйлеріңнің жанындағы саябақтамын. Сондағы кафеде. Киіз үй сияқты. Мұнда керемет! Ауа тап-таза! Сен енді маған қонақ болып келе қалшы. Еркін отырып әңгімелесейік. Әлгі... өлең туралы... мен сені қуантайын деп отырмын.

– Қалай?

– Мен ән сөзінің кілтін таптым.

– Қазір барамын.

 

***

 

– Кел, құшақтасайықшы! – деді кафенің алдында тұрған алпамсадай дәу ақын кең құшағын айқара ашып, – Көрмегеніме бір-ақ сағат уақыт өтсе де, өзіңді қатты сағынып қалыппын.

Екеуі қатты құшақтасып, төс түйістіріп болған соң ақынның таңдап алған оңаша мүйісіне жайғасып, біріне бірі қарама-қарсы отырды.

– Әлгі сенің армян коньягың сұмдық екен. Бір-ақ сәтте басыма шығып кетті, – деді ақын шалқасынан таралған қайратты қара шашын саусағымен салалап қойып, – Бір-екі бакал сыра ішейін деп осында келіп, ойланып отырсам, ән сөзі туралы сенің айтқандарыңның бәрі дұрыс. Құрғақ дидактика. Сөйтіп, өзімді-өзім жек көріп отырғанымда, сұрапыл нөсер құйды да кетті. Ойпырай, әлгі күннің күркірегенін естідің бе? Жер дірілдеп кетті ғой. Тұрған машиналардың сигнализациясы дүмпуден азан-қазан боп дабылдатты-ай дейсің! Не деген ғажап нөсер! Жер-дүниенің бәрі көл-көсір болды да кетті. Нөсер бес-ақ минут жауып тына қалғанда, тура сенің әніңе сай жаңа өлеңнің жап-жарық сәулесі менің санамды жарқыратып жібергендей болды. Сен сенесің бе? Мен жеткізіп айта алмай отырмын.

– Сенемін! Неге сенбеймін? – деді сазгер жүдеулеу ақсұр өңіне қан ойнап. – Мен де сол кезде балконда тұрған едім. Не бір тамаша ойларға батып... Ал, жаңа өлеңің туралы айтшы.

– Атын «Ақ нөсер» деп қойдым. Айтпақ ойларымыздың бәрін осы тақырыпқа сыйдыруға болатын сияқты. Өлеңнің бүкіл іші-сырты дап-дайын тұр. Тек отыруым керек.

– Жақсы шығарма өмірге осылай келеді, – деді сазгер. Өзі әлдебір тәттіні енді талмай бастаған баладай болып балбырап отыр. Дөңгелек, көкшіл көздерінен жасыл ұшқын шашырап, сәл дөңестеу жұқа танауының үстіне ұп-ұсақ тер тамшылары пайда болыпты.

– Осының бәрі жүрек тазалығынан, – деп сөзін жалғастырды сазгер, – Өмірге құштарлықтан. Мынандай бір үнділердің көне трактаты бар. Тыңдашы. «Адамда құштарлықтың үш көзі бар. Олар – жан, сана және тән. Жанның елігуінен достық туындайды, ақылдың елігуінен құрмет туындайды, тәннің елігуінен ықылас пайда болады. Ал осы үшеуі біріксе, махаббат туындайды». Керемет, ә!

– Керемет. Сен, тіпті, жаттап алыпсың ғой.

– Әрине. Керек десең, мен мұндай сөздерді арнайы дәптеріме жазып отырамын. Музыка туралы жақсы сөздерді де жазамын және терең түсініп, жаттап аламын.

– Сен ғажап адамсың, ей! Қане... музыка туралы бір керемет сөзді айтшы. Керемет сөзді...

Сазгер сырасын ұрттап, темекісін тұтатты.

– «Керемет сөзді» дейсің, ә?.. Сен Конфуцийді білесің ғой?

– Білемін. Кун – Цзы. Қытай данышпаны.

– Міне, сол Кун – Цзының Сюн – цзы деген ізбасар шәкірті болған. Сол философ қай халықтың қандай екенін музыкасына қарап айырған екен. Ол былай дейді: «Егер музыкасы сабырлы да салмақты сазымен баураса, ол халық – ұжымы жарасқан бақытты халық. Егер музыкасы сырбаз да сыршыл болса, онда бұл халық кісілікті сүйеді, бүлік шығармайды. Егер музыкасы есіңнен айырып, еліктіріп әкетсе, сонысымен қауіпті. Себебі – ондай музыкаға ден қойған халық кісіліктен жұрдай болып қалады...». Міне, осы! Қалай?

– Керемет айтылған. Ал біздің музыкамыз осының қайсысына жатады?

– Айтайын. Сен бірақ тағы да ашуланып жүрме!

– Жоқ. Құдай сақтасын.

– Өзің білесің, қазақтың халық әндерінен бастап, күні кешеге дейінгі әндерінің барлығы сазды әуенімен, сабырлы ырғағымен жанымызды баурап келді ғой. Қанша жерден азап пен тозақты көрсек те, ешқашан салт-санамыз бен әдет-ғұрпымызды жоғалтпадық. Ұлан-байтақ жерімізді бірлікпен, татулықпен, қайсарлықпен ұстап тұрдық. Міне, біздің барша бақыттылығымыз осында тұр. Сондықтан да музыкамыз сабырлы да салмақты болды. Аруағынан айналайын Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақ халқының 500 ән-күйлері» деген екі кітап шығаруының өзі біздің ең рухы жоғары, бақытты халық екенімізді дәлеледеп тұр емес пе?! Сен байқаймысың, қазақтардың жүзіндегі жылылық пен көзіндегі мейірім басқа халықтардан кездесе бермейді. Қазақ тілінің дыбысталуының өзінде де жанға жайлы қоңырлық бар. Шіңкілдемейді, шаңқылдамайды, мыңқылдамайды. Тамағынан қырылдап сөйлеу деген мүлде жоқ. Қазақтың үні ашық, әуезді. Ал, тіл дегенің – әрбір ұлттың бірден-бір төлқұжаты.

Саған бір қызық нәрсе айтайыншы, қазақ тілін мүлде білмейтін орыстілді ағайындарымыз бар ғой, солар маған басқа ұлт өкілдері сияқты боп тұрады. Бөтен. Суық. Зәрлі. Кейде бізге күдікпен, күмәнмен қарайтындай болып көрінеді.

– Амал қанша! Қазір де сондайлар азайған жоқ – деп ақын күркірей бастады, - Біз тәуелсіздік алғалы бүкіл қазақ халқы өз әдебиетінен де қол үзіп бара жатыр. Кітап таралымы жоққа тән. Шыққан кітаптар кітапханаларға таратуға да жетпейді. Әуелі, қазақ газет-журналдарын күнделікті сатып тұратын дүңгіршіктерге дейін құрып кетті!

– Жә, ақын мырза! Біз енді қазіргі қазақ әнінің мәселесіне ауысайықшы. Күн сайын теледидар экранынан түспей, екі иығын жұлып жеп, ерсілі-қарсылы жүгіріп жүрген әншілеріміз неліктен көбейіп кетті?.. Сен ренжісең де айтайын, кейінгі әндердің сөзінен дым түсінбеймін. Қазақ әнінің қашаннан бергі құдіреті мен қасиеті, мәні мен мағынасы сөзде тұрушы еді ғой. Сол мән-мағына қазір қайда?! Мен әлекей-шүлекей әншілерден әбден жалықтым.

– Дегенмен, халық жақсы көретін жас әншілер де жоқ емес қой.

– Мен дәстүрлі әншілерді айтып отырған жоқпын. Оларға үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен қамқорлықтың да ауқымы белгілі.

– Эстрада жұлдыздарын қайда қоясың?

– Иә, қазір аспандағы жұлдыздардан жердегі жұлдыздармыз көп. Өзі ... «жұлдыз» деген атаудың да қадір-қасиеті де кетіп қалды ғой.

Осы күні қым-қиғаш қиқу-шиқуға толы эстрадалық әндердің үдеп кеткені соншалық – жақсы ән десе ішкен асын жерге қоятын қазақ деген халықтың әнге, тіпті, жалпы өнерге деген талғамы тым төмендеп кеткен сияқты. Әлгі жаңа мен айтқан Сюн – Цзының «есіңнен айырып, еліктіріп әкететін әндер» деп отырғаны қазіргі біздің эстрадалық әндер емес пе?

Ән сапарында осы үрдісті жалғастыра берсек, әлгі қытай ойшылы айтқандай – кісіліктен жұрдай болып, жақсылықты жат санап, күйкілікке көңіл жұбатқыш боп алмаймыз ба? Осының кейбір көріністерін көзімізбен де көріп жүрміз ғой. Қазір біздің қазақ сияқты түкке тұрмайтын әндерді де әтуірлеп, қолпаш көрсетіп, қол шапалақтай беретін ешбір халық жоқ.

– Ойпыр-о-ой! – деді масая бастаған ақын екі қолын екі жағына жайып. Ол сазгер досына жалына қарағандай болды, – Өтінемін, досым. Осы әңгімені бүгінше қоя тұрайықшы. Ең бастысы – екеуміз екі жақтап жүріп жаңа әнімізді жарыққа шығарып алайық. Сонан соң көтерейік бұл мәселені.

Сазгер орнынан тұрды. Ақынға қолын ұсынды.

– Дұрыс айтасың! – деді ақын досына ризалықпен қарап. – Ал, қайыр-хош! Өзіңнен жақсы хабар күтем. Іске сәт!

Ақын аттанып кеткен соң да үйіне қайтқысы келмеген сазгер орнынан қозғалмай, ұзақ отырып қалды. Саябақтың ең тәуір тұсына орналасқан осы бір жаздық кафені жаны жаратады. Алуан түрлі ағаштардың арасына тігілген жиырма төрт қанатты ақ орда сияқты бұл кафе. Керегесі жалаңаш. Жағалай соққан жайлау самалы орданың ішін аралап, еркін есіп тұрсын деп туырлығын тұтпай қойған сияқты. Үзіктің қызметін атқарып тұрған күн өткізбейтін әппақ жабындысының ішкі жағын қошқар мүйіз қазақ оюларымен өрнектеп тастапты. Сазгердің көзі сол оюларда болса да, ойы мүлде басқа жақта. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек. Бұған ұйқасты өлең сөз керек» деп күбірлейді қаймыжық еріндері.

Шәкәрім қажы өзі шығарған осы әннің сыр-сипатын, ән сөзінің шарттарын егжей-тегжейлі баяндай келіп, өмір философиясына жүзген қайықтай еп-еркін ауыса салыпты. «Қайран қайғысыз, қамсыз күндерім, Сайран сауықты рахат түндерім, Сендерден не пайда?! Асқан алпыстан мынау жасымыз, Қашқан, шалдыққан ғаріп басымыз, Қаласың қай сайда?!».

Шәкәрім қажының бір ғасыр бұрын жазылған осы бір ұзақ әнін ең алғаш естіген сәті сазгердің көз алдына ап-анық елестей қалды. Бұл бірінші сыныпты бітіріп, жазғы демалысқа шыққан жазда әкесі мен шешесіне еріп шалғайда тұратын нағашыларына барып еді ғой. Әкесі жарандықты көк арбаның үстіне күннен көлеңке болсын деп, талдан иіп қалқа жасап, үстін қалың брезентпен жауып тастағанда, арбалары ханның күймесінен бір де бір кем болмады-ау, шынында. Жаңа шабылған өлең шөпті қалыңдап төсеп, үстіне оюлы киіз бен құрақ көрпені салып тастағанда, мұндай жайлы төсекті өмір бойы таппайтындайсың.

Ауылдан сәл ұзаған соң әкесі мен шешесі қосарланып әнге басты. Анасы елге танымал әнші болғанымен, әкесі әнді таңдап, дәмдеп қана айтатын қоңыр дауысты адам еді. Екеуі төрт-бес әнді қосылып айтып тастаған соң, әкесі бұған назар аударып: «Сенің Шәкәрім деген ақын атаң болған. Абай атаңның немере інісі. Сол кемеңгер адамды сәбет өкіметі далада атып, сүйегін құдыққа тастады. Ә, бұны жәй айтып отырмын. Керегі жоқ. Есіңе алма. Сен оданда сол атаңның мына әнін тыңдашы»деп, осы «Бұл ән басқа әннен өзгерек» деген әнді бастап кетіп еді. Тым кішкентай бала болса да, сазгердің көкірегіне осы ән мәңгі-бақи мызғымастай боп құйылып қалған екен. Тіпті, кейінгі кездерде аздап мұная бастаса, «Қайран қайғысыз, қамсыз күндерім» деп осы әнді бәсең дауыспен ыңылдай бастайтын болыпты.

«Қазақта күйші мен қобызшыдан басқа композитор деген болмаған ғой, – деп ойлады кенеттен сазгер. – Біржан сал, Ақан серілер сияқты барлық өнерпаз әншілер әнді де, өлеңді де өздері шығарды. Олар әмбебап, бесаспап еді. Ал, қазір... міне, өзі отыр ғой, тап-тамаша әнді шығарып алып, әнге сай сөзін жаздыра алмай ділгіріп, әлдебір ақынға табынып... Осы композитор деген керек пе өзі қазаққа?!».

Сазгердің алып-ұшқан арғымақ көңілінің алғашқы екпіні бәсеңдеп, келер күнге деген керемет үміттері де бірте-бірте сөне бастаған сияқты. Өз жүрегін жарып шығып, өмір нұрына ұмтылдырған сөзі жоқ әніне деген ыстық ықыласы да салқындай бастады ма, қалай?..

Кенет... бағанағы жасын отындай бір сұрапыл сезім жан дүниесін жаңғыртып жібергендей болды. «О, Құдай-ау! – деп сазгер орнынан атып тұрды, – Менің бұл шығарғаным ән емес, күй ғой. Бұл – күй! Бұл – ғажап күй!».

Сазгер үйіне қарай тұра жүгіргенін өзі де сезбей қалды.

Пікірлер