Оралда белгілі айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, қоғам қайраткері Шолпан Батырқызы Қыдырниязова 76 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Шолпан Қыдырниязова 1949 жылы 6 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Қаракөл ауылында дүниеге келген. Ол әдебиет пен журналистика саласында жемісті еңбек етіп, Қаратөбе аудандық «Еңбек туы» газетінде қызмет атқарған.
Ақындық өнерімен танылған ол 1980 жылы республикалық ақындар айтысында бас жүлдеге ие болып, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағына лайық деп танылды. Ақын айтыс сахнасында елуден астам айтысқа қатысып, өз заманының сөз шеберлерімен сөз қағыстырған.
Шолпан Батырқызы тек айтыскер ақын ғана емес, тіл саясаты мен мәдениет саласында да өз қолтаңбасын қалдырған тұлға. 2004-2008 жылдары Батыс Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы ретінде өңірде мемлекеттік тіл мен ономастика саласының дамуына айтарлықтай үлес қосты.
Ақынның айтыстары «Жыр шашу», «Он алты қыз, бір жігіт» жинақтарына енген. Сондай-ақ, ол «Жазира» (1982), «Ерке құс» (1992), «Елігі еркін даланың…» (2004), «Қос қанат» (2010), «Қаратөбем, қасиетті құшағың» (2015), «Менің тәрбие сағатым» (2016), «Анадан – ақыл, әжеден – әдеп» (2019) сынды жыр, айтыс және нақыл сөздер жинақтарын жарыққа шығарды.
Еңбегі еленіп, «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Конституциясына - 10 жыл», «Қазақстан мәслихатына - 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. Қаратөбе ауданының құрметті азаматы атанды.