Ердоған мен Си Цзиньпин Назарбаевты Тәуелсіздік күнімен құттықтады

383

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шет мемлекет басшыларынан құттықтау жеделхаттары мен хаттар келіп түсті, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Elbasy.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қытай халқының және жеке өзінің атынан Елбасын және барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің басшылығымен осы жылдар ішінде мемлекеттік даму ісінде қолжеткізген жетістіктерді атап өтті.

"Сіздің дана басшылығыңызбен Қазақстан табысты даму жолына түсті және Еуразия өңіріндегі ықпалды мемлекетке айналып, Мемлекеттік құрылыс ісінде тамаша жетістіктерге жетті. Достық көрші және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктес ретінде Қытай бұған шын жүректен қуанышты. Қазақстан мемлекеттің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын табысты іске асыра отырып, елдің әлеуетін нығайтып, халықтың әл-ауқатының деңгейін арттыра беретініне сенімдімін", - делінген Си Цзиньпиннің жеделхатында.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан халқына бейбітшілік пен бақ-береке тілеп, жылы лебізін білдірді.

Ердоған Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың даму қарқынын атап өтіп, 2021 жылғы 12 қарашада Ыстамбұлда өткен Елбасының тікелей қолдауымен құрылған Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің нәтижелерін айтты.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қазақстан жетістіктерінің Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін айтты.

"Егемендік жылдары бауырлас Қазақстан бүгінде халықаралық аренада лайықты орын алатын, болашаққа ұмтылған заманауи мемлекет құруда ауқымды табыстарға қолжеткізді. Қазіргі Қазақстанның осы жетістіктері сіздің атыңызбен және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті лауазымындағы көпжылдық жемісті мемлекеттік қызметіңізбен тығыз байланысты", - делінген Эмомали Рахмонның жеделхатында.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өз хатында былай деген:

"Достық пен тату көршілікке негізделген, біздің халықтарымыздың игілігі үшін одан әрі де үздіксіз дамып, тереңдей түсетін шын мәнінде мықты қырғыз-қазақстан стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарын қалыптастыруға қосқан сіздің аса зор үлесіңізді жоғары бағалаймын. Осы жағымды мүмкіндікті пайдалана отырып, сізге зор денсаулық және жаңа жетістіктер, ал бауырлас Қазақстан халқына игілік пен бақ - береке тілеймін".

Қазақстанның Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде қол жеткізген табыстары Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың жеделхатында да айтылған.

"Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуда, халықтың әл-ауқатын жақсартуда және халықаралық аренада беделін арттыруда үлкен жетістіктерге жетті. Біз жақын көршіміздің жетістіктеріне қуаныштымыз және стратегиялық сипаттағы екіжақты қарым - қатынастарды біртіндеп жетілдіруге дайын екенімізді білдіреміз", - деді Гурбангулы Бердімұхамедов.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket