ШЫМКЕНТТЕ ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ COVID-19 ВАКЦИНАСЫН ЕГУ БАСТАЛДЫ

1146
Adyrna.kz Telegram

Шымкентте 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге вакцина салына бастады. Алғаш болып кеше қаладағы Тұрар Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназия оқушылары алды.

Т.Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназияның директоры Роза Жаңабаева: «Бұған жасөспірімдердің ата-аналары келісім беріп отыр. Біздегі мұғалімдер құрамы да толық дерлік екпе салдырған. Тек осылай ғана дәстүрлі оқу форматын жалғастыруға мүмкіндік алатынымызды түсінеміз», – деді.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловтың мәліметінше, қазіргі таңда қалаға қажет 79 мың доза екпенің 46 800 дозасы сатып алынған.

– Балаларға екпе мектептерде салынады, қолайлы әрі бұрыннан солай егілетін. Мұнда медициналық пунктер бар, балаларға қолайлы, емханаларға барудың қажеті жоқ. Оның үстіне басқа дертті жұқтырып алудың қаупі мейлінше азаяды. Баса айта кететін жайт, оқушыларға ковидке қарсы вакцина тек олардың ата-аналары немесе заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімімен ғана салынады, – деді Б.Позилов.

Айта кету керек, жасөспірімдерге коронавирусқа қарсы екпе салу тәжірибесі дүние жүзінде қолданылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 12 жастан 17-ге дейінгі балаларды вакцина алатын топқа енгізген.

– Екпе салғанда ауырған жоқ. Ата-анам маған екпенің маңызын айтып, коронавирусты жеңудің жолы екенін түсіндірді. Үйдегі ересектердің барлығы екпе алған, – дейді гимназияның оқушысы Айсұлу.

– Екпе салдыруға ата-анамның рұқсатын алдым, олар менің бұл шешімімді толық қолдады. Осындай мүмкіндік бар кезде вакцина салдыру керек деп ойлаймын, – дейді тағы бір оқушы Ақерке Тұрсынқұл.

– Pfizer вакцинасы әлем бойынша мойындалған. Келесі жылы отбасымызбен алыс шетелге шығуды жоспарлап отырған едік, ал ол жақта вакцина паспорты талап етіледі, – дейді оқушылардың бірінің анасы.

– Біз вакцина егуге толық дайынбыз. Қазіргі таңда ата-аналармен жұмыс істеп, оларға екпенің не үшін қажет екенін түсіндіріп жатырмыз, – дейді «№14 емдеу орталығы» ЖШС мектеп бөлімінің меңгерушісі Анастасия Водолажская.

Еске салайық, COVID-19-ға қарсы және басқа да екпелер тек ата-ананың ақпараттандырылған келісімімен ғана салынады. Олар балаларына екпе салу кезінде мектепте де, емханаларда да қасында бола алады.

Пікірлер