Жүрсін Ерман ДДСҰ басшысымен қалай құда болғанын айтты

5844
Adyrna.kz Telegram

Жүрсін Ерман ДДСҰ басшысымен қалай құда болғанын айтып берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

"Менің Ардақ деген кіші қызым бар. Осы Алматыда тұрады. Содан туған Айдана деген немере жиенім бар. Сол баланы мектепте оқып жүргенде тіл үйренсін деп Жаңа Зеландияға жібергенбіз. Сол жақта мектепті бітіргеннен кейін өзі Швейцариядағы академияға "қонақ үй бизнесі" бойынша оқуға түскен. Одан кейін Испанияға барып, магистратурада оқыды. Ал төрт жыл бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебреисустың үлкен ұлына тұрмысқа шыққан. Қазір бір қызы бар", - деді ол.

Оның айтуынша, Тедрос Гебреисус бас құда ретінде Қазақстанға келіп кеткен. Айдананы ұзатуға қатысты. Күні кеше Жүрсін Ерман 70-жасқа толды. Меретойға Женевадағы бас құда да шақырылды. Бірақ жұмыс бабына байланысты келе алмаған.

"Тедрос құда келем деген. Бірақ келе алмады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының съезі болып қалды. Содан бейнеқұттықтау жіберді. Қазақша сөйледі. Соңында менің бір ауыз өлеңімді де оқып берді", - деп атап көрсетті Ерман.

Айдана шетелде қалса да, төл мәдениеті мен өнерін ұмытпайды. Өзімен бірге домбыраны алып кеткен. Ән айтып, күй тартады. Ал атасына қазақ тілін үйретіп қойған.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер