Тоқаев партия тізгінін алды: сарапшылар не дейді?

4403
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының төрағалығын президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстайтынын айтты. Бұл өзгерісті транзит ретінде қарастырып отырған жандар жетерлік, ал желіде сарапшылар өз ойларын жеткізуде. 

Саясаттаншуы Досым Сатпаев былай дейді: "Ағылшын тілінде  "white elephant" (ақ піл) деген сөз тіркесі бар. Бұл оңтүстік-шығыс Азия елдеріндегі ерекше дәстүрге байланысты шыққан. Кезінде билеуші өзінің ерекше рақым сыйы ретінде қасиетті ақ пілін сыйға тартатын болған. Көбіне билеушілерге өзінің пілін сатып жіберуге болмайтын, ал оны бағып-қағу тым қымбатқа түскендіктен осындай амалға баратын. Міне, сондықтан Nur Otan партиясын  президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру бір жағынан осылай "қымбат сыйлық" көрінеді, ал екінші жағынан мемлекеттік аппарат жағынан 2019 жылдан бері президентке нөмір екінші тұлға ретінде қарап келгендер үшін президенттің күшеюі ретінде де байқалады. 

Назарбаев бұл шешімді неге парламенттік сайлау алдында жасамағаны қызық. Ол кезде партиялық тізімді қалыптастырып, премьерді ауыстырғысы келген Тоқаевқа тым сенім артпаған сыңайлы. Ал қазір елдегі әлеуметтік жағдай нашарлағандықтан Тоқаевты күшейтіп, мемаппаратты жұмыс істету жолын іздейтіндей көрінеді. Алайда президенттің номенклатурасы көтерілсе де, маңызды кадрлық өзгерістерді Кітапхана жасайды. 

Тағы бір айтатыным, өз ауласына "ақ пілді" қойған Тоқаев ол пілдің қолынан түк келмейтініне көзі жетеді, себебі партиялық бұл піл антикризистік әрекеттер жасай алмайтыны, қоғам мен билік арасындағы көпір бола алмайтыны байқалды. Ең басты сұрақ біреу, ол Тоқаев бұл "ақ пілмен" не істейді? Оны жұмыс істейтін тұлпарға айналдыра ма, әлде оны тамақтандырып отыра ма?" - дейді саясаттанушы.

Қоғам қайраткері Әміржан Қосан болса былай дейді: "Біздің іс жүзінде бірпартиялық жүйеде "Нұротан", сөзсіз, ең басты саяси ресурс. Сондықтан бүгін президент Тоқаев саяси жағынан күшейе түсті деп санауға болады. Әрине, Назарбаевтың қолында формальды түрдегі ресурс - Қауіпсіздік кеңесі мен формальды емес ресурс - Тоқаевпен о бастағы екеуара келісімі бар. Оны да ұмытпайық". 

Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев бүгінгі өзгерістер жайлы бүй депті: "Партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партия Төрағасы лауазымын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беретіндігін мәлімдеді.

Қазақстанда ұрпақтар сабақтастығы негізінде саяси реформалар орнықты, прагматикалық тұрғыда іске асып келеді. Еліміз реформаларды сатылап, тыныштық пен тәуелсіздікті сақтай отырып іске асыру үстінде.
Елбасы тәуелсіздікті сақтау бәрінен қымбат екенін ерекше атап өтті. Әлемнің тоғызыншы территориясында 19 миллион халық, 14 миллион қазақ отырмыз. Геосаяси орналасуымыз да ерекше. Елдің тыныштығы, бірлігі бәрінен қымбат.

Қазақстанның өз даму жолы, бағыты бар екенін Елбасы тағы бір рет көрсетіп берді. Бәрін ойласып, салмақты қадамдармен жасай білсек XXI ғасыр қазақтың ғасыры болмақ".

Ал саясаттанушы Марат Шибутов былай деді: "Осы сөзсіз айтулы күнде президенттің биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауындағы бір үзіндіні еске түсіріп, кейбір кадрлық шешімдердің болатынын болжағым келеді: "Мемлекет басшысының бағыт-бағдарына күмән келтіретін, жұмысты қолға алмаған, әйтеуір уақыт өткізіп, отыруды қалайтын, Президент тапсырмасын орындаудан жалтарып жүргендердің барлығы өз қызметтерін тастап кетуі керек" деген еді президент".

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер