Қарағандыда Софы Сматаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті

7870
Adyrna.kz Telegram

Қарағандыда С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында белгілі жазушы, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Софы Сматаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Арқаның аңызы, Алаштың абызы» атты шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталының тілшісі.

Кеш шымылдығы қазақ әдебиеті классигінің өмір жолы мен шығармашылығына арналған «Тұлға» деректі фильмінің көрсетілуімен ашылды. Онда жазушының сан қилы белестері, қиындықтары мен қызығы,  жүріп өткен баспалдақтарының барлығы да көрерменнің көз алдынан тізбектеле өтті. Өнерден бағын тапса да, өмірдің қаталдығына тап болған жазушының бар болмысын көрсете білген деректі фильм көптің көзіне жас үйірді.

Туған халқымен қауышып, көпшіліктің ыстық ықылас, қол шапалақтауымен сахнаға көтерілген Софы Сматаев туған өлкесіне деген жүректегі сағынышы мен махаббатын әдемі өрнектелген өлеңдерімен жеткізіп, төрден орын алды. Салтанатты кешті белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай жүргізді. Бұл кеште әуезді ән де айтылып, күмбірлеген күй де шертілді. Жазушы шығармашылығынан сүбелі өлең оқылып, қаламдас әріптестері есіл естеліктерімен бөлісті.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, дәстүрлі әнші, композитор, сценарист:

- 1970 жылдардың басында халқымыздың аяулы перзенті, көрнекті қаламгері Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Көшпенділерден кейін ұлттық сананы оятатын мұндай туынды енді көпке дейін жарық көре қоймайтындай көрінетін. Себебі, ол кезде кеңестік билікпен ымыраласқан жағдайда тарихи шығарма жазу өзіңді отқа айдаумен тең еді. Осылайша қаламгер қауымның беті қайтып қалғандайды... Алайда, «Ел болса, Ер туғызбай тұра алмайды»,- демекші, Ілияс Ағасының соңынан жазушы Софы Сматаев өзінің әйгілі «Елім-ай» романымен жасындай жарқ етіп шықты!

Осылайша Қазақ хандығы дәуірін ұлықтаған, билеріміз бен батырларымызды биіктеткен осындай ұлы трилогия ұлттық санамызды дүр сілкіндірген тарихи туынды ретінде осы күнге дейін оқырман қолынан түспей келеді.

- Әрине Ілияс Есенберлин мен Софы Сматаев Ағаларымыз бастаған Мұхтар Мағауиялар жалғасқан тарихи шығармалар керуені осылайша бірте-бірте көшін түзей бастады. «Көшпенділер» мен «Елім-ай» үш ғасырлық бодандықтан сақтаған, ұлт санасын оятқан алғадай туындылар ретінде ұлт тарихында алтын әріптермен мәңгіге жазылып қалары хақ! Мінекей, ардақты ағайын! 20 жасында Арқадан Алатауға аттанып, арада 60 жыл өткенде 25 том сүбелі шығарманың авторы атанып, ұлтымыздың абыз қариясы, ардақты қаламгері ретінде туған елімен қауышуға, емін-еркін, ашық-жарқын пікірлесуге келіп отыр! Туған жеріңіз - Қарағандыға қош келдіңіз, Софы Аға!

Абзал НҮКЕН, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

- Жерлес қаламгер ағамыз, көрнекті жазушы, дарынды драматург, ақын Софы Сматаевтың 80 жылдық мерейтойыңа арналған шығармашылық кешке қош келдіңіздер! Құрметті, Софы Қалыбекұлы! Қарағанды халқы өзіңіздей даңқты жерлесін әрқашан да мақтан тұтады. Саналы ғұмырыңызда қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қостыңыз. Әдебиет әлеміне сіз сыйлаған шығармалар мен аудармалар, өлеңдеріңіз бен пъесаларыңыз бергісі қазақ ұлтының әріге тартсақ адамзаттың құнды қазынасына айналды. Қазақ әдебиетінің тарихында «Елім-ай» романының алар орны ерекше. Жаншылған қазақтың рухын аспандатқан, өткенге мойын бұрғызған, қазақ жұртының қасіреті мен қасиетін қатар көтерген шығарма болды!

Еркебұлан ЖҰМАКЕНОВ, Қарағанды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы:

- Софы Ағамыздың 80 жылдығына орай осындай мерейтой кешін әкімшілік тарапынан ұйымдастырып отырмыз. Бұл кісінің туған жеріне келмегелі біраз болды деп айтуға болады. Кемінде бір 10 жылдың шамасы болып қалыпты. Сондықтан бүгін осы ағамызды құрметтеп, қошемет қылып қарсы алып, шығармаларын сағынып, өзін сағынып келген адамдардың саны көп.   Біздің облысымыздағы кітапханаларда ол кісінің 30-дан астам шығармалары бар. Жақында тағы міне 15-томдық шығармалары шыққан екен. Соңы жақында біздің мәдениет басқармасы алатын болады. Сондықтан бұл енді Қарағандылықтарымызға үлкен-үлкен қуаныш. Жан-жақтан қаншама театр майталмандары, қаншама өнерсүйер қауым, достары, туған-туыстары, сол кісінің шығармашылығын сүйетін оқырмандар осы жерде жиналып, карантиндік шараларды сақтап, 300-ден астам көрермен болып отыр.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын, журналист:

- Мынау адамзат тарихында дәуірлерден-дәуірлерге, ғасырлардан-ғасырларға өтіп келе жатқан бір мәңгілік ұлы сұрақтар бар. Сол сұрақтың біреуі:«Біз кімбіз? Қайдан шықтық? Қайда барамыз?» - деген сұрақ. Осы сұраққа әркім әр түрлі жауап іздеген. Ал біз қайдан шықтық? - дегенді, кеңес заманында "біз 1917 жылғы революциядан шыққанбыз" деген жауап болды. Біздің ар жағымызда тарихымыз жоқ сияқты, біздің ұлтымыз өмір сүрмеген сияқты... Ал енді оны айта бастағанда 25 жылға түрмеге айдалып жатты, атылып, асылып кетіп жатты. Сол кезде біз қайдан шықтық? - деген сұраққа тарихқа қатпарлы үңіліп тұрып жауап берген қайтпас қайсар қаламгерлердің бірі – Ілияс Есенберлин ағамыз болса, екіншісі – Софы Сматаев ағамыз. Осындай ұлы сұрақтарға ұлы жауап берген адам! Бұл кісі болат институтын бітірген, болаттың қадір-қасиетін зерттеген адам өзі де болаттай белді жазушы! Бұл кісілердің сол кездегі ерлігін анау Гагарин мен Титовтың аспанға ғарышқа ұшқанымен теңеуге болады. Өйткені, тыңнан жол салған адамдар! Сеңді бұзған адамдар! Мұзжарғыштық қабілетпен жасалған азаматтық ерліктер!

Нұрсахан АХМЕТҚЫЗЫ, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент:

- Бүгін С.Сейфуллин театрында біздің жерлесеміз Софы Сматаевтың 80-жылдығына арналған  бір үлкен кешке жиналып отырмыз. «Елім-ай» деген 3 томдық кітап жазған атақты жазушы бүкіл ғұмырын сол қазақ халқының өміріне арнаған. Жазушының шығармаларының кітабының атында үлкен мән бар. Енді бұл кісінің 80-жылдығын өзінің туған жері Арқада өткізіп жатқанымыздың өзі үлкен ғанибет! Соны түсінген мынау облыс басшыларына рақмет! Өйткені осы кісі сияқты жазушылар енді саусақпен санайтындай қалды... Мысалы, Қасым туралы бұл кісінің ұлы мақалалары бар. Ал енді Қасым туралы 110-жылдығын тойлап жатқан Арқа жерінде Софы Сматаев сияқты ағамыздың Қасымға арнап шығарма жазуының үлкен танымдық-тәрбиелік мәні бар! Бүкіл өмірі елім-жерім деп өткен ұлы адам...

Жарулла ПАЗЫЛҰЛЫ, Қарағанды «Кеншілер» мәдениет сарайының басшысы:

- Мынау қазақ әдебиетіндегі көрнекті тұлғаның бірі. Арқаның аңызы, Алаштың абызы деген мынау керемет трилогиялық шығармалардың көшін бастаған, қазаққа үлкен өнер сыйлаған, қазаққа үлкен тарих сыйлаған ағамызбен 80-жасында біз төрт тағаны түгел, керегесі кең жайылған шағында кезігеміз деп едік. Бүгінгі шығармасындағы айтылып жатқан өкпе-наздың бәрі өзінің төл шығармаларының алғашқы әрпінен бастап соңғы шығармасына дейін алғашқы оқырманы болған, алғашқы сыншысы болған, алғашқы пікір қосушы болған, жасынан бірге сырласқан, сыйласқан, тіреніші, сүйеніші болған, жаман ауру індет келген кезде "сен ұйықта, мен ұйықтамасам, ұйықтамайын" - деп аялап, әлпештеген жары Шәкеңнен айырылып қалған кездегі, көңілінің жартысы сынып қалған кездегі сахнаға келіп, елмен қауышып тұрғандағы өкпе-назы деп түсінеміз.  Бұл кісінің әлі де айтары көп. 4-ші томын жазып жатыр. 5-шісін жазамын деп жатыр. Сондықтан бұл кездесудегі Софы Сматаев ағамыздың еңбегі үлкен орасан зор. Жылдар өткен сайын жазушы есімі биіктей береді, асқақтай береді! Бұл кісіден алатын тәлім де, тәрбие де өте көп. Тек қана бұл кісінің шығармасын тереңірек бойлап оқыса, айтары көп деп ойлаймын!

Ержан БАЗАРБЕКОВ, Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестігі «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің әртісі, дәстүрлі әнші:

- Бүгінгі Софы Сматаев ағамыздың мына мерейлі жасы құтты, қайырлы болсын! Қарағандыда жалпы Арқаның апай төсінде, саңлақ белінде керемет бір салиқалы кеш өтті деп айтуға болады. Бізге аңыз қылып айтатын, абыз қылып айтатын кісілерді алыстан іздеуге болмайды. Міне, өзіміздің осы Арқаның Киікті станциясының тумасы, осы ақсақалдың үлкен еңбегімен танысып, шығармашылығымен білісіп, бүгін бір керемет рухани ляззат алдық. "Қазақ өзі сал, қазақ өзі сері" -  демекші, бұл кісі жазушы, өзі драматург, өзі ақын, өлең-жырларын қалай тамаша оқиды!  Бұл ақсақал расында да «Арқаның аңызы, Алаштың абызы! Біздің алдымызда тұрған үлкен бағдаршам іспеттес. Қазақты көргің келсе, міне осы деп көрсетсең, жер жүзінен ұялмайтын дегендей, қазақтың ақсақалдары осындай-ақ болсын! Классик жазушымыз І.Есенберлиннен кейін расында да сеңді бұзып, мұзды жарып осы Алашқа сөз айтқан, қазақтың қамын жеген екінші кісі– осы кісі! Расында да солай екен!

Мұнан соң облыс өнерпаздары мен С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының әртістері өнер көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашты.

Бауыржан ЖАҚЫП, филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын:

СОФЫ СМАТАЕВҚА АРНАУ

Мен бүгін жырға орандым боратайын,

Аузыма дүйім жұртты қаратайын!

Сексеннің сеңгіріне шыққан кезде,

Софыдай дара туған ағатайым!

Дәл қазір келіп отыр қаралы боп,

Жүрегі қайғы-шеңнен жаралы боп,

Айырылған аққудайын сыңарынан,

Айырылды жеңгемізден жазатайым.

Түрегел жолбарыстай қайраттанып,

Алға бас арыстандай айбаттанып!

Ауылыңа асыл сөздің келгенде біз,

Бой түзеп, сізге қарай ой баптадық.

Жасында жас тұлпар боп жарып шыққан,

Қара сөз қаймағына қанып шыққан,

Ол туған Сарыарқаның даласынан,

Бұқардай, Қазыбектей алып шыққан.

Шықтын сен тар заманда Елім-айлап...

Қашан да қара қазақ қамын ойлап!

Көк жалғай жауға атылдың тайсалмастан,

Қолына тік көтеріп, бөрі байлап.

Жас ұрпақ жазғаныңды азық етті,

Талайды тағдыр жолы жазып етті.

Тәуелсіз еркін ойдың жетегінде,

Тірілттің Қаз дауысты Қазыбекті!

Көліне қайта оралып безген су,

Өзіңе тың тақырып, кез келді шын!

Орнаттың қаламыңды отқа жанып,

Қарқабат анамызға сөзде мүсін!

Ойыңда ыстық қайрат түре келсін!

Сан рет бұл сапарда түлегенсін!

Өмірге туған жерден қуат алып,

Софы ағам 100-ге дейін жүре берсін!

100-ден асып өмір сүре берсін!

Иә, расында да көзі тірісінде аңызға айналған Софы Сматаевтың бар ғұмыры ұлтының ұрпағын түгендеп, жоғын жоқтауға арналды. Бүгінде абыз қарт абырой мен атақтың асқар биігінде. Көрсетіліп жатқан құрмет те шексіз, шапағат та шектеусіз. Алаштың ардақтысы үшін марапаттың төресі – ел ықыласы, халық қошеметі. «Өкінішім де бар, өтінішім де бар» - деп кеш соңында сөз алған аңызға айналған абыз тұлға өмірдің сан салалы соқпағынан сүрінбей өтіп келеді. Өнер өлімнен құтқарды, өнер өкініш пен өксіктен сақтады... 

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер