Құрылтай – халық үнін жеткізуші алаң

113
Adyrna.kz Telegram

Жалпы халық сайлаған Парламент те елдің үнін жеткізеді, Құрылтайдың қажеті қанша деген сауал тууы заңды. Белгілі бір салада сарапшы деңгейіне көтерілген тұлғалардың барлығы бірдей Парламентке баруды көздемейді.

Президент сондай ақ, министрлер мен әкімдерді де үнемі қабылдайды, дегенмен әкімдердің өз шындығы бар. Содан болар, Президент ел ішіндегі жағдайды Ұлттық құрылтай мүшелерінің аузынан естуді құп көреді.

Ұлттық құрылтай  – елдің үнін Президентке тікелей жеткізетін жалғыз алаң.  Ел ішінде жүрген азаматтар өңірдегі мәселелерді Мемлекет басшысына өздері баяндайды.

Құрылтайда көтерілген мәселелер міндетті түрде назарға алынады.

Ұлттық құрылтайдың ерекшелігі осында. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда «Өнер, мәдениет, руханиат» секциясын Аида Балаева, Азаматтық қоғам секциясын президенттің көмекшісі Руслан Желдібай жүргізді. «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» секциясын Тамара Дүйсенова, «Білім мен ғылым»  секциясын Нұрбек Саясат жүргізді.

Қаңтар айында Астанада Құрылтайдың жұмыс отырысы өткен. Мен вице-премьер Тамара Дүйсеноваға 7 ұсыныс жасадым. Атырауда Тамара Қасымқызы сол ұсыныстарымызға жауап берді. Бүгінде 17-20 жастағы балалар 1 грамм есірткі таратқаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуда. Оларды аптасына 200 мың (шамамен) теңге қаржы табу қызықтырған. Баланың алданғаны есепке алынбайды. Ұсталса жаза қатаң.

Қазіргі таңда Қазақстанда есірткі тасымалдаған «закладчик» 14 жастағы бала жазасын өтеуде.

«Закладчик» деген – әр жерге есірткі қалташасын жасырып, қойып кететіндер. Ол үшін олар ақша алады. Бұл іске қылмыскерлер жастарды тартады.  Егер есірткі грамы көп болса, ұйымдасқан топ екені дәлелденсе «закладчик» 20 жылға дейін бас бостандығынан айрылады.  Сол себепті ата-аналар баласының немен айналысатынын, қаржыны қалай табатынын бақылаған жөн. Себебі жас баланы алдап көндіру, мол қаржымен қызықтыру оңай. Закладчиктер ұсталғанымен, шортандар әдетте құтылып кетіп жатады. Барлық жауапкершілік қылмыс үстінде ұсталған адамға жүктеледі.

Ұлттық құрылтайда танымал адвокат Айман Умарова осы мәселені Президентке баяндады.

Айман Мұратқызы кезінде тергеуші болған, бүгінде зорлыққа ұшыраған балалар мен әйелдерді қорғайтын адвокат. Ол осы санаттағы 40-тан аса іске қорғаушы ретінде қатысқан . Оның 12-сі өз қызын зорлаған әкелерге қатысты.

Адвокат Президент жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен «One-Stop-Service» атты жобаны жүргізіп отыр. Ол зорлыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға көмек көрсетеді.

Президент Айман Мұратқызының ұсыныстарын мұқият түртіп алғанын көрдік. Өз сөзінде Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарға бірнеше рет тоқталып, Үкіметке тапсырма берді.

Әйгілі тұлғалар сыйлығын алуды армандайтын Альфред Нобельдің бауыры Атырауда кеңсе ашып, мұнай компаниясының негізін қалаған. Досор ауылында Нобель 1911 жылы тұрған үй әлі күнге адамдар тұруға жарамды.

Әйгілі Альфред Нобель көз жұмарда өзі тапқан пайданың бір бөлігін ғылымға жұмсауды өсиет етеді. Оған швед корольдігі қарсы болғанына қарамастан, Альфредтің немере інісі Эммануил өсиетті орындап, Нобельдің барлық қаражатын қорға аударады. Осылайша әйгілі қор қаражаты жасақталған. Кейін Эммануил Нобельдер құрған компанияға басшы болады.  Сол Эммануил 1911 жылы Гурьев қаласында «Ағайынды Нобельдер» кеңсесін ашып, «Ембі» акционерлік қоғамын құрады.

Нобельдердің Қазақстан мұнайына заңды келген күні – 12.05.1912. Ағайынды Нобельдар бұл өңірдегі мұнайдың 37-39% өндіріп тұрған, 42 скважинасы болған. Яғни адамзаттың игілігіне жұмсалып жатқан Нобель сыйлығында қазақ мұнайынан да түскен үлес бар! Ұлттық құрылтайда тарихи орындарға барып, ғалымдармен, мұнайшылармен кездестік. Атырауда ағайынды үш Нобельдің өмір сүргенін естідік.

1911 жылы Нобель тұрған үй әлі күнге тұруға жарамды, жеке адамның иелігінде. Мәдени мұра ретінде қорғауға алынбаған. Бұл елдімекенде өткен ғасырда салынған жүзден аса үй бар. Барлығында адамдар тұрып жатыр.

Эммануил Нобельдің Досорда тұрған үйін туристік нысанға айналдырса тамаша болар еді.  Нобельдің қазіргі ұрпақтары мұнай қазған бабалары тұрған үйдің әлі күнге аман екендігін білмейтін де болар. Оларға хабарласа осы үйді жәдігер ретінде қамқорлыққа алар еді.

Ұлттық құрылтай дәл қазір қажетті, тиімді құрал. Елдің тамырын басып, үні болуға лайықты ұсыныстар айтылды. Қоғамның дамуына үлес қосатын болса Ұлттық құрылтай өз функциясын тиімді атқарғаны деп білемін.

Ұлттық құрылтайда көзделген міндеттерді Қарағанды облысы аумағында  тетіктері қаралып, жүзеге асырылатын болады.

Ләззат Қожахметова,

Ұлттық құрылтай мүшесі

Пікірлер