Әлем Чемпионатының күміс жүлдегері жастармен кездесті

414

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында шымкенттік жастар арасында түрлі салада жетістікке жеткен талантты азаматтармен кездесу ұйымдастырылуда. Бүгін қала жастары Белградта өткен Әлем Чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырханмен жүздесті.

Бұған дейін Қазақстанның бес дүркін, сондай-ақ, Азияның чемпионы атанған Махмұд спортта жеңістің оңайлықпен келмейтінін, тыңғылықты еңбектену керектігін айтты. Кездесу еркін сұхбат алаңында өтті. Сондықтан жиналғандар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.

– Спортқа әкемнің жетелеуімен келдім. 7-сынып оқып жүргенімде ауылымызда спорт үйірмесі ашылды. Әкем – спортшы. Оны естіп, маған күреске баруға кеңес берді. Әкем екеуіміз күреске жазыламыз деп барып, бокстан бір-ақ шықтық. Ақылдаса келе бокспен шұғылданатын болып келістік. Ауыл, аудан көлемінде жарыстарда жеңіске жетіп, көзге түстім. Содан 2015 жылы жасөспірімдер арасында ел чемпионы атандым. Ал ересектер арасындағы алғашқы үлкен жарысым әлем чемпионы болды, - деді жүлдегер.

Байрақты бәсекеде күміс жүлдеге ие болған 20 жастағы жерлесіміз алдағы жоспарлары туралы да айтып өтті.

–Кезінде 2000 жылы Сиднейде Бекзат Саттарханов ағамыз 20 жасында Олимпиада шыңын бағындырды. Сол секілді 2013 жылы Жәнібек Әлімханұлы 20 жасында Алматыда әлем чемпионы болды. Мен де сол ағаларымның жолын қусам деймін. Келесі жылы Азия ойындары бар. Одан кейін 2023 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында әлем чемпионаты өтеді. Сол жарыстардан тек алтын әкелуге тырысамыз. Кеткен есені қайтарамыз. Барлық спортшының арманы олимпиада шыңын бағындыру ғой. Бұйырса, алдағы жарыстарда сол арманыма тағы жақындай түсемін. Олимпиада лицензиясын алып, еліміздің намысын қорғап, көк туымызды желбіретіп, ән ұранымызды шырқатуға бар күш-жігерімді саламын. Әлі уақыт бар, көп еңбектеніп, жаттығуларды үзбей жасау керек, - деді Махмұд.

Жастармен өткен кездесуінде Махмұд Сабырхан жеткен жетістіктерін баяндап, замандастарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Ал ұйымдастырушылар осындай кездесулер жастардың патриоттық сезімін оятып, ұлттық құндылықтарының қалыптасуына септігін тигізеді деп сенеді.

Пікірлер
Редакция таңдауы